ХХ ғасырдың 1931-32 жылдардағы ашаршылық – қазақ халқының басынан өткен ең қасіретті нәубет. Бұл нәубет Сталин билігі тұсындағы большевиктік үкіметтің қолдан жасаған «қызыл қырғынының» ең сойқаны, ең қатігез іс-әрекеті болды.
Оның Қазақстандағы ұйымдастырушысы – Ф.Голощекин. Ашаршылықтың басты мақсаты –табиғи қазба байлығы мол қазақ жерін индустриалды өндірістік өлкеге айналдыру үшін «мал шаруашылығымен айналысатын», «артта қалған, индустрия жарамсыз» жергілікті ұлтты «табиғи тұрғыда азайтып», Кеңес Одағының еуропалық бөлігінен индустияландыруға бейім жасампаз (жұмысшы табы (пролетариаты) қалыптасқан) халықтарды әкеліп орнықтырып, пролетариат диктатурасын нығайту деген коммунистік идеологияны жүзеге асыру болды.
Ашаршылықтың салдарынан, қазақ халқының саны екі есеге дейін кеміді: азып-тозды, шетелге ауды, сөйтіп, генофонды әлсіреді. Генофондтың басты белгілері – ұлттық қадір-қасиеті, мінезі, дүниетанымы өзгерді, тілі, рухани мәдениеті құлдырады, ақыры саны аз ұлттың біріне айналды. Салыстырыңыз: 30 жылдарға дейін қазақтан саны едәуір аз болған өзбек – қазіргі таңда 32 миллионды құрап отырған байтақ ел.
Ашаршылық біздің әулетке де «ащы тырнағын» салды. Менің атам Әбсадық Барақұлы бес ағайынымен 1928 жылы кәмпескелеуге ұшырап, бар малынан айырылады. «Өзен жағалаған-ның өзегі талмайды» дегендей, ол Сырдария маңындағы өзен-көлдерден балық аулап жан сақтап қалады. Ал нағашы әжем Кәшима Құлтайқызы ұжымдастыру және кәмпеске тұсында Қостанай өңірінде тұрмыста болып, отағасы «жас қыз алған бай-құлақ» деп жер аударылғаннан кейін Сырдағы нағашысына барып, жан сауғалайды. Ол кісінің ашаршылық жайында өз аузынан айтқан әңгімесін тыңдап, жадыма тоқыған жайым бар еді. Сол естелікті оқырманға ұсынғым келеді.
Кәшима Құлтайқызы орта бойлыдан сәл жоғары, денелі, ақсары келген сұлу, өте мейірімді кісі еді. 1912 жылы дүниеге келген. Руы – Жаппастан тарайтын Мәметек Алтын. 1990 жылы 78 жасқа қараған шағында дүние-ден озды. Туған жері – қыс қыстауы Қармақшының маңындағы Қызылтам деген жер болса, жаз жайлауы – Тобылға құятын Әйет, Троицкінің іргесіндегі Үй өзендерінің бойы. Әжеміз жайлау-дағы қоныстарын сағынышпен еске алып отыратын. Бірде ол жайлаудан қыстауға қайтар шақта, яғни күз уақыты болғанда Троицкі қаласына баратын базар туралы айтса, енді бірде «сол базарға соңғы рет 14 жаста бардым, екі жыл өткен соң мені қырда тұрмысқа берді» дейтін еді.
Кәшима тұрмысқа шыққан жылы әкесі Құлтай «жаман аурумен» (обыр) ауырып дүниеден өтеді. Бұл – 1928 жылдардың шамасы. Әжемнің тұрмысқа барған жері орта дәулетті отбасы болады. Бірақ отағасы «уыздай жас қыз алған бай-құлақ» деген үкіммен кәмпескеге ілініп, Сібірге жер аударылады. Кәшима әжем жастай жесір қалады. Сол жылдары колхоздастыру басталып, жұрттың малы ортақ меншікке тартып алынады. Елге қатты таршылық келіп, жұрт жан сауғалап көше бастайды. Біздің болашақ әжеміз егіншілікпен, аңшылық-балықшылықпен айналысатын Сыр бойындағы Есентемір (ру атауы) Досқали атты нағашысына барып паналауды ойлайды. Осылайша, қолында бір түйіншек орамалы бар жас келіншек жаяу-жалпылай Сырға қарай ауып бара жатқан жұртқа қосылады. Солармен бірге жаяу жүріп, Аралға келіп құлайды. Одан әрі Арал стансасында Қызылордаға қарай бет алып тұрған жүк пойызының қызыл вагонына мініп алады. Бір орыс солдаты келіп орысшалап «түс» дейді. Бұл қазақшалап «түспеймін» деп шырылдап жылап қоя береді. Вагонға таскенеше жабысып алған. Мұны әлгі солдат әрі-бері жұлқылап, түсіре алмаған соң кетіп қалады. Сол жүк вагонымен итшілеп Қызылорда стансасына жетеді. Пойыздан түсіп, жұрттан сұрай-сұрай Қызылорда қаласының маңындағы Қарауылтөбе деген жерден бес-алты шақырым жерде егіншілік, аңшылықпен күн көріп отырған нағашысы Есентемір Досқалидың үйін тауып алады.
Жергілікті орыстармен тамыр болып, аңшылық құратын Досқали өзге отырықшы қазақтарға қарағанда салыстырмалы түрде бақуатты болады. Аңшылықпен қатар егін егіп, балық аулап отырғандықтан Досқалидың отбасы Сыр бойына ашаршылық келген кезде әупірімдеп аман қалады. Ашаршылық өткеннен кейін әжемді Досқали нағашысы көрші тұратын Әбіш Дәуітұлына (ол кезде оның әйелі қайтыс болған екен) тұрмысқа береді. Кәшима әжеміз атамызға бір ұл (жас кезінде шетінеп кетеді), бес қыз тауып береді. Бес қыздың үлкені Күлайым Әбішқызынан біз дүниеге келгенбіз.
Жалпы, әжем марқұм өте әңгімешіл кісі болатын. Әжем отағасы Әбіш Дәуітұлы дүниеден өтіп, бес қыз жан-жаққа тұрмысқа шыққан соң, ол Қызылорда шаһарының қақ ортасында атамыз соққан үйде жалғыз тұрды. Оны жалғызсыратпайық деп шаһарда оқыған біз – жиен немерелері кезекпен-кезек қасында болатынбыз. Қызылорда пединститутының студенті болған жылдары мен әжемнің үйінде жаттым. Күндіз сабақтамын, кешкі уақытта әжем екеуміз әңгімелесіп отырып ас-су ішеміз. Күні бойы іші пыса ма, әжем марқұм кешкілік көп әңгіме айтатын. Оның есте сақтау қабілеті таңғаларлықтай еді: өзінің жас кезінде болған оқиғалардың дерегін бүге-шүгесіне дейін сақтап, оның мезгіл-мекенін, оған қатысқан кісілердің аты-жөнін, руын түгел айтып отыратын.
Әжемнің айтуынша, әкесі Құлтайдың екі әйелінен үш ұл, сегіз қыз болған екен. Бұл – қыздың ең кенжесі. Үш ұлдың екеуі қайратты, шаруаға пысық болыпты. Бір ұлын қызылдар мен ақтар атысып-шабысып жатқан уақытта «қырға қарай жол көрсетесің», деп әскери-казактар алып кетіп, содан қайтпай қалады. Екінші ұлы Ақтөбе жаққа кіре (түйемен жүк тасу) тартып жүріп, диірменге бидай тартып әкелемін деп аттанып, жазатайым оқиға-дан қайтыс болады. Кенже ұлы сауықшыл болып өсіп, шаруаға қырсыз болады. «Ағам таңертең үйден шығып, ауылдың түтінін аңдып, қай үйде түтін шығып жатса, «Е, мына үйде омыртқа асып жатыр екен деп, сол үйге қарай домбырасын алып кетіп қалушы еді» деп отыратын әжем марқұм.
Бір күні қыстың ұзақ кешін-дегі әңгімеміз 30 жылдардағы ашаршылық жайында болды. Ол әңгіменің басталуы да қызық. Қаладағы бір таныс кісінің аты кездейсоқ аталды да, әжем ол кісінің әкесін білетін болып шықты.
Қызылорда шаһары мен оның маңындағы ашаршылық Арқа жақтан ауып, ашығып, арып-аршып келген жұрттың көбеюіне байланысты күшейе түседі. Аш-жалаңаш жұрт елдің малын, азық-түлігін ұрлап, базардан жұрттың сатып тұрған азықтарын тартып алып, елдің мазасын алады. Ақыры, базар тарап кетеді. Әсіресе, Батпаққара жағынан ауып келген қазақтар өте ашығып келді. Тасбақа, кірпішешен, бақа-шаян жеу, бара-бара адам етін жеу солардың ішінен шыға бастайды. Жұрт сыртқа шығудан қорқатын күй кешеді. Әжемді үйіндегілер: «Сен семізсің, сойып жеп қояды» деп сыртқа шығуға тыйым салады. Ашыққан жұрт ісіп-кеуіп, далада өліп жатады. Аз уақытта Қызылорда шаһарында және оның маңында жейтін нәрсе қалмағандықтан, ашыққан кісілер теміржолдың бойымен оңтүстікке, Ташкентке қарай жағалап кете барады…
Жаңағы атаған кісіміздің әкесі сол кезде жетім балалар үйінің арбакеші болыпты. Ол кісі арбамен балалар үйінен шыққан өліктерді, сондай-ақ қаланың ішінде аштан өлген адамдардың денесін теріп алып, қаланың оңтүстік-шығысындағы орға апарып төгеді екен. Кәшима әжем-нің айтуынша, аштан қайтқан жандар мен балалар үйінде өлгендердің денесі көмілген ор қазіргі Қызылорда қаласының «Южный» ауданындағы қалалық перзентхананың маңы. «Таңертең ертемен көшеден сықырлап, шиқылдып өтетін арба дөңгелегінің дыбысы аштан өлген марқұмдардың артынан оқылған жаназасы іспеттес еді. Оларға мұсылмандық жаназа да бұйырмады…» деп күрсінді әжем.
Ашаршылық жылдары Арқадан Сырға ауып келген жұрттың дені – Торғай өңірінен екен. Өйткені Сыр мен Торғай арасы – қазақтың мыңдаған жылдар бойы қалыптасқан дәстүрлі көш маршруты. Бұл көштің жол бойында қолдан қазылған құдықтары болған. Әжемнің «Батпаққара» деп отырғаны – Торғай өңірі. Кейін қазақтың тарихын тереңірек біле бастаған кезімізде Батпаққара жұртының қатты ашыққан себебін қолдан жасалған саясаттың салдары екенін түсіне бастадық. Батпаққара, яғни Торғай өңірі Алаш қозғалысының алтын бе-сігі, аптал азаматтар дүниеге келген өңір (А.Байтұрсынұлы, М.Дулатұлы), патша мен Кеңес үкіметінің қысымына қару алып, көтеріліске шыққан жұрт (Амангелді, Кейкі батыр, Әбдіғаппар, Шолақ Оспан) екенін таныдық. Коллективтендіру мен кәмпеске кезінде «Батпаққара көтерілісі» деген оқиға болғанын білдік. Қанын ішіне тартқан большевиктер аштық арқылы осы өңірдегі рухы биік жұрттың қатты қырылғанын қаласа керек…
Марқұм нағашы әжем (жатқан жері жаннатта болсын) Құлтайқызы Кәшимадан 30 жылдардағы қуғын-сүргін, ашаршылыққа қатысты естіген әңгімемнің ұзын-сонарының шектелер шегі – осы. Біздің бұл әңгімеміз біз жақтан шектелгенмен, халқымыздың басынан өткен қасірет-қайғы, нәубет туралы деректер, айтылмаған сырлар әлі көп деп ойлаймыз. Украина жұрты 20-30 жылдарда аштықтан қайтқан миллиондаған кісілердің тізімін жасады, сол нәубет туралы жұрттың естеліктерін жариялап, үлкен жұмыстар атқарды. БҰҰ тарапынан, Украинада болған аштық геноцид деп бағаланды. Ал Қазақстандағы аштық Украинадан да сорақы болған еді. Бұл біздің жұртты да ойландыратыны анық.
Алмасбек ӘБСАДЫҚ,
филология ғылымдарының докторы,
А.Байтұрсынов атындағы ҚМУ-дың профессоры