Қоныс аударушылар мен қандастарға 4 млн 400 мың теңгеге арнайы экономикалық ұтқырлық сертификаты ұсынылады, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі Pavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап.
Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Альмира Дисюпованың айтуынша, еліміздің жұмыс күші көп өңірлерінен көшіп келген азаматтарға баспананы жалға алу бойынша жеңілдіктер қарастырылған.
– Көші-қон саясатын дамыту мақсатында қоныс аударушылар мен қандастарға арналған экономикалық ұтқырлық сертификаты енгізілді. Бұл қоныс аударған отбасыларға жақсы көмек болады, – деді Альмира Дисюпова.
Көшіп келген азаматтар сертификат арқылы бөлінген қаражатқа өздері арнайы ауылдық жерлерде екінші деңгейлі пәтер немесе үй сатып алады немесе үйдің құрылысын бастауға бір реттік көмек алады. Сондай-ақ сертификатты «Отбасы банкіне» алғашқы жарна ретінде пайдалана алады.
– Биылдан бастап бұл азаматтарға арнайы «Көші қон сертификаттары» беріледі. Бұл сертификаттар мөлшері 1300 АЕК немесе 4 млн 400 теңгеден аса қаражатты құрайды. Сертификат есебінен тұрғын үйге берілетін жеңілдіктер мен субсидиялар 12 ай бойы сақталады, – деді Альмира Дисюпова.
Айта кетейік, сондай-ақ облыстың жаңа тұрғындарына кәсіби дағдыларды алу үшін қайта даярлау курстарынан өту ұсынылады. Білім беру жолдамасы арқылы оқу орнын таңдап, өз бетімен жұмысқа орналаса алады.
Естеріңізге салайық, былтыр Павлодар облысына қандастарды қабылдауға 800 квота бөлінген болатын. Биыл өңіріміз қандастарды қабылдауға бөлінген квота саны бойынша көш бастап тұр. 2023 жылғы қандастар үшін облыс бойынша 932 адамға, қоныс аударушылар үшін 2 841 адамға квота бөлінді.