Абай облысының беделді ұжымы, өнер мен мәдениетке зор үлес қосып жатқан «Қаламқас» халық ән-би ансамблі 50 жылдық мерейтойын атап өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Осыған орай ансамбльдің іргетасы қаланған Абай ауданында көлемді іс-шаралар өтті. Аудан орталығында орналасқан ұлы Абайдың ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, тағзым етуден басталған шара мәдениет үйінде болған көрмемен жалғасын тапты. Көрмеде "Қаламқас" халық ән-би ансамблінде қызмет еткен ардагер өнерпаздардың өмірі мен шығармашылығынан үзінді көрсетіліп, архив беттерінде сақталған ерекше естеліктер ұсынылды.
Көрмеден кейін ардагер өнерпаздардың арнайы дайындаған мерекелік концерті өтті. Әні мен биі, сәні мен күйі жарасқан бес құрлыққа бедел шашқан "Қаламқастың" жұлдыздары халықтың ықыласына бөленіп, ерекше толқыныста болғанын, өнер мен мәдениеттің шоқтығының биік екеніне шараға жиналғандар тағы бір мәрте көз жеткізді.
«Әрине, "Қаламқас" - бірден "Қаламқас" бола салған жоқ. Оның қалыптасу тарихы, ертерек, Ойқұдықтағы "Еңлік-Кебек", Кремль сахнасындағы "Жалбыр", Алматыдағы "Қаракөзден" бастау алады. Кейін, Ұлылар мекені, қасиетті топырақтан қуат алған дарынды жастар "Қаламқастың" негізін қалауға зор ықпалын тигізді. Қазақта "Елу жылда - ел жаңа" деген аталы сөз бар. Бұл - бекер емес!
Ұжымның жетістігі көп, жетері әлі алда, өнер аспанында қанатын кеңге жайған, өзіндік өрелі тарихы бар.
Жұртымызды әнімен тамсандырып, биімен баурап жүрген ізбасар жастарды тәрбиелеп, елдің қошеметіне бөленіп келеді» - деді өз сөзінде шараға арнайы қатысқан облыс әкімінің орынбасары Шалқар Байбеков.
Бұл кеште әні мен биі, сәні мен күйі жарасқан бес құрлыққа бедел шашқан "Қаламқастың" жұлдыздары тағы бір мәрте халықтың ықыласына бөленді.
Тарихқа көз жүгіртсек, «Қаламқас» ансамблінің өнердегі тарихы мен өсу, өркендеу жолдарының бастауы 1917 жылы Ойқұдық жазығында «Еңлік-Кебек» пьесасы қазақ үйде қойылса, 1967 жыл Абай жастары Кремль сахнасында «Жалбыр» музыкалық драмасын қойып, өнердегі жарқын жолдарына осылайша қадам басты.
1966 жылы Абай жастары республикалық байқауға жолдама алып, Алматыдағы М.Әуезов атындағы драма театрында М.Әуезовтің «Қаракөз» трагедиясын сахналап, I дәрежелі дипломды иеленеді. Ал 1967 жылы Қазақстан көркемөнерпаздарының тұңғышы болып Москваның Кремль сахнасында Бейімбет Майлиннің «Жалбыр» атты музыкалық драмасын қойып, бүкілодақтық фестивальдің алтын медалін жеңіп алды. Өнерпаздар өз бойында мол мүмкіншілік барына көзі жетіп, көңілі сенді. Өнердің кең шалқарына, биік белестеріне ұмтылуға үйренді. Осы сенім мен ұмтылыс «Қаламқас» ән-би эстрадалық ансамблінің құрылуына көмектесті.
Жарты ғасыр - өнер ұжымы үшін аса үлкен тарих. Бұл тарихта өмірден озған аға-апаларымыздың тынымсыз еңбегі мен маңдай тері бар. Олар армандап, аманаттап кеткен, Ұлылар елінің айнасына айналған өнер ордасының абыройына кір келтірмей, ажарына сызат түсірмей, шаң қондырмай ұстау бүгінгі Қаламқастықтардың мызғымас міндеті болмақ.