Қазақ хандары: Абылай хан туралы аңыздар

Хан Абылай
Тарих тағы даңқты хан Абылайдың шын аты - Әбілмансұр. Абылай-оның арғы атасы. Ол ел билеу ісінен гөрі жауынгерлік қимылға бейім адам екен. Сондықтан оны жұрт «батыр Абылай» деп атапты. Әкесі өлгенде хандық жолы үлкен баласы Абылайдікі еді. Бірақ пысық інісі ел жақсыларын өзіне қаратып алып, хандыққа ие болды (Бұл - атақты Әбілмәмбет ханның арғы атасы). Тиісті дәстүр бойынша әкесінің орнына ие бола алмағанына өкпелеп, Абылай батыр Үргеніштегі нағашысы Ғайып ханға көшіп кетеді.
Ханның жиені әрі батыр Абылай Үргеніште абыройлы тұрады. Кейінірек Ғайып хан өлгеннен кейін оның жұрағаттары хандыққа ие бола алмайды, бақпен бірге дәулет те кетеді, күнкөріс қиынға айналады. Осы кезде жас Әбілмансұр «Сарыарқа - жерім, қазақ - елім» деп қазақ даласына жаяулап жол тартады.
Сол бетінде қалың Үйсін еліне келеді. Аяушылық етіп, ішіне тартушы жан болмайды. Адамға әсіресе нашарға рақымды Төле би дейтін би бар деп естиді. Жағалап соған келеді.
-Уа, шырағым, кімсің, қолыңнан қандай жұмыс келеді?- деп сұрайды би.
-Қазақпын. Қандай жұмыс тапсырсаңыз да, істеймін,- дейді бала.
-Кімнің баласысың, атың кім?
Бұл сұраққа Әбілмансұр:
-Сіздің балаңызбын, әкем сіз болыңыз. Сіз қойған ат менің атым болсын, - деп жауап қайырады.
Киімі тозған әрі кір, шашы ұйпа-тұйпа балаға Төле би сыртқы бейнесіне лайық «Сабалақ» деп ат қойды. Шомылдырып, бүтін киім кигізді, жап-жақсы жігіт болды.
Түйе бағу міндетін жүктеді. Биге қызметі ұнаған Сабалақ кейіннен жылқышы қызметіне ауыстырылды. Сенімі арта түсті.
Күндерде бір күн қазақ пен қалмақ арасында үлкен ұрыс басталды. Ер азамат соғыс майданына аттанды. Сол жорыққа қосылғысы келіп, Сабалақ атасынан рұқсат сұрады. Бидің босатқысы келмеді.
- Қантөгіс майданға барғаннан малыңды бағып, тыныш жүре бергенің артық қой, балам,-деді. Бұл сөзге Сабалақ шұғыл жауап қайтарды:
-Желкілдеген тудан, жер майысқан қолдан қалғаннан ер жігіттің өлгені артық, ата! - деді. Қайткенде де жорыққа аттанғысы келетінін ашық білдірді.
Баласының жауға зығырданы қайнап, ел намысы үшін жанын қиюға әзір екендігін сезген би сөзге де келген жоқ.

-Жолың болсын, балам!-деп батасын беріп, аттандырып салды.
Майданда Ғалдан Цереннің қызынан туған жиені, өзінің бас уәзірі Шоңтажының баласы Шарыш батыр жекпе-жекке шығып отыр. Онымен айқасуға ешкім шыға алмай, қазақ ханы Әбілмәмбет және бүкіл қазақ қолы тұйыққа тірелгендей болып отыр екен. Сабалақ хан алдына келіп, тізесін бүгіп, қолын қусырды да, Шарышқа жекпе-жекке шығуына рұқсат сұрады. Өзіне қараған қалың қолдан ержүрек бір адам шықпай, қиналып отырған хан оның кім екенін де сұрамады, рұқсат етіп, ізгі тілегін айтты.
Сабалақ барған бетінде Шарышты көтеріп алып: «Абылай, Абылай! Жар бол, Абылай!-деп, дүрс еткізіп жерге соғып, басын кесті де, «жау қаштылап» айғайға басты. Қалмақ тобы дүркірей қашты, қазақтар қуып, жауына ойран салды. Көп олжамен қайтқан қазақ тобы еліне қарай беттеп, бір жайлы жерге қонды. Көлік белі босатылып, шатырлар тігілді. Хан майданда жолы болған жігітті шақырып алып, Әбілмәмбет хан оның кім екенін сұрап білді. Содан кейін билерін, батырларын жинап, оларға оқиғаны бастан-аяқ айтты.
- Бұл жігіт менің шөбере інім екен, - деп бастады ол сөзін, - Мұның арғы атасы Абылай батыр менің арғы атамның бірге туған ағасы еді. Менің атам мұның атасына қиянат етті. Соған ренжіп, ол басқа елге көшіп кетті. Сол атам Абылай батырдан бір жұрағат бар деп естуші едім. Мына жігіт сол інім екен. Хандық жолы осынікі, мен бердім ініме. Қазірден бастап қазақ елінің ханы талай жорықта жолы болған атамыздың есімімен ұран көтеріп, үлкен жеңіске жеткізген осы жігіт Абылай болсын!
Айта қалғандай бұл ізгі бастаманы жиналған қауым біруыздан мақұлдады. Тек: «ол әлі жас қой, алдында ағасы тұр, әзірге ханның жәрдемшісі-сұлтан болсын» десті.
Әбілмәмбеттің ұсынысы бойынша, Сабалақтың атасы Төле биге тарту-таралғымен өкілдер жіберіп, одан ризалық алуды ұйғарды. Барған адамдар биден ризалық алып, өзін ертіп ала келді де, баласын сұлтан көтерген қуанышты думанға қатыстырды.
 
 Абылайдың алғаш көзге түсуі
(І нұсқа)
Жиырмаға жетпеген жас Абылай хан қасында Оразаулық деген сарт жолдасы бар, Есіл бойында Атығай, Қарауыл деген елге келіп, Дәулеткелді байдың жылқысын бағып, жылқышы болып жүріпті:
- Атың кім? - деп сұрағанға:
- Атым Сабалақ! - депті.
Бай бәйбішесіне айтыпты:
-Өзге жалшыдай көрме, мұны, күте гөр! Бойында қасиеті бар екен. «Қалайша» десең, алты күн, алты түн аш жүрсе де, өз қолымен бір ас құйып ішпейді. Және жарты аяқ ас ішсе де, сарқытын біреуге бермей, ішпейді. Және жерге бір отырмайды.
Дәнеме таба алмаса, киімін шешіп, астына салып отырады. Және түзге отырғанда, ұрғашыдан да ибалы, бір қырдың
астына барып отырады, не болмаса, киімін басына бүркеніп отырады. Және өзі ұйықтап жатқанда, үсті жап-жарық болып тұрады, жанып тұрған шам шырағы болса керек, - дейді екен.
Сол уақытта қазақтың жылқысын түп көтере қара қалмақ Қатысыбан деген жау алыпты. Қазақ «қылқұйрық» деп көтеріле аттаныпты. Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, қаз дауысты Қазыбек, Шақшақұлы Жәнібек, Көкжаралы көкжал Барақ, Шанышқылы Бердіқожа, Сырым Малайсары, керей, уақтан шыққан Сары, Баян бәрі аттанып, қалмаққа барса, қалмақ шеп құрып, айналасын қорған қылып, шептің аузына жайнатып жасау төгіп, қыз-келіншек қойып, қазақтың батырлары жасауға қызығып шапса, ар жағында бұғып жатқан мергендері атып тастап, қалмақ қазаққа алдырмапты. Неше күн жатып, «сасық қамал » болып, қалмақтан жылқысын айыра алмай, «салы суға кетіп» қайтпақшы болыпты.
Сонда жылқының соңынан қалмай қуған жылқышылардың бірі Сабалақ қазақтың қайтарына көзі жеткен соң, көптен оңаша шығып, атынан түсіп, шүберек белбеуін құрығының басына байлап, ту қылып, қалмақтың қамалына «Абылай!» деп жалғыз барып кетті дейді.
Құданың құдіретінің шеберлігінің тамашасы, өзіне атса оқ өтпейді, шапса қылыш өтпейді. «Кірген жерін есік, шыққан жерін тесік» қылып, жападан-жалғыз өзі қалмақтың қамалын бұзып, жылқының жусау тезегіндей топырлатып тастаған соң, қазақтың батырлары тұс-тұсынан кіріп, қалмақты жебір-жесір қылып, шауып, талап, шаш-етектен олжаға қарық (ғарық) болысып қайтысыпты.
Жауды жеңіп, көңілдері тынған соң арғын, найманның батырлары:
-Кеше бізден айтылмаған аруақ, шақырылмаған ұран қалған жоқ, бәрі дәнемеге жарамады. Бұл өзі жалғыз болса да тегі, заты кім екені белгісіз болса да, бәрімізден бақ-талайы жоғары, аруағы күшті екен. Бұрынғының сөзі бар еді «қой асығы деме, қолайыңа жақса сақа қой» деп еді. Кел, осыны хан көтерелік!-деп әу десіп, Атығай Есенаман байдың еркесіне алып келіп, ақ отау көтеріп, алты қатын алып беріп, ақ кигізге салып, хан көтерген екен.
Тобылбай бидің баласы Арыстан ақын қолға түскенде,
Кенесары ханға айтқан:
-Кене хан, жақсы көрсең, қарашыңмын,

Жек көргенмен өзіңнің Алашыңмын.
Атаңа алты қатын алып берген
Атығай, Қарауылдың баласымын!-
деп, сонда өзін өлтірткелі отырған Кене хан көзінің жасын төгіп-төгіп жіберіп:
- Батыр, қалағаныңды ал! - деп астына ат, жетегіне түйе, мойнына берен мылтық, қасына отыз жігіт жолдас беріп, еліне алып барғызып салған екен.
Абылай ханның қазаққа алғаш хан болған жері осы. Өзі өлгенше, өмірі қартайғанша тұрағы Көкшетауда болған. Ол сөз де Арыстан ақынның өлеңінде бар:
Қылады Макаржиде байлар сауда,
Топ бұзар батыр жігіт қалың жауда.
Сұрасаң Абылайдың тұрған жерін,
Хан болды қырық сегіз жыл Көкшетауда.
Бұл Сарыарқаны бұрынғы уақытта ноғайлы билеп-төстеп, қоныс қылған екен. «Он сан ноғай болғанда, Ормамбет би
өлгенде, сол Ормамбеттің елі бір алаша тайдан бүлініпті!» деген сөз бар. Сонан соң қалмақ билеп-төстеп, мекен қылған
екен. Қарақалмақ Қатысыбан қоңтажының тұсында «он сан оймауыт, тоғыз сан торғауыт, Аюкенің ауыр қолы» атанған тұста, құба қалмақтың ханы Қалдан Шерін тұсында қалмақтын құтын қашырып, Сарыарқадан аудырған, басына қара қан жаудырған Абылай хан екен. Абылай заманында сүрген дәуренді Қазақбайдың баласы Абылайдан бұрын Адам атаға шейін көрген емес, Абылайдан соң бұл заманғаша көрген емес.
Ғаламда он сегіз мың жан болыпты,
Бұл сөзім білгендерге таң болыпты.
Жігіттер, құлақ қойып тыңдасаңыз,
Қазақта Абылайдай хан болыпты!-
деп өлеңге шыққан Абылай-осы.
Қазақ жұртында мақал болып қалды: «Аң алмайтын жаман құс - ат еңбегі, Абылайдан басқа төре - ет еңбегі» деп.

 Абылайдың алғаш көзге түсуі
(ІІ нұсқа)
Он екі жасар бала күнінде қасында Оразаулық деген сарт бар, екеуі Түркістан шаһарына келіп, Әбілмәмбет (Әбуәлмәмбет) патшаға қызметкершілік қылды. Ол жерде орнығып тұра алмай, Ұлы жүз үйсін Төле бидің түйесін бағып жүрді. Онда да байырлап тұра алмады. Сарыарқаға шығып, атығай, қарауыл деген елдің ішіне келіп, Дәулеткелді байдың жылқысын бақты. «Атың кім?» деп сұрағанға: «атым - Сабалақ» депті. Бай бәйбішесіне айтыпты:
- Өзге жалшыдай көрме мұны, күте гөр! Осы Сабалақ анық сарт емес. Ана Оразаулық сарт болса болар: көзі алақандай, табаны түйенің табанындай жап-жалпақ болып, беті қызыл бала болса, көзі соны ішіп-жеп, аузынан суы ағып, ессіз, түссіз болып отыра береді. Мынау Сабалақтың ешнәрсемен ісі жоқ, ойлағаны ғақыл-ой, езу тартып күлмейді, қабағын шытып кейімейді. Алты күн, алты түн аш жүрсе де, өз қолымен құйып ас ішпейді. Және жарты аяқ ас ішсе де, сарқытын кісіге бермесе, көңілі көншімейді.
Жерге бір отырмайды, дәнеме таба алмаса, сайын дала-да болса да, киімін астына шешіп салып отырады. Және ұйықтап жатқанда, үсті жап-жарық болып тұрады. Сыйлап ұстай гөр! Қасиеті болып, бір нәрсесіне ұшырап қалып жүрмейік, - дейді.
Сол уақытта қазақтың жылқысын түп көтере қарақалмақ Қатысыбан деген жау алды. Қазақ «қылқұйрық» деп аттанды. Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, қаз дауысты Қазыбек, Шақшақұғлы Жәнібек, Көкжарлы көкжал Барақ, Шанышқылы Бердіқожа, Сырым Малайсары, керей, уақтан шыққан Сары, Баян бәрі аттанып, қалмаққа барса, қалмақ шеп құрып, айналасын қорған қылып, шептің аузына жайнатып жасау төгіп, қыз-келіншек қойып, қазақтың батырлары жасауға қызығып шапса, ар жағында бұғып жатқан мергендері атып тастап, қалмақ қазаққа алдырмайды. Неше күн жатып, «сасық қамал» болып, қалмақтан жылқысын айыра алмай, салы суға кетіп, қайтпақшы болыпты.
Сонда жылқының соңынан қалмай қуған жылқышы Сабалақ қазақтардың қайтарына кезі жеткен соң, көптен оңаша шығып, атынан түсіп, шүберек белбеуін құрығының басына байлап, ту қылып, қалмақтың қамалына:
- Абылай! Абылай! - деп, жалғыз барып кіріп кетті, - дейді.
Құданың құдіретінің шеберлігінің тамашасы-өзіне атса оқ өтпейді, шапса қылыш өтпейді. «Кірген жерін есік, шыққан жерін тесік» қылып, жападан-жалғыз өзі қалмақтың қамалын бұзып, жылқының жусау тезегіндей топырлатып тастаған соң, қазақтың батырлары тұс-тұсынан кіріп, қалмақты жебір-жесір қылып шауып, талап, шаш-етектен олжаға қарық болысып қайтысыпты.
Жауды жеңіп, көңілдері тынған соң арғын, найманның батырлары:
- Кеше бізден айтылмаған әруақ, шақырылмаған ұран қалған жоқ. Бәрі дәнемеге жарамай, бұл өзі жалғыз болса да, тегі, заты кім екен? Белгісіз болса да, бәрімізден бақ-талайы жоғары, әруағы күшті екен. Бұрынғының сөзі бар еді: «қой асығы деме, қолайыңа жақса сақа ғой» деп еді. Кел, осыны хан көтерейік,-деп әу десіп, атығай, қарауылдың ортасына алып келіп, ақ отау көтеріп, алты қатын алып беріп, ақ кигізге салып, хан көтерген екен.
Тобылбай бидің баласы Арыстан ақын қолга түскенде, Кенесары ханға айтқан:
-Кене хан, жақсы көрсең, қарашыңмын,
Жек көрсең де, өзіңнің Алашыңмын.
Атаңа алты қатын алып берген
Атығай, Қарауылдың баласымын!-  деп сонда өзін өлтірткелі отырған Кене хан көзінің жасын төгіп-төгіп жіберіп:
- Батыр, қалағаныңды ал,  - деп астына ат, жетегіне түйе, мойнына-берен мылтық, қасына отыз жігіт жолдас беріп, еліне алып барғызып салған екен.
Абылай ханның қазаққа алғаш хан болған жері осы.
Сол күнде жиырма жаста екен. Өзі өлгенше, өмірі қарығанша тұрағы Көкшетауда болған. Ол сөз һәм Арыстан ақынның өлеңінде бар:
Қылады Мекержіде байлар сауда,
Топ бұзар батыр жігіт қалың жауда.
Сұрасаң Абылайда тұрған жерін,
Хан болды қырық сегіз жыл Көкшетауда.
Бұл Сарыарқаны бұрынғы уақытта ноғайлы билеп-төстеп, қоныс қылған екен. Сонда ноғайлының байлығы қалыптан асып кеткендігі сондай, «қымыз өзені деген өзен болсын» деп, Қылшақты деген өзенді қымыз құйып ағызу үшін қазған екен. «Қымыз көлі» деген көл қыламыз» деп Саумалкөлді тақырлап, қымыз құйған екен. О да тасып төгіліп, күндердің күні болғанда, сол қонысын иеленіп қалған кейінгі жұрттан тіленшілік қылып, қайыршы болды. Онан соң қалмақ билеп-төстеп, мекен қылған екен. Әр жердегі үйілген оба-қалмақтардың өлгеніне шығарған жаназасы.
Қалмақ тасқа табынады. Сол табынып жүрген тасымен өліктерін бастырып кетеді. Көп үйілген обалар хандарының, жайсаңдарының жаназа тасы, аз үйілген жай кісілерінікі. Бұлардың Сарыарқаны иеленіп жүрген заманы қарақалмақ Қатысыбан қоңтажының тұсында.
«Он сан оймауыт, тоғыз сан торғауыт», «Аюкенің ауыр қолы» атанған тұс та-құба қалмақтың ханы Қалдан Шерін тұсында.
Қалмақтың құтын қашырып, Сарыарқадан аудырған, басына қара қан жаудырған Абылай хан екен. Абылай заманында сүрген дәуренді Қазақбайдың баласы Абылайдан бұрын Адам атаға шейін көрген емес.
Ғаламда он сегіз мың жан болыпты,
Бұл сөзім білгендерге таң болыпты.
Жігіттер, құлақ қойып тыңдасаңыз,
Қазақта Абылайдай хан болыпты! - деп өлеңге шыққан Абылай осы.
Абылайдың жас күніндегі өмірі
(ІІІ нұсқа)
Абылай әкесінен кішкене күнінде жетім қалған екен. Абылай ұлы жүздің бір Төле би деген бидің қолында құл болыпты.
Сонда Төле би: «Мұның аты Сабалақ болсын» депті. Ол кезде Абылай басына үлкен сеңсең тымақ киіп, түйе жаяды екен.
Бір күні Төле би ауылдан келе жатса, Абылай төрт тағандап ұйықтап жатыр екен. Сонда Төле би жолдастарына айтыпты:
-Мынау Сабалақ қалай ұйықтап жатыр? Мұны білдіңдер ме?-депті.
Жолдастары айтыпты:
-Біз қайдан білейік,-депті.
-Бұл төрт ру елді билейді екен,-деді.
Сонан Төле кешке келгеннен кейін Абылайды түйеден шығарып, жылқы бақтырыпты.
Бір күні Төле би мал сойып Сабалақты сынауға:
-Малдың басын пісіріп даладағы Сабалаққа беріңдер, қайтер екен?-деп үш-төрт адам жібереді. Барса, Сабалақ
алдарынан шығып сәлем береді.
-Біз саған Төле берген басты жесін деп әкелдік, - деп басты береді. Абылай аттан түсіп шапанын жайып, аналарға:
- «Өле жегенше, бөле же» деген, жасың үлкен ағасың келіңдер, - дейді. Аналар аттарынан түседі. Сабалақ жолын қуып, пышағын алып бір құлағын біреуіне, бір құлағын біреуіне, екі көзін ойып екеуіне беріп, тілін өзі жейді. Басты жеп болғаннан соң аналар Төле биге айтып келеді. Сабалақтың жасы он сегізге келген екен.
Сол уақытта қазақ-қалмақ атысуға жиналыпты.
- Мен де осы соғысқа ерсем екен, - деп Төле биден Сабалақ рұқсат сұрапты.
Төле би:
- Балам, қой, бір жерде өліп қаласың,-деп рұқсат бермепті. «Ата, барам» деп болмапты.
-Жарайды, балам, барсаң бар,-деп батасын беріпті.
Абылайды бір бәйге атқа мінгізіп, қазақтың көп қолына қосып қоя беріпті. Қазақ-қалмақ екеуі беттесіп соғысқа келіпті. Қазақтың басшысы Қанжығалы қарт Бөгембай батыр, жасы сексенге келген екен. Қалмақтан жекпе-жекке бір қасқа атты батыр шығыпты. Қазақтан оған қарсы ешкім шықпапты.
Сонан кейін Бөгембай:
-Мынаған ешкімің бармадыңдар ма?-деп, өзі шапанын белсеніп майданға шығуға айналды. Бұл кезде Сабалақ тура
шауып Бөкеңе жетіп келіпті:
-Мен барайын, ата, - деп. Бөкең бетіне қарап тұрып:
-Бар, балам,-деп астындағы аты мен қолындағы қияқ найзасын беріпті. Сабалақ «Абылай, Абылай!» деп ұран шақырып жауға қарсы шауыпты. Екеуі де найзаны тіке салысыпты. Найзамен екеуі бірін-бірі ала алмай, ат үстінен жағаласып қанжарласты.
Сол жерде Абылай қалмақтың батырын жағасынан ұстап аттың үстінен жұлып әкетіп, бастан қанжармен бір шауып басын кесіп алып, жауға «Абылайлап» ұран салып кіріп кетіпті.
Қалмақтар мұны көрген соң қаша жөнеліпті. Қашқан қалмақтарды «жауқашты» деп, «қырылы сырақ» деп қиратып
салыпты. Қазақты бастап келген Әбілмәмбет хан екен. Абылайдың атасымен бірге туысқан екен. Соғыс біткен соң:
-Жаңағы қалмақтың батырын жыққан бала қайда? Маған тауып бер!-депті.
Сонсоң біреу ертіп келіп:
-Міні, қалмақтың батырын шапқан бала міні, - депті.
Әбілмәмбет хан аттан қарғып түсіп, мойнына кісесін салып жылап қоя беріпті.
-Біздің Абылайдан жетім қалған бала бар деп еді.
Атаңды айтып ұрандағанда сай-сүйегім сырқырады ғой, сен солмысың?
-Мен қайдан білейін, болсам болармын,-деді Сабалақ.
Әбілмәмбет хан Абылайды үйіне ертіп әкетіпті. Барып орнағаннан кейін хандығын Абылайға беріп еді. Абылайдың өз аты Әбілмансұр еді. Жау «Абылайлап» ұран салғаннан Абылай атанып кеткен екен дейді.
Абайдың аузынан естіп жадыма сақтағам.


 Абылай туралы
(ІV нұсқа)
Абылайдың аты Әбілмансұр еді. Әкесі қызылбастың ханы еді. Әбілмансұр бес жасқа келгенде әкесі өледі. Хан өлген соң орда иесіз қалады. Әбілмансұр мұрасынан айырылып, сырт елге қаңғырып кетеді.
Үш жүздің ішіне келіп Үйсін Төле бидің түйесін бағады.
Сұраған жанға: «Атым Сабалақ» дейді. Одан да шығып Қызылжар бойындағы атығай-қарауылға келіп Дәулеткелді деген бидің жылқысын баққан екен. Дәулеткелді бидің бәйбішесі айтады:
- Мынау Сабалақты жалшыдай көрмеңіз, бойында бір қасиеті бар екен. Алты күн аш жүрсе де, өз қолымен ас құйып ішпейді және сарқытын кісіге береді. Ыдыс сарқып ішпейді, киімін астына салып отырады. Не болмаса киімін бүркеніп барады. Ұйықтағанда түсі жап-жарық болып тұрады, шам-шырағы бар сияқты.
Бәйбішенің сөзінен кейін Сабалақтың басына жеке қос тігіп береді, күтеді.
Күндердің бір күнінде қазақтың жылқысын қалмақтың Қараспан деген батыры қол бастап кеп тік көтеріп әкетеді.
Бұдан кейін қазақ «қылқұйрық» деп аттанады. Қолдың ішіндегі көрнекті батырлары мыналар болады: Қаракерей Қабанбай батыр, Қанжығалы Бөгенбай батыр, қаз дауысты Қазыбек, Шақшақұлы Жәнібек, Балтакерей Тұрсынбай, Сырым Малайсары, Көкжарлы Барақ батыр, Сыбызғышы Бердіқожа батыр.
Қалмақтар терең қып ор қазып, орға мергендерін отырғызыпты да олардың қасына жайнатып жасау жинап, оның қасына қыз-келіншектерді отырғызып ән салып, өлең айтқызып қойыпты. Сырды білмеген қазақ батырлары қыз-келіншектерді көріп келіп, ойнаймыз деп қасына топтанып келе берсе, ордағы мергендер атып жыға беріпті. Қазақтың көп батыры сүйтіп шығынға ұшырапты. Жекпе-жекке келгенде қалмақтың батырлары жан шыдатпай қирата береді.
Сол кезде қазақ тұйыққа қамалып сасқалақтайды. Сол кезде топтың ішінен Сабалақ (Әбілмансұр) қазақтың ханының алдына келіп:
- «Жарақтыда жан жасықпайды» деген найзалы топтан, желкілдеген тудан да азамат қала ма екен?» деп мен де келіп едім, мені жекпе-жекке жіберіңіз, - деп ханнан рұқсат алып, белбеуін құрығының ұшына ту ғып тағып, шаба жөнеледі.
Жекпе-жекке келген қалмақтың батырларының басын алып, ар жағындағы тобына кіріп кетеді. Кірген жерін тесік қып, шыққан жерін есік қып өтіп, тұйғынша түйіліп үш кіріп, үш шыққанда, қалмақ торғайдай тозып, іріген ірімшіктей бытырап қаша жөнеледі. Сол кезде қарап тұрған қазақтар қалмаққа лап қоя шабады. Бұл сапарда қалмақ жеңіледі. Қазақтар қайтып келді.
-«Қой асығын қолыңа жақса, сақа қой, жасы кіші деме, ақылы асса, аға қой» деген еді. Мынау Сабалақтың заты белгісіз болса да, бақыты артық болды. Түбінде елді жаудан қорғауға жарайды екен, ханым, - дейді. Бөгенбайдың сөзінен кейін халық бір ауыздан хан сайлап, қатын әпереді.
Абылайдың хан сайлаған жері Атығай Есенаман деген байдың ауылы еді. Осы Көкшетаудың төсінде еді.
45. Абылайдың қамал бұзған жері
(V нұсқа)
Абылай хан 12 жасында қасында Оразалық деген сарт бар екен. Түркістан шаһарына келіп Әбілмәмбет патшаға келіп қызмет қылады. Онда орнығып тұра алмай, Ұлы жүз үйсін Төле бидің түйесін бағады. Онда да байырлап тұра алмай, Сарыарқаға шығып атығай-қарауылдың ішіне келіп, Дәулеткелді байдың түйесін бағыпты.
-Атың кім?-деп сұрағанда,
-Атым-Сабалақ,-дейді екен.
Бәйбішесіне айтыпты:
-Өзге малшыдай көрмей, мұны күте гөр! Осы Сабалақ анық сарт емес, анау Оразалық сарт болса, болар, көзі алақандай, табаны түйенің табанындай жап-жалпақ, көзіне не көрінсе соны ішіп-жеп, аузынан суы ағып, ессіз-түссіз болып отыра береді. Мынау Сабалақтың еш нәрсемен ісі жоқ, ойлағаны ақыл-ой, езу тартып күлмейді. Қабағын шытып келмейді. Алты күн, алты түн аш жүрсе де, өз қолымен қойып ас ішпейді. Жарты аяқ ас ішсе, сарқытын кісіге бермей көңілі көншімейді. Жерге бір отырмайды. Дәнеме табылмаса, ен далада киімін шешіп астына салып отырады. Ұйықтап жатқанда үсті жап-жарық болып тұрады. Сыйлап ұстай гөр, қасиеті болып, бір нәрсеге ұшырап қалып жүрмейік,-дейді екен.
Сол уақытта қазақтың жылқысын түп көтере қара қалмақ ханы Сыбан деген жау алыпты. Қазақ елінің батырлары түгел аттанды. Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгембай, қаз дауысты Қазыбек, Шақшақұлы Жәнібек, Көкжарлы көкжал Барақ, Шанышқылы Бердіқожа, Сырым Малайсары, керей уақтан Сары, Баян бәрі аттанып қалмаққа барса, қалмақ шеп құрып, айналасын қорған қылып, шептің айналасына жайнатып жасау төгіп, қыз-келіншек қойып, қазақтың батырлары жасауға қызығып шапса, ар жағындағы бұғып жатқан мергендер атып тастай беріпті. Қалмақ қазаққа алдырмапты. Неше күн қамалып жатса да, қалмақтан жылқысын айыра алмай, салы суға кетіп, қайтпақшы болыпты.
Сонда жылқының соңынан қалмақты бірге қуысқан Сабалақ та бар екен. Қазақтың қайтуына көзі жеткен соң, көптен оңаша шығып атынан түсіп, шүберек белбеуін құрығының басына байлап ту қылып, қалмақтың қамалына «Абылай, Абылай!» деп айғайлап жалғыз барып кіріп кетіпті дейді. Кірген жерін есік, шыққан жерін тесік қылып жападан-жалғыз қалмақтың қамалын бұзып тастаған соң, қазақтың батырлары тұс-тұстан кіріп кетті. Қалмақты жесір-жебір қылып шауып, шаншып, талап, шаш етегінен олжаға қарқ болып қайтысыпты. 

Жауды жеңіп көңілдері тынған соң, арғын, найманның батырлары:
-Кеше бізден айтылмаған әруақ, шақырылмаған ұран қалған жоқ. Бәрі де дәнемеге жармады. Өзі жалғыз болса да, бәрімізден бақ-талайы жоғары, әруағы күшті екен. Бұрынғының сөзі бар еді «қозы асығы деме, қолайыңа жақса, сақа қой» деген, осыны хан көтерейік, - деп атығай-қарауылдың ортасына алып келіп, ақ отау көтеріп, алты қатын алып беріп, ақ кигізге салып хан көтерген екен.

inform.kz

 

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста