Батыс Қазақстан облысында саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау мәселелері жөніндегі жұмыстың алғашқы қорытындысы шығарылды. Баспадан екі жинақ жарық көрді. Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау мәселелері жөніндегі Батыс Қазақстан облысының өңірлік комиссиясы өткен жылдың басында әкім қаулысымен құрылған. Комиссия құрамындағы 9 зерттеушіге ведомстволық арнайы архивтердегі құпия құжаттармен жұмыс жасау үшін рұқсат берілген.
Өңірлік комиссия шеңберінде 7 бағыт бойынша жұмыс тобы құрылып, жетекшілер бекітілген. Сондай-ақ тұрғындар арасында сауалнамалар ұйымдастыру, елді мекендердегі ақсақалдар мен өлкетанушыларды, тарихшы мұғалімдерді, кітапхана және музей қызметкерлерін тарта отырып, саяси қуғын-сүргін құрбандары есімдерін, тың деректер мен фактілерді анықтау бойынша жүйелі жұмыс басталып кетті.
Батыс Қазақстан облысы Полиция департаментінің арнайы мемлекеттік мұрағаты қорында ақтауға жатпайтын тұлғалардың 566 ісі, қуғын-сүргінге ұшыраған, сот органдары ақтаған тұлғаларға қатысты 7 177 іс және Германияда әскери тұтқында болған және өз еліне қайта оралған бұрынғы КСРО азаматтарына қатысты 851 іс сақтаулы екен. Ал Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті Батыс Қазақстан облысы бойынша басқармасының арнайы мұрағатында «Арнайы қоныс аудару және жер аударылғандардың жеке істер коллекциясы» сақтаулы. Оның ішінде арнайы қоныс аударушыларды есепке алған 1 437 құжат, жер аударылғандарды есепке алған 703 құжат, арнайы қоныс аударушылардың 199 жеке ісі, жер аударылғандардың 1 243 жеке ісі бар. Әрине, комиссия қарайтын істердің басым бөлігі Батыс Қазақстан облысының мемлекеттік архивінде екені сөзсіз. Мұнда мешіттердің жойылуы бойынша 20 қорда 25 945 іс, ұжымдастыру бойынша 24 қорда 55 483 іс, босқындар бойынша 5 қорда 1 186 іс, тәркілеу бойынша 8 қорда 3 055 іс, ашаршылық бойынша 7 қор ішінде 150 іс бар.
Көріп отырғанымыздай, атқарылатын жұмыс ауқымы өте үлкен. Бұл алдағы бірнеше жылға созылатын тынымсыз еңбек деуге болады. Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі қызметтерді былтырғы тамыз айынан бері DANA ғылыми-зерттеу орталығы жүзеге асыруда. Сөйтіп, жобаға қатысушы ғалымдарға облыстық бюджеттен бөлінген қаражат шеңберінде еңбекақы, іссапар шығындары төленіп, сайт жасақтау, іздестіру жұмыстары мен кітап шығару бойынша жұмыс жүруде. «Мемлекет басшысы тарихымызды түгендеп, болашаққа көзқарасымызды айқындай түсуіміз қажеттігін айтты. Сондықтан бұл комиссияға өте үлкен, ауқымды міндет жүктеліп отыр. Өткен ғасырдағы саяси қуғын-сүргін большевиктік-сталиндік биліктің кінәсінен бастау алған. Қазақ даласындағы репрессия халқымызға орасан зор адами және экономикалық шығын мен зиян әкелді. Оның салдары осы күнге дейін жадымыздан кетпейді», деді өңірлік комиссияның отырысында сөйлеген сөзінде Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев.
Оның айтуынша, өңірлік комиссияларды құрудың негізгі мақсаты – Мемлекет басшысының Жарлығын толық орындап, ұсыныстар әзірлеуі үшін осы уақытқа дейін құпия болып келген немесе әлі белгісіз, ұмытылған деректерді, фактілерді табу, жинау, репрессияның түрлері мен механизмдерін анықтау, ауылдардағы қуғын-сүргін орталықтары мен орындарын, құрбандардың санын, аты-жөнін анықтау және зардап шеккендер туралы осы мәселеге қатысты басқа да ақпарат жинау, талдап-сараптау. Батыс Қазақстан облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Дархан Қадыралиев саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі өңірлік комиссия жұмысының алғашқы нәтижелерін жария етті. Мәселен, 2021 жылы өңірлік комиссияның 3 отырысы, жұмыс тобының 8 жиыны өткізілген. Саяси қуғын-сүргін мәселесіне қатысты ақпарат және жұмыс тәжірибелерімен алмасу мақсатында Ақтөбе, Атырау, Қостанай, Маңғыстау облыстарымен аймақтық семинар ұйымдастырылса, өткен жылдың қыркүйек-қазан айлары аралығында республикалық Жобалық кеңсе ұйымдастырған 11 семинарға өңірлік комиссия мүшелері қатысып, жетекшілік ететін жұмыс тобы тақырыптары бойынша баяндама жасаған. Батыс Қазақстан облысындағы бір ерекшелік – саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі қызметті жүргізу Жобалық кеңсе форматында DANA ғылыми-зерттеу орталығына тапсырылғаны. Бұл өте сәтті шешім болды. Өйткені бұл орталық 2012 жылдан бері ғылыми-зерттеу және тарихи танымдық жұмыспен жүйелі айналысып келеді. ХХ ғасырдың 20-30 жылдарындағы өңір тарихына қатысты көптеген зерттеу еңбектері жарияланған DANAqaz тарихи-танымдық журналының бүгінге дейін 58 саны жарық көрді. Сондай-ақ Ресейдің Мәскеу, Санкт-Петербург, Уфа, Орынбор қалалары архивтерінен алынған материалдар негізінде Күнбатыс Алашорда зиялылары мен өңірдің баспасөз тарихына қатысты 9 кітап жарыққа шықты. Ал осы жоба шеңберінде арнайы мәліметтер базасы жүктелген www.batysmura.kz тарихи танымдық, ғылыми-зерттеу порталы іске қосылды. Бұл интернет-ресурста саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау бойынша 5 бөлім жұмыс жасайды. Сонымен қатар жергілікті тұрғындар мен қызығушылық танытқан тұлғаларға порталға кіріп онлайн сауалнама толтыру мүмкіндігі жасалған.
Өңірлік комиссия жұмысына ерекше жан бітірген бір оқиға – жергілікті ғалым-мамандардың Алматы қаласына екі апталық іссапары болды. Оралдық зерттеушілер Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік архиві, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты, Мемлекеттік комиссияның Алматы бөлімшесі, Жаңалық ауылында орналасқан Саяси қуғын-сүргін құрбандарының музей кешені, Президент Архиві, Ұлттық кітапхана, Алматы қаласының Полиция департаменті мен ҰҚК-нің арнайы архивтері, Алматы қалалық мемлекеттік архиві сынды орталықтар мен архивтерде жұмыс істеп, өңір тарихына қатысты тың деректермен танысты. Ғылыми іссапар нәтижесінде алматылық ғалым-мамандармен, архив қызметкерлерімен өңір тарихын зерделеу бойынша байланыс орнатылып, архивтерден 4 000 беттей құжат көшірмесі әкелінді.
Жалпы, осы уақытқа дейін жүргізілген ғылыми ізденушілік жұмыстар нәтижесінде сан түрлі саяси мотивтер бойынша репрессияға ұшыраған жандардың тізімі жасақталуда. Атап айтқанда, 1920-1930 жылдары облыс аумағындағы көтерілістер мен халық наразылықтарына қатысқаны үшін репрессияға ұшыраған 170 адам, күштеп ұжымдастыру кезінде қудаланған 500-ге жуық бай-кулак пен шаруа, күштеп қоныс аударылған 3 500 адам, қудалауға ұшыраған 1003 дін өкілі (896 мұсылман, 107 христиан), ІІ дүниежүзілік соғыс тұтқындары қатарынан 2 939 адамның тізімі жасалды. Бұл тізімді жұмыс топтары мұқият зерделеп, толық ақтау үшін Мемлекеттік комиссияға жолдайтын болады. Сонымен қатар жұмыс тобы өкілдері облыс аумағында саяси қуғын-сүргінге ұшырағандардың жерлеу орындарын, НКВД лагерьлері болған жерлерді іздестіруде. Бұл бағытта далалық экспедициялар мен танымдық бағыттағы іздестіру жұмыстары өңірдің Теректі, Тасқала, Сырым, Қаратөбе, Бөрлі аудандарында жүргізілді.
– Қазақстанда 1927-1953 жылдары 103 мың адам жазаланып, 25 мыңдай адам атылған деген дерек айтылады. Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жұмыстары барысында осы деректердің нақтылығына көз жеткізіп, төгілген жас пен қанның әділетсіздіктен екенін тағы бір мәрте дәлелдейміз. Халықты соғыссыз-ақ, өз билігі миллиондап қырып, жер бетінен жойып жіберердей жасаған геноцид әрекеті үшін кінәлі болған ата-әжелерімізді ар алдында, болашақ ұрпақ алдында ақтау жұмыстарына атсалысу біз үшін үлкен құрмет, абырой болмақ. Осы қайырлы істі атқарудың Президенттің Жарлығымен пәрмен беріліп басталуы істің нәтижелі аяқталар деген сенімді арттыра түседі, – деді Батыс Қазақстан тарихи-өлкетану музейінің ғалым-хатшысы, DANA ғылыми-зерттеу орталығының директоры Жантас Сафуллин.
Жоғарыда айтылғандай, өңірлік комиссия Орал мен Алматы қалаларындағы архивтерден көптеген тың дерек анықтады. Жантас Сафуллиннің ойынша, мұның бәрі барлау, қай жерде не барын бағамдау. Алдағы уақытта осы архивтердің бәрінде жүйелілеу қажет болады.
Сапар барысында Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының басшысы Зиябек Қабылдинов республикалық деңгейдегі танымал ғалымдармен бірнеше семинар-кеңес, кездесу ұйымдастырып, көп қолдау көрсетті. Ал Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік архивінің директоры Сәбит Шілдебай мен DANA орталығының басшысы Жантас Сафуллин болашақта бірлескен жобаларды жүзеге асыруға шарт жасасты. Бұл келісім нәтижесінде Орталық архив қорында сақталған тарихи құжаттар негізінде Батыс Қазақстан облысы тарихына қатысты жинақтар жарыққа шықпақ.
Енді өңірлік комиссияның аз уақыт ішінде атқарған жұмысына шолу жасап көрелік. Осы кезге дейін көпшілікке Батыс Қазақстан облысында 1930 жылы болған Жаңақала көтерілісі ғана белгілі болатын. Өңірдегі халық көтерілістеріне қатысқаны немесе қолдағаны үшін саяси қуғын-сүргінге ұшырағандарды зерттеу тобына жауапты топтың жетекшісі, тарих ғылымдарының кандидаты Есқайрат Хайдаров облыстық Полиция департаментінің арнайы мұрағатынан бұрын көпшілікке беймәлім болып келген халық наразылықтары мен баскөтерулерін анықтады. Мысалы, 1930 жылы Жымпиты ауданының №15 және №19 ауылында Ғаббас Досмұхамедов бастаған 16 адам тұтқындалып, бесеуі – ату жазасына, 11 адам – 3-10 жылға концлагерьлерге жабылған. Осындай айып 1930 жылы Орда ауданына қарасты Сүйіндік және Қасымтау ауылдарының 9 тұрғынына да тағылып, 5-10 жыл мерзімге концлагерьге жіберілген. Сол сияқты ұжымдастыру саясатына қарсы шыққан Шыңғырлау ауданы №16 ауылының 16 тұрғыны 1933 жылы 3-8 жылға сотталса, 1930 жылдары Қазталов және Фурманов аудандарында ұсталған «контрреволюциялық ұйымның» 2 мүшесі – өлім жазасына, қалған алтауы – 10 жыл мерзімге еңбекпен түзеу лагеріне кесілген. Кулактар, байлар, жартылай феодалдар мен шаруалардың ақталмаған қуғын-сүргін құрбандарын зерттеу бойынша да жаңалық көп. Қазақстан бойынша 1928 жылы жүргізілген байларды тәркілеу тізіміне Орал округінен 71 бай енген болатын. Осы 71 байдың 11-іне қатысты қосымша қылмыстық іс көтеріліп, олар 1929 жылдың көктемінде Пенза қаласына жер аударылғаны анықталды. Қазіргі таңда Батыс Қазақстан облыстық мемлекеттік мұрағатында жоғарыда айтылған 71 байдан бөлек тәркілеуге ұшырағандар тізімдері анықталуда. 1929-1932 жылдары тәркіленгендер тізімі табылды. Болашақта архив құжаттарымен біріктіріп, жинақ шығару жоспарланды.
Күштеп ұжымдастыру және 1930 жылдардағы ашаршылықтан жойылған немесе жапа шеккендерді анықтау бойынша жұмыс тобының жетекшісі, тарих ғылымдарының кандидаты Бақтылы Боранбаева тапқан деректер ел ішінде күштеп колхоздастыру, ұжымдастыру және мемлекетке ет, астық даярлау науқандары кезінде асыра сілтеушілік, бұрмалаушылық, озбырлық, дөрекілік көрсету әдістері қолданылғанын дәлелдейді. Мысалы, қазақ ауылдарында бай, кулактарды тап ретінде жою кезінде Азғыр ауданы, Жиделі ауылындағы Құталиев Жұбалы, Нұрмұхаметов Дүйсекеш, Жолин Баймұкат, т.б. кедейлер тұтқындалып, мал-мүлкі тәркіленген. Тіпті әйелдердің іш киімдері, ас қасықтарын түгел тартып алып, балаларының киімдерін сыпырып, тыр жалаңаш қалдырып кеткен. Осы сынды озбырлықтар кесірінен Қаратөбе ауданында Құлғазиев Мұхамедияр, Дибарова Күлсана, Сайдушев Сұлтан бастаған 19 мұғалім жұмыстан бас тартып, өзге округке кететінін мәлімдеген. Ұжымдастыруға қарсы шыққаны үшін тұтқындалған Азғыр, Жиделі ауылдарының 131 тұрғынына түрлі сот үкімі шығарылған. Ұжымдастыруға қарсы шыққан Заураль, Камен, Теплов аудандарының 320 тұрғыны (балаларымен бірге) Азғыр, Орда, Жаңақала аудандарына құм тоқтату, балық аулау жұмыстарына жіберілген. Бұл адамдарың кейінгі тағдыры белгісіз, зерттеуді қажет етеді.
Алаш партиясы, Алашорда үкіметі идеясы үшін мемлекеттік қудалауға және қуғын-сүргінге ұшыраған адамдарды анықтау бойынша жұмыс тобының жетекшісі, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Альфия Байболсынова Батыс Қазақстан облыстық Полиция департаментінің архив қорындағы Алашорда үкіметіне қатысты құпия құжаттармен, Мәжит Шомбалов, Ғаббас Досмұхамедов, Салық Омаров, Арон Қаратаев, Төлеген Иманғазиев, Айтқали Аблаевтың істерімен танысты. Алайда бұл істердің әлі құпия болуына байланысты ашып айтуға, не жазуға мүмкіндік жоқ.
Жұмыс тобының мүшесі, Жымпиты музейінің меңгерушісі Айнагүл Ойшыбаева 1929-1956 жылдары Сырым ауданы бойынша қуғын-сүргінге ұшыраған 224 адамның аты-жөнін анықтаған.
Сонымен қатар Батыс Қазақстан облысы аумағындағы жазалау лагерьлері орындарын анықтау жұмысы да жүруде. Соңғы мәліметтерге қарағанда, Батыс Қазақстан облысы бойынша Саяси тұтқындар лагерьлері ГУЛАГ жүйесінде қызмет жасаған. Орал округінде Каменлаг, Безымянлаг және Салават лагерьлерінде 2-5 мыңға дейін тұтқын ұсталған. Атап айтсақ, Каменлаг қазіргі Саратов облысымен (Ресей) шектес Тасқала ауданы аумағында болған. 1940 жылы құрылған Безымянлаг Батыс Қазақстан облысы мен Самара облысы (Ресей) шектескен аумағында орналасқан. Ал АЛЖИР жүйесінің Оралдағы бөлімшесі Салават лагері Орал қаласындағы орталық қалалық түрме жанында қызмет жасаған. Мұнда 1937 жылғы 15 тамыздағы арнайы бұйрық бойынша «Отанын сатқандардың» отбасы мүшелерін қамаған.
Бүгінде облыс аумағында НКВД-ның айыптау және жазалау үкімі орындалған бірнеше орын анықталды. Олар – Қазталов ауданындағы Шильная Балька ауылы, қазіргі Бәйтерек ауданының Дариян, Шапов, Янайкин поселкелері, Ақжайық ауданының Бударин, Жаңабұлақ ауылдары, Шыңғырлау ауданының Ащысай елді мекені, Бөрлі ауданының Бөрлі поселкесі, Теректі ауданының Федоровка поселкесі, Тасқала ауданың орталығы бұрынғы Каменка поселкесі. Бұл жерлерде қылмыстық іс жүргізу процестері өткізіліп, үкім сол жерде орындалған.
Жантас Сафуллин осындай үкім жүргізілді деген орындарға археологиялық қазба жұмыстарын жүргізуді ұсынып отыр. Егер боздақтар сүйегі табылып, нақты анықталса, ол жерлерді қорғауға алып, ескерткіш белгі орнату қажет.
Дәстүрлі дін өкілдері – саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау үшін зерттеу, ұсыныстар дайындау жөніндегі жұмыс тобы да соңғы бірнеше ай ішінде мыңнан аса дін өкілінің аты-жөнін анықтады. 1920 жылдан басталған қудалау кезінде «Кеңес үкіметіне жат элементтер» тізіміне кірген дін қызметкерлері сайлау пұрсатынан айырылып, жер аударылған. Біразы шетелге (негізінен Ресейге) бас сауғалаған. Ал 1930 жылдардың басында «босқындарды елге қайтару» бағдарламасымен елге оралған бұл тұлғалардың көбі 1937-1938 жылдары репрессияның екінші толқынына ұшырап, қатаң жазаға (көбіне ату жазасы) ұшыраған. Осы деректер жинақталған «Сенім үшін сергелдең» атты кітап жарық көрді.
1939-1945 жылдары фашистік Германия, Финляндия және басқада Еуропа елдерінде қамауға алынған әскери тұтқындарды ақтау бойынша ұсыныстар дайындау жөніндегі жұмыс тобының жетекшісі, өлкетанушы Ахмедияр Батырханов Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігінің Орталық архивінен «Память народа» мен «Обд-Мемориал» сайттары арқылы 1941-1945 жылдары Ұлы Отан соғысында істі болып, айыптылар ротасына жіберіліп, алдыңғы шепте қаза тапқан 29 батысқазақстандықты, соғыс жылдары әскери бөлімдерде жүріп, істі болып, ауыр жазаға кесілген (ату жазасы) 49 сарбазды анықтады. Соңғы тізімдегі 46 адам ақталмаған. Сондай-ақ соғыста тұтқынға түсіп, кейін босатылған 572 батысқазақстандық анықталды. Соғыс жылдары майданда істі болып, сотталған батысқазақстандық 110 адамның құжаты табылды. Бұл сарбаздардың тағдыры тым ауыр. Мысалы, Жымпиты ауданы бойынша соғыс жылдары тұтқынға түскен 68 адамның 57-сі тұтқында қайтыс болған. Теректі ауданынан тұтқынға түскен 35 адамның 32-сі концлагерьде қаза тапқан. Бұрынғы Тайпақ ауданынан тұтқынға түскен 64 адамның 49-ы тұтқында қайтыс болған. Ал неміс концлагерьлерінен аман қалып, елге келген жерлестерді тағы бір тозақ күтіп тұрды. 1946 жылы соғыста тұтқында болғаны үшін 613 оралдық Оңтүстік-Орал әскери трибуналының үкімімен 7-25 жылдар аралығына сотталған. Олардың арасында да әлі күнге ақталмағандар бар.
Ахмедияр Батырханов айыптылар ротасында қаза тапқан 29 адам, ату жазасына кесілген 49 адам, сотталған 110 адам және 253 соғыс тұтқынын – барлығы 441 адамды ақтауға ұсыну қажет деп санайды. Бұл топтың алғашқы нәтижелері де өткен желтоқсан айының соңында жеке кітап болып жарық көрді.
Қазақстанға күштеп көшірілгендерді анықтау, 1920-1940 жылдар аралығында мемлекеттің жазалаушы әрекеттерінен Қазақстаннан кетуге мәжбүр болған босқындарды ақтау бойынша жұмыс тобының жетекшісі, өлкетанушы Айболат Құрымбаев Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті Батыс Қазақстан облысы бойынша басқармасының арнайы мұрағатында отырып, ондағы «арнайы қоныс аудару және жер аударылғандардың жеке істер коллекциясын» сүзіп шыққан. Мұның ішінде арнайы қоныс аударушылардың
1 437 есепке алу құжаты, жер аударылғандардың 703 есепке алу құжаты, арнайы қоныс аударушылардың 199 жеке ісі, жер аударылғандардың 1 243 жеке ісі сақталған. Қазір басқарма қызметкерлерінің көмегімен жасалған сараптамалық кесте бойынша тізімде ақталмаған тұлғаларды ақтауға ұсыныс әзірленуде.
Ж.Сафуллин саяси қуғын-сүргінге ұшырағандардың көбі Батыс Қазақстан облысымен шектесетін Ресейдің облыстарына және Башқұртстан аумағына босып кетуге мәжбүр болғанын, ол босқындарға қатысты сақталған ауызша деректерді жинақтау үшін арнайы іссапар ұйымдастыру қажеттігін айтады. Бұл ұсынысты облыс басшысы да қолдап отыр. Сондай-ақ облыстық Полиция департаменті, Ұлттық қауіпсіздік комитеті мұрағаттарындағы құпия құжаттарымен жұмыс істеу тәртібін зерттеушілерге ыңғайлы ету үшін өзгерістер жасау керек. Зерттеуші құпия құжаттармен жұмыс істегенде жазған дәптерін тапсырып кетеді. Ондағы мәліметтерді қайта қолға алып, ақтауға ұсыныс беру үшін көп уақыт кетуде. «Осыған байланысты мамандарымыз әзірге бұл архивпен жұмыс істеуге құлықсыз. Жалпы, зерттеушілерге архивтің құпия құжаттарымен жұмыс істейтін мамандарға рұқсат беру тәртібіне өзгеріс қажет», деді Ж.Сафуллин.
Мемлекеттік комиссияның бір бағыты – «1939-1945 жылдары фашистік Германия, Финляндия және басқа Еуропа елдерінде қамауға алынған қазақстандық әскери тұтқындарды ақтау» деп аталады. Осы орайда тауқыметі фашизм концлагерьлерінен артық болмаса, кем түспеген большевиктік концлагерь тұтқындарын назардан тыс қалдырмау керек деп санайды Ж.Сафуллин.
Президенттің тапсырмасынан бастау алған комиссияның алдында тұрған міндеттер сан алуан. Облысқа қатысты іздестіру-зерттеу жұмыстарын еліміздің барлық өңірінде, шекаралас Ресей аумағында жүргізу, санаттар бойынша статистикалық мәліметтерді толықтыру және қайталап тексеру қажет. Ең бастысы, республикалық ауқымда да, жергілікті деңгейде де толық қолдау бар.