Хат – мұра. Хат – құрал. Әдебиет барда, адамзат барда эпистолярлық жанрдың жоғалуы мүмкін емес. Әдебиет саласындағы осынау бір жанрдың өмір сүретінін, өмір сүріп қана қоймай маңызды қызметтер арқалайтынынан көпшілік бейхабар.
Ендеше эпистолярлық жанр дегеніміз не? Терминді грек тілінен тәржімаласақ, "эпистолография" хат немесе хатқа тән жазба деген ұғымға саяды. Әдеби хаттар қазақ әдебиетіне, қазақ қоғамына, қазақ интеллигенциясына таңсық емес. Абайдың, Шоқанның, Әлиханның, берідегі Сәбиттің, Ілиястың, Мұхтар Әуезовтың қаламынан талай туған бұл жанрдағы дүниелер.
Хат – адамның жан дүниесінің сырласы. Махаббат пен хат ұғымдарының егіз секілді көрінетіні де осыдан. Махаббат көңіл сарайыңдағы ешкімге ашпайтын қазынаң болса, хат сол екеуді табыстыратын дәнекерші. Эпистолярлық жанрдағы махаббат тақырыбын қарастырғанда, ұлылардың осы бағыттағы құнды жазбаларын шолуды жөн көрдік.
Ішкі сарайыңды алай-дүлей етіп, бар ынтызарыңды бір адамға байлап қоюға құдіреті жететін сезім – махаббат. Ол нәсіл, ұлт, тіл таңдамауы мүмкін. Махаббат машақатына ұшырасаң, көз – соқыр, құлақ – керең, ой – жүйесіз.Қазақ әдебиетінің марғасқалары Әуезовке Валентинаны, Байтұрсыновқа Александраны жар еткізген де осы – махаббат.
Біраз жыл бұрын "Әуезовтің бір чемодан хаты" табылыпты деген хабар шыққан еді. Бұл туралы Құлбек Ергөбек "Егемен Қазақстан" газетіне мақала жазды. Жел тұрмаса шөптің басы қимылдасын ба, аталған эпистолярлық мұра бар екен. Мұхтар Әуезовтың хұсни-хаттарын тауып, оны ешкімге көрсетпей отырған Өзбекстанның бір университетіндегі тарихшы-профессор көрінеді. Әбдіжеміл Нұрпейісов қалтасына 10 мың доллар салып барып, әлгі тарихшыдан қанша қиылып сұраса да жазушының ғашығына жазған хаттарын ала алмай қайтқан екен сол жолы. Санды бір соғып, ерінді жымқыра тістегеннен өзге қылар қайраның жоқ. Әттеген-ай...
"Әуезов ғашық болған Ғайыпжамал кім?" мақаласында айтылғандай, Дәлел Шегелекұлы мен Мұқаң және Қаныш Сәтбаев бар, үшеуі Томбы университетінде жігін ажыратпай бірге жүрген екен. бұлар заң факультетінде. 1920 жылы осы университеттің медицина факультетіне Ғайыпжамал Құтымова түседі. Екі жас жігіт (М.Әуезов пен Д.Шегелекұлы) бірдей ұнатып, көңіл жарастырғысы келген. Дегенмен, Ғайыпжамал Дәлелді таңдап, екеуі 1923 жылы шаңырақ көтереді. Кейіннен Ташкентке келіп, араға тоғыз жыл салып, Дәлел сүзектен көз жұмады. Жас жазушымен (Дәлелмен) Мұқаң достық қарым-қатынасын үзбей аралас-құралас болған екен. Құлбек Ергөбек Мұқаңның Ғайыпжамалға деген махаббаты араға он шақты жыл салып, Дәлел қайтыс болғаннан кейін қайта тұтанған, сірә, деген пайым жасайды.
Махаббаты достықпен таңдау таразысына қатар түсіпті. Талай хат, талай сезімге толы дүние туды-ау Мұқаңның қаламынан. Табыла кетсе, шіркін-ай, қазақ әдебиетіндегі эпистолярлық жанрға үлкен үлес болар еді-ау.
Жалпы, Мұқаң төрт рет шаңырақ көтерген кісі. Біләл Сүлеев пен Ілияс Жансүгіровтың жары болған татар қызы Фатима Ғабитовамен репрессиядан кейін бас қосқан екен. "Үш арыстың музасы" деген атқа ие болған Фатима апамыз – ұлы жазушының соңғы әйелі. Мұрат Әуезов осы шаңырақта дүниеге келген. Қаламгер Фатима сүйіктісіне арнап, бірнеше хатар жолдаған екен. Өкінішке орай, ол мұра бүгінде дерегі белгісіз архив болып тұр. Одан бөлек Әуезовтың «Ғайниға хат» деген ғашықтық хаты қолымызға түсіп отыр. Ғайнидың кім екені, қандай сұлу екені беймәлім.
"Аяулы Ғайниым менің!"
"Көптен хат жазған жоқ едім, сіз соған ашуланып жүрген жоқ па екен деп қорқып та отырмын, ал, бұдан он бес күндей бұрын мен өзім ашуланып жүр едім. Сізден хабар күтіп, әркім өз атына келген хатты сұрап алатын жерге ондаған рет барған шығармын. Төзімім таусылған соң, жедел хат жолдадым.
Содан өзіңізден телеграмма да, хат та алған соң барып, қатты қуанып, бұрынғыша көңілім орнығып, жаным жайланып қалды. Мәскеуден оралғаннан бері мен біздің "Абай" атты пиессамызды әр жерде оқумен, оны талқылаумен және репертуарға ендіру ісімен айналысып, ылғи қолым босамады. Ол туралы орысша газеттерде әлі пікі айтылған жоқ. Өйткені орысша мәтінін оқыған жоқпыз(жуықта болып қалар), ал, қазақша мәтінін үлкен-үлкен аудармалар да әр жерде оқыдым. Қуанышыма сізді ортақтастыруыма болады.
Пиесса жоғары бағаланып қабылданды. Соңғы 15-20 жылда бұл пиессаға тең келер туындының қазақ әдебиеті әлі дүниеге әкелген жоқ деседі. Қазір оны Қазақстанның жирма жылдығына арнап қоюды жоспарлап отыр. Қазақ театрында да, орыс театрында да қатар қойылмақшы. Қазақ газеттерінде мақалалар да тұтас беттерде берді, үзінділер берді. Міне соңғы кезде мен айналысқан шаруалар осындай. Қол жеткен табысы күмәнділеу, дау-дамайы да жеткілікті спектакл ретінде қазір біздің операда ненің либреттон бойынша "Бекет" атты опера жүріп жатыр. Оны Тәшкенттен келген сіздің бір Үмберов деген танысыңыз көрді және ол өзі біздің үйде жатты да, мен одан сізге телефон шалуды, сүйтіп үйіңізге де кіріп-шығып менің сәлемімді жеткізуді өтінген едім.
Аяулы Ғайниым туралы ойлаудан, оны ылғи есіме алуден және сүюден айныған емеспін".
1940 жылы ақпанның жетінші жұлдызында жолданған хаттың иесінен бір жауаптың болған-болмағаны белгісіз. Әйтсе де, қырықтың үшеуіне келген аға Мұхтарды ынтық еткен сұлудың кескін-келбеті, ақыл-парасаты оңай болмаса керек. Өзінің шығармашылық еңбектерінің жаңалықтарымен молынан бөлісуі де біраз нәрсені аңғартатындай. Осы жалғыз хаттың ізіміен болжам жасаймыз. Дегенмен, Әуезов шығармаларында немесе ол туралы естеліктерде Ғайни сұлу туралы бірде-бір сөз қозғалмайды. Перінің сұлуы іспетті із-түзсіз. Кім көрінгенге елп ете кетер жылпосың Әуезов емес, әйтпесе. "Абай" операсының либереттосы жазылып, халық назарына ұсынылған уақыттармен болжасақ, Ғайниға Мұқаңның ғашық болған уақыттары 1944-1946 жылдар межесі. Есім-сойы Одаққа жетіп, жасы қырықты орталап қалған шағы ғой бұл. Бәлкім, шығармашылығына жаңа серпіліс үшін "Музасын" іздеген болар?!
Орыс әдебиетінің бетке ұстары, жазушылығына талайлар бас қойған, әлем таныған тұлға Лев Толстой да өзінің сүйіктісіне қаншама хат арнаған екен. Софья Бернске хат жазып, адалынан ақтарыла айтады бәрін. Орыстар қағазға, мұраға ұқыптырақ халық қой. Толстойдың Софьяға арнап жазған хаттары баршылық екен. ендеше толық хатын оқып көріңіз.
"Софья Андреевна, менің шыдамым шегіне жетті! Одан да бәрін айтайын: сол жанның мұңы, қайғысы, өкініші және бақыты боламын деп бекінгеніме үш апта болды. Әр түн сайын неге айтпадым немесе қалай айтар едім деп әбігерге түсемін. Бұл хатты сізге беру үшін қолыма қалам алып отырмын. Мұны беруге батылым жете ме, жетпей ме, білмеймін...
Отбасыңыздың сенімсіз көзқарасы бойынша, мен сіздің әпкеңіз Лизаға ғашық екенмін. Бұл дегенің барып тұрған әділетсіздік! Сіздің повестіңіз миыма кіріп алып, шығар емес. Мен оны оқыған сайын сіздің махаббатқа деген поэтикалық тамаша талабыңызға таңғала түсемін. Сіз кімді ұнатып, кімді жақсы көрсеңіз де қызғанбаймын, қызғанған да емеспін. Менің сізге қарап қуанғаным - жас сәбиге қарап шаттанғандай.
Шындықты сүйетін адам ретінде айтыңызшы, маған тұрмысқа шыққыңыз келе ме? Өз-өзіңізден дұрыстап сұраңызшы. Жан-тәніңізбен, шын көңілден "иә" деп айта аласыз ба? Егер көңіліңізде титтей де күдік болса, "жоқ" деңіз. Әрине, маған "жоқ" деген жауап есту қиынға соғады, алайда мен оны көтере алатындай күш-жігер табамын. Бірақ мен қалайша өз сүйгеніме күйеу бола алмаймын?! Бұл - өте қорқынышты..."
Сүйіктісін жан-тәнімен сүйе тұрып, күдіктенер болса "жоқ" деуін сұрайды. Ұлылық дегеніңіз осы болар, бәлкім?! Софья Андреевна да қаламгерліктен құралақан жан емес. "Чья вина?" деп аталатын повесті, "Песня без слов" еңбегін жазды. Лев Николаевич екеуінің некесінен 13 перзент сүйіп, оның бесеуін жастайынан жер қойнына берген. Өмір бойы жазушының күтімін жасап, оған шығармашылық еркіндік, ой жалғыздығын жасаған Софья Андреевнаның ұлы тұлғаның махаббатына лайық болғанын байқау қиын емес. "Моя жизнь" кітабында жазған:
"…Он ждал от меня, бедный, милый муж мой, того духовного единения, которое было почти невозможно при моей материальной жизни и заботах, от которых уйти было невозможно и некуда. Я не сумела бы разделить его духовную жизнь на словах, а провести её в жизнь, сломить её, волоча за собой целую большую семью, было немыслимо, да и непосильно", - деген сөздерінде де үлкен мән, отбасына деген жауапкершілік, махаббат беріктігі көрініп тұр.
1862 жылдары тұтанған махаббат 40 жылға жуық салтанат құрды жазушы жүрегінде. Және көзі тірісінде суымады. Жер бесігіне жүрегіндегі үлкен махаббатын арқалай кетті. Софья Андреевна өз жазбаларында өмірдегі ең ауыр нәрсенің бірі данышпанға ғашық болу, ұлы адамның жары болу екендігін айтады. Жазушының материалдық, қажет болғанда моральдық көмегіне жараған, оның барлық "еркелігіне", қаламгерлік қасиеттеріне шыдас берген Софьяның да махаббатының дәрежесі биік болғаны даусыз.
Поэзиядағы эпистолярлық жанр кереметтері де аз емес. Махаббат тақырыбын өлеңмен өрнектеген қазақтың ақиық ақыны, біртуар азаматы – Мұқағали Мақатаев. Хаты құсаға, мұң-шерге толы болса да, эпистолярлық жанр қағидаларына томпақ келмейді. Мақатаев хат-өлеңдеріндегі әмбеге белгілі кейіпкер – Шәміл. Досына махаббаттағы сәтсіздіктері мен ғашықтық дертін әрдайым өлең-хаттарымен баяндап отырған.
"Шәміл-ау!
Хал-жайымды білсең еді,
Білмеймін қайтерімді…
Кім сенеді?
Он жетімде өшіріп алған отым,
Қайтер ең, қайта қарып жүрсе мені?
Бір дертке ұшырадым бұл күнде мен.
Қоштастым сауығыммен, күлкімменен.
Жүрегім жерік болған жағдайы бар,
Бір пәле жатыр білем бүлкілдеген.
Ынтығып ыңқылменен, күңкілменен,
Жеткізіп айту қиын құр тілменен.
Бүгін маған жиырма керек боп тұр,
Алдында хор қызының іркілмеген.
Белгілі саған менің маубастығым,
Сабырсыз, аузы күйген албастымын.
Кесемді алдыменен үрлеп алам,
Ыссы шайды аузыма алмас бұрын.
Ойласам, талай-талай қыр басыппын,
Досым деп, "доңызбен" де мұңдасыппын.
…Шәміл-ау!
Қалың достан қалған сен ең,
Қайтемін?
Ғашықпын мен,
Шын ғашықпын!!!
Ғашықпын!
Ғашықпын деп білдірмедім,
(Белгілі: білдіргенім – бүлдіргенім).
Жарқ етіп жайдың оты шашылғанда,
Жалт беріп, қарауға да үлгірмедім…
* * *
Махаббат бүгін және қарамады,
Қарамады…
Жанымды жаралады.
Шәміл-ау!
Білесің бе?
Шын махаббат
Осылай қарамаудан жаралады.
Мейлі, ол қарамасын, түсінбесін,
Осылай асқақ болсын, кішірмесін.
Бастан ауып баратқан тал түсіме,
Тағдырым көлеңкесін түсірмесін.
Ескермесін, білмесін,
Кете берсін.
Бұл фәниден алаңсыз өте көрсін!
Дәрменсіз менің мылқау махаббатым,
Сірә да, өміріммен өтелерсің…"
Ақын жаны – нәзік болмыс. Мұқағалиды Әнуар Әлімжанов Жазушылар Одағын басқарып тұрғанда бәз-біреулер шұғыл жиын ашып, Одақтан адақтап тастағанын білеміз. Ақын туралы Ғаббас Қабышұлы керемет естелік жазып, біраз шындықтың бетін ашқан еді. Жә, негізгі сөз бұл емес. Лирик ақынның шығармашылығының басым бөлігі махаббат тақырыбына арналған. Ондағы кейіпкердің барлығын Лашын дей алмаймыз. Ел арасында Мұқағали мен Фаризада махаббат болған деседі. Ақын Айтақын Әбдіқалдың Ұлт.кз сайтында жарық көрген "Фариза айтқан бір сыр" мақаласында Фариза Оңғарсынова апамыздың өзі айтқан естеліктер берілген.
"Сен ана бауырларыңа түсіндір! Солардың кейбіреулері айтып жүргеніндей, мен — Мұқағалиға, я болмаса, ол — маған ғашық болған емес. Менің жазығым – Мұқаңның шын ақын екенін танып, басымды игенім. Сенің ағаңның жазығы — тағдыры қызық мен секілді жалғызбасты ақын қыздың поэзиясынан үміт күтіп, бағалағаны. Сен өзің қалай қарайсың бұған? — деп өзінің мінезіндегі сынай қарап тұрып, кекесіндеу күлетін келбетіне өткір жанары қосылып, жалт ете қалды…"
Ақын қыздың бұл сөздерінен ел арасындағы қауесеттің жалған екеніне көз жеткізуге болады. Сонда Мұқағалиды қинаған махаббат дертінің себпшісі кім? Филология ғылымдарының докторы, ақын Сәрсенбі Дәуітов:
"Мұқағалиды бақытсыз болды деуге болмайды, бәлкім, ол өз заманының көрінісін жырлаған шығар. Бір өлеңінде "Ауруханада 8-нөмірлі палатада жаттым. Сонда бір келіншекпен кездестік. Екеуміз қарапайым сөйлесіп жүрдік. Бір күні келіншекті иесі келіп алып кетті. Мен барлық жақсы нәрсемнен айырылып қалған сияқты болдым" дейді. Яғни, адамда әртүрлі көңіл күйдің, әртүрлі сезімдердің болып тұруы заңды. Абайдың: "Мен өз басымды ғана жырлаған жоқпын, көпті айттым, көпті жырладым. Сондықтан, оған шамданбаңдар", - дейтіні бар. Сол секілді Мұқағали ағамыздың да көпті жырлауы, көптің қайғысын сөз еткен болуы ықтимал", - дейді.
Сондай-ақ, ақынның "Қ-ға", "С-ға" деген өлеңдерін да аталмыш жанрға телуге болады. Махаббаты төгіліп тұратын, сезімге толы хат-өлеңдері эпистолярлық жанрдың мол мұрасы. Сұлтанмахмұт Торайғыровтың да "Қ.....ға сәлем" атты өлеңі осы типтес.
Әдебиет өкілі осал жазу жазбақ емес. Демек, олардың қай бағытта болсын жазған хаттарында ұрпаққа рухани азық боларлық дүние жатыр. Қазақ әдебиетіндегі эпистолярлық жанрды зерттеу енді ғана жандана бастады. Әйтпесе, Мұқаңның бір жинақ боларлық хаттарын Ташкентте шаңға көміліп жатуына жол бермеген болар едік. Технология дамыған заманда түрлі мессенджерлермен хат алысу дағдымыз болып кетсе-дағы, сауатты хат жазу, жазбаңда ішкі сырыңды түгел ақтару сынды әдеби қағидаттар қалтарыста қалып барады.
Қазақ әдебиетіндегі жігіттік серілігімен, асқан келбеттілігімен жалпыға етене танымал Сәкен Сейфуллиннің өзі қуғын-сүргін, ату-шабудың аса қарқынды жүріп тұрған шағында ғұмыр кешсе де, махаббаттан айналып өтпеген. Тіпті, Сәкеннің көз қиығына іліккен кербез сұлулар жайында Тұрсынбек Кәкішев "Сәкен сүйген арулар" атты көлемді зерттеу еңбегін жазды. Гүлшаһра (Гүлия) Досымбекова, Қабиба сұлу, Үміт (Үмила), Нина Мокина, Меруерт... Бұл Тұрсынбек ағаның кітабында Сейфуллин тағдырына қатысы бар арулардың ныспылары. Рахима, Гүлнар, Гүлбарам есімді өзінің отасқан әйелдерін қоссақ, тізіміміз ұлғая түспек. Гүлбарам сұлумен қыздың үй іші аманаттаған сәлемдемені тапсырғанда танысқан екен. Кейін оған өзінің қолжазбасын көшіріп беруді өтініп, Гүлбарамның сауаттылығын байқағаннан кейін таныстығын ұлғайтуды көздейді. Сөйтіп қызға:
"Шырағым, сен біздің Қызылордаға келіп оқысайшы. Онда да дәл осындай Совпартшкол бар", - деген мәтіндегі хат жолдап, Ақмешітке шақырады. Гүлбарам оған пәлендей жөнді жауап қата қоймайды. Сонымен ақын:
Елден келдің қалаға
Оқу іздеп, шырағым.
Жүрмегейсің ұмытып,
Ауылдың алыс-жырағын, – деп, жиырма сегіз шумақтан тұратын "Гүлбарамға. Совпарттағы қарындасыма" деген өлең жазып, оны "Еңбекші қазақ" газетіне басады. Ақыры не керек, Гүлбарам Қызылордаға барып, екеуі шаңырақ көтереді. Петропавлдан қалап алған қалыңдығы Сейфулиннің өмірінің соңына дейін серік болып, кейін оның жедел ақталуына да мұрындық болған. Сәкеннің "Еңбекші қазаққа" жариялаған өлеңі эпистолярлық жанрға жатпағанымен, ғашықтық хатының рөлін атқарып тұрғаны даусыз. Құлтөлеу Мұқаш ағамыздың "Жас Қазақ" назетінде жарық көрген "Сәкен сүйген сұлудың арманы не?" мақаласындағы тың деректер – бұл. Тың дерек деуіміздің себебі - айтылған жайттар дәл осы тақырыпты қаузаған әдеби зерттеуші Тұрсынбек Кәкішевпен сұхбат ретінде даярланған бұл материал.
Кейбір деректерде Сәкенге орыстың көк көзді, сары шашты сұлулары ғашық болып, жүрекжарды сезімдерін хат бетіне өрнектеп, жолдаған деген көмескі дәйектер жымына жолығамыз. Із кесіп, анық-қанығын зерттеуге ұмтылғанымызбен, аңғал тазыны арбаған қу түлкі іспеттеніп, жолықтырмай келеді.
"Қымызды кім ішпейді, қызды кім айттырмайды" демекші, құбылмалы заманда қарымды қарекет жасаған қайраткерлер, қаламгерлер өздеріне тұрмыстың күйбең тіршілігінде ғана сеп болатын әйел емес, рухани жолдас, үзеңгілес кеңесші боларлық сауатты, көзі ашық жар іздеген. Эпистолярлық жанрдың жалпы һәм ауқымды қолданысқа енуі замана ағысына тікелей қатысты. Хат алысу – байланысу функциясын ғана емес, таңдаған адамының сауатын, азаматтық көзқарасын, көңіл көкжиегінің ауқымын тексеру функциясын да қатар атқарған. Сондықтан, классикалық әдебиет дәуірінде жазылған ғашықтық хаттарын зерттеу – кімнің кіммен көңіл жарастырғанын қазбалау емес, озық ойлы оғландардың жар таңдаудағы немесе махаббат жолындағы қандай қасиеттерге баса мән бергенін білуде және оны бүгінгі жастарға, жалпы қоғамға насихаттау. Бүгінде жар таңдау барысында тек сырт келбет немесе қалта қарымын білумен шектеліп жатады. Осыдан келіп, жесір әйел, шаңырағы шайқалған отбасы, жетім бала, алимент төлемейтін әке деген проблемалар жауыннан кейінгі саңырауқұлақша қаптайды. Сонда эпистолярлық жанрдағы махаббат тақырыбының өне бойында дәл бүгінгі қоғамда асқынып тұрған дерттердің тура диагнозы бар екенін байқаймыз.