Сәбира Мұхамеджанова 35 жылдан кейін ақталды

Желтоқсан құрбаны, Өске­мен­дегі пе­дагогикалық учили­щенің 2-курсында оқып жүріп, небәрі 16 жасында қыршы­ны­нан қиылған қазақтың батыр қызы Сә­бира Мұхамеджанова 35 жылдан ке­йін ақталды. Мұндай жағымды жаңалықты бізге Шығыс Қазақстан облыс­тық JELTOQSAN-86 қоғамдық бірлестігінің төрағасы Марат Рамазанов сүйіншілеп жеткізді.

 

Бұл хабарды естігенде қуан­ғаны­мыз өз алдына «Сәбира Мұха­мед­жанова әлі күнге дейін ақтал­маған ба?» деп таңданғанымыз да рас. «Осы жыл біз үшін қуанышты, мерейлі жыл болды. Желтоқсан көтерілісінің қаһар­ман­дарының бірі Сәбира Мұхамед­жанова ғана емес, онымен бір топта оқыған 28 қызбен бір курста білім алған 8 жігіт ақталды. Бұл бізге оңай болған жоқ. Осы жұмыстың басы-қасында жүріп, желтоқсаншы қыз-жігіттер­дің ақталуына зор үлес қосқан Ал­ма­тыдағы тіркелмеген «Желтоқсан ақиқаты» респуб­ликалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бейсенбай Сайфолдаға айтар алғысымыз зор», – дейді Марат Рамазанов.

 

Өзі де Желтоқсан көтерілісіне қатысқан, бүгінде кезінде жазық­сыз жаза арқалаған замандастарын ақтаумен шындап айналысып жүрген Бейсенбай Сайфолдамен ұялы телефон арқылы сөйлескені­міз­де көп жайға қаныққандай бол­дық. Сәбира Мұхамед­жанованы ақтау жұмыстарының қаншалықты қиынға соққанын да түсіндік. «Сәбираны біз Алматы қалалық прокуратурасы арқылы ақтадық. Ақтамас бұрын онымен бір топта оқыған 28 қыз, орыс тобында білім алған Сәуле Өмірбекова және 8 жігіттің ақтау құжаттарын алдық. Бір қызығы, Сәбираның ауылдасы Сәуле Өмірбекова 1987 жылы оқудан шығарылған. Себебі 1986 жылғы у-шу кезінде үн-түнсіз кетіп қалған екен. «28 қыз ақталғанда қалай жалғыз өзін қалдырамыз?» деп, оны да тізімге қостырдық. Сөйтіп, «Сәбирамен бірге оқыған 29 қыз ақталды, енді Сәбираның өзін де ақтаймыз» деп қуанып отырғанымызда Алматы прокуратурасы көңілімізді су сепкендей басты. «Сәбираны ақтай алмаймыз, өйткені туған-туыстары жоқ. Егер 28 қызға хат жаздырып, «қар­сы емеспіз» деген қол қойдырып әкелсеңіздер, бұл мәселе шешілуі мүмкін. Бас прокуратура бізге осылай деп отыр» деді. Содан жан­ұшырып, Шығысқа барып, 28 қыздың қолын қойдырып, Алматы қалалық прокуратурасына табыс еттік», – дейді Бейсенбай Сайфолда.

 

2021 жылдың 27 қыркүйегінде бе­рілген, Алматы қаласы про­куроры­ның орынбасары Н.Ракишев қол қойған анықтамада былай деп жазылған: «1986 жылғы жел­тоқ­санның 26-сы күні «Желтоқсан» оқиғасына қатысқанына байланысты С.Мухамеджанова Өскемен қаласында жатақхананың бесінші қабатынан секіріп, өзін-өзі мерт етті. Қазақстан Республикасының 1993 жылғы 14 сәуірдегі «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» заңы негізінде 01.01.1970 жылы туған Сабира Ес­им­бековна Мухамеджанова саяси қуғын-сүргін құрбаны ретінде танылады».

 

Шығыс Қазақстан облыстық JELTOQSAN-86 қоғамдық бірлес­тігінің төрағасы Марат Рамазанов сан жыл сарғая күткен құжаттың көшірмелерін жақында Сәбира Мұхамеджанова туып-өскен ауыл­дағы мектеп пен Өскемендегі білім алған колледж ұжымына және Нұр-Сұлтан қаласындағы Ұлттық музейге табыстапты. Ал тіркелмеген «Желтоқсан ақиқаты» респуб­ликалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бейсенбай Сайфолда алда әлі де жұмыс көп екенін жеткізді. Оның сөзіне сенсек, 2010-2021 жылдар аралығында республика бойынша 400-ге жуық, Өскемен қала­сы бойынша Желтоқсан көте­рілісіне қатысы бар 38 азаматтың (28-і Сәбираның топтасы, біреуі орыс тобында оқыған Сәуле Өмірбекова, 8 жігіт – курстасы және С.Мұхамеджанованың өзі) ақталуына жәрдемдесіпті. «Орайы келгенде айта кетейін, қазір менің қолымда Алматыда болған Жел­тоқ­­сан көтерілісіне қатысқан 15 адам­ның ақ­талу құжаттары бар. Олар – сол уақытта Алматыда жұмыс істеген өскемендіктер. Сәбира Мұхамеджановамен бірге немесе жоғары курста оқып жазаланған студенттердің тізімін Өскемендегі партиялық архивтен алдым. Мәселен, Сәбирадан жоғары, яғни 3-курста оқығандар да алаңға шыққан. Алдағы уақытта оларды да ақтау керек деп ойлаймын», – дейді ол.

 

Сәбира Мұхамеджановамен бір курста оқып, бір жатақханада тұрған, биыл 8 жігіттің қатарында ақтау құжатын алған Амангелді Орамалов мұның өзі үшін күтпеген жағдай болғанын айтады. «Әйгілі дүмпудің өткеніне 35 жыл болыпты. Шынымды айтсам, бізді де біреу елеп-ескереді, ақталамыз-ау деген дүние ойымызға келмепті. Сәбирамен бір жатақхана­да тұрға­нымыз, алаңда көп студенттермен бірге жүргеніміз рас. Ол бесінші қабатта тұратын еді. Мен үшінші қабатта тұрдым. Сол күні Өскемен­де 100-ден астам жастар әуелі қазіргі Республика алаңына жиналып, сол жерден Ущанов алаңына дейін ұранымызды, талаптарымызды айтып, жүріп өттік. Соңы­мыз­­дан қалың әскер колонна болып келе жатты. «45 Гастроном» жақ­тан, яғни алды мыздан тағы бір коллана келіп, екі жақтан қор­шады. Қашатындары қашып үлгерді. Екі кісі отыратын уазикке 6 кісіні отырғызып алып кетті. Біз үш жігіт Стаханов көшесіндегі полиция бекетінде үш күн жатып шықтық. Бір кісілік камераға 11 кісіні қамады. Үш күнде төрт пирошкиді әрең дегенде жалынып сұрап алдық. Әрбір 15 минут сайын жеке-жеке тергеуге шақырды. 15-16 жастағы кезіміз. Жатақханадағы 18-ден асқан жігіттерге «сендер шықпай-ақ қойыңдар. Соттап жіберуі мүмкін. Біз кәмелет жасқа толған жоқпыз, ешкім соттай қоймас, ештеңе болмас» деп алаңға бардық қой алаңсыз. Сәбира қайтыс болғаннан кейін комиссия құрылып, жатақ­ханадан шығары­лып, оқудан қуылдық. Бірақ жатақ­ханаға кіріп жүрдік. Жыл аяғында әкем келіп, ауылға алып кетті. Не деймін, ақтал­ғаныма қуаныш­тымын», – дейді Сәбира Мұхамед­­жанованың курстасы.

 

Айта кетейік, Өскеменде Сә­бира Мұхамед­жанованың есімі берілген 560 метрлік көше бар. Өзі туып-өскен Тарбағатай ауданын­дағы Ақмектеп ауылындағы мек­теп­тің алдына бюсті қойылған. 2001 жылы «Тарбағатай ауданының Құрметті азаматы» атағы берілді. «Осы­дан бір-екі жыл бұрын облыс­тық Тіл басқармасына Сәбираның ауылындағы мектепке оның есімін беру жөнінде хат жазылған. Олар бұл ұсыныстың республикалық оно­мастикалық комиссияның ма­құл­дауынан өтпегенін айтты. Себебі Сәбира Мұхамед­жанова танымал тұлғалар тізімінде жоқ екен. Дегенмен осымен тоқтап қалмай жұмыс істеп жатырмыз. Өскемен әкімдігі Сәбираға қаладан басқа көше береміз деп отыр», – дейді Марат Рамазанов.

 

 

 

aikyn.kz

 

 

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста