Қатты мен тәтті немесе Раушан коммунистің бүгінгі сіңлілері

Қазақ әйелінің аса ақылды болмысы деп әрқайсымыз Абайдың әжесі Зерені танып өстік. Зере – иісі қазақтың бар әжесінің жиынтық бейнесі. Бойындағы мейірімін бар немересіне тең дарытып, олардың аналары – келіндерінің артық мінезін керегінше тиып отыратын Зере – біздің ұғымымызда қазақ әжесінің символы болды. Бірақ ол кезде балалық шала ойымыз ол дәрежеге жету үшін әйел адамға қаншалықты ақыл мен парасаттың, ұстамдылықтың қажет болатынын байыптаған жоқпыз. Солай болуы тиіс секілді еді.
Ауылдағы үйдің тіркеуінен шы­ғып қаладағы баласының үйіне тіркеуге отырған апамыз «Алтын алқа» алу үшін тиісті орындарға құжат тапсыруға келген. Әкім­шіліктегі қыздар, алқаңыз бір ай шамасында дайын болады, –депті. Әдетте асығыс-үсігіс аяқталатын таңғы шай апамның әңгімесінің қызығымен ұзаққа созылады.
– Баяғыда «Алтын алқаны» сегіз­­ден көп бала тапқан әйелдерге беруші еді, ол кезде біз «Күміс ал­қа» алғанбыз, бүгінгідей емес, күмісті екінің бірі ала­тын-дағы, ал­тын алғандарға қызыға қарай­тынбыз.
Қақпаның ашылғанын естіп терезеге қарадым, енемнің ауылдан келгенін сезгендей көрші апа кіріп келеді екен. Үйдің есігін ашып алдынан шықтым.
– Қалыңыз қалай, апа? Құр­быңыз­дың келгенін сезіп қой­дыңыз-ау...дер кезінде келдіңіз...
– Жақсымысыңдар, иә... Апаң келді ме?
– Кіріңіз.
Енем анда-санда біздің үйге келгенде әңгімелесіп тұратын құр­бысын орнынан тұрып қарсы алды.
– Келіңіз, жоғары шығыңыз. Келін, шәйіңді ысытып әкеле ғой.
– Кеп қалдыңыз ба? Ауыл-айма­­ғыңыз, шалыңыз аман ба? Шалыңыз болғасын оның қасынан көп шықпайсыз. Біз болсақ анда-мұнда жүре береміз.
Шәйді ысытуға барғанда тағы бір шәугімге шәй қойдым...
– Препискам қаладағы ұлдың үйінде ғой, әлгі алқаға қағаз­да­рым­­ды алып кел­гем. Біраз уақыт кү­тіңіз деді. Өзіңіз­дің хал-жағ­дайыңыз қалай? Бала-ша­ғаңыз аман ба?
– Менікі алтау ғой, соның бірі ауылда қалып еді, паспорты болмайды, метіркесі керек деген соң, Оралға барып алып келдім. Енді бір балам болғанда күміске жетер едім деп ойлаушы едім міне, заман өзгеріп, күміске жететін болдым.
– Бұл да бір Құдайдың есірке­гені... Ендігілер алты баланы да та­ба алмайды ғой. Бойларына біткен­дерінен, тастап қоятындары көп....
– Біздің заманымызды айт­саңыз­шы, денсаулығымыздан айырыламыз, баға алмай қаламыз деп қорқу жоқ. Туа беріп­піз ғой...
Екеуі бірінің сөзін бірі іліп алып кетіп, арасында қай баласын қалай босанғанын айтып, келін­шек күндеріне бір барып келеді.
Бәлнисаға барып қаралуды біл­мейтінбіз ғой, туар туғанша бір қолымыз отта, бір қолымыз суда жүре беретінбіз. Толғақ жиіле­ген­ше сиырды сауып, бұзауды кіргізіп ке­тейін деп ойлайтынбыз. Күйеу­лер босануға бара жатыр екен де­мейді... Қазіргілер туар туғанша қа­ра­­лып жүреді. Жеті баланың бірде-бі­ре­уінде біздің шал роддомға бармапты...
– Айтпаңыз, қазіргілерге «Алтын алқа» түгілі, басынан алтын құйсаң да біз секілді тумайды...
Бастарындағы орамалдарын қат­ты­лап байлап, самайларын жауып қойып, әңгімелерін әрі қарай жалғай берді. Өздерін-өздері күтіп баптауды білмей, бала үшін, шаңырағының ірге­сін бекіту үшін өмір кешкендерін, кү­йеулерінен таяқ жеп алса да, кетем дегенді айтып туламай, іштерінен қарғап-сілеп жүріп, бар ашуларын қазан қайнатумен шығарғандарын еске алды. Таяқ жеген кездерінің өзі олар үшін қызық естелік секілді.
– Сол қауқардың бірі де қалма­ды ғой қазір оларда, тіпті бізсіз та­мақ батпайды. Кейде шалға Құ­дай сені менің артымнан қалдыр­масын деп қоям. Келінге қараған күн қай жақсы дейсің...Мен ғой баласын бағып берсем де сиям ғой,– деп енем шалына қалжың­дайтынын айтты.
– Бала демекші, жақында бо­сан­ған бір туысымыздың келінінің екі баласы бар еді. Теріс келіп қа­лып, үшіншісін ішін жарып ал­ған. Күнім-ау, соған дәрігерлер, ақыры ішіңді тіліп алған соң жа­ты­­рыңды неге тіктіріп таста­ма­дың, депті. «Неге?» деп сұраған ке­лінге, сонда бала көтермейсің. Бізде байдың келін­шектері сол үшін де ішін жарғызады депті. О несі ей?..
– Ниеті құрғырлардың өздері­мен кетсін. Біреудің баласын нан тауып беріп бағатындай, не шаруалары бар екен. Е-е-е несін айтасыз қызық заман ғой...
Енді құрбылардың әңгімесі жайлы диванда жалғасты.
Қанмен бітер тектілік пен тәр­бие­мен берілер ибалылыққа қоса, әйел болу үшін бар жағдайдың байыбын білер болжағыштық пен түбін күтер төзімділік керек екен. Бұл – өмірдің өзі үйретер ұзақ са­бақ болса керек. Тыңдай алған жан аналық биікке көтеріліп артынан ерген ұрпағына сол сабақтан тәлім беріп кетері кәміл. Әже болмысы біздің сана­мызға Зере болып сіңсе, Ұлжан – сол за­мандағы барлық ананың бейнесін танытқан. Әр шы­ғарманы қай жаста оқысаңыз сол жастағы ұғымыңызға сай кейіпкердің болмысын танисыз. Бала оқырманның жүрегін ана болып жаула­ған Ұлжан, есейе келе Құнанбайдың әйелі болу мен қатар, Зередей енеге келін болудың сырына қанықтырады. Әйелге тән ашу мен әйелге тән қайтымның ара жігін ашып түсінуіңізге жол көрсетеді. Құнанбайға жар болған Ұлжанмен Абайға ана болған Ұлжанның өткен өмірінен түйген ойын Құнанбай қажыға аттанар­дағы диалогтан ұғынасыз:
– ...Жастықта адамға төсек те, үй де, тіпті дүние де тар екен. Ал егде тартып, зауал шағыңа бейімдеген сайын, дүние кеңейе береді екен. Өзің болсаң кішірейе беріп, айналаңда қуыс дүниені көп тауып, өзгеге орын босата бергің келеді. Кінәң азайып, кешірімің көбейіп, суына бастайды екесің. Осы көңіл мені жеңгеніне көп болған!..
...Мен де көп қатынның бірімін. Мен де олар шеккен алай-дүлей, қиқы-шойқының бәрін іштей кешіп өткемін. Жалғыз-ақ, әйел еркекке ене бауырын­да­ғы құлындай жанасып жүріп те, не шет­теп тайталасып жүріп те сүйеніп өседі. Ерден әйел жамандық та алады, қасиет те алады. Менің жақсылығым болса, сол сенің де жа­тың емес, өз тәнің бе деп білем. Сен – сен болмасаң, мен – мен болмасам керек. Мінім болсын, өзгем болсын, бір жағы өзіңнен еді...
