Мынау Шет ауданының Қарасу, Жылымсу өңірінде Әйменбет Әжібайұлы атты қазақ өткен. Сол кісіні жалпақ жұрт есімін жұқартып Әйекелеп отырады. Ол кісінің кім екендігі сұралмайды.
Өйткені, бәрі біледі. Өзінің ақыл-парасатымен жанына жақсыларды жиып, бір атаның сөзін ұстаған адам. Қарасу бойында мешіт салдырып, елді имандылық жолына салуда көп еңбек сіңірген. Сол кезде есімдері дүрілдеп тұрған ауыл молдалары Ақбар Әйменбетұлы, Қапан Әбілдаұлы, Асқар Әйменбетұлы, Ілияс Әйменбетұлы, Рақымбек Мәжібайұлы (кейін өзі дәріс берген), Баймырза Мәңдібайұлы, Омарбай Мұстапаұлы, Смайыл Мұстапаұлы, Әшей Ыбырайұлы және басқалары осы медресенің талабалары болыпты.
Осы талабалардың біразы кесек тұлғалар болды. Біразы сол кездегі саясат құрбаны болып, қуғын-сүргінге ұшырады.
Әйменбет баласы Ақбар сондай тұлға болатын.
Ақбар Әйменбетұлы Ақшатау болыстығының оныншы ауылында 1890 жылы дүниеге келген. Әкесінің дәулеті арқасында мұсылманша білім алып, ерте жетіледі. Астынан ат кетпей, ел ісіне араласады. Алған тәліміне қарай елді имандылық жолына шақырады. Боса-болмаса діни әдебиеттер таратады. Кешегі талабаның мұндай тірлігі сол кездегі төрт әріптегілерге ұнай қоймайды. Ашық түрде мүсілім молда болады. Сол кездегі саясатқа ытырынып қарайды.
Ашаршылық жылдарында ашық түрде қызыл саясатқа қарсы болады. Ашыққан елді құтқарып қалуға барын салады. Осы өңірдегі қазақтарды отырған орындарынан қозғалмауға шақырады. Алыс жатқан ағайындарды жандарына топтастыруға ұмтылады. Өйткені, оларды балығымен, егінімен асырап отырған Қарасулары бар еді.
Шатақтың бәрі осы жерден басталады.
– Тығып отырған астығың бар екен, шығар, құлақ, – деп ыңқыбы (НКВД) әңгіртаяқ ойнатады.
– Халық үстінен күн көрген арамтамақ, – деп және біз тілдерін сұғады.
– Бетіңнен май тамып тұр ғой, боржай – деп және тиіседі.
– Бәрі бір Құдайдан, – деп құтылып кетеді Ақбар атамыз.
Совет өкіметінен көрмей, Құдайдан көргені жағады ыңқыбыға.
Алайда, сонысы өзіне пәле болып жабысады.
Қайтып келіп олар Ақбардың қолын қайырып, аудан орталығына бастайтын айдау жолға салады.
– Не жаздым? – деп сұрайды.
– Бәрі бір Құдайдан...– дейді айдауылдар.
Аудан орталығына әкеліп жауаптың астына алады. Бұл тұс Шеттегі ыңқыбылардың атағы жер жарып тұрған тұсы. Осы өңірден жапон тыңшысын да, қытай тыңшысын да ұстаған ыңқыбылар оған да статья табады. ВУИК бабы деген.
Бұл мәселе бойынша сұрау салғанбыз. "Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Қарағанды облысы бойынша басқармасы» ММ берген мұрағаттық құжатта Айменбетов текесімі Аймағанбетов деп жазылыпты. Одан әрменгі ақпарат бізді шынымен тығырыққа тіреген. «Шет аудандық сотының 1933 жылғы 7 қазан күнгі шешімімен ВУИК бабымен (құжатта осылай жазылған) өтеу мерзімі 1933 жылғы 5 қазаннан 1943 жылғы 5 қазанға дейін деп белгіленіп, он жыл мерзімге кесіледі».
Бұл – ресми органның жауабы. ВУИК бабын айырып бермеді. Мұның не статья екенін біз тұрсын, заңгерлердің өздері біледі ме екен?!
Дегенмен, бір сәуле түсіруге болады. ВУИК емес ВМН (высшая мера наказания) болар. Бұл – ату жазасы деген сөз ғой.
Сонымен, Ақбар Аймағанбетов он жылға кесіліп кете барады.
1933 жылғы қыркүйектің ортасында Қарағанды еңбекпен түзеу лагеріне айдалады.
Бұл кәдімгі ҚарЛАГ болатын.
Қыркүйектің жиырмасынан бастап осында отырады.
Ақбарды кешегі шалдар Қарасуды теріс ағызған молда деп отыратын. Сонысы рас болса керек.
Төрт әріптегілер оған мұнда да күн көрсетпейді.
Ең қиын жұмыстарға салады. "Жаныңдағыларды тауып бер" деп жанын күндіз-түні қинайды. Соның біріне мойымайды.
Келер жылдың бесінші желтоқсанында патшаға мәдет тілеп, дұға оқиды. Келер күні де дұға оқиды.
Келер күні оның жатқан орнында түрмеқап жатады.
Есікті бұзбаған. Терезе де аман-сау. Төбе де тесіктен аман.
Сонда қақаған қыс ішінде сыр жалаңаш тұтқын қайда барып сіңеді?
ҚарЛАГ аяғынан тік көтеріледі. Әрі іздеп, бері іздеп таппайды.
Бұған дейін ҚарЛАГ-тан қашқан жан болмапты.
Қашуға ұмтылыс жасағандарды сол бетінде басатын болған ғой.
ҚарЛАГ-тан тұтқын қашты деген бетке шіркеу. Оның үстіне қашқын қазақ болар ма? Амал жоқ, іздестіруді тоқтатады.
Қалай қашты, соңғы тағдыры не болды? Мәлімсіз.
Ауылдың жер тартқан абыздары:
– Түрмедегілердің көзін байлаған екен ғой... – деп күрсінер еді.
Содан бері сексен жыл өтіпті.
Содан бері бір хабары болмай тұр.
Ақбар бабамыздың ұрпақтары әлі іздеу салуларын жалғастырып келеді.
Бүгінде сол істің басында немересі Жәкенұлы Мұрат жүр.
– Көкке ұшса өзі біледі... – дейді Мұраты.
Мен оның осынау сөзіне қарап, Ақбар бабамыз туралы дерек табатынына сенемін.
Табылмаса... Несі бар? Көкке ұшса, ұшқан шығар...