ШОҚАН – саясаткер һәм құқықтанушы

Ұлт мақтанышы Шоқан Уалихановтың атқарған қай ісі, соңында қалған қандай мұрасы болса да - зор қазына, ұрпаққа өнеге. Туған елінің мәртебесі мен бүгінгі болашағы үшін соңғы демі қалғанша тер төгіп еңбектенген ғалым рухын жаңғыртып, оның атқарған мәңгілік істеріне тағзым ету – баршамыздың борышымыз.

Елімізде соңғы жылдары іске асқан оң өзгерістер - жариялық пен демократия, саяси тәуелсіздіктен рухани тәуелсіздікке ұмтылыс қазақ халқының тарихи дамуында жаңа көзқарастар туғызды. Жалпы, халықтар мен мемлекеттердің қалыптасуының ортақ сипаттары қазақ қоғамының даму үдерісіне тән. Қандай да болмасын мемлекет сыртқы басқыншылыққа қарсы күрес пен ұлттық тәуелсіздік, әлеуметтік теңдік жолындағы майдан үстінде туып, қалыптасады, жетіледі.  Кеңестік идеологияның қасаң қағидалары осы бір әлемдік тарихи шындықты мойындамайтын. Халықтың ұлт тәуелсіздігі үшін күресін, сыртқы басқыншылыққа қарсы наразылықты, салт-дәстүрін сақтауға деген ұмтылысын – бәрін-бәрін ұлтшылдықтың тар шеңберіне сыйғызып, тарихи фактілер жайында теріс қорытындылар жасауға үйретті. Отарлануға өз еркімізбен құлшынған ел болып көріндік. Ресейге қосылғанға шейін бұратана, надан атанып, В.И. Ленин сөзімен айтқанда: «Жабайы, жартылай жабайы қазақ халқы ұлы орыс халқының көмегімен ғана ел болды, көшпелі тұрмыстан отырықшылдыққа ауысты, бұрын екі проценті ғана хат танитын халық Ұлы Октябрьден соң ғана жазу мәдениетіне ие болды», – дейтін жалған тұжырымдардың құны неге тұрғанын бүгін әркім-ақ көріп отыр. 
Қазақтар осы күні өмір сүріп отырған тарихи мекенінде көп ғасырлар бойы дербес мемлекет құрғанын, гүлденген қалалары болып, байырғы «Жібек жолы», кейінгі керуен жолдарымен Азия мен Еуропаның көптеген елдерімен байланыс жасағанын көнеден жеткен жәдігерлер дәлелдеді. Содан бергі дәуірлердің бәрінде басқа халықтар сияқты қазақтар да дүниеден оқшау қалмай, қатар елдермен иық тіресе дамыпты. Өктемдердің озбырлығына көнбей, азаттығына қуанып, жеңілісіне қайғырып, жалпыға ортақ бұралаң, қайшылықты жолдан өтіпті. «Ел болса, ер туғызбай тұра алмайды»,- деп бабаларымыз айтқандай, азапты жолда елін еркіндікке бастар, ұлт боп ұйысуына ұйытқы болған дана да көсем ұлдары, ел басшылары, жау жүрек батырлары, ақылгөй билері өткен қазақ халқының. Соңғы жылдары көбейген мерейтойлар, ғылыми-практикалық конференциялар - бүгінгі қауымның кешегі ардагерге, ел көсемдеріне, батырлары мен билеріне құрметі, өткендегі қателіктері үшін олардың аруағы алдында сұраған кешірімі мен иілген басы. Бұл – екінші жағынан, бүгінгі ұрпаққа тарих сабағын жаңа заманға сай оқытумен бірдей.
Қазақ қауымы көп жыл бойы аңсаған тәуелсіздік дәуірі басталды. Тәуелсіздік ұлттық сананы оятты, баршаны ата-баба жолына үңілдірді. Ол «Отан», «Бостандық», «Тәуелсіздік», «Егемендік», «Ұлт сүйгіштік», «Отаншылдық» деген ұғымдарды тәуелсіздік биігінен қайта қарауды түсінді.
Ұлтымыздың мақтанышы Шоқан Уәлиханов­ты  ағартушы, саяхатшы, этнограф, фольклорист, Қазақстан, Шығыс Түркістан және Орта Азия халықтарының тарихы мен мәдениетін зерттеуші ретінде ғана біліп келдік.
Алайда, Шоқанның адамдық болмысы, саясаткерлігі мен құқықтанушылығы жайлы ертелі-кеш дүниеге келген рухани мұралар күні бүгінге дейін түбегейлі зерттеліп, саяси-құқықтық тарихы тұрғысынан біртұтас ғылыми еңбекке арқау бола қойған жоқ, менің пайымдауымша. 
Ресей патша үкіметінің қатыгез отаршылдық саясаты мен сол кездері байтақ даланы билеген әскери-қанаушы басқарушылардың аяусыз қыспағына қарамастан, қазақ даласын басқару аппаратында жауапты қызмет атқара жүріп, отаршылардың солақай саясатына қарсы шықты өзінің көрқарасын ашық жариялады. Ғалымның отаншылдық идеяларын, дербес мемлекетті, халқының тәуелсіздігі мен еркіндігін және әділетті теңдікті аңсаған армандарын ешкім тұншықтыра алмады
Қазақ саяси-құқықтық тарихының бастауы – ең алдымен, көшпелі тайпалар тарихы.  Көшпеліліктің өзегі – азаматтық қоғам. Сонымен қатар, қазақ саяси-құқықтық тарихын зерттеу үшін, оның шежіресін пайдалану, Шығыс, Қытай, Ресей және басқа да шетел деректеріне көңіл аудару қажеттігі – алғышарт. Ел тарихына қатысты мәселеде тапшылдыққа, отаршылдыққа, еуропоценристік идеяларға бой ұрмай, өткенімізге байсалдылықпен қарағанымыз жөн. Төл тарихымызды және ата-бабаларымызды өзгеден биік қылып көрсетуге тыраштану да ғылым үшін зиян болмаса, пайдалы емес.
Сол кездегі қазақ даласындағы саяси-құқықтық ахуал туралы Шоқанның еңбектеріне шолу жасап, қысқаша тоқталып өтейік.
Шоқан Уалихановтың «Қазақ шежіресі» деген әйгілі еңбегінде: «Қазақтардың әрбір рубасылары өз ру-тайпасының шежіресін, шыққан тегін, елдің әдет-ғұрып заңдарын, ескі жарлықтарын, халықтың басынан өткен тарихи жайларды көп жасаған ақсақалдардан иждаһатпен үйреніп, өзінің шешендік өнерін шыңдауда көптеген аңыз-әңгімелерді, мақал-мәтелдерді, маңызды оқиғаларға қатысты ұлағатты асыл сөздерді ұзақ уақыт жаттайды. Сондай дайындығы бар билердің аузынан шыққан сөздерді халық ұйып тыңдайды, ол нақыл сөздердің мәні өмірдің бар саласын қамтитындай өсиет-өнерге, тәлім-тәрбиелік, патриоттық мазмұнда болып келеді»,- деп, сол кездегі ел басқарған тұлғалар тек рубасы ғана емес, бүкіл халықтық құрметке ие болған би болғанын дәлелдейді.
Шоқан Абылай ханға арналған зерттеу еңбегінде XVIII ғасырды «Век казахского рыцарства» деп атайды. Қазақ хандығы Еуразияда бірнеше мың жыл үстемдік еткен көшпелі өркениеттің, мәдениеттің, далалық демократиялық мемлекеттің соңғы үлгісі еді. Ресей патшасының отарлау саясатынан кейін, XIX ғасырдың басында ол күйреді.
Абылай хан секілді, сол кездегі  батырлар да, билер мен шешендер де ата-бабаларымыз негізін қалаған далалық демократияның көрнекті өкілдері еді.
Тәуелсіздік – халқымызға аспаннан түскен құдіреттің сыйы емес, ата-бабалардың ғасырларға созылған қанды жорығының, дабылды-дауылды күресінің заңды жалғасы, жатса түсінен, тұрса есінен бір сәт кетпеген ғасырлық арманы. Олардың жүректеріне батпандаған мұң, қатпарлаған қасірет тоң болып қатып, шер болып басып жатпады ма?!
Елдің қаншама ардагер перзенттері тәуелсіздіктің өзі емес, тек сәулесі үшін қанын төкті, жанын пида етті! Тәуелсіздік емес-ау, сол Ресей империясының құрамды бөлігі – территориялық автономия атануға талпынған Алаштың реформатор асыл перзенттерінің тағдыры не болды?
Тереңнен ойлап, тебірене толғансаң, халқымыздың барша тарихы – тәуелсіздік үшін, елдік үшін, халықтың бас бостандығы үшін күрес.
Ресей өкіметінің әкімшілік және сот ісін қайта құру шараларын зерделеу үшін Ш. Уалиханов сол кезде Орталық Қазақстанда орналасқан дуандардың орталықтарында болып, осы дуандарға жататын болыстардың жер қонысын белгілеп, қыс қыстағы, жаз жайлауларының атын, әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерін жан-жақты зерттеп, былай деп жазады: «Соңғы кезде біздің әкімшілік және сот ісін қайта құрумен жіті айналысып, халық ағарту ісіне де ерекше назар аударды.
Россия тумаларының ішінде байырғы орыс тұрғындарының өмір тірлігіне қарама-қарсы тіршілік ететін, әдет-ғұрпы, әрісі славян тайпасының әдет-ғұрпынан өзгеше, кере­ғар келетін діні, тегі өзге халықтар аз емес. Бұл жайтқа жүгінгенде, жоғарыда келтірілген себептерді ескергенде хрестиандарға, отыр­ықшы орыс тұрғындарына арналып жобаланған әкімшілік өзгеріс, егер Россияның Европалық, Азиялық бөлігінде көшіп-қонып жүрген бұратана халықты басқаруға бүтіндей қолданылса, онда мұндай өзгерістен ешқандай да пайда келуі былай тұрсын, нағыз тұрпайылық болар еді...
Азаматтық дамудан қалтқысыз үміткер адамдардың өздерін орыстармен отандас бауыр санап, орыстың қол астында өз еркімен қосылған миллиондаған адамдардың тағдыры, меніңше, үлкен қамқорлықты қажет етері даусыз,  яғни мұндай үзілді-кесілді мәселеде Шекспирдің не өлім, не тірлік деген ойы туады. Мешеулігіне байланысты өзін-өзі қорғау жолын дұрыс игере білмей, енжарлық, селқостық ұялауы патша үкіметі тарапынан біздерге аса сергектікпен, өте сақтықпен қарауды қажет етеді... Сібір қазақтарының облысындағы сот реформасы жайындағы біздің жұмысымыздың жоғарыда келтірілген деректеріне қарап, жалпы халықтың қалың көпшілігі, билер сотының ежелгі тәртібінде қалуын қалаған, ал шенді, мансапты, ауқатты қазақтар керісінше, билер сотына сол негізде өзгеріс енгізу жағында болғаны аңғарылады... Комитет бұл пікірлерге қарап, беделді ордалықтардың айтуымен жасалған сот реформасымен, билер сотын қайта құру ережесі бүгінгі қазақ халқының әлеуметтік өсу жолын толық қанағаттандыра алмайтыны байқалды, ал өзімізге келсек, бұл іске тікелей араласып, өз көзімізбен көргендіктен, бұл пікірлердің қаскүнемдік пен балаң ниетті, бір жағынан селқостық пен енжарлықты, енді бір қырынан білімсіздік пен тағылықты аңғардық».
Ш. Уалиханов: «Қазақтарда құрметті би атағы халық тарапынан қандай да сайлау жолымен немесе халықты билеп отырған өкіметтің бекітумен емес, тек сот рәсімін терең білетін, оған қоса шешендік өнерін меңгерген қазаққа ғана берілген. Би атану үшін қазақ халық алдында әлденеше шешендік сайысқа түсіп, өзінің заң-жораны білетіндігін, шешендігін танытатын болған. Мұндай адамдардың есімі желдей есіп, әлейім жұртқа таралып, біріне емес, бәріне танылған. Сөйтіп, би атағы сот пен адвокаттық істегі патентке Европадағы ақындар, ғалымдар, адвокаттар сияқты билердің де маңызы жеке беделге негізделген. Шекспир мен Гетені әлейім халық ұлы ақын санайды, бірақ олардың ұлылығы туралы пікір үкіметтің декретімен немесе хат сайлауына сәйкес негізделмеген. Халық қалағанда ғана би билік жүргізе алады. Билер тек оған жеке адамдар билікке жүгінгенде ғана іс қарауға кіріседі және өз шешімінің орындауына қатыспайды. Өз ұйғарымымен іс бастау қазақ биіне қолайсыздық туғызады. Мұндай құқық қазақ биін сотқа, полицей тыңшысына айналдырып, олар «би ақыны» көбірек алу үшін жұрттың қытығына тигіш, тым міншіл қазымыр болса, ал би шешімін орындатуға қатысу белгілі жағдайда олардың қолына билік те береді. Соның салдарынан ол адал жеке сот практикантынан полицейдің тыңшысына айналып кетер еді. Осындай жалған жағдайда соттың негізгі мақсатына тікелей қайшы келеді»,– деп елдің арасынан шығып, халық беделіне ие болып би атанған Ағыбай сияқты шешен билердің бұрынғы өткен билердің жақсы дәстүрін жалғастырушылар екенін түйіндейді.
Қазақ халқының көсемдерінің бірі, кемеңгер Қаздауысты Қазыбек би де, ат үстінде жүрген 70 жылда ел тыныштығын, сән-салтанатын ұстаған, азулыларын тұзақтап, әлсізін сүйеп, хандарына ақыл-кеңес айтып отырған. Оны пір тұтып, баба жолын жалғастырушылар, оның руластары: Жидебай, Шабанбай, Сеңкібай, Жалаңтөс, Аралбай, Таңыбай, Жаңыбай, Бекболат, Тіленші, Жайық, Алшынбай, Байсейіт, Жанғұтты, Есберген, Бегалы, Сарбас, Көпбай, Ағыбай және тағы басқалар.
Мысалы, Шоқан Уалихановтың деректері бойынша, Қаздауысты Қазыбек (1667-1764) бабамыз 14 жасында жоңғар Қоңтайшысы Цеван Рабданға елшілікке барғанда:
Біз – қазақ деген мал баққан елміз,
Бірақ, ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз.
Елімізден құт-береке қашпасын деп,
Жеріміздің шетін жау баспасын деп,
Найзаға үкі таққан елміз.
Ешбір дұшпан басынбаған елміз,
Басымыздан сөзді асырмаған елміз.
Досымызды сақтай білген елміз.
Дәм-тұзын ақтай білген елміз.
Асқақтаған хан болса,
Хан ордасын таптай білген елміз.
Атадан ұл туса, құл болам деп тумайды,
Анадан қыз туса, күң болам деп тумайды.
Ұл мен қызды қаматып
Отыра алмайтын елміз.
Сен – қалмақ та, біз – қазақ,
Қарпысқалы келгенбіз.
Сен – темір де, біз – көмір,
Еріткелі келгенбіз.
Екі еліктің лағын,
Теліткелі келгенбіз.
Танымайтын жат елге,
Танысқалы келгенбіз.
Қазақ – қалмақ баласы,
Табысқалы келгенбіз,
Танысуға келмесең,
Шабысқалы келгенбіз.
Сен – қабылан да, біз – арыстан,
Алысқалы келгенбіз.
Жаңа үйреткен жас тұлпар,
Жарысқалы келгенбіз.
Тұтқыр сары желімбіз,
Жабысқалы келгенбіз.
Берсең, жөндеп бітіміңді айт,
Бермесең, дірілдемей жөніңді айт.
Не тұрысатын жеріңді айт! -
деген екен. «Елдестірмек елшіден, жауластырмақ жаушыдан» дегендей, сөзден ұтылған Жоңғар Қоңтайшысы қазақ елінен ша­уып әкеткен мал-жанын түп-түгел қайтарып, жас Қазыбектің өжеттігі мен шешендігіне сүйсініп, «Каздауысты» деген ат берген екен. Сол дуалы ауыз Қаздауысты Қазыбек би 1742 жылы, Жоңғар Қоңтайшысы Галдан Цэренмен келіссөз жүргізіп, Абылай сұлтанды тұтқыннан босатып алады.
Міне, аталарымыздың "қол бастайтын батыр болу да қымбат, жол бастайтын көсем болу да қымбат, бәрінен де ел тағдырын шешетін шешен болу қымбат" деген сөзі шындық. Халықтан шыққан би-батырлар жауды алмас қылышпен өлтіруге де болады, өткір сөзбен көндіруге де болады, мылтықпен дәлдеп атып жығуға да болады, сөзбен дәлдеп айтып жығуға болады деген принципті берік ұстанған.
