Қазақ халқының қалыптасуының аяқталуы

Халықтың қалыптасуы өте күрделі және ұзақ үрдіс болып табылады. Халық болып қалыптасу үшін төмендегідей жағдайлар қажет: Белгілі деңгейдегі мәдениеттің дамуы; Шекаралары белгіленген территория; Белгілі деңгейде қоғамдық–этникалық сананың қалыптасуы; Біртұтас қалыптасқан ортақ тіл; Этникалық өкілдердің көпшілігіне тән белгілі сипаттағы сыртқы пішін; Этностың негізгі этносаяси немесе тарихи-географиялық белгілерін көрсететін мемлекеттің атауы. Қазақ халқының қалыптасу үрдісін оқып-үйренген кезде Қазақстан жерін мекендеген ертедегі тайпалардың өмір тарихына көңіл аудару керек. Дәстүрлі түрде Қазақстан жерін мекендеген тайпаларды зерттеу қола дәуірінен басталады. Біздің заманымызға дейінгі 2-1 мыңжылдықтарда Қазақстан және оған шекаралас жерлерді мекендеген тайпаларды олардың мәдениетіне қарай андроновтықтар дейді. Андроновтықтар туралы толық мәлімет жоқ. Алайда ғалымдар қазақ этносы өзінің рассалық-генетикалық бастауын осы қола дәуірінен алады деп есептейді. Оны қазақтың ұлттық мәдениетімен андроновтықтардың мәдениетінің ұқсастығы дәлелдейді. Мысалы, андроновтықтардың қыштан істелінген заттарындағы өрнектер қазіргі қазақ кілемдеріндегі өрнек нақыштарымен сәйкес келеді. Отқа, ата-баба рухына табыну, көптеп қой, жылқы малдарын өсіру және оны тамақ ретінде пайдалану андроновтықтар мен қазақтардың өмір салтының ұқсастығының белгісі болып табылады. Қазақстан жерін мекендеген үйсін, сақ, ғұн, қаңлы және сармат тайпалары қазақтардың арғы тегі болып табылады. Кейбір ғалымдардың пікірі бойынша үйсін тайпалары мен кейінгі қазақ этносының арасында тікелей этногенетикалық байланыс бар. Оларда көшпелі өмір салты мал шаруашылығымен байланысты, киіз үйді кең пайдаланған, ет-сүт өнімдерін тамаққа қолданған, бидайдан нан пісірген және т.б. айқындаушы ұқсастықтар көп. Сонымен қатар қоғамдық-әлеуметтік құрылымда да ұқсастық бар. Үйсін мемлекеті үш бөлікке бөлінген: сол қанат, оң қанат және орталық қанат. Осы бөліністер олардың қазақ жүздерімен сәйкестігін көрсетеді. Бұл этногенетикалық ұқсастықты дәлелдейді. Ғалымдар қазақ халқының қалыптасуын түрік этногенезінің басталуына жатқызады. Түркі кезеңіндегі шаруашылық-мәдени өмір кейін түркі халықтарының көбіне тән болды. Қазақстан жерін мекендеген түркі тайпалары моңғол шапқыншылығы қарсаңында біртұтас халық болып қалыптасуға даяр еді. Оған қимақ-қыпшақ конфедерациясы мысал болады. Олардың Алтайдан Еділге дейін алып жатқан территориясын парсы ақыны, саяхатшы Насир Хосроу «Қыпшақ даласы» деп атаған. Алайда моңғол шапқыншылығы бұл жердегі тайпаларды басқару жүйесіне және де шаруашылық жағдайына, әдет-дәстүрге өзгеріс әкелді. Моңғолдардың жаулап алу саясаты этникалық құрамға біршама өзгеріс жасады. Қазақстан территориясы әр түрлі этникалық топтардың қоныстану аренасына айналды.Ұлы қоныс аудару кезеңінде, кейін түркі және монғол шапқыншылығы дәуіріндегі этникалық араласу қазақтардың сыртқы түріне үлкен өзгеріс әкелді. Сонымен бірге этномиграциялық процесс нәтижесінде жергілікті тайпалар басқа тайпалармен араласып, оларды ассимиляциялады. Сондықтан да қазақтардың арғы тегіне Қазақстан территориясы өзіне Отан болған тайпаларды жатқызуға болады. XIY-XY ғғ. Қазақстан және оған шекаралас аймақтарда Ақ Орда, Моғолстан, Әбілхайыр хандығы, Ноғай Ордасы деген мемлекеттер болғаны белгілі. Ол мемлекеттер тұрғындарын өзбектер, өзбек-қазақтар, моғолдар және ноғайлар деп атаған. Бұл атауларда өзіндік этникалық және саяси мән болған. Егер де «халық» деген түсінік этникалық құрылым тұрғысынан қаралса, онда оны «этноним» терминімен белгілейді (өзбектер, қазақтар, қырғыздар). Халық өзінің атымен мемлекетке ат берсе, онда ол «политоним» терминімен анықталады (моғолдар Моғолстан мемлекетінің халқы, ноғайлар – Ноғай Ордасының халқы), яғни бұл этносаяси ұғым. Тарихи-этнографиялық әдебиетте тарихи–этнографиялық өңірде құрылған мемлекеттің тұрғындарын этносаяси қауымдастық деп атайды. Халық этникалық және саяси жағынан да тұтас болу үшін ең алдымен өзінің тәуелсіз мемлекеті болу керек. Біртұтастыққа ұмтылған тайпалар саяси жағынан Ақ Орда, Әбілхайыр хандығы, Ноғай ордасы және Моғолстан сияқты мемлекеттерге бөлшектенді. Алайда осы мемлекеттер қазақ мемлекеттілігінің құрылуына, өзіндік этникалық кеңістіктің қалыптасуына негіз болды. Қазақ тайпалары мен рулары әр мемлекеттің құрамына кеткенімен, олар бір тілде сөйледі. Қазақ халқының рулық–тайпалық құрамына келсек, ол үш жүзден және төмендегідей тайпалардан тұрды. Ұлы жүздің тайпалық құрамы: Жалайыр, Дулат, Албан, Суан, Қаңлы, Шапырашты, Сары үйсін, Ошақты, Ысты. Орта жүздің тайпалық құрамы: Арғын, Найман, Қыпшақ, Қоңырат, Уақ, Керей. Кіші жүздің тайпалық құрамы: Жетіру, алты ата Әлімұлы, он екі ата Байұлы. Сонымен қатар Қазақ халқының құрамына төрелер мен қожалар кіреді. Қазақ халқының қалыптасуы XY ғ. екінші жартысы мен XYI ғ. бас кезінде, тәуелсіз Қазақ хандығы қалыптасқан кезде аяқталды. Сөйтіп, халықтың қалыптасуының тағы бір жағдайы - өз мемлекетінің аты қалыптасты. Қазақ хандығында біртіндеп ру-тайпалық сана әлсіреп, жалпы қазақтарға тән этникалық сана күшейді. «Қазақ жері», «қазақ мемлекеті», «қазақ елі» деген түсініктер кең өріс алды. Этникалық тарихи-хронологиялық қалыптасудың үш түрі бар: ру-тайпа, халық, ұлт. Бұл әр бірлестікте өзіндік этникалық сана болады. Этникалық сана - бұл адамның өзін белгілі этникалық бірлестіктің мүшесі деп санауы. Халық болып қалыптасуының алғашқы кезеңінде қазақтарда халықтық этникалық сананың орнына ру-тайпалық сана басым болды. Мысалы: «Сен қай рудансың?» деген сұраққа жауап беруші ең алдымен өзінің руын, сосын тайпасын, сосын жүзін айтатын болған. Олар өзін қазақпыз деп, елден тыс шыққанда ғана айтады. «Қазақ» (этноним) деген атаудың шығуы туралы көп пікір бар. Ғылыми тұрғыдан жазба әдебиетте «қазақ» атауының пайда болуы туралы толық тұжырым жоқ. Енесейде табылған YIII ғасырдағы түрік ескерткішінде «қазғақ ұғылым» - «қазақ ұлым» деген сөз тіркесі кездеседі. IX-X ғасырларда Жетісу мен Оңтүстік Қазақстанды мекендеген үш қарлық тайпаларының жалпы «хасақтар» деген аты болған. Қарлықтардың қазақ этногенезіне тікелей қатысы болғаны белгілі. X-XI ғасырларға қатысты араб құжаттарында, сонымен бірге орыс жылнамаларында Қара теңіздің солтүстік шығыс жағалауындағы Касаг қаласы туралы, касагтар елі туралы деректер бар. Кейбір ғалымдардың пікірінше бұл жерде қазақтардың үлкен қонысы болған, олар бірігіп, XI ғасырда Дон мен Днепр жағалауына орныққан. X ғасырда билік құрған Византия императоры Константин Багрянородныйдың айтуы бойынша, Кавказдың солтүстік–батысында «қазақтар елі» болды. Әзірбайжанның батысында бүгінгі күнге дейін Қазақ ауданы бар. Ең алғаш “Қазақ” сөзі мұсылман жазба деректеріндегі авторы белгісіз түркі-араб сөздігінде кездеседі. Ол сөздік мамлюктік Қыпшақ елінде құрылған деген болжам бар. Сөздік 1245 жылғы қолжазба түрінде жеткен және 1894 жылы Германияның Лейден деген қаласында басылып шығарылған. Бұл сөздікте қазақ терминінің «үйсіз», «кезбе», «қуғындалушы», «еркін» деген мағыналары берілген. Сонымен бұл сөздікте қазақ термині әлеуметтік мағынаға ие болып отыр. Осылай руынан, тайпасынан бөлініп, өз заңдары бойынша өмір сүрген адамдар тобын атаған. «Қазақ» сөзінің осы мағынасынан шыға отырып, жоғарыда көрсетілген деректерде еркін, үйсіз-кезбелердің көрсетілген аудандарда қоныстануы туралы айтылған деген қорытынды жасауға болады. XY ғасырдың екінші жартысында «қазақ» термині өзбек ханы Әбілхайырдан Шу мен Талас өңіріне көшкен тайпалар тобына бекиді. Жәнібек пен Керейдің Өзбек ұлысынан Жетісуға көшуі қазақ халқының этногенезінде шешуші рөл атқарды. Бірақ негізгі рөл халықтың қалыптасуында емес, оның қазіргі кездегі атауында болды. Үдере көшу қазақ халқының қалыптасуын айқындаған жоқ, тек қалыптасып келе жатқан үрдісті тездетті. Бұл үрдістің өтпелі сипатына «өзбек-қазақ» термині дәлел болады. Қазақ халқының қалыптасуының аяқталу кезеңі белгілі тайпалар топтарының көптеген факторлардың ықпалымен әр түрлі даму сатысында тұрған Шығыс Дешті-Қыпшақ тұрғындарынан бөліну үрдісімен сипатталады. Қазақ хандығының құрылуы және нығаюы түрлі хандықтарға қарап келген қазақ тайпаларын қазақ хандығына топтастырды. Қазақтың этникалық территориясын біріктірді, осы арқылы қазақтың халық болып қалыптасу барысы біржолата аяқталды.

e-history.kz

 

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста