Көшпелі елдердің таным-түсінігінде уақыт үлкен рөл атқарады. Көкжиектің батыс жағы ажалды, ал шығыстан атып келе жатқан таң өмірді білдірген. Қазақтың «Таң атты» және «күн батты» деген сөздерінің астарында осындай түсінік жатыр. Мұнымен қатар, уақыт өлшемдерін қазақ халқы адам өмірімен байланыстырып, өмір мен өлімнің, жақсылық пен жамандықтың, жастық пен кәріліктің күресі ретінде сөзбен бейнелеген.
Уақыттың түрлі үзігі көшпелілер үшін әртүрлі мағынаға ие болған. Бұл материалда бір тәулік ішінде қолданылатын ұғымдардың мән-мағынасын баяндаймыз.
Қазақша тәулік мезгілінің атаулары
«Ұлттық дүниетаным» еңбегінде Аюбай Құралұлы тәулік мезгілдерін бірнеше топқа жіктейді:
Таң, таңертең деген мезгіл атауының синонимдері:
Алагөбе, алаң-елең, алаң-ғұлаң – таңғы мезгілде айнала әлі жарықтанбай, бозғылт тартқан кезі.
Құлан иек, құлан сәрі – таң жаңа сыз беріп ата бестаған кез.
Таңсәрі – жерге жарық түсе бастаған кез.
Күн көкжиектен көтерілген сәт:
Сиыр сәске – күн арқан бойы көтерілген кез.
Сәске түс – түскі уақытқа жақын кез.
Ұлы сәске – тал түске жақын кез.
Күннің орта мезгіліндегі атаулар:
Күн еңкейген сәт:
Ұлы бесін – бесін намазын оқитын кез, түс ауған шақ.
Кіші бесін – ұлы бесін мен намаздыгер арасындағы мезгіл.
Құлама бесін – күн еңкейген сәт.
Екінті – түс ауып, күн батуға жақындаған мезгіл, бесін мен ақшам арасы.
Намаздыгер – күн еңкейіп ұясына кіруге таяған кез.
Күн ұясына батқан сәт:
Алагеуім – күн алакөлеңке, ұясына бата бастаған мезгіл.
Геуім, кеуім – қараңғы түсе бастаған кез, ымырт.
Намазшам – кешкі намаз оқылатын кез.
Кеш – ымырт жабылып, қас қарайған кез.
Түнгі уақыт:
Түн – тәуліктің кештен таңертеңгі уақытқа дейінгі аралығы.
Іңір – күн батып, қас қарайған мезгіл.
Қызыл іңір – қас қарайып, түн болған кез.
Жарым түн – түннің ортасы.
Тал түс, талға түс, тапа-тал түс – күннің қатты ыстық болған кезі.