Бұдан кейінгі жылдары тәуелсіздік үшін болған азаттық көтерілістер де нақ осыны айғақтайды. Халықты орыс отаршыларына қарсы бастап шыққан халық батырлары: Кенесары хан, Наурызбай сұлтан, Сырым, Исатай, Махамбет, Жанқожа, Таймас, Есет, Ағыбай тағы да басқалар. Халық сыртқы жаулармен болған ірі қақтығыстарда ержүректігімен көзге түскен ерлерді «батыр» деп атаған. Қазақ халқы батырларды қаһармандық қиссаларында жыр етіп, олардың бейнелерін ғасырлар бойы қастерлеп келді. Батырлар белгілі бір билеуші әлеуметтік таптардың мүддесін көздемей, қай уақытта да халықтың қорғаушысы болған. Сондықтан, олар өздеріне бағынышты руларда толық билік жүргізді. Олар салық жинады, айыпты болған тумаластарын жазалады, басқа рулармен келіссөз жүргізді. Сол кездегі қазақ қауымындағы жоғарғы орган - Хан кеңесінің басым көпшілігі батырлар болып, елеулі ықпалға ие болды. Хан сайлауынан бастап, барлық мемлекеттік шешімдер, тек батырлардың қолдауымен ғана іске асырылып отырды. Сөйтіп, батырлар көп жылдық тарихы бар Қазақ мемлекетінің даму барысы мен қоғамдық өмірінде жетекші тұлғалар болды.
Бұл туралы ғұлама ғалым Шоқан Уалиханов былай деп жазған болатын: «Батыр – қазақтарда рубасы сұлтаннан кейінгі ең маңызды, әрі көрнекті тұлға. Ол – ең беделді адам, оның ақыл-кеңесімен халық әрқашан есептесіп отырған».
Барымта – қылмысқа қарсы қолданылатын ұжымдық шара. Егер қылмыс жасаған жақ би үкіміне көнбесе немесе кешіктірсе, даугер жақ өз тарапынан барымта ұйымдастырады. Барымта – ең алдымен, малды айдап алу, оның талабы – белгіленген (бидің алдында кесілген) көлемнен шықпау. Осы тұрғыдан барымта қоғамдық қатынастарды реттегіш деп есептеуге болады. Зәбір шегуші жақ, ең алдымен, ақсақал, билердің алдынан өтіп, ал малды айдап келгеннен кейін қанша мал әкелгенін баяндайды. Айдап әкелінген мал үкіммен берілген айыпқа немесе құнға сәйкес келуі керек. Барымта ашық түрде жасалады. Барымтаға қатысқан адам жорықта өлетін болса, зәбір шеккен жақ құн төлеуді талап етуге хақылы.
Барымтаның түрлері – ұрлық жасалып, ұры малды сіңіріп алса, біреудің кісісі өліп, өлтіруші жақ тез арада алты жақсысын алып алдарына жығылмаса, біреудің қорық жеріне өзгенің малы жайылып, істен шығарса. Сонымен қатар, неке мен отбасы мәселелерінен өрбитін: қалың малын төлемей қыз алып қашу, біреудің заңды некесін бұзу, ортаға түскен олжадан сыбаға бермеу, қонақасы дәстүрін бұзу.
Ш. Уалиханов: «Біз барымтаны қазақтың өз ұғымымен түсіндіріп көрейік. Қазақта барымтаға кейде заң жүзінде рұқсат етіледі. Ұрлыққа, тонауға, мал айдап кеткенге айып төленеді, ал барымтаға ештеңе төленбейді. Барымта дегеніміз - қайтарылатын қалың мал, төленетін құн үшін, құныкер адамның малын немесе затын, жалпы өзгенің жеке меншігін тартып алу. Ертеде былай да болғанды, күшті рулы қазақ өзінен әлсіз қазаққа кісі өлімі үшін, құн немесе тіл тигізіп қорлағаны үшін айып төлемеген, кісі өлтіріп құныкер бола тұра немесе кешірілмес қастық жасай отырып, сотқа шақырғанда келмеген де. Сонда ру мәжілісінің ұйғарымы бойынша, қорланған, зәбірленген адам барымта алуға аттанып, ауылын шауып, менменсіген өр көкіректі бас идіреді. Екі жақ келісімге келгеннен соң, ешқандай айыпсыз, барымталанған малының шырқы бұзылмай қайтарылады...»,- деп тұжырымдайды.
Халық арасындағы кең тараған, 1862 жылы Атбасар дуаны бойынша аға сұлтандыққа сайлауға түскен Шоқан Уалихановты найманның Бағаналы руының болысы Ерден Сандыбаев (1808-1862) жеңіп шыққаны туралы жаңсақ мағлұмат бар, ал шындығында Шоқан сайлауда басым дауыспен жеңіп тұрса да, денсаулығына байланысты  аға сұлтандықтан бас тартады да, осы себеппен Ерден аға сұлтан болып тағайындалады. Омбыдағы мемлекеттік архивтегі  мына құжат соның дәлелі (Мем. архив, 374 қор, 1-тізбе, №389 іс), 1862 жылдың 10 қарашасында Батыс Сібір генерал-губернаторы А. И. Дюгамель қол қойған №54 санды бұйрықтың мазмұны мынадай: «...О переменах по службе. Приказ генерал-губернатора Западной Сибири. 10 ноября 1862 года №54 по области Сибирских киргизов. Утверждаются в должности: по избранию Атбасарского округа, хорунжий Ерден Сандыбаев - старшим султаном того округа, вместо штабс-ротмистра Чокана Валиханова, избранного на эту должность большинством голосов, но отказавшегося от принятия оной за болезнью, и султан Кочек Джадаев - кандидатом старшего султана, оба на 3-х летие с 1862 года...». Алайда, Ерден Сандыбаев аға сұлтандық қызметке кіріспестен, аяқ астынан ауырып, кенеттен қайтыс болып кетеді. 
Жан-жақты білімдар, әмбебап Шоқан қазақ ауыз әдебиетінің құндылығы туралы ойын: «Қазақтар туралы, олар көне түрік әлемінің бүкіл соларға тән әдет-ғұрпымен, ойын-тойымен, тарихи жырлардың орасан зор қорымен, әр заманда өмір сүрген ақындардың өлеңдерімен, музыка мен ойын-сауыққа әуестігімен, құқықтық ел ұрпақтарының үлкен кодекстерімен жазба – билік жолыменен сақталып қалған қазынасы деп кесіп-пішіп айтуға болады»,- деп тұжырымдаған.
1864 жылы Омбы қаласында, Сібір қазақтарының шекаралық басқармасында жауапты қызмет атқарған Ш.Уалиханов қазақ заңдарының жинағын құрастыруға қатысып, Ресей патшасының әкімшілік және сот реформаларын қатты сынға алып «Сот реформасы жа­йында хат» деген еңбегінде: «Реформа жөніндегі мәселе терең ойды, байыпты тұжырымды қажет етеді, өйткені халықтың «өмір сүруі, сүрмеуі» соған байланысты.
Ресей империясының құрамына еніп отырған барлық бұратана тайпалардың ішінде халқының санының көптігінен, байлығы жөнінен біз бірінші орын аламыз. Меніңше, алдағы өркендеу де бізге – қазақтардың үлесіне тиеді»,– деп көрегендігімен тұжырымдаған.
Міне, 150 жыл бұрын ғұлама Шоқан небәрі 29 жасында айтып кеткен сәуегейлік болжам толығымен іске асып, тәуелсіз Қазақстан жасампаздықтың жиырма екі жылы ішінде мол табысқа қол жеткізіп, әлемдік қоғамдастықта демократиялық, зайырлы және алдыңғы қатарлы  дамыған мемлекет ретінде танылды. Осы жылдары Қазақстан сыртқы және ішкі саясатта да, экономикада да, әлеуметтік салада да өзгелерге үлгі болатындай дәрежеде дамыды. Ел, қоғам өзгерді, заманға деген, келешекке деген көзқарас өзгерді, жаңа ой, сана-сезім қалыптасты. Еліміз дүние жүзі қауымдастығы алдында алды-артын ойлайтын, келешегін болжайтын, әлемдегі әртүрлі құбылыстарды талдай алатын, құнды идеялар мен алдыңғы қатарлы ұсыныстарды қолдай білетін, шекарасы, өзіндік бет-бейнесі, ұстанымы, экономикалық үлгісі, сая­си бағыты бар, қиын кезеңдерге қор жинаған, әлем елдері мойындаған, ұлтаралық достығы мен саяси тұрақтылығы берік орнаған мемлекет болып мойындалды.
Қазақ елі, енді жаңа да тың серпіліске, әлем өркениетінің жоғарғы белесіне, жаһандану кезеңінде кез келген қауіп-қатерге төтеп бере алатын әлемнің дамыған 30 елі қатарына енуге батыл қадам жасады. Шоқан арманы бүгінгі Алаш арманымен астасып жатқанының бір көрінісі – осы.

Жұмағұл ШӨЖЕНОВ, Нұра аудандық сотының төрағасы
ortalyk-kaz.kz

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста