Әбілқайыр хан орыс патшайымына шын мәнінде нендей өтініш жолдаған еді? Қазақтар неліктен буддизмді қабылдамады? Ұлы Дала тарихының шындығы қайсы? Саясатпен бүркемеленген, жамап-жасқалған тұстары қайсы? 1675—1821 жылдардағы қазақтың басқарушы элитасы туралы үлкен еңбектің авторы, тарихшы-ғалым Ирина Ерофеевамен сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.
Ирина Ерофеева — «1675—1821 жылдардағы қазақтың басқарушы элитасының эпистолярлық мұрасы. Екі томдық тарихи құжаттар жинағы» атты фундаментальдық зерттеудің авторы. Жинаққа 1675—1821 жылдар аралығында жазылған қазақ хандары мен сұлтандарының хаттары түпнұсқа мәтіндер аудармалары және нақты көшірмелері (факсимиле) түрінде топтастырылған. Барлығы 811 аударма және 250 нақты көшірме бар. Кітапты әзірлеуге 17 жыл уақыт кеткен.
— Ирина Викторовна, біздегі орта деңгейлі адамдар қазақтың тек екі ұлы ханын ғана біледі — Әбілқайыр мен Абылай. Олардың еліне еткен қызметіне берілген баға саясаттың ауанына қарай сан рет өзгерді. Неге нақ осы тұлғалардың тарихтағы роліне қатысты әр қилы пікірлер қалыптасты?
— Сақталған жазба деректер өте-мөте мардымсыз болғандықтан, Әбілқайыр хан билікке келгенге дейінгі кезеңдер жайлы тарихта, жалпы, өте аз айтылады. Тіпті, Қазақ хандығының шекарасын кеңейтіп, іргесін бекітіп, қуатты ел ету жолында көп тер төккен Қасым хан, даңқты Хақназар, Есім хандардың қызметі төңірегінде білетініміз аз. Және бұл жағдайды тек Қазақ хандығының тарихына ғана қатысты деуге келмейді. Мысалы, орыс адамынан сұрап көріңіз, ол қанша патшаның атын атар екен? Екі-үшеуден әрі аса қоймас: Иван Грозный, І Петр. Ал Михаил Федорович пен Алексей Михаилович туралы мардымды ештеңе айтпайды. Француз да солай: ХІІІ Людовик мен ХІV Людовикті біледі де, Х Карл мен V Генрихті еске түсіре алмайды.
Әбілқайыр мен Абылайға оралайық. Өмірбаяндарынан бастап, саяси көзқарастарына дейін алып қарар болсақ, олар — көп жағдайда, бір-бірімен ұқсас тұлғалар. Кейде олар бір-біріне қарама-қайшы, кереғар тұлғалар ретінде де көрсетіліп жүр, ал бұл — негізсіз әрі үлкен қате тұжырым. Абылай Орынбор губернаторы Иван Неплюевке: «Әбілқайыр — халқымыздың бағына біткен тұлға, біздің қамқор әкеміз еді» — деп тектен-тек жазған жоқ.
Әбілқайырды көпшілік оның орыс патшайымы Анна Иоанновнаға қамқорлық одақ туралы жазған хаты арқылы біледі. Атап айтайын: ол хатта бодандық туралы ешқандай да сөз жоқ. Бар гәп мынада: ол кезде Ресейде көмек сұраған кез-келген әрекет қол астына өту, бағыныштылыққа бойсұну ретінде қабылданды. Сондықтан қазақ хандарына жіберілген алғашқы грамоталардың өзіне «қол астына алу» термині енгізілді. Ал іс жүзінде қазақ хандарының көздегені мүлде басқа — «диалог принципі» арқылы күшті одақтастың қамқорлығына негізделген әскери-саяси альянс еді. Қандай да бір мәселелерде келісімге келе алмаған жағдайда, тараптардың қай-қайсысы да мұндай альянстан оп-оңай шығып кете алатын.
Қамқорлық мәселесіне байланысты Даланың ежелден қалыптасқан өз ұғымы болды: «Егер хан маған ұнамаса, жиналып, басқа жаққа көшіп кетемін…».
Ал патшалық Ресей «қамқорлық» ұғымына басқа тұрғыдан қарады. Біріншіден, бұл үшін салық төлеу керек. Екіншіден, қызмет көрсету керек. Қызмет дегенде ол «монолог принципі» бойынша іске асырылады: мен бұйырамын, сен (өз ерік-ықтиярыңды білдіруге мүлде құқың жоқ) істейсің және есеп бересің. Ол кезде Ресейде барлық қарым-қатынас холоп (толықтай бағынышты қызметші — ауд.) пен боярдың арасындағы қарым-қатынас «үлгісімен» қалыптасты. Ол замандағы хаттар да: «Мен, бәлен деген холоп…», «Мен, түген деген құл…» — деп келеді. ІІ Екатеринаның «ағартушылық дәуірінде» ғана ресми жарлық беріліп, «холоп», «құл» деген сөздер өтініштер мен арыздар жазу тәртібінен алынып тасталды.
Әбілқайыр мен Абылай тұлғасына тек Ресеймен қарым-қатынас тұрғысынан баға беріліп келді. Хандар саяси конъюнктураның құрбаны болды деп айта аламыз. Патша тарихшылары Әбілқайырдың өмір жолын зерттеуді ХІХ ғасырдың екінші жартысында бастады. Сол тұстағы зерттеушілер ол туралы патшайыммен арадағы сеністікке бағытталған қатынасты өтірік айту, алдау арқылы өз пайдасына шешіп отырған айлакер алаяқ деген пікірде болды. Мұндай ой айтылғанда, Әбілқайырдың губернатор Неплюевке бағынғысы келмегені алға тартылды. Ал, расына келгенде, Неплюев көшпенділерге бағыныштылықтың ресейлік нұсқасын таңғысы келді де, қазақтар ондайды қабылдай алмады.
Кеңестік кезеңнің басында, яғни бәріне таптық көзқарас тұрғысынан баға беріле бастаған тұста да, Әбілқайырға деген көзқарас жақсара қойған жоқ. Ханға елді отарлауды көздеген патша үкіметімен келісімде болған деген кінә қойылды. Ал 60-жылдардан бастап кеңес идеологтары, керісінше, Әбілқайыр ханды интернационализм мен халықтар достығы идеяларының таралуына жол ашқан озық ойлы тұлға ретінде мақтауға кірісті. Абылайға ханға келсек: алдымен ол Ресей мен қазақтың өз арасынан шыққан қанаушылардың одағына қарсы бас көтерген күрескер ретінде дәріптелді, одан кейін, 80-жылдары, қаналған еңбекші халықтардың бірігуіне қарсылық көрсеткен сепаратист-саясаткер деген пікір қалыптастырылды, ал сосын аяқ астынан ол «көпқырлы саясаттың» негізін қалаушы ретінде аталды.
Айта кеткім келеді, осы кезеңдердің бәрінде де барлық дерлік тарихшыларды (олардың бәрі идеологияның темір құрсауында болды) бұл екі тұлғаның саясаткер ретіндегі нақты бейнесі қызықтырмады. «Барлық дерлік» деп отырған себебім, құрсаудан шығуға тырысқан бірен-саран тарихшылар да болды. Бұлар — Михаил Порфирьевич Вяткин (тарихшы, профессор, Қырғыз КСР-і Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі. Көшпенді халықтардың тарихын зерттеді. «Батыр Сырым» монографиясы үшін КСРО Мемлекеттік сыйлығын иемденді) және Павел Евменович Матвиевский (тарихшы, Орынбор педагогикалық институтының профессоры, қазақ және орыс халықтары арасындағы қарым-қатынасты зерттеп, еңбектер жазды). Қазақ хандары — Әбілқайыр мен Абылайдың қайталанбас тұлғалар екенін ашып көрсетуге алғаш талпыныс жасаған осы ғалымдар еді. Олардан кейін ешкім бұл істі қолға алмады.
Ал тәуелсіздік кезеңіне келсек, өкінішке қарай, әлі де сол бұрынғыша бәріне партиялық тұрғыдан келу жалғасып жатыр, тек бұрынғы жағымды тұстар енді «жағымсыз» болып және керісінше алмастырылған.
Кеңестік тарихнаманы мансұқтап жүрген тарихшылар оны сынағанда, бәз баяғы партия мектептері оқытқан догмаларға сүйеніп сынайды. Оның үстіне қазір архив табалдырығынан бірде-бір рет аттамаса да, бәрінің «ретін» келтіре қоюға соншалықты шебер дилетанттар қаптап кеткен, көп жағдайда олардың пікірі шындық ретінде қабылданып жүр…
— Сіздің жинағыңыз Тәуке хан хаттарының мәтінімен басталады. Ол маған әлемдік деңгейдегі тұлға боп көрінеді…
— Ол ешкімге ұқсамайтын ғажап адам болған. Тәуке хан — «Жеті жарғы» заңдар жинағының авторы, Төле, Қазыбек және Әйтеке билермен бірлесіп, билікті нығайту мақсатында реформалар жүргізген: мемлекетті басқару ісінде билерге арқа сүйеген. Хан кеңесін және билер кеңесін құрған. Шамамен алғанда, 50 жасында шайқас үстінде екі аяғынан айырылған. Содан кейін Түркістан қаласынан сыртқа шықпаған, не атқа мініп, не арнайы істелген зембілмен қызметшілер көтеріп алып жүретін болған.
Мен барлық тарихшылардың және тарихшы еместердің назарын мынаған аударғым келеді: орта ғасырларда қазақ қоғамында хан болу тіпті де оңайға соқпаған, ол үшін адам бойынан көптеген ерекше қасиеттер табылуы керек еді. Хан тағында білім-білігі бар, өмірден көрген-түйгені мол дана адам ғана отырады. Ал ең бастысы, ол — елге соғыс кезіндегі жеке ерліктерімен, жеңістерімен аты шыққан, талай жаудың сағын сындырған мықты қолбасшы болуы тиіс-тін. Ал енді қараңыз: Тәуке 15 жасында таққа отырып, елді 65 жыл билеген! Және осы уақыттың көп бөлігінде өз аяғымен жүре де алмаған.
Осындай жағдайда осынша уақыт өзін басшы ретінде мойындату үшін, оның абырой-беделі, ықпалы қаншалықты зор болуы керектігін өзіңіз ойлап көріңіз. Орта ғасырларда ел басшысы болу үшін басты шарттардың бірі саналған күш-қайратынан айырыла тұра… Меніңше, бұл айрықша дана, өте сирек кездесетін шешендік дарынға ие, әлеуметтің мінез-құлқын айнытпай танып-біліп, бәрін алдын-ала сезіп отыратын адамның ғана қолынан келеді. Яғни, басты айтпағым: біз, ғалымдар, Тәуке ханның өмірі мен қызметін жан-жақты зерттеуді қолға алуымыз қажет. Оның бейнесі фольклор арқылы халық санасында әлі күнге дейін өмір сүріп келе жатуы, ал ол басқарған тұстың — «қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған», ең шуақты заман ретінде сипатталуы жайдан-жай болмаса керек.
— Тәуке хан заманында қазақтар Будданың табынушыларына айналып кетуі де мүмкін еді дегенді есіттім. Бұл рас па?
— Жазбаларда бұл туралы айтылады. Жоңғар билеушісі Қалдан Бошықты хан Орталық Азияға тибеттік буддизмді таратуға құштар болды. Ислам орнына ламаизмді күштеп қабылдатпақ болған ол, 1681—1685 жылдар аралығында, оңтүстік қазақтарына, қырғыздарға және Сайрам мен Әндіжан тұрғындарына жеті рет соғыс ашқан. 1683 жылғы шабуылдардың бірінде жоңғарлар Тәуке ханның ұлын тұтқынға түсіреді. Қалдан Бошықты оны Далай-ламаға жіберген. Туған даласына ол араға 14 жыл уақыт салып оралған. Оның елге оралуына жоңғардың жаңа билеушісі қоңтайшы Цеван-Раптанның септігі тиген деседі.
Осылайша, Далаға буддизмнің таралуы мүмкін болғанын жоққа шығара алмаймыз, бірақ ауызбіршіліктің арқасында қазақтар бұған тойтарыс берген.
— Ирина Викторовна, сіздің екі томдығыңызды оқып шыққан адамға сол кездегі қазақ хандарының қай-қайсысы да ерекше тұлғалар болып көрінеді екен.
— Дұрыс айтасыз. Хандардың шетелдік шенеуніктерге, басқа елдер билеушілеріне жолдаған хаттарын жинақтай бастағанымда, ғажайыпқа кенелдім. Далада ақыл-парасаты төмен адамның хан болуы еш мүмкін болмаған! Мұнда меритократия мен авторитет принципі ғана жүрген. (Әлеуметтік жағдайы, қаржылық мүмкіндігіне қарамастан, таққа лайықты тұлғаның отыруы көзделген басқару принципін меритократия дейді.) Хан тағынан үміткер адам аристократия өкілі болып қана қоймай, сонымен қатар, ақыл-парасат жағынан басқа жұрттан озық тұрған тұлға болуы тиіс. Ел алдында абырой-беделге ие болғанда ғана сені хан етіп сайлайды!
Осы жерде таққа кейде есуас адамдар да отырған оқиғалар кезігетін Еуропаның корольдік әулеттерінің тарихы ойға оралады — «кәрі» құрлықтағы монорхиялық мемлекеттер әлі күнге дейін тек династиялық принципті ғана ұстанады. Ал Далада ондайға жол берілмеді. Династия ма? — болсын, бірақ меритократия да болуы керек. Және бұл өте дұрыс жол еді. Қазақтар құрлықтың ортасында — дұшпандардың қоршауында өмір сүрді. Кез-келген сәтте бір тұстан жау шыға келуі мүмкін, міне, осыған тас-түйін әзір отыру керек болатын. Сондықтан қазақ билеушілері арасында лайықсыз адамдар болған жоқ.
— Сіз 17 жыл уақытыңызды үлкен еңбекке — қазақтың орта ғасырлардағы жазбаша артефактілерін жинауға арнадыңыз. Жүсіп Баласағұннан қалыпты дейтін сөз бар: «Ғылыммен айналысу инемен құдық қазғанмен бірдей». Сіз бір құдықты қазып бітірген секілдісіз?
— О не дегеніңіз? Әлі қайда… Бұл — басы ғана…
Сұхбаттасқан Андрей Зубов.
(m. 365info.kz сайтынан ықшамдалып аударылды.)
aktobegazeti.kz