Қазақ есепшілері белгілі бір жұлдызды күнқайыруға негіз етіп алуда үш түрлі шарттылықты ұстанған:
1. Бататын жұлдыз болуы (жұлдыздың батуы жылдың шығуы мен жылдың кіруін білдіретін ең басты астрономиялық меже болды.
2. Ол жұлдыз бен ай өзінің әр фазасында тоғысып отыруы.
3. Жұлдыздың бататын мезгілі айдың бір жаңасында сәйкес болуы.
Қазақтарда Қамбар тоғысы деп аталатын календарь жүйесі болған. Ол Қамбар жұлдызының (Арыстан) қозғалысына негізделген. Қамбар жұлдызы күз айларында туып, көктем айларында батады. Қамбар жұлдызы көк жүзінде Аймен бес рет кездеседі, есепшілердің тілімен атқанда бес мәрте тоғысады. Алғашқы тоғыс қазан айында өтеді. Қамбар жұлдызымен Ай өзінің тоғыз жаңасында тоғысады. Сондықтан осы айды тоғыздың айы, Қамбармен бес жаңасында тоғысуын бестің айы (желтоқсан), үш жаңасында тоғысуын үштің айы (қаңтар), бір жаңасында тоғысуын бірдің айы (ақпан) деп атайды. Әр тоғыстың арасы, шамамен, 28-29 күн болады. Қамбар тоғысы бойынша, сөйтіп, бес айды кемімелі тақ санмен атаса, қалған жеті айды жай сөзбен айтқан. Олар: аласапыран, отжақпас, құралай, жұтшашқан, т.б. тәрізді байырғы атаулар болуы ықтимал .
Қамбар тоғысына тән бірдің айы, үштің айы тәрізді атаулар Қазақстанның Шығыс өлкесінде, Алтайда, Шынжанда күні бүгінге дейін қолданылады. Туыстас қырғыз тілінде де токуздун айы, жетинин айы, қалған жеті айдың атауы: жалган куран (наурыз), чын куран (көкек), бугу (мамыр), кулжа (маусым), теке (шілде), баш оона (тамыз), аяк оона (қыркүйек) деп жай сөз тіркесімен айтылады.
Қамбар тоғысы бойынша жыл басын тойлау – айдың бірінші жаңасында басталады. Мейрамның аты – Ақтың мейрамы деп аталады. Түркі-монғол ұлыстарын сонау ХІІІ ғасырда аралаған жиһанкез Марко Поло «ақтың мейрамы күні барша жан үстілеріне ақ киетін болған, бір-біріне ақ зат сыйлаған, бір–бірімен құшақтасып, төс түйістіріп көріскен» деген дерек қалдырған («Марко Поло» А., 1990, 102-б).
Үркер тоғысы – халқымыздың байырғы тұрмысында аса кең тараған күнқайыру . Махмұт Қашқаридың «Диуани лұғат ат-түрік» сөздігінде (ХІ ғ.) бұл атау Үлкер деп айтылады. Осы сөздің түптөркінін түрлі әр қырынан салыстыра тексерген ғалымдар (француз шығыстанушысы Л. Базен) оның түбірін үл және кер деп бөледі. Үл – деген көне түбір «бөліну», «оқшаулау» деген мағынаны білдірген. Күнқайырудың есепшілер ұстаған мұндай негіздемелері ұқсас. Айырмасы Қамбар жұлдызына қарағанда Үркердің күн белдеуіндегі жүретін жолы әлдеқайда ұзақтау.
Қазақ есепшілері үшін Үркер тоғысының бірнеше қолайлы жағы бар. Ескі жылдың шығуы мен Жаңа жылдың кіруі бұрынғыдай қыс мезгілінің аяғында (ақпан) емес, көктем мезгілінің соңына сәйкес келетін болады. Үркер мамырдың 10-дарынан бастап, жаңа туған Аймен тоғысады. Бұны есепшілер бір тоғыстың айы деп атап, оны жылдың басы етіп белгілеген. Жыл басы тойланатын мейрамның атын Қымызмұрындық деген.
Майдың 10-дарында батқан Үркер шамамен қырық күн «жерде жатады» (аспанда көрінбейді) да, маусымның 20-ларында туады. Ай өзінің 23 жаңасында таң ағарып қалған сәтте Үркермен тоғысады (шілде айының ішінде). Бұл тоғысты жіті қадағалап жүрген есепшілер болмаса, жай адам көре бермейді. Бұдан кейін Ай жиырма бір жаңасында таң алдында Үркермен тоғысады. Бұл тоғысты есепшілер жиырма бір тоғыс деп атайды. Арада 27-28 күн өткен соң Ай өзінің 19 жаңасында Үркермен тағы да тоғысады. Бұл–19 тоғыс деп аталады. Осы рет бойынша Айдың Үркермен тоғысуы кемімелі тақ санмен есептеледі. Есепшілердің тілімен айтқанда –«Үркер таққа тоғаяды».
Үркердің тәуліктік қозғалысын астрономиялық меже етіп алып, түннің ұзақтығы, қысқалығы тәрізді құбылыстарды анықтайды. Үркер қас қарая көрініп, таң атқанша батпайтын болса, ең ұзақ түн (қыс ортасы), ал түн ортасы ауа батып кетсе, күннің ұзарып, түннің қысқара бастағаны. Сөйтіп, есепшілер Үркердің жылдық жолына ғана емес (мысалы, Үркер батқан кезден келесі жылғы батқан кезге дейінгі аралық), тәуліктік қозғалысына да назар аударды. Осыдан тәуліктегі уақыттың басталуын межелеген.
Үркер тоғысының тағы бір артықшылығы ауа райын болжауға, жыл мезгілдерінің (солярлық уақыттың) қалай өтетінін жорамалдауға қолайлығы. Үркер есебі бойынша жыл екі мезгілге бөлінген. Үркер «жерге түсіп, көрінбей кеткен кез жаз, ал Үркер көрінетін кезі қыс. Көне түрік жазбаларындағы «Үркерлі айдың бәрі қыс» деген жазудың мәні осындай астрономиялық эмпирикадан туған.
Үркер тоғысы да, одан бұрынғы Қамбар тоғысы да деректі ойлаудың деңгейінде жасалған және аса бір сирек ұшырасатын, басқа халықтардан қайталамасы (аналогы) кездесе қоймайтын ай жүйелі күнқайыру.
Қазақтар Үркер мен Қамбар тоғысынан басқа уақыт санауды да пайдаланған. Ол қайталап отыратын ауа райындағы құбылыстарға негізделген фенологиялық календарь амал есебі. Оны жыл бойы жауын-шашын, жел, боран, ыстық, суық т.б. қай кезде болатынына сүйеніп, шаруашылық ұйымдастыруға қолданған. Ол бәрібір Тоғыс есебінің көмегіне сүйенген аралас уақыт санау жүйесі болып табылады.
Айталық, Киіктің матауы деген амал он жеті тоғысқа (қыркүйектің аяғы, қазанның басына) сәйкес келеді. Бұл кезде киік, ақбөкен, қарақұйрық, жайран т.б. қоңыр аңдардың текелері үйірге түседі. Ал, елік, құралай лағын көкектің басында өтетін 5-10 күндік салқында өргізеді. Үш тоғыстағы бұл амалды Құралайдың салқыны дейді. Он бес тоғыста (қазанның аяғы, қарашаның басында) өтетін жауын-шашынды 5-10 күндік амалды есепшілер Бұғының мойын жуары деп атаған. Бұл кезде бұғы маралмен насай топыр құрады. Марал қодығын көкектің аяғы, мамырдың басында ертеді. Таутекенің тауешкімен, құлжаның арқармен үйірге түсетін кезінде он үш тоғыста (қарашаның аяғы) өтетін амал Теке бұрқақ делінген. Арқар мен тауешкі төлін майдың ортасы ауа өргізеді. Он бір тоғыстағы (желтоқсан) Қаңтардың қарлы бораны деген амалдан соң, тоғыз тоғыста (қаңтар) өтетін аязды күндері Ай мүйізді алтын күн немесе Ақпан-тоқпанның аязы деп атайды (орыстар бұл аязды «крещенские морозы» дейді) делінеді. Кейбір жылдары, мысалы ақ қоянның жылы қыс қатты болып, көпке дейін күннің сағы сынбай тұрады. Малға жайсыздау тиетін мұндай кездегі амалды Ай мүйізді алты күн, қаһарлы келсе, қатты күн, қырына алса, қырық күн дейді. Бес тоғыстың бес жуары деген сөз орамы бес тоғыстағы (наурыз) амалдың (жауын-шашынды 5-10 күн) шаруаға жайлы өтетінін білдіреді.
Күнқайыру жүйесіне негіз бұл атаулардың мағына-мазмұнына табиғат құбылыстары, күн райы, көшпенді өмірдің тұрмыс-тіршілігін байқайтын сөздер арқау болған еді. Мысалы, жылдың бас айы отамалы мерзімі жағынан мамыр айына сәйкес келеді. Бұл атаудың төркіні от «шөп» деген мағынадағы сөз екені үш шүбә тудырмайды. От – түркі тілдерінің барлығында дерлік кездесетін көне сөздердің бірі. Әдетте отамалы айында көк қаулай шығып, әжептәуір көтеріліп қалады. Ал одан кейінгі ай саршада көкорай шалғын өсіп, толады да, айдың аяғына қарай шөп басы сарғыш тартып пісе бастайды. Бұл айдың сарша аталуы да сондықтан.
Ал, тамыз сөзі «күйдіру» деген мағынаны аңғартады. Б.А. Куфтиннің тамыз сөзін «жағу», «тұтату» мағынасындағы етістік, одан тамыздық сөзі туындаған деуі қисынсыз емес. Бұл айда күн аптап болып, шөптің басы қурай бастайды. Тамыздан кейінгі ай қыркүйек, әуелде қошқарға, текеге күйек байлана бастайтын кез дегенді білдірген. Желді немесе қазан алғаш үсік жүріп, күннің суыта бастайтын шағы. Қазан парсы тілінде «күз» дегенді білдіреді. Қарашада жердің оты кетіп, бет-бедері қоңырқай тарта бастайды, ай атының қараша деп аталуы да осыған меңзейді. Желтоқсан кейде тоқсан деп те аталған. О баста күз айлары желдіден басталып, тоқсанмен аяталған. Қаңтар – күннің қаңтарылып байланатын, одан әрі тұқырып, қысқара алмайтын айы болғандықтан айдың аты да осылай аталған.
Бабақұмар Қинаятұлы, этнограф-зерттеуші
namys.kz
Қазақ календары және халқымыз қолданған амалдар жайлы мәлімет
Последние статьи автора