Сонымен, жапан түздегі жалғыз батыр болып Томиристі көріп шықтық. Ауқымды түсіріліпті. Актрисаны дұрыс таңдаған. Образды ұстап тұрды. Көптің арасынан фактурасы дара көріне алды. Қазақша тіл білмеуі екінші мәселе. Тек, асыранды ұл жігіт болғанда таза моңғолтектес актерге айналғаны түсініксіз. Ол кезеңде әлі моңғолтектестермен қаны араласпаған кезең деп санаймын. Томиристің жүзігінде неге марал бейнеленген? Сақтардың тотеміне (барыс, пырақ) келмейді. Спарғаптың ордасын тым қораш, жұпыны жасағаны түсініксіз болды. Байлығымен айбары асқан массагет тайпасы екендігі сезілмеді. Бүгін Жамбыл Артықбаев ағам неміс елінен Томиристің бір ұшығын шығарды. Оны оқымаған екенмін. Менің оқығаным Геродоттың жазуында сақтардың астына мінген атының ауыздығына дейін алтынмен апталғаны. Фильмде массагеттердің байлыққа кенелген жерде тұратыны көрінбей қалды. Пайымымда алтынға бай болғаны үшін Кир қызығып саудагерін жіберген.Үш тіл емес - төрт тіл қолданған-ау деп қалдым. Мәселен - Тарихшы араб әріпімен жазып отырғанда: не парсы, не, араб тілінде сөйлегендей естілді. Кинопаркте дауысын тым қатты қояды екен. Тарихшының сөзін естігім келіп қанша құлағымды тоссам да, даңғырлап естілмей қалды. Көне түріктер ислам діні келгеннен соң араб әріпін қолдана отырып парсы тілінде сөйлегені белгілі. Ол жағын Ерекең айтар. Ең бастысы - интрига кемшін. Спарғаптың өліміне дейін біршама бар интрига, ол өлген соң өшіп қалды. Томиристің бала кезіне, әкесі өлгеннен соңғы бойжету процессіне уақыт тым көп беріліп, тақта отырған кезіндегі интрига өрбімей қалды. Тақ бар жерде міндетті түрде ішінара интрига, сатқындық арпалысып жатады. Сол жетіспеді. Тарихи қақтығыс интрига арқылы құлпырған ғой. Әйгілі Рүстемнің аты мен тайпасын өзгерту қаншалық керек болғанын түсінбедім. Тарихтан ауытқығаны болмаса, ол енді режиссердің еркіндегі мәселе. Аргунды тақта, Томиристің қасында, әйел болмысында отырғаны тым қарапайым көрінді. Томирис тақта өзі отырған. Сондығымен сақ дәуірі матриархат ғасыры боп аталған. Бас кейіпкер Томирис болғандықтан, тақта өзі отырғаны дұрыс болар еді деп ойлаймын. Томирис тайпасының билігін қолына алғаннан соң интрига жоқтың қасы десе болғандай. Массагеттердің де өз ішінде мықтылары болды. Таққа кім көзін салмайды дейсің? Аргунмен соғыс сахнасы ұнады. Қан майданда ұтымды элемент тапқан. Аргун мен Томиристің бір-біріне сезімін білдіретін жері. Өлімнің ішінен өмір табуы. Соғыс сахналары ойымнан шықты.Соғыс тактикасы жоғарыдан әдемі түсірілген. Каскадерлердің жұмысында мін жоқ. Керемет ойнаған. Сармат ханшайымын сомдаған актрисаның ойыны мен физический сайыс сахналары ұнады. Актриса сайыс сахнасына ыждаһатпен дайындалған. Қимылына сенесің. Аргунның ұлын ертіп Кирге бару сахнасы сенімсіз. Тарихта Кирдің әскер құрамында сақтардың соғысқаны бар. Бірақ, тап Аргунның Кирге бару себебіне дәлел сенімсіз. Бәлкім, барған да болар, кім білсін?! Тек, "Самарқанның көктасы қалай ерігенін көріп келейін?"- деп бара салғандай нанымсыз көрінді. Томирис өте кемеңгер әйел. Жалғыз ұлын алыс сапарға әкесіне ертіп жіберуіне тырп еткізбестей себеп-салдарды көрмедім. Мәселен, Кирдің саудагерлері ішкі сатқындармен ауызжаласып, Томиристің күйеуі мен ұлының өліміне себеп болардай интрига жасалғанда ғой деп қаласың. Томиристің түсі ұнады. Режиссер мен сценарийстің Томиристің бала күнінен - болашақта болатын қатерді аян арқылы бергені көңіліме қонды. Шайқасы да әдемі шыққан. Өкініштісі, фильмнің өнбойында актрисада санқұбылу (перевоплощение) процессі біркелкі боп кеткен тұсы көп. Патша да адам екенін, 24 сағат бойы бір кейіпте жүруі мүмкін емес екені ескерілмей қалғандай. Қаталдығы көркіне үйлесіп тұр. Тек, босаңсытып алатын тұста кәсіби актриса еместігі білініп қалады. Онысын енді біз сияқты қақпастар болмаса, көрермен байқай бермейтіне сенемін. Аргуннің ролі қысылып қалған. Еркін сілтенбей тұр. Аргун-Рүстем, өзі де тақмұрагер, оған массагеттің патшайымына үйленгендіктен айбыны асқақтап тұрған батыр. Актер дұрыс болғанымен, өзін көрсетуіне сахна жетпей қалған. Кир тым осал. "Шах семи шахов" болған Кирдің жәй шал болып берілгені сенімсіз. Тіптен, алдына сақ батырының жетіп келе жатқанын көріп, міз бақпай отыра бергені батырлығын емес- кері жұмыс жасады. Ол - айдаһардай Кир. Ассирия мен Вавилонды алған Кир, әдемі жібек халатпен қуыршақ болып отырғаны "әттеген-ай?!" дегізді. Жауы жақындағанда арыстанша айбат шеге ұмтыла ма десем, жәй күйреген шал болып отыра берді. Күміс болмаса - алтынның парқы қайдан шықпақ?! Кир мықты болмағанда бәлкім, Томирис тарихта қалмас па еді?! Көп пікірде Томиристің Кирдің басын өзі шаппағанына өкінгендерін естіген едім. Өз басым режиссер мен сценарийстің шешімімен келістім. Себебі, алдыңғы сахнасында Томирис сармат құрбысына жатырында ұрпақ қалғанын айтады. Патшайым ретінде қолды алдымен жауға бастап, соңынан биіктен қарап тұрғанында - жатырындағы баланы болашаққа сақтау үшін қан майданға енбегені ақталды. Тек, Кирдің басын қанға бөгуіне болар еді. Сол жерін тым сыпайылап жіберген. "Қанға - қан?!"- қаракеті көрерменнің айызын қандыра алмай қалды. Қатыгез заманда тұлабойы тұңғышының кегін алу, оқиға желісімен ақталған болар еді. Бұл жерде режиссер әйелдің қолын қанға бөккісі келмесе керек. Бірақ. бұған дейін жауының қанын судай шашты ғой? Жалпы, актерлердің ойыны ұнады. Бұрындағы фильмдегілердей ешқайсы "пісте шағып" тұрған жоқ. Бәрі жанталасып жұмыс жасаған. Амазонкаларды тірілткені кезеңін ақтап тұр. Көп ғалымдарға амазонкалар ұнамайтынын білемін. Бірақ, әр ғасырдың тудырған өз шындығын да ұмытпаған жөн. Костюмге келсем, бастапқыда Аргунның мойнында ғана алтын алқа болып, басқасынан көрінбеді. Соңынан барып Томирис алтын тағынды. Томиристі жетім деп алсақ, тайпаның басқа байларынан алтын көрінбей келіп, той сахнасында бірден алтын киінгені көзді осып өтті. Дейін көрінбегені санамызда қалыптасқан "алтын дәуірге" қиыспай қалғандай әсер етті. Бастысы - фильм бар! Режиссер мен сценарийст көп еңбектенген. Бұл фильм бізге керек. Тек, алғашқы жарты сағатқа дейін үш тілге алаңдап, жүйкеме салмақ түскені болмаса. Осы бірнеше тілдік болуы қаншалық қажет болғанын түсінбедім. Сатаев кәсіби режиссер болғандықтан, өзінің ұзақ жылдарғы қолданғысы келген тәсілі болар. Оған режиссер құқылы. Сондықтан да режиссер - суреткер. Бұл менің жеке пікірім. Көріңіздер, өкінбейсіздер!
Ерлан Төлеутай, Ереке, Тарихшының тілі көне түрікшеден бөлек-ау деймін? Қазақша субтитрді аракідік қана оқи алдым. Үш тіл жағаласқаны өте ауыр екен. Оқыған сөздерім көркем тілдегі жатық сөздер екеніне Сізге іштей риза болып отырдым. Үлесіңіз ерен!
Р.S. Бұл сын да, мін де емес. Драматургиялық қақтығысқа мән бергенім ғана.
Сая Қасымбек
Фейсбуктегі парақшасынан