Қазақтар мен қарақалпақтардың туыстығы жайлы көп естиміз. Шындығында екі ұлт этноодақтас, орта ғасырлардан бері қоян-қолтық араласқан бауырлас халық. Мұны этнограф маман да растап отыр. Қарақалпақ ұлты қалай қалыптасқан және олардың тілі мен дәстүрі жайлы не белгілі? Stan.kz тілшісі этнограф Досымбек Қатыраннан сұрады.
Тарихи деректерге сүйенсек, қарақалпақтар 12-13 ғасырларда Бұхара, Қазақ, Хиуа және Сібір хандығының саяси және әскери қызметіне белсенді араласқан. Олардың тәуелсіздік үшін күресі, негізінен, хиуалықтарға қарсы бағытталған. Совет Одағы құрамына кірмей тұрып қарақалпақтар екі бөлек билік қарамағында болды.
Қарақалпақ автономды облысы ҚазССР құрамында 1924 жылы құрылып, ал 1930 жылы Совет Одағының құрамында деп танылды. 1932 жылқа қарай Қарақалпақ Автономиялы Советтік Социалистік Республикасы болып қайта құрылады.
Қарақалпақтар1936 жылдан бастап Совет Одағының құрамында болғанын көбі біледі. 1992 жылдан қазіргі уақытқа дейін түркі тілдес халық Өзбекстан Республикасы құрамына кіреді.
Арыс жағалауы, Жайық, Солтүстік Кавказ бен Дешті Қыпшақ даласына дейінгі территорияда мекендеген халық 16 ғасырларда Үлкен Ноғай ордасынан қазақ, қарақалпақ, ноғай халықтары бөлініп шыққан. Қазақ және қарақалпақ қалыптасу кезеңдерінен бастап етене араласып, саяси-әлеуметтік, экономикалық және тілдік тұрғыдан байланыста болған.
"Елде басшылық қызметтерде отырғандары да бар": Мамандар Қазақстандағы Ислам дінінің теріс ағымдары мен олардың қауіпі жайлы айтты
"Әр кірпішін өзім қаладым": Өзбек ұлтының өкілі үш тілде білім беретін оннан аса мектеп пен балабақша салған
Қарақалпақ сөзінің өзі “қара” және “қалпақ” деген екі түбірден құралып, аталуының себебін этнограф бөліп ажырату мақсатынан туындаған деп есептейді.
“Мәселен, албан руында “қызыл бөрік” руы барын білеміз, олардікі де солай. Демек қара қалпақтар кигендер көп болған. Айырым белгісі ретінде атап, кейіннен атауы қалып қойған болуы мүмкін”, – дейді Досымбек Қатыран.
Тарихшы Рашид ад-Дин қарақалпақтар монғол шапқыншылығы кезінде "Kavm-i külah-i siyah" (қара қалпақты халық) деген атаумен танылғанын жазған. Бұл атаудың мәнісін этнографтан сұрадық.
“Қарақалпақтар Сыр бойында мекендеген. Көшпелі тайпалар ретінде аты аталып жүргені болмаса, тарихи деректерде қарақалпақтар деп айтыла бермейді, 15-16 ғасырдан бастап этноодақ атауымен аталады”, – дейді ол.
Қазақтармен туыстығы
Досымбек Қатыранның сөзінше, қарақалпақтар қазақтарға ең жақын халықтың бірі.
“Ең бірінші орында ноғайлар болса, екінші орында осы қарақалпақтарды атауға болады. Көбі бізге қырғыздар жақын деп айтып жатады. Алайда түптеп келгенде қырғыздар бізге жақындығы, туыстығы жағынан төртінші орында тұрмаса, қарақалпақтардан басып озбайды. Мұның себебін қарақалпақ құрамындағы рулардың бар екендігімен түсіндіруге болады. Ал бұл рулардың барлығы қазақтың құрамында да бар”, – дейді ол.
Діні мен тілі
“Ендігі мәселе, тілі. Сөздерінде айырмашылық жоқ, тілі қатты ұқсас. Қырғыздар жайлы айтсақ, олардың туыстары Енесей, Акас, Ырғыздың бойында. Бөліп, жарғанымыз емес. Бірақ шындығы сол. Ал өзбектер қарақалпақтардан кейінгі үшінші орында қалады. Шынтуайтында бұлар бір атаның балалары”, – дейді маман.
Сөзінше, тілдері жағынан қазақ тіліне өте ұқсас, қырғыз тіліне қарағанда да әлдеқайда жақын.
“Жалпы түркі халықтарын бір туған деп қарастыру керек. 28 түркі халқы болса олар да туысқанымыз. Үлкен тайпаның бөлінуі деп қарау керек”, – деп қосты ол.
Маманның сөзінше, қарақалпақтар да басқа түркі халықтары сияқты 14-15 ғасырдан бастап исламданған.
Қарақалпақтардың мінез-құлқы мен мәдениеті
“Бұл халық оңтүстіктің халқына жақынырақ, пысық, көпті көрген, қолдарынан іс келетін ұлт. Бұған қарап, әрине, қазақтардың қолынан іс келмейді деп айта алмаймыз”, – дейді Досымбек Қатыран.
Қарақалпақтар Орта Азия халқы болған соң оларға да Наурыз, Құрбан айтты тойлау тән. Олардың ұлттық мейрамдары қазақтардікімен ұқсас келсе, танымал ойындары арасында да бәйге, ылақ, күрес кездеседі.
Халықтың дәстүрлі кәсібі ретінде қолөнер көп аталады. Ел ішінде ұсталар, зергерлер, шеберлер көп болған екен. Әйелдердің көбі тоқымашылық, кілем тоқу, киіз басумен айналысқан.
Қарақалпақтар Сырым Датұлы әскерінің құрамында болған
“1723 жылғы Жоңғарлардың шабуылынан Ақтабан шұбырынды оқиғасында қазақтармен бірге қарақалпақтар да Орта Азияның ішкі аудандарына, Ресей шекарасына ауа көшті, Кіші жүз қазақтарымен күш біріктіріп, қалмақтарды Жайық пен Жем бойынан ығыстырды деген дерек бар.
Қазақ қол жинаған сәтте басқа тайпалар көмектесуге міндетті болған. Сырым Датұлы жасағының құрамында қарақалпақтар да болған. Одақтастық мүдде бір деген сөз. Сөзіме дәлел, жоғарыда аталып өткендей қазақтардағы бар рулар оларда да бар”, – дейді этнограф.
Маман халықтың Өзбек Республикасының құрамына кіріп, Тәуелсіздіктерін ала алмауына әртүрлі жайт себеп болуы мүмкін екенін айтады.
“Бір жағынан халық санының аздығы әсер етуі мүмкін, екінші жағынан орналасқан жері Хуа хандығына қарады. Тағы бір факт, мәселен, қазақтарда оқыған, білімді зиялылар көп шықты, бәрі орыстардан оқыды.
Ал қарақалпақтардан шыққан көсемдер көп болған жоқ. Әлихан Бөкейхановтар қаншама еңбек етіп, жүгірді. Міне, осындай “жүгіретін”, айтысып-тартысатын зиялы азаматтар елдің маңдайына көп бұйырмаған болса керек”, – дейді ол.
Еске салсақ, Қарақалпақстанда бұған дейін ресми Ташкенттің Конституцияға өзгертулер енгізу арқылы автономия құқығынан тәуелсіздігін жариялау құқығын алып тастау ұсынысына байланысты жаппай наразылықтар басталған болатын. Бірнеше күннен соң Өзбекстан Қазақстанмен шекарадағы Қарақалпақстандағы өткізу пунктін жапты.
Кейін Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеев Қарақалпақстанды автономиядан айыру жөніндегі бастапқы жоспарларынан бас тартты.
Жақында ғана Қарақалпақcтан автономиясының Денсаулық сақтау министрлігі Өзбекстанның Нүкіс қаласындағы наразылық акциясынан кейін мыңдаған адамның ауруханаға түскенін мәлімдеген.