Отырарды – «Ұлылардың Отаны», «Қазақ өркениетінің алтын бесігі» дейміз. Бірақ солай аталарлық қандай негіз бар еді? Бұл туралы ойланып көрдік пе? Бұл орайда жазушы Қойшығара Салғараұлының «Көне заманның айтулы өркениеттері тек екі мәдениеттің – отырықшылар мен көшпелілер мәдениетінің түйіскен жерінде ғана пайда болып отырған» деген сөзі «өркениет» ұғымының астары тереңде екенін көрсетеді.
Отырар – өркениет бастауы
Отырар – мыңдаған жылдар бойы отырықшы елдер мен көшпенділер өркениетінің табиғи шекарасы болған Сырдария өзенінің шұрайлы жағалауында орналасқан. Тарихтан сыр шертетін мына бір деректерге назар аударып көрейікші: Қытай жеріндегі Алтын империясымен соғысып жатқан Шыңғыс хан әскерлері арасында сауда жасап, мол олжамен оралған Хорезм саудагерлері Отырар қаласына келіп тоқтайды. Хорезм мемлекетін жаулап алмақ болған Шыңғыс хан 1219 жылдың қыркүйек айында Отырар қаласына келіп, қаланы қоршауға алады. 400 мың әскермен Қытайды жаулап алмақ болып, Самарқан қаласынан шыққан Ақсақ Темір жолда Отырарда қайтыс болады. 1391 жылы қаңтар айында Тоқтамысқа қарсы бірінші жорығына шыққан Ақсақ Темір Отырарға келді. Одан ары жорық жолы Ұлытау-Жыланшық-Аманқарағай-Тобыл-Жайыққа жалғасты. Осы және басқа да оқиғалардың бәрінде жорықшылардың түпкі баратын жері – Отырарға тіреле беруінің сыры неде? Мұның бәрі кездейсоқтық па? Қытай жерінен оралған саудагерлердің негізгі баратын бағыты Самарқан қаласы болды? Егер де олар қазіргі жол Тараз-Ташкент (Ходжент)-Самарқан жолымен кетсе, жол қысқара түсер еді ғой. Бірақ олар Отырар арқылы айналды. Неге?
«Бір жол бар жақын, жақын болса да алыс. Бір жол бар алыс, алыс болса да жақын» деген мәтел осы кезде айтылған болса керек. Ол кездегі жолаушылар үшін таулар да, өзен-көлдер де, сусыз шөлдер де, үлкен кедергілер еді. Әсіресе, қосымша көп жүгі бар үлкен әскер, үлкен сауда керуендері үшін жол таңдай білу өте маңызды еді. Сондықтан олар ұзақ жолға шыққанда міндетті түрде жақсы жолбасшы алып жүретін.
Ал енді жоғарыда аталған мысалдарда жорық жолдарының неге Отырарға тіреле беретініне қайта оралайық. Самарқаннан Қытайға барар жолдың солтүстігінде ол кез үшін кесіп өту мүмкін емес екі шөл – Кызылқұм шөлі мен Бетпақдала жатыр. Ал оңтүстігінде бір-біріне жалғасқан таулар тізбегі Қытайға дейін созылған. Сонымен қатар ол таулардың етегінде осы таулардан бастау алатын көптеген өзендер бар.
Өздерімен бірге қажетті азық-түлік, қару-жарақ сияқты көптеген заттарды бірге алып жүретін үлкен әскер мен сауда керуен өз заттарын бүлдірмей тиісті жеріне жеткізу үшін ыңғайлы жол тауып жүруге мәжбүр болды. Асу бермес таулар мен сол таулардың етегіндегі сансыз өзендердің шетін ала жағалап, әрі су табуға қолайсыз шөлдердің шетін ала жүруге мәжбүр болған олар Сырдария өзенінен өтер тұста Арыстың Сырдарияға құятын сағасындағы Отырар мен Түркістанның арасынан қолайлы жер таппайтын. Сондықтан да Орта Азия арқылы шығысқа жол тартқан әскер мен үлкен керуен міндетті түрде Отырар арқылы жүретін болған. Ол кез үшін Отырар өлкесі Кавказдағы Дербент қақпасы, бұрынғы гректік Визянтиядағы, қазіргі Түркия жеріндегі Босфор бұғазы, Мысыр жеріндегі Азиядан Африкаға өтетін тар мойнақ сияқты өте маңызды орын болатын.
Тоғыз жолдың торабы
Египеттегі мойнақ Африка мен Азия мемлекеттерін бір-бірімен жалғастыратын болса, Босфор Азия мен Батыс Еуропаны бір-бірімен байланыстырады. Дербент Шығыс Еуропа елдері мен Батыс Азияны, ал Отырар өлкесі Шығыс Азия мен Батыс Азияны қосқан. Бұл Батыс Азия мен Орталық және Шығыс Азия арасын табиғи шекара Сырдария өзені бөліп жатты. Сондықтан да осындай өте маңызды сауда жолдарының күре тамырында орналасқан қалалар Византиялық Константинополь – кейінгі Стамбул, Египеттік Каир мен Александрия қалалары ғылымы-білімі, өнері, байлығы өте қарыштап дамыған ірі қалаларға айналды. Солар сияқты Отырар қаласы да ежелгі және орта ғасырларда ғылым-білімі, өнері жоғары деңгейде дамыған бай қалалардың бірі болды. Бұны мынадай мысалдармен де дәлелдеуге болады. Араб тарихшысы Табари Отырар патшасын әл-Мамун халифтің жауларының бірі деп атапты. Жарты әлемді билеген халифтің жауы дегенге қарағанда Отырар IX ғасырдың басында-ақ ірі қала болған. Солтүстік Қытайдағы миллиондаған халқы бар Алтын империясын жүз-ақ мың әскермен оп-оңай жаулап алған Шыңғыс хан екі жүз мың әскермен Отырар қаласын алты ай бойы қоршап ала алмай тұрғаны оның күштілігін көрсетсе керек. Отырар қаласының қаншалықты дәулетті қала болғаны туралы мынадай деректер де бар. Шыңғыс ханның қанды жорығынан кейін екі ғасырға жуық уақыт өткенде Отырар қаласының билеушісі болған қыпшақ Сары Бұғының ұлы Нуриддин Ақсақ Темірге сый әкелген. Сол сыйға әкелген заттардың көптігі сонша оларды есепке алуға Ақсақ Темірдің қазынашылары 3 күн уақытын жіберіпті. Ал Отырар өлкесінің ғылым-білімі, өнері туралы мыналарды айтуға болады: «…б.з. 100-178 жылдары өмір сүрген грек ғалымы Клавдий Птоломей Отырарда кітап қоры жағынан өте бай, Александрия кітапханасынан кейін екінші орын алатын кітапхана бар деп жазып кетіпті» дейді белгілі ғалым Ақжан әл-Машани.
Профессор Еренғайып Омаров мынадай қызықты мәліметтерді келтіреді: «Көшпенділер де кітап жазған. Көпшілігі отырықшы болған, қалаларда тұрған. Бұрын қышқа жазып күйдіріп сақтаған. Одан кейін теріге жазуды үйренген. Ондай кітаптар ауырлау келетін. Олардың кітапты көп жазғаны соншалық, жазуға арналған жаңа материал ойлап табуға тура келген. Біздің дәуіріміздің басында Таразда қағазды ойлап тапқан. Шамасы қағазды әлемдегі ең ірі кітапхана орналасқан Отырар қаласына жақындау жерде дайындаған болар». Әрине, кітаптар негізінен Жібек жолының көмегімен жиналған. Бұл жерде «әлемдегі ең ірі кітапхана» дегенді Александрия кітапханасының 391 жылы өртеніп кеткенімен негіздейді. Александрия кітапханасы екі рет өртенген. «Александрия кітапханасының бүкіл Рим , Грек,Үнді және Мысыр әдебиеті сақталған ең үлкен бөлігі б.д.д. 48-47 жылдары Юлий Цезарь мен мысырлықтар арасындағы сұрапыл соғыс кезінде өртеніп кеткен…». Кітапхананың екінші бөлімі, яғни Птоломей заманында жинақталған шағын кітапхана Феодосия дәуіріне дейін сақталған. Б.д.д. 391 жылы патриарх Теофильдің үгіттеуімен Серпион Махалласына шабуыл жасаған христиандар кітапхананы өртеп жіберген. ХII-ғасырда атақты «Александрия кітапханасы Халиф Әмір бастаған мұсылмандардың 642 жылғы жорығы кезінде өртенген» деген ақпарат тараған болатын. Бұл туралы кезінде Мұстафа Шоқай: «Бұл екінші крест жорығында жеңіліс тапқан христиандар мұсылмандарға қарсы өшпенділік тудыру үшін ойлап табылған жала. Себебі, Александрия кітапханасы 642 жылғы Әмір Халифтің жорығынан 250 жыл бұрын 391 жылы христиандардың қолымен өртеніп, жойылып кеткен» деп дәлелдейді. Ал Отырар кітапханасы 1220 жылы Шыңғыс хан шабуылында жойылғаны белгілі.
Әлемнің ең үлкен кітапханасы
«Александрия кітапханасы өртенген 391 жылдан 1220 жылға дейін 830 жыл Отырар кітапханасы әлемдегі ең үлкен кітапхана болған» деп қорытындылайды профессор Еренғайып Омаров. Өкінішке қарай, даңқты бабаларымыздың мыңдаған жылдың тарихымен, ғылым, білім, өнердегі жетістіктерінінің алтын қоры сақталған осы кітапхана түгі қалмай жойылып кетіпті. Жер түбіндегі мысырлық ғалым Птоломей болмаса бізде ондай кітапхана болғанын білмес те едік. Осы кітапханадан білім алған, бүкіл әлем мойындаған Әбу-Нәсір әл-Фараби туралы деректерді де тек соңғы кезде алыс шетел деректерінен таптық. Отырардын өзінде әл-Фарабиден де білімі жоғары, оған білім үйреткен талай ғалымдардың болуы да мүмкін. Себебі Отырар кітапханасын әл-Фараби жинамағаны айтпаса да түсінікті. Бұл кітапханада жүздеген жылдар бойы қаншама ғалымдар еңбек етті. Ол заманда кітаптың өте қымбат тұратынын ескерсек, бұл кітапхананы жинауға мол қаржы кеткені анық. Ол кітаптарды сатып алу, жинақтаудан басқа осы кітаптарды сақтайтын үлкен кітапхана ғимараты және ондағы жұмыс істейтін ғалымдарды қаржыландыру қала бюджетіне оңайға түспесе керек. Бұндай шығынды кішігірім қалалардың көтере алмасы белгілі.
Осындай үлкен кітапхананы IX ғасырда әлемнің жарты бөлігінен байлық тоқтаусыз құйылып жатқан Бағдат халифтері жинақтаған. Халиф Әл-Мамун (813-833ж.) Бағдат қаласында «Байт Әл-Хакма» (Даналық үйі) атты ғалымдар үйін ашып, дүниенің түкпір-түкпірінен ғалымдар шақырып, кітапхана қорын әзірлеген. Обсерватория ашқан. Кейін Бағдатта өте үлкен кітапхана жинақтаған. Бұл «Даналық үйінде» Орта-Азияның, гректің, парсының, Мысырдың көптеген ғалымдары жұмыс жасады. Солардың еңбегінің арқасында кейін «араб өркениеті» деген түсінік пайда болды .
«Даналық үйінде» ең бірінші болып Ортаазиялық математик Әл-Хорезми басшылық жасады. Әбу Насыр әл-Фараби де Бағдат халифінің шақыртуымен Бағдатқа барған. Осы кездегі Бағдат Халифінің басты уәзірлері Фараб қаласынан болған деген дерек бар .
Халифке ақыл қосатын уәзірлердің тек білімді, қабілетті адамдардан жиналатынын ескерсек, Фараб қаласының бұл заманда ғылым-білім, мәдениеті өте жоғары қала болғаны айтпаса да түсінікті. Ғылым-білімде осындай үлкен жетістікке жеткен Фараб-Отырар қаласының негізгі табыс көзі сауда деп білеміз. Кейін ғалымдар «Ұлы Жібек жолы» деп атаған үлкен сауда жолының күре тамырында орналасқан қаланың табысы жоғары қала болғаны даусыз. Енді осы Тарбанд, Турарбанд, Кедер, Фараб, Отырар деп аталатын Отырар өңіріндегі қалалардың іргесі қашан қаланды? Бұған жауап беру үшін қазіргі қолда бар мәліметтерді сөйлетіп көрейік.
Сегіз қала сыры
Грек тарихшысы Арриянның (б.д. 87-145ж.ж.) «Александр жорығы» атты шығармасы Ескендір Зұлхарнайын туралы жазылған көптеген шығармалардың ішіндегі ең сенімді еңбек. Себебі бұл еңбек көзкөргендердің – Лагтың ұлы Птоломейдің және Аристобулдың ұлы Аристобулдың әңгімелері мен Александрдың Шығысқа әскери жорығы туралы олардың хроникалык жазбаларының деректеріне сүйеніп жазылған. Енді осы Арриянның «Александр жорығынан» алынған мына бір мәліметтерді қарастырып көрейік. Онда былай делінген: «Ал оның өзі Танай өзенінің бойында қала тұрғызып, оған өзінің есімін тақпақ болады. Оның ойынша, бұл жер келешекте өсетін қала тұрғызғанға қолайлы еді, себебі скифтердің, өзеннің арғы бетінде тұратын варварлардың шабуылына тойтарыс бере алатын елдің қалқаны болу мүмкіндігі бар еді.
Қаланың үлкен болатынына қоныс аударушылардың көптігі және оның атағының шығуы себепкер болатын еді. Осы уақытта өзенге жақын тұратын варварлар қалалардағы македон гарнизондарын талқандап, басып алды, ал қалалардың бекінісін одан да күшейте түсті. Бұл көтеріліске көптеген соғдалықтар да қатысты. Бұдан хабардар болған Александр өз қарамағындағылардың әрқайсысына өзі көрсеткен сандағы сатылар жасауға бұйрық берді де, өзі лагерьге жақын жердегі Газа аталатын қалаға жүріп кетті.
Бұл жерден ол бірден екінші көршілес қалаға барып, оны да тура солай сол күні-ақ басып алды, жеңілгендердің тағдыры да, алдыңғылардың тағдырын қайталады. Александр келесі күні үшінші қалаға барып, бірден бірінші шабуылдан кейін ол қаланы да басып алды.
Екі күннің ішінде осылай бес қаланы алып, қала тұрғындарын құлдыққа салып, Александр ең үлкен қала Кирдің қаласына бағыт алды. Қала Кирдің салдыруы бойынша биік қабырғамен қоршалған еді және онда көптеген соғысқұмар варварлар жиналған болатын, сондықтан да македондықтарға бірден қаланы алу оңайға соқпады. Александр қабырғаға машиналарды жақындатып, осы жерден қабырғаны бұзып, қалаға кірмек болды. Дегенмен, ол қала арқылы ағып жатқан өзенді көрді және ол өзеннің қыстық жаңбырлардан суы мол болатын, бірақ енді ол мүлдем құрғап қалған еді. Қала қабырғасы оның арнасын толығымен жауып тұрмаған, сондықтан әскерлер ол арқылы қалаға еңбектеп кіре алатын еді. Александр өзімен оққағарларын, қалқаншыларын, садақшыларын алып, варварлар бар көңілдерін машинаға бөліп, сол жерді қорғап жатқанда, ол ешкімге көрінбей, аз адамдарымен өзен арнасы арқылы қалаға кіріп, оны басып алды. Жиырма күннің ішінде қабырғамен қоршап, онда эллиялық жалдамашыларды, онда тұрғысы келген көрші варварларды және соғысқа жарамай қалған македондықтарды тұруға жіберді».
Енді осы берілген мәліметтерді ой елегінен өткізіп көрсек. Мұнда айтылған жеті қала да, Ескендір салдырған сегізінші қала да Танайс өзенінің жағалауында салынған. «Гректер Танайс өзені деп Дон өзенін атайды» дейді ғалымдар. Бұл сегіз қала бір-біріне өте жақын орналасқан. Олай дейтін себебім, Александрдің жаяу әскері ауыр қару-жарақтарын, найзаларын, ауыр мыс қалқан, ауыр тас ататын машиналар мен садақтарын және қала қорғандарына өрмелеу үшін дайындаған ұзын сатыларын сүйретіп бір күнде екі қалаға жетіп, ұрыспен бағындырған және жазалаған. Екінші бір дәлел, өртенген қалалардың түтіні көрші қалаларға көрініп тұрған. Бұл қалалар бір-біріне өте жақын болғандықтан ғана Александр екі күнде бес қаланы бағындырып үлгерген.
Бұл қалалар тізбегі көшпенділердің шабуылынан қорғану үшін қытайлар салған Ұлы Қытай қорғаны, Рим-византиялықтар салған Феодосия қорғаны сияқты қорған шебін құрайтын сияқты. Себебі парсылар да, гректер де азиялық сақтардан, скиф, массагеттерден қатты сескенетін. Себебі бірде-бір Алдынғы Азия мемлекеті азиялық скифтерді ашық соғыста жеңіп көрген емес. Азиялық скифтердің қандай қауіпті жауынгер екенін Александр бұған дейін талай рет естіген де, көрген де болатын. Б.д.д. 331 жылы Гавгамель қыстағы қасындағы соғыста Александрдың 60-ақ мың әскері Дарийдің бірнеше есе көп әскеріне қарсы соғысқан еді.
Рим тарихшысы Квинт Курций Руф (I ғ) «Александр Македонский тарихы» атты еңбегінде Гавгамеладағы соғысқа Дарийдің 200 орақты күймесі, 200 мың жаяу әскер және 45 мың атты әскерінің қатысқанын жазады.
Әрине, бұл оқиғалар туралы тарихи деректер аз емес. Ол деректерден белгілі болғанындай, Сырдария өзенінің жағасына салынған 8 қалада бекініс қалалардың болғандығы.
Бұл бекініс қалалар Ұлы Даладан Орта Азияға өтуге ең қолайлы тұсқа салынған болатын. Бұл қалалардың біреуін парсы патшалығының негізін қалаған Кир патша салдырса, соңғысын б.д.д 329 жылдың жазында Ескендір Зұлқарнайын салдырды. Ал қалған 6 қаланың қашан салынғаны және оларды кімнің салғаны белгісіз.
Кир патша басынан айырылып, Дарий екі рет жорыққа шығып, екеуінде де масқара болып жеңіліп қайтқаннан соң, жауынгер сақтарды бағындырудан күдерін үзген парсылар салдырған болу керек. Енді осы сегіз қала Сырдарияның қай жерінде салынды деген сұрақ туатыны орынды. Сегіз қала да бір-біріне өте жақын және Сырдарияның сол жақ, Қызылқұм жақ бетіне салынғаны даусыз. Енді басты мәселе олардың нақты орны қай жерде? Бұған дейін ғалымдар Шеткі Александрия деп ертеректе Ванкат, кеңес жылдарында Ленинабат, қазір Ходжент деп аталатын қаланы атап келді. Ал Кирдің салған қаласы Кира-Кирополь деп қазіргі Ұра төбені атайды. Ал Газа дегеніміз орта ғасырларда Газак, қазіргі Нау дейді. Бұл теңестірулердің қандай дерекке сүйеніп алынғаны бізге белгісіз. Біздің білетініміз – бұл қалалардың бәрі де Сырдария өзенінің сол жағалауында орналасқан. Екіншіден, Кирополь қаласы Кирдің Сырдарияға өткел салып өтіп Томириспен соғысар тұсына салынған. Үшіншіден, осы өткелден кейіннен Дарий да өткен. Одан ары Бетпақдалаға тап болған. Шеткі Александрия тұсынан Александр әскерін салмен өткізіп сақтармен соғысқан. Төртіншіден, бұл сегіз қала да бір-біріне жақын орналасқан және бәрі қосылып парсы империясын, кейінгі Ескендір Зұлқарнайын империясын жауынгер сақтардың шабуылынан қорғайтын қорғаныс жүйесін құраған.
Вавилоннан шыққан тарихшы, парсының Ахаменидтер патшалары өз халқының тарихын арнайы жаздыртқан Берос деген ғұлама «Кир патша Даас (Талас) даласында өз ажалын тапты деп жазыпты.
Жазушы Тұрсын Жұртбаев «Тұмар» атты еңбегінде: «Кир патша б.д.д. 530/529 жылы Сырдарияның жағасына ат басын тіреді. Бұл қазіргі Қызылқұмның жиегі, Түркістан мен Отырардың маңы болуы мүмкін. Келісім бойынша Тұмар ханым Сырдың бойынан 3 күндік жерге Түркістанның тұсынан Арқа мен Қаратауға қарай шегінген. Екі жақтан жарты миллонға дейін әскер қатысқан сұрапыл соғыс Талас даласында өтті» деп қорытынды жасайды.
Ал Отырар үшін ең маңыздысы Сырдың оң жағы да, сол жағы да Қаңлы мемлекетіне қарайтын. Отырар бұрынғыдай шекаралық аймақ емес, елдің ортасында қалып, бейбіт, қамсыз өмірдің рахатын көрді. Қытай жібегінің саудасының өркендеуі, арлы-бері өтетін сауда керуендерін бұынғыдан да көбейтіп, батысында үнді, мысыр, рум елдеріне дейін жететін болды. Бұл бейбіт тірлік, шұбырған керуендер, осы жібек жолының күре тамырында орналасқан Отырар аймағына қыруар табыс әкелді. Әрі-бері өтетін түрлі ұлт өкілдерінің көбеюі ғылым-білімнің өркендеуіне жағдай жасады. Отырар өлкесіндегі көптеген шағын қалашықтар Сырдың оң жағына бір орталыққа жинақтала бастады. Осылардың бас қаласында үлкен кітапхана жинақталды. Қаланың жақсы табысы бұл кітапханада көптеген ғалымдардың жұмыс істеп, ғылым-білім, өнердің өркендеуіне мүмкіндік берді. Кітап саудасы да жақсы табыс беретінін білген саудагерлер жүрген жерлерінен кітап сатып алып, Отырарға жеткізіп жатты.
Бұл кезеңде Сыр өзенінің оң жағында да, сол жағында да бірнеше шағын қалалар қатар өмір сүрді.
Олардың ішінде Весидж, кейінгі Фараб, Кедер, Көкмардан, Кангу Тарбан, т.б. қалалары беріге дейін өмір сүрді. Олардың кейбіреулері, мысалы, Сырдария өткеліне жақын орналасқан Кедер, Кангу Тарбан, Көкмардан сияқты қалалар күннен-күнге өркендеп жатса, ал кейбіреулері түрлі жағдайларға байланысты жағдайы төмендеп, халқы басқа қалаларға кетіп жатты. Кейбір қалалар бір-біріне қосылып, бірігіп жатса, ал кейбіреулері елсіз қалып, бара-бара қалалар саны азайып, есесіне ірілене берді. Бәрінің орталығы Тұрарбанд- Кангутарбан-Отырар қаласы болды.
Отырарға – 2541 жыл
X ғасырға дейін Фараб пен Отырар қалалары қатар аталып жүреді де, кейіннен бірақ атаумен Отырар деп аталатын болды. 1219 жылы Шыңғыс хан шапқыншылығы қарсаңында барлығы бір орталыққа біріккен Отырар қаласы болды.
Ескендір Зұлқарнайын заманынан Шыңғыс хан жорығына дейін Отырар өлкесіне қатысты ауыр соғыстар мен қала халқын қырғындау, қаланы қирату сияқты мәліметтер тарихта кездеспейді. Әрине, басшылардың ауысуы, династиялардың ауысуы, өлкенің қолдан-қолға өтуі сияқты тарихи оқиғалар болып тұрғанымен, қалаға үлкен зияны келгені туралы дерек жоқ. Бұл бір жағынан қаланың экономикалық маңыздылығын көрсетсе, екінші жағынан сол кездегі ел билеушілерінің адамгершілік қағидаттарын жоғары ұстанғанын көрсетеді.
Әрине, Отырар қаласының осы өлкедегі ондаған шағын қалалардың бірігуінен шыққан қосындысы, жиынтығы екенін ескерсек, солардың ішіндегі ең алғашқысы Отырар тарихының басы болып саналатыны түсінікті.
Өзіміздегі бар мәліметтер жойылып кеткендіктен, шетел мәліметтеріне жүгінуге мәжбүрміз. Солардың ішіндегі екі қаланың қашан салынғаны бізге аян. Оның бірі – б.д.д. 329 жылы Ескендір Зұлқарнайын салдырған қала болса, екншісі – б.д.д. 529 жылы Кир салдырған қала.
Ескендір Зұлқарнайынның заманында Кирдің салдырған қаласынан басқа бұл өлкеде кем дегенде алты қала болғаны белгілі. Бірақ олардың тарихы бізге беймәлім. Осыдан бірнеше жыл ғана бұрын 1500 жылдығын тойлаған Түркістаннан өткен жылы б.д.д. IV ғасырға жататын қала құрылысы орны табылды. Енді