«...олар шеккен алай-дүлей, қиқы-шойқының бәрін іштей кешіп өт­кен­мін». Ұлжан айтқан қиқы-шойқы жол бар әйелге тән. Сол жолдан бір әйел нәзіктігін сақтап, биіктеп өтеді, енді бірі шаршап-шалдығып өтеді. Бірақ одан әйелдің аналық тілегі мен аналық мейіріміне селкеу түспесе керек. Әйел­дің ерге сүйеу болғаны – елге сүйеу болғаны. Бұл ұғым бар әйелдің, әсіресе, қазақ әйелінің ой-санасына жастайынан сіңіріл­ген Құнанбай-Ұлжан заманына ерекше тән еді. Әйел осы ұғыммен биік, осы ұғыммен дара тұра-тұ­ғын. Көркем шындыққа сүйенсек, сол заманға тән бұл түсінікті өз­герт­кен заман қазақ жеріне кейін келді. Өз дәуірінің сипатын анық бейнелеген «Раушан коммунист» қазіргі тәуелсіз елдің ұрпағы үшін аса оқылымды болмаса да бірталай қыз-келіншекке жол көрсеткені рас. Раушанды қазақ әйелінің қа­лып­ты тұрмыс тіршілігінің басқа арнаға бұрылғанын көрсеткен алғашқы кейіпкер десек болар. Қазақ қалпына ғасырға жуық уақыт бұрын түскен бұл өзгерістің залалын да пайдасын да кейінгі ұрпақ тең тартты. Оттың басынан, ошақтың қасынан алыстаған әйелдің өне бойына менмен­дік сыналап еніп кетті. Бүгінгінің көз­қара­сымен қарасаңыз, Раушанның іс әрекетінен еш сөкеттік көрмей­сіз, өйт­кені ол кезеңнің әйелге деген көзқара­сы­нан бүгінгінің көзқарасы тым алшақ.
«Қатынды арбаға салып қыдыру – Бәкеннің ойынша, елдің әдетінде жоқ нәрсе, Бата оқыр, төркіндеу сияқты ерекше жұмыстар болмаса, әйелдің үй­ден шығып жүруінің өзі ерсі ғой деп ойлады. Ауылындағы Ты­мақбайдың қатыны екі жылдан бері мешел ауру. Тымақбай салдыр-салақ адам. Елдің әдет-ғұрпын, есіне да алмайды. Дәрі­герлер ауруды жазады дегенді есіткен соң, қатынын арбасына салып алып, Ты­мақбай қалаға шапқылайды да тұра­ды. Ауылдың еріккен адамдары Ты­мақ­байды келеке қылады «Қа­тын­жанды» дейді, «Қатынынан қорқады, қаты­нының айтқанын екі қыла алмайды», – деп те есептейді. Сол есептеуінің ішінде Бә­кен­нің өзі де бар.
Шіркін, не көрінді екен?! Өлсе сондай бір қатын табылмайды деп қорқа ма екен? Арбасына салып алып шапқылауға жұрттан ұялсайшы! – деп талай айт­қан.
Бәкеннің өз айтқаны өз басына кел­ге­нін қарапайым тәсілмен түсін­дірген жазушы, сол замандағы әйел өмірінің қадірсіздігін де анық айтқан. Бұрымды­ның өмірі­нің осы қадірсіздігіне деген на­разылық өмірге Раушан секілді кейіп­­керді алып келген еді. Рау­шан­ның ойынша, әлемнің отбасы ошақ қасынан өзге қызығын көру­ге әйел де лайық болатын... Бірақ, бүгінгі әйел өмірдің қызығы мен шыжығына бірдей батып, қы­рық түрлі бейнеде көрініп жүр. Ол енді отбасы ошақ қасының ғана емес, қоғамның да бірталай ауыртпа­шылы­ғын мойнына артып алды. Жоғарыда кел­тір­ген Ұлжанның Жалғыз-ақ, әйел еркекке ене бауырын­дағы құлындай жанасып жүріп те, не шеттеп тайталасып жүріп те сүйе­ніп өседі. Ерден әйел жамандық та алады, қасиет те алады. Менің жақсылығым болса, сол сенің де жа­тың емес, өз тәнің бе деп білем. Сен – сен болмасаң, мен – мен болмасам керек, деген сөзіндей сөз қазіргі әйел­дің аузынан шықпайды. Себебі, олар еріне осыншалықты риясыз­дықпен сенім арта алмайды. Бүгінгі әйел­дер­дің көп бөлігі тек өзіне сенеді. Бұрындары жиі айтылатын «Мал таппайтын еркек жоқ ұқсауын айт» деген сөз өз тұғыры­нан әлдеқашан түсіп қал­ды. Бүгінгі мал – ақшаны екі әйелдің бірі табатын болды. Сосын да олар өз тәуелсіздігін алға тартуға бейіл. Тіпті, мал таппаған еркек­тің есіктегі басын төрге сүйрейтін әйелдер де бар ара­мыз­да. Көп уақыттан бері әйел адамның еріне «Сүйеу болуының» сипаты осылай өзгерді. Әйел – ер адамның тылдағы сақтаулы күші секілді ері барда алдына шықпай­ды, жоқта оның жүгін тайсалмай атқарады. Оған мысалды алыстан іздеудің қажеті жоқ. Соғыс жылдары жайлы жазылған кез келген қа­зақ қаламгерінің шығар­масын алса­ңыз, бүгінде «нәзік жандылар» аталып жүрген анала­рымыз­дың барлығы дерлік «Мылтықсыз майданда» күрескенін түсінесіз. Олар үшін ер азаматтың қадірі бү­гін­гіден әлдеқайда биік, әлдеқайда қастерлі. Қай тұрғыдан алсаңыз да дәл сол кезеңде «Сен – сен бол­масаң, мен – мен болмасам керек» деген Ұлжанның аузындағы сөздің шындығы дәлелденген еді. Ер адам болмаса, әйел адамның өмірі­нің мәнсіздігін әр адам іштей ұғын­­­ған сондай жылдардың бол­ған­­дығын бүгінгі жаулықтылар өкінішке орай көп еске ала бер­мейді. Оған әйелдің өзінен бұрын, барша адамның түсінігін басқа бағытқа өзгерткен қоғам себепші болса керек. Адам қоғамға емес, қоғам адамға билік жүргізуде. Бірде сырқат­танып ауруханада жатып емделуіме тура келді. «Ке­ме­дегінің жаны бір». Пенденің бір уақыт тәубаға түсіп денсаулық­тан артық байлық жоқ екендігін, сезін­ді­ретін бұл жерде шаршаған адамдарды кездестіру қиын емес. Шағын операциядан соң мені палатаға әкеліп жатқыз­ды. Жансыздандыратын дәрінің әсерінен әлсіреп ұйықтай бергенмін, мені тоқтамай сөйлеп жатқан ашулы әйелдің дауысы оятып жіберді. Неге сонша наразы болды деген ой көкейімде тұрса да сұрауға әлім жоқ. Бірақ, тыңдамау мүмкін емес.
– Осыдан бұлар соны істеп көр­сін, мен не көрсетер екенмін. Ауруды емдей алмаған соң тапқан амалдарын қарашы. Пусть только попробует. Осынша атақты аурухана бола тұра, сырқатымды емдеу­ге шамасы келмегені несі?.. Мен бұлардың айтқанына келіс­пей­мін, мына жерден шығып, емдей­тін жер тауып, қанша ақша сұраса да беріп сырқатым­ның дауасын табам да мұндағылардың қолынан дым келмейтінін дәлел­деймін.
Ашулы әйелдің тоқтайтын түрі кө­рін­бейді. Палатадағы өзге қыз- келін­шектер мен секілді емес сұрау­ға шамалары бар болса да «Қандай диагноз қойды, неге ашулысыз» деп сұрауға дәт­тері бармайтын секілді. Мүмкін сырқа­тының атын біліп тұрғасын жанын жаралағылары келмеген болар. Арада біраз уақыт өткенде, шашын сарыға бояған қазақ келіншектің емдеуші дәрігері келді.
– Сіз неге сонша ашуландыңыз? Сұра­ғыңыз болса, құр айғаймен қа­сыңыз­дағы науқастардың мазасын ала бермей, бізге айтыңыз.
– Мен шалдыққан сырқатты ем­деу­дің өзге жолы жоқ дегенге сен­­бей отырмын.­ Бұл ауруға шал­дыққан әйелдің барлығы жатырынан айырыла берсе, не болғаны...
Ашудың артында ашыну бар еді, ол ашыну сыртқа жас болып шықты.
– Мені тыңдаңыз,– дәрігер сыпайы қалпынан ажырамай сөзін әрі қарай жалғай берді.
– Түсінесіз бе, жатырдың қа­бынуы тым асқынғанда оның іші­не ірің толып кетеді. Біз оны сорып алатын күшті дәрілерді қолдан­ғанымызбен, араға уақыт салып ол қайтадан толады. Ірің басқа дене мүшелеріңізге тарамас үшін біз жатырыңызды ампутация жасауға мәжбүрміз. Ал егер бір курс ем қабылдап болған соң бала көтеріп, бо­сан­саңыз қайталамауы мүмкін. Әрине, мен оған кепіл бола алмаймын, бірақ тәжірибемізде сондай жағдайлар кездескендіктен сізге солай кеңес беруге міндет­тімін. Шешімді өзіңіз шыға­расыз. Ашуланудың адам жүйке­сіне қат­ты әсер ететінін білесіз ғой, сон­дықтан сабыр сақтауыңыз­ды сұ­рай­мын. Мұнда мәселе сіз ой­­ла­ғандай ақшаның көмегімен ше­шілмейді. Бәрі Құдайдың қолында.
Дәрігердің аяғының дыбысы әр келіншектің жүрегінің қағысы секілді тықтық етті де шығып кетті.
Бәріміз ішімізден уһ дегенбіз. Уайымдама, деген сөз барлығымыз­дың жанарымызда тұрғанымен, ауызбен айтуға жүрексіндік. Ашуы тарқаған келіншек бұл жолы шын жылады. Жылап отырып өзінің қаржылық жағ­дайының жақсы екенін, сөйте тұра бір ғана баламен шектелгенін, оның өзі 18 жасқа келіп қалғанын, жас кезінде ұл туып алмағанын айтып өкінді. Жатырымды алып тастауға келісім берсем, мені күйеуім тастап кетеді ғой, деді бір уақытта. Осы кезде арамыздағы үл­ке­німіз, «қой олай деме, сен оның қызы­ның анасысың , жаман ойға ырық бер­сең оның әр ісі мен сөзі саған күдік тудырып, өзіңнен алыстатып аласың», – деп басу айтты.
– Сіз білмейсіз ғой қазіргі қыз­дар ақшалы еркекті іздейді. Ер адам­ға да жас қыз алған жақсы емес пе. Жасым қырықтан асқанда өйтіп, досқа күлкі дұшпанға таба болар жайым жоқ.
Әйелдік болмыстың мазмұны осы ма еді? деген сұрақ көкейіме келсе де оның жауабын іздеуге ба­тылым жетпеді. Ауруханада жатқан әр әйелдің өз түсінігі өзі танымы өздеріне ғана тән бөлек әлем. Қазіргі заманның әйелдері үшін қалауы мен міндеті қатар тұрады. Бұрынғы замандағыдай бәйбіше, тоқал, жас тоқал болуға көніп, қалауын кейінге ысырып міндетін ғана атқармайды олар. Мін­детін атқара жүріп қалаға­нына жетуге ұмтылады. Күйеуім мені ғана жақсы көрсін деген эгоистік сезім бұрынғыларда бол­маған ғой. Тіпті, ол заманда ондай ұғымның иісі де шықпаған болар. Оларда, тіпті жалғыздық деген де түсінік бол­маған сияқты. «Жал­ғыз­дық Құдайға ғана жарасады» деген ұғым бар адамның миында берік сақталғандай ол кезде. Ал кейі­нірек, Раушан комунистің сіңлі­лері оқып, білім алып көзі ашылған соң, оқымаған жігіттерге жоғары­дан қарап, өздерінің ақылы жеткен өреге бойлай алмайтындардан бойларын аулақ ұстай­тын болды. Біздің қазақ та қызық, барған же­рін­де біреудің қолына қарап қал­ма­сын деп ұлын қойып, қызына білім беретін кезі де болды. Ондағы ойлары ер адам­ның жолы кең, екі қолына бір күрек табылады дегені еді. Бірақ сонысы көп қыздың бағын байлап, біраз ұлдың өрісін де өресін де тарылтып қойды.
Біздің палатадағы келіншек­тердің ең жасы күрд келіншек еді. Екі баласы болғандықтан келін­шек дейміз ғой, әйтпесе, 20 дан жаңа асыпты. «Сонда сен қанша жасың­да тұрмысқа шықтың», – дейміз біз әлгіге, «мектепті бі­тір­медің бе», – деп те бастырмалатамыз. «15 тен асқанда», – деп жы­­мияды ол. «Әйелдерге оқып не керек, балаларымыз оқысын. Бәрібір әйелдің бақыты бала мен отбасында» деп қояды. Біз оның сөзін іштей мойындасақ та, қо­ғам­ның көшінен қала алмайтынымызды, үйде отырып қалсақ ер адамдар бізді басынып кететінін айтып біраз дау­рық­тық. Әр­қай­сымыз өз та­ны­сы­мыздың басынан өткен түрлі жағдайларды айтып, ешкімге сенуге бол­май­тынын, тағы да қайталадық. Оны­мыз күрд келін­шектің көңіліне қылаудай әсер етпеді.
Бір танысым, осы кавказдық­тар­ға қарасаң, қашанда орамалдарын тастамайды, мойындары мен саусақтарына алтынды толтырып тағып алып үйде сиыр сауып жү­ре­ді, – деп күлгені, есіме түсті. Оның сөзінің жаны бар еді. Шари­ғаттың өзі әйел адамның тек кү­йеуі үшін ғана сәнденуіне рұхсат етеді. Мен оған олардың шариғат заңымен жүретінін айттым. Іле, әйелдің қоғамдағы орны­ның осын­­ша шарықтап тұрған зама­нын­­да да әйедерінің ұстаным­да­рын сақтап отырған ұлттың ділінің бері­к­тігінің сыры неде дегенді ойладым...
Қара шашын сарыға бояп сәндеген келіншектің ашуы батқан күнмен бірге ақырындап басыла берді. Әліптің артын бағатынын өзгеміз айтқызбай түсінген­біз. Палатаның қалыпты өмірі қайта келіп бір-бірімізбен жақсырақ таныса бастадық. Жаңа күннің бесін уақытысына таман тағы бір келіншекпен толықтық. Мінезі жайлы болғанмен, бұйығы келін­шек бірден араласып кете қой­ма­ды. Екінші күні оның да диаг­нозы­­ның сары шашты ке­­­­­лін­шектікіндей екенін біл­дік.
– Мейлі, – деді ол. Екі ұлымды жастай жетім қалдырғанша ампутациясына келіскенім артық. Өзі­міз бір бөлмелі жатақханада тұ­­рамыз, тапқанымыз соның электр жарығы, суы, жылуы мен ішіп жеміміз, киім-кешегімізден артылмайды. Осынша жыл балаларым қатар­дан қалмасын деп жұмыс істеп тапқан ауруым бұл. Дәрігерге әне барам, міне барам деп жүріп осы халге жеттім. Жұ­мыс күндері білінбейді. Менің ауыратынымды әбден біліп ал­ғандықан, сенбі-жексенбі болса балаларым, тез жұ­мыс күні бастал­са екен деп тілейді. Енді тусам оны қалай асыраймын, одан да кетер күйеу кете берсін.
Дауысынан ашыну да, өкіну де бай­қалмайды. Тек болған іске болаттай бекі­ген мойынсұну бар.
Сенімсіздік. Бір жастықта басы түйіскен екі адамның бірі мұнша неге сенімнен айырылды екен. Бір күннің немесе бір-екі отба­сы­ның күмәні емес бұл. Қоғамның алуан жылдар бойы өзі қалып­тастырған көзқарасы еді... Біреуге шын ниетімен сене алмайтын адамның қорқақ келетіні бар. Бұл қорқақтық мына екі келіншек қана емес бүгінгінің көп әйелі­нің көңіл түпкіріне мықтап жа­сы­рын­ған. Ебін тапқаны, табысты­­лары ондай күн туа қалса, нырай қал­майын деген оймен жинақ кассасына салым салып та жү­ре­ді.
– Он твой муж? Который приехал в джипе?
Ойымды қасымдағы керуетте орна­лас­қан орыс қызға сұрақ қойған, сары шаш­ты келіншектің сөзі бөліп жібер­ді.
– Или родственник?
– Жоқ, – деп қысыла жауап берді орыс қыз.
– Түсінікті.
Сырқатының бет алысына беймаза боп жүрген келіншекке бұл жауап ұнамады. Өз төсегіне кетіп үнсіз қалды. Ол қойған сұрақтың жауабын өзгеміз тыңда­дық.
– Жасым болса келіп қалды, енді мені іздеп ақ боз атты ханзада келмейтіні белгілі. Ал мына кісі­нің жасы үлкен, ұлты басқа болған­мен, өзіме деген қам­қорлығы жақсы. Білімім орта болғасын жұмыс табу да қиын, маған гүл сататын екі дүңгіршек алып бер­ді. Әпкем екеуміз сонымен жан баға­мыз. Қаладан алыс тұрамыз, қолы­мызда кәрі шешем, мектепте оқитын інім бар. Өзімнің жасым­дағы жігіттер маған бұлай қам­қорлық жасай алмайды ғой, оның үстіне олардың қатары сиреп кетті.
– Шешең қарсы болған жоқ па?
Жасы үлкен апайдың сұрағы бұл.
– Бірден қолдай қоймағаны рас, кейіннен «Тек өзің опық жеп қалмасаң болды», – деді.
– Әй, шеше байғұс-ай,– деді де, апай теріс қарап жатып қалды. Онысын өз қызым осы күйге түс­песе екен деп тілеп жатқаны шығар деп ұқтым.
Бұдан бір ғасыр бұрын Есеней­дің құрығынан құтылар амал жоқ екенін түйсінген Ұлпан сол құрық­ты елінің пайдасына жұмсап еді-ау. Менімен жасы шамалас мына қызға қарасам, әйелдігін сақтап қалу үшін осы қадамға барған се­кілді. Баяғыда үлкен кісілер «әйел адам жалғыз жүре берсе еркектеніп кетеді»,– деуші еді... Бала көтеріп, ана атанбаса бұл жү­рі­сінің мәнсіз екенін айтып, көр­шім ем-шара қабылдауға кетті.
– Міне көрдіңіз бе? Осындай тәрбие­сіз қыздар ер адамдардың барлығын есіртіп қойды. Бұл қайтіп ана болады? Қандай тәрбие береді?Ақымақ?
– Қайтесің?.. тағдыр ғой. Әйт­песе, ол осы өмірді қалайды ғой дейсің бе?
– Қойыңызшы, сіз де... Бұл қызға адвокат болып... Ашушаң келіншектің орыс қызға сұрақ қойғанының мәнін енді түсіндік. Көршім ем-шарадан келгенше оның шешімі мен тағдыры біршама талқыға түсті.
Көршіммен тағдырлас бүгінгі қыз­дар­дың жанкүйзелісі – Есе­ней­дің ел-жұрты құрақ ұшып қа­­­былдаған Ұлпанның азабы мен қиындығынан бөлектеу... Заманы басқа салғанмен қоғамы, ортасы, дос-жараны қабылда­ма­ған тасада­ғы тағдыр олардікі. Өзгелер күс­таналауға бейім болғанмен, басы­мыз­ға салмасын деп, айтқан жер­­­ден жырақта болғанын қалай­ды. Демек, ол тағдырдың ащы екенін мойындайды.
Тұрғындары кеңдікке ұмтыла­тын, бірақ адамдары кең бола алмайтын қызық қоғам біздікі. Ал әйел үшін қилы қоғамда да қызық қоғамда да әйелге тән нәзіктігі мен кеңдігін сақтап қалу – ең жауапты іс. Бүгінгі әйел, ер адамның алдында бас шұлғып бағынба­ға­ны­мен оның иығына түскен жүкті бірлесіп кө­теру­ге даяр. Олар мұны Ұлы Отан соғысы кезін айтпа­ған­ның өзінде бертіндегі нарықтың қыс­па­ғы алқы­мнан алғанда көп жүкті ала мүшекпен арқа­лап жү­ріп мойындатты. Бірақ бүгінгі бей­біт заманның ағыны ол күн­дерден қатты. Заманның алуан түрге құбылған уақытында нәзік­ті­гін сақтап қалуды мақсат еткен әйелдердің бүгінгі қатқыл, тасбауыр қоғамда күшті болмасқа әбдісі жоқ. Күшті боламыз деп те табиға­тынан алыстап бара жат­қан­дай. Әйелдері күшті болған са­йын ер адамдар оларға арқа сү­йеп, кететін сыңайлы.
Таңғы астың орнын жинастыру, баланың жаялығын ауыстыру секілді ұсақ-түйек шаруалармен жүріп басыма осындай ойлар келіп еді. Түс мезгілі жақындап қал­ған екен, ас бөлмеге келсем, енем, құр­бысына өздерінің мал бағып көшіп-қонып, ауыл ішінде көп болмағанын бала­ларының ене­сінде болған­дығын, ене­сінің қолындағы абысыны­ның өз балаларымен қосып, енемнің балаларын да бағып өсіргенін. Шиеттей бала-шағаның кірін жуып, тама­ғын пісі­ріп арасында өз жұ­мысына барып үлгер­генін. Соның бәріне бір ауыз ләм-мим де­мей көн­дік­кен­дігін айтып, мар­құм­ның әруа­ғына риза­шылығын білдіріп отыр екен.
– Е-ее ол заманның келіндері кең еді ғой, – деп жатты.

Назым Дүтбаева
writers.kz 

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста