Бар қазаққа белгілі Абай Құнанбайұлының інісі әрі әдеби ақындық мектебінің көрнекті шәкірттерінің бірі Шәкәрім Құдайбердіұлының есімі кейінгі жылдарда жиі аталып, ғылыми мақалалар үсті-үстіне жарияланып келеді.
Тәуелсіздік жылдарында қалыптасқан шәкәрімтану ғылымында ақын есімі мен оның шығармаларымен қатар аталатын тарихи елді мекендер жетерлік. Биыл елден жыраққа кетіп, елсізде жатып шығармашылық жұмыспен айналысып, Саятқорасынан сая тауып, аң қағып, құс атқан, бойына сан өнер тоғысқан Шәкәрімнің жалған жала жабылып, қаза тапқанына 90 жыл толып отыр. Осы орайда біз де ғылыми еңбектер мен арнайы энциклопедияларда атауы ғана көзге шалынып, көңілге ыстық сезілетін Шәкәрімге қатысты тарихи жерлерге табан тіреп, көзбен көріп қайтқан едік.
Еш кетпеген еңбек демалысымыздың сонау бір күндерінде ақын өмірінің тарихи кезеңдерінің куәсіндей болған Шыңғыстау ішіндегі бұл жерлерге арнайы бармасаңыз, жай жүргіншінің мұнда жолының түсуі де сирек екенін ойға алдық. Алдымен жолымыз түсіп, дәл қазір тілге тиек етеріміз кемеңгер ақын 1858 жылы 11 шілдеде Шәкәрім Құдайбердіұлының кіндік қаны тамған Кеңбұлақ жайлауы. Бұл – Шыңғыстағы ауқымы кең жайлаулардың бірі болған Құнанбай әулетінің үрім-бұтағы емін-еркін ен жайлаған құтты қоныс. Бүгінде Абай ауданы мен Аягөз аудандарының шектесіп, түйіскен тұсы осы. Атақты Байқошқар өзені мен Балашақпақ тауының ортасындағы қоныс. Шыңғыстың төр жайлауы саналатын Кеңбұлақ Балашақпақ тауының шығысы мен Байқошқар өзенінің батыс жағынан орын тепкен. Осыдан қамшы сілтер қапталға қарай жүрсеңіз, үш метрдей жерде Шәкәрімнің Қарабұлақ жайлауы да осында.
– Жапанда жалғыз жаттым елден безiп,
Жалықсам, аң қараймын тауды кезiп, – деп ақын өзі жырға қосқанындай, елсіз тау ішіндегі иен дала шын мағынасында зеріккен адамның жанына бір түрлі жылылық сыйлайды екен. Бұл – біздің Шәкәрім мекен еткен Саятқорада тұрған сәттегі көңіл күйіміз. Саятқора – данышпан Шәкәрімнің соңғы жылдарының, шығармашылық ізденіс пен елдің қақ-соғынан оңаша күй кештірген қасиетті орны. Халық жадында сақталған, философиялық толғамдарының барлығы да дәл осы жерде хатқа түсіп, қазақ қауымының қазыналы әдебиетінің қамбасын байытқан.
Саятқора – Шыңғыстың жайлау тауларының бірі Шақпақтағы Қарабұлақ басына қыста аң аулап, оңашалықта шығармашылықпен айналысуға арнап саман кірпішпен салғызған жайдың орны. Саятқора Шәкәрімнің ең соңғы мекені саналады. Қыстағы қар мен боран-шашын, жаздағы жаңбыр-бұршақ пен желдің өті сияқты табиғат тылсымынан қалған Саятқораның бір жарымдай дерлік қабырғасы сақтаулы тұр. Мұнда Абай ізін жалғаған ақынның «Айсұлу-Нартайлақ», «Ләйлі-Мәжнүн», «Мұтылғанның өмірі» поэмалары, «Боран» секілді ірі аудармалық шығармасы, «Әділ-Мария» романы, «Шын бақтың айнасы», «Мен жетпіс екі жасқа келгенде», «Мұсылмандық белгісі», «Мәнді сөздер» сынды таңдаулы туындыларының хатқа түскені тарихтан белгілі дүние.
Шығыс Қазақстан облысы Абай ауданындағы Шыңғыстау ішіндегі Шақпақ тауының бауырында, Жыланды өзені мен Ділдә өзенінің түйісер тұсындағы биік жота Керегетас деп аталады. Жотаның шығыс жақ іргесінде керегі бітімдес һәм соған ұқсас тұтас қабырға бар. Осы себепті де жота Керегетас деген атауды арқалаған. Көз тоймайтын көрініске өте бай жер екен.
Керемет табиғаты көңіл марқайтады. Тай өзені, Жыланды өзені, Ботақан өзені бір сала болып жалғасып кете береді. Әкесін атын ақтауға барын салған ойшыл ақынның баласы Ахат Шәкәрімұлы:
– Тай мен Шақпақ арасы,
Керегетас саласы.
Жер күңіреніп сілкінді,
Сарыарқаның даласы, – деп айтатын Керегетас, міне – осы. Керегетастың бауыры терең қара су, қабырғаларында адам сыятын үңгір де бар. Осы жерде, яғни Керегетаста 1931 жылы 2 қазан күні ОГПУ жендеттерінің қолынан нақақтан-нақақ Шәкәрім қажы оққа ұшып, көз жұмады.
Шәкәрім Құдайбердіұлына қатысты тарихи жерлердің бірі – Бақанас елді мекеніндегі Құрқұдық. Бұл жердің ескі атауы Рамазан ауылы көрінеді.
– Бақанас, Байқошқардың көп сабазы
Жиып ап қыран бүркіт, жүйрік тазы,
Еңбекші ұйым болмай, аңшы болып,
Ойда жоқ бидай менен шөптің азы, – деп жырлаған осы Бақанас өзенінің бойынан орын тепкен Құрқұдық Шәкәрімдей сүйегі асыл жанның ұлы денесін ит-құсқа да жем қылмай бауырына басып, табиғаттың мейірімін танытқан еді.
Жалған жазаға ұшырап, жаназасыз құдыққа тасталған Шәкәрім мүрдесі осы Құрқұдықта 30 жыл бойына елеусіздеу қала береді. Құрқұдық болмағанда сайда саны, құмда ізі қалмаған қазақ түсінігіндегі қанға аяулы есіммен бірге оның сүйегі де шашылып қалар еді.
– Толғанып ақын айтар әрбір затты,
Сөзімнің іші жұмсақ, сырты қатты.
«Алпыс жыл аңшы болып алжыған шал,
Дейсіңдер, – бізге айтады насихатты», – деп толғаған ақын сүйегі, міне дәл осы Құрқұдықтан осыдан 60 жыл бұрын қазылып алынып, Шәкәрімнің ұлы Ахаттың алқауымен Жидебай жеріне, хакім Абай қасына жерленеді. Бұл Құрқұдық қазақ халқы үшін қасірет пен қасиеті қатар өрілген тарих таңбасы болып есте сақталмақ.
Шәкәрімге қатысты осынау Шыңғыстау ішіндегі тарихи жерлерді естіп, кітаптан оқып жүрсек те, көзбен көргенге ештеңе жетпейтінін ұқтық. Шәкәрімге және оның айналасына қатысты тарихи жерлерді танып, оны жұртшылыққа жария ету руханиятқа бейжай қарай алмайтын адамның парызы. «Жер әңгімеші болған соң ел әңгімеші» деген Мұхтар Әуезов сөзі көңілге беки түспек.
Нұржан БОРАНБАЕВ,
Абай музейінің жетекші
ғылыми қызметкері