Қазақ атауы "ғұнзақ" сөзінен шыққан...

Қытайдан жеңілген хұң (хунь) халқы I ғасырда Қаңлы (каньгю) мемлекеті орналасқан қазіргі қазақ даласына (сақ даласы) ауып келді. Биліктен шеттетілген қаңлы тайпасы Үйсүн империясына бой ұсынып, сонда ығысқан тәрізді. Сақ даласын иемденген хұң халқы Үйсүн империясы орналасқан Орта Азияны жаулап алуға қауқарсыз болды. Себебі – Үйсүн империясы мен Қытай империясы одақтасқан. Хұң мен сақ халықтары араласып, біртұтас «хазақ» деген халыққа айнала бастады. Билік хұңдарда болғандықтан, ол аймақты үйсүндер «хұңзақ» деп атады (хұң жақ, яғни хұң аймағы деген мағынада). Кейін аймақ халқы да хұңзақ деп аталып кетті. Шамамен VI ғасырда хұңзақ қысқарып, әуелі хзақ, сосын хазақ болып біржола орнықты («ұң» бөлігі қолданыстан шығып қалғандықтан, хұңзақ әуелі хзах, сосын хазах болып өзгеріп, орнықты). Атаудың осылай өзгеріп, орнығу дерегі сақ пен хұң (хунь) халықтары қосылуымен қазақ ұлты пайда болғанын айқын дәлелдейді.

Үйсүн империясы мен Қытай империясы тығыз одақтас болды, Үйсүн империясын қытай қыздарынан туғандар билегенін қытай жазба деректері растайды. Сондықтан болар, б.з. II ғасырда Үйсүн империясында будда діні өркен жайды, ол – Кушан Герей деген патша билеген заман. Осы патшаның есіміндегі «керей» атауы оның керей тайпасынан екенін немесе сенімді әскери күші керей тайпасы болғанын байқатады. Ежелгі деректерге сүйенген кей ғалымдар керей тайпасы әуелде үйсүндік болған деп тұжырымдайды.

Ал III ғасырдың соңында Қытай империясы екіге ыдырап әлсірегені, оның солтүстік бөлігін «қытай еместер» билегені белгілі. Солтүстік Қытайды билеген тоба тобы Үйсүн империясын билеген династиядан деген дұрыс. Өйткені, Қытай мен Үйсүн империяларының ұзақ ғасырлық тығыз одақтастығы және үйсүн билеушілері мен қытай билігі арасындағы нағашы-жиендік туыстық байланыс үйсүндік династия өкілдеріне Қытай империясын да билеуге мүмкіндік тудырған. Үйсүндік династияның Қытай империясы билігіне таласуы бұл империяны екіге ыдыратты десе де болады. Қатты әлсіреген Үйсүн империясының Орта Азия аймағын IV ғасырда жужандар тартып алды. Үйсүн империясы Шыңжан аймағында ғана өз билігін сақтап қалды және Солтүстік Қытайдың билігін өз қолдарына алды. Оларды қытай жазбасы тоба тайпасы деп көрсетеді және бір руы «туфа» деп аталатынын атап өтеді. «Тоба» деген табын тайпасы атауының қытайша қысқарып дыбысталуы деп білеміз. Башқыр халқы құрамына сіңген табындар «уйсун» деп те аталғаны мәлім. Осы дерек табын тайпасының әуелде Үйсүн империясында өмір сүргенін айғақтайды.

Ресей ғалымдары тоба тайпасы моңғол тілділер деп бұрмалайды. Алайда, тоба тайпасының туфа руынан түркітілді тува ұлты қалыптасқанын ескерсек, тоба тайпасы түркітілді болғанын көреміз. Яғни, ол үйсүн-жүнділік тайпалар тобынан болған. Табын тайпасы құрамындағы қоңыр руы Үйсүн империясын билеген хуньмо (қоңырмын) династиясынан десек те қателеспейміз. Осы дерек те Солтүстік Қытайды билеген тоба тайпасы қазақтың табын тайпасы екенін дәлелдейді. Демек, арғын, ошақты, керей, уақ және табын тайпалары арғы тегінде жүнді халқынан болып шығады.

 

 

Бәйдібек атауы қайдан пайда болды?

Қытай жазбаларының «Кушан патшалығы болды» деген аймақты «үйсүндер жері» деп көрсетуі, сол аймақта отырған өзбек халқының өз негізін уйшун деп тануы және сол аймақтағы қазақ тайпаларының жалпылай «үйсүндер» деп аталуы ертедегі империяның Кушан емес, Үйсүн деп аталғанын айғақтайды. Әуелгі Үйсүн мемлекеті Шыңжанда орналасқан таулық кішігірім княздік болғаны белгілі, оның халқы ошақ (юэчжи) тайпасы болды. Кейін ол княздікке Орта Азия қосылып империяға айналғанда, атау Үйсүн болып қалды. Алайда, Үйсүн империясы халқы құрамында жүнділік тайпалармен қатар жергілікті сақ-скифтіктер де болған. Кейін жужандар заманында оларға шапырашты, ал түркі ашиналар заманында ысты мен дулат тайпалары барып қосылды. Ежелгі гректік, римдік және қытайлық жазбалар албан, суан (сыбан), қаңлы, сіргелі тайпаларының сақ-скиф халқынан екенін, ал ысты, шапырашты, дулат тайпаларының хұң (хунь) халқынан екенін көрсетеді. Олар отырған немесе барып қоныстанған аймақтар «Үйсүн жері» деп танылғандықтан, олардың ортақ атаулары «үйсүндер» болып орнықты.

Үйсүн империясын билеген хоңыр (хуньмо) тобы жүнділік «жеті тайпалық Байды одағына» сүйенген сияқты. Ошақты тайпасында байлы руының жолы үлкен саналуы және үйсүндік тайпалардың өз шежіресін Байды-бектен таратуы сондай себептерден қалыптасқан. Яғни, үйсүндердің арғы тегі саналатын «Байдібек» атауы жеке адамды емес, ол Үйсүн империясы билігіне жақын болған Байды тайпалық одағын көрсетеді. Үйсүн империясы 500 жыл билеген аймақ кейін «Үйсүн жері» болып кеткендіктен, онда отырған тайпалар да (үш түрлі халық болғанына қарамастан) жалпылай «үйсүндер» деп аталған. Өзгелер «үйсүндер» деп атағандықтан, ол тайпалар да кейінгі шежіре жазу заманында ортақ тектерін іздеген. Олардың еміс-еміс есте қалған аңыздар жетегімен Байды тайпалық одағын «Байдыбек» деу арқылы ортақ аталарын тапқандай болғанын байқаймыз. Яғни, Байды атаулы жеті тайпа одағы жайлы аңыз-әңгімелер «үйсүндік тайпалар Байдібек бабадан тарайды» деген түсінікті қалыптастырады.

Ал қоңыр руы ошақты тайпасында ғана емес, Алматы облысындағы ыстылар құрамында да, Шымкент, Жамбыл аймағындағы ыстының тілік руы мен дулаттың сиқым руы құрамында да (қоңырдың шуылдағы) және Қызылорда аймағындағы табындар құрамында да болуы Үйсүн империясын билеген хуньмо тобының атауы дұрысында қоңыр екеніне дәлел (билеуші династия болғандықтан империяның барлық аймағында олардың өкілдері болды, кейін олар өз аймағындағы тайпалар құрамына сіңді). Ал шапыраштылар мекеніндегі Үшқоңыр атауы, Үшарал қаласы маңындағы Қоңыр мекені, Қызылорда аймағындағы Байқоңыр мен Сарысудағы Төрқоңыр деген жерлер Үйсүн империясы аймағының территориясын паш етеді. Тіпті, Семей аймағындағы Қоңыр әулие үңгірі кейінгі мұсылмандық заманда сол аймаққа дін таратқан қоңыр династиясы ұрпағымен байланысты деуге әбден болады.

Жалпы ошақты тайпасының Жамбыл, Шымкент, Ташкент аймақтарындағы көптеген елді мекендерде шашырап орналасқаны және бір тобының Байқоңырға жақын Аральск қаласы маңында отырғаны Үйсүн империясы заманынан бастау алады.

 

 

Үйсүн империясының астанасы қайда болған?

Қытай жазбалары Үйсүн империясының астанасы Талас өзені жағасында болғанын көрсетеді және оның қытайша жазбадағы атауы кирилицада Суйяб болып тарихқа енді. Ресей ғалымдары ықпалымен аталған қала қазіргі Қырғыз аймағында болған, ол кейін Ыстықкөл ағысымен жойылған деген тұжырым орнықты. Көп аймағы далалы болып келетін империя астанасының таулы аймаққа жақын орналасуы ақылға сыймайды. Өйткені, тау жоталарының жақындығы жаудың оқыстан шабуыл жасауына кең мүмкіндік беретіні даусыз. Хазар қағанаты астанасы мен кейінгі Алтын Орданың кіші ордасы болған Сарайшық қаласының ашық далалы жердегі өзен маңында орналасуы және олардың айнала өзенмен қоршалуы Еуразия даласын билегендердің мемлекет астанасын қай жерде қалай салғанын және оларды қандай әдіспен қорғағанын паш етеді. Сол замандардан мемлекет астанасы етіп екі қаланы танығанын, олардың бірі негізгі астана, ал екіншісі кіші астана қызметін атқарғанын көреміз.

Ол кезеңдерде Арал теңізіне барып құйған Шу мен Талас өзендері Үйсүн империясы мен Қаңлы (каньгю) мемлекетінің шекарасы болғанын Лев Гумилев қытай деректерімен анық жазады. Қытай жазбалары Үйсүн империясы шығыс, орталық және батыс деген үш аймақтан тұратынын баяндайды. Үшарал ауылы орналасқан жер Үйсүн империясының батыс аймағының орталығы, ал Үшарал қаласы орналасқан жер Үйсүн империясының шығыс аймағының орталығы болуы мүмкін екенін географиялық картадан байқау оңай. Іле өзеніне жақын аймақтағы Тентек өзені жағасында Үшарал қаласы орналасса, Талас өзені жағасында Үшарал ауылы орналасқан. Үйсүн мемлекетін билеген династия өздерін «қоңырмыз» (хуньмо) деп атаған. Ошақты тайпасының төрт руының бірі – қоңыр және Үшарал қаласына жақын жерде Қоңыр деп аталатын ауыл бар.

Үйсүн империясын орнатқан – юэчжилер, оның дұрыс атауы ошақ екенін айттық. Ошақты тайпасының өкілдері қайда отырса да ата қонысы ретінде Үшарал ауылы орналасқан аймақты атайтыны да бекер емес (әйтпесе, ошақтылар мекендейтін ауылдар Шымкент пен Тараз аймақтарында аз емес). Жоғарыда Атбайлар төбесі дұрысында Ата Байсары бейіті болуы мүмкін екенін айттық, сол жерден ары құмға жақын Ақкесене мен Көккесене деген кішігірім қорғандар болған (біреуі ғана сақталған). Оларды Ресей саясатымен «қалмақтардың қарауыл қарайтын бекіністері» деген тұжырым жасалды. Алайда, Ақкесене, Көккесене ертедегі билеушілердің қабіріне орнатылған кесенелер (мовзолей) болуы мүмкін. Ондағы биік салынған қарауылхана мемлекет шекарасын күзетуге арналғанын айғақтайды. Сол биіктен қарасаңыз, құм жиегін жағалай қолдан қазылған керемет өзен арналарын көресіз. Олардың қолдан салынғаны анық байқалады және мемлекет шекарасын құм жақтан келуі мүмкін жаудан қорғау үшін қазылған деуге болады (оны «Арна» деп атайды халық).

Ошақтылар ол арналардың қолдан қазылғанын ұмытпаған, алайда қай замандардан екенін ешкім білмейді. Үшарал ауылы Талас өзені жағасында орналасқан, оны Талас өзені мен Аса өзендері арналары үш құрлыққа бөліп жатыр. Шамасы, Үшарал атауына осы себеп болса керек. Барша көрші ауылдар кейінгі колхоздастыру кезінде пайда болды. Ал өзен жағалай орналасқан Үшарал ертеден бар ауыл. Сол өзен жағасының арғы жағасы тегіс, ал ауыл жақтағы жағасында тау-тау болған құм жоталары бар. Осы құм жоталарда жабайы жемісі бар өсімдіктер өседі, неге өзеннің қарсы жағасында мұндай құм жоталары жоқтығы түсініксіз. Мүмкін осы құм жоталарының астында Үйсүн империясы астанасының қалдықтары жатқан шығар. Құм жота ескі қираған үйінділер ықпалымен пайда болады ғой.

Үшарал ауылында басқа ауылдарда жоқ ежелгі үлкен мешіт бар, ол мешіт күйдірілген кірпіштен салынған және архитектурасы XI ғасырға тиесілі тәрізді. Оны XIX ғасырда хожалар салған дейді кейбіреулер. Алайда, мұнарасының жоқтығы және күмбездерінің орналасуы XI ғасыр архитектурасына келетіні оның негізі ертеден болғанын байқатады. Мысалы, XI ғасыр архитектурасына сай тұрғызылған Қарахан баба кесенесі мен Үшарал мешіті архитектурасы ұқсас. Осының өзі Үшарал мешіті сонау ерте заманнан болуы мүмкін екенін көрсетеді. Әрине, кейін ошақты атқамінерлері қирауға жақын қалған мешітті өз қаражаттарына хожалардың көмегімен қайта жөндеуі мүмкін. Осы есінде еміс-еміс қалған адамдардың әңгімесімен «Үшарал мешіті XIX ғасырда салынған» деген ұғым қалған шығар.

Қызылорда аймағында отырған ошақтылар ол жерге әуелде Үйсүн империясы заманында баруы да мүмкін және олар онда Талас пен Шу өзендерін жағалай жеткен деу орынды. Ошақтылар Қызылорда қаласынан ары жатқан өңірде орналасқан. Егер олар Тараз бен Шымкент қалалары бойымен барса Қызылордаға дейінгі аймақта отырар еді. Кейін жоңғар шапқыншылығында ошақты тайпасының үштен екісі қырылғаны белгілі, аман қалғандары сол Арал теңізі аймағына ауа көшті. Егер олар Тараз бен Шымкент аймағына ауса, ондағы дулаттар тұрақтайтын орын тауып берер еді. Демек, ошақтылар Арал теңізі жаққа өздеріне белгілі ескі жолдары – Талас пен Шу өзендерінің сілемдерімен жеткені анық.

 

 

Қазақ даласына Ислам дінін жеткізген алғашқы арабтар

Ислам діні «Ежелгі үйсүн аймағына» VIII ғасырдың бірінші жартысында орнығып үлгерді. Ислам діні ақ пен қара тайпалардың құдаласып, араласуына ықпал етті. Қоңыр руы да, шапырашты мен ысты тайпалары да қара тайпалармен құдаласып, араласып, қарапайым тайпалардың біріне айналды. Ислам дінін қабылдаған қазақ тайпалары түгелдей өз таңбаларын жансыз бейнелерге ауыстыруға мәжбүр болды. Өйткені, Ислам дінінің талабы солай. Осы себептен ошақ мен шапыраш тайпалары тазқара бейнелі таңбаларын тұмар бейнесіне ауыстырды.

Сол заманда Ислам дінін әкелген арабтар қазақ халқынан қыз алып, дербес ру мен тайпаларды қалыптастырды. Кіші жүздегі рамадан тайпасы әуелде Ташкент маңында мекендегені белгілі. Тайпа таңбасы дулаттармен бірдей болуы оның дулат тайпасы қыздарын алған арабтардан қалыптасқанын байқатады. Дулат тайпасындағы нөкіс руы да өз тегін арабтардан таратады. Олардың әуелгі орны Қарақалпақстандағы Нөкіс қаласы екені анық. Яғни, олар – сол маңға Ислам дінін жеткізен арабтардың ұрпақтары.

Ислам дінін жеткізген арабтармен ошақты тайпасының да араласуы заңдылық, тасжүректің сейіт руы сол арабтардан қалыптасуы мүмкі. Сейіт – таза арабтық атау және Сейіт деп пайғамбар (с.ғ.с.) руынан тарағандарды атайды (хошимидтер). Демек, Ислам дінін бізге жеткізген арабтарды бастаған Сейіт тобы ошақты тайпасынан қыз алысып, сіңіскен деген жөн. Қоңыр руына «момын» деген жанама атау берген осы арабтық сейіт тобы болуы мүмкін. Арабша «мүмін» сөзі «діндар мұсылман» деген мағынада қолданылады. Қоңыр руында мұсылманшылық мықты болғандықтан, оларды «мүмін қоңыр» деп атағанын, осы атау кейін қазақша «момын қоңыр» деп өзгергенін байқаймыз.

Арғы тегінде Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) туыс хожалар бізге XI ғасырда келді. Ал Ислам діні бізге олардан 400 жыл бұрын жетіп қойған болатын. Ресей империясының ғалымдары: «Сол заманда келген арабтар қайтадан елдеріне кеткен болар» деген болжам айтады. Ал кей қазақ ғалымдары осы болжамды тұжырым ретінде қабылдап кетті. Ол замандағы жержаһанға Ислам дінін таратқан мұсылман арабтар барған жерлерінде дін таратып орнығып қалған. Сондықтан бізге келген арабтар да қазақ халқы құрамына сіңгені анық. Сейіт, рамадан және нөкіс – таза арабтық атаулар, сол себептен осы ру-тайпаларды сол арабтардан қалыптасқан десек, қателеспейміз. Демек, сейіт руы арғы тегінде ардақты Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) туыс болып шығуы кәдік. Мұны қазақ ғалымдары гендік зерттеулер арқылы анықтауы керек. Біз тарихи деректер негізінде мүмкін жайттарды баяндаймыз, анығы Аллаға аян.

Бекжан Әденұлы

Abai.kz

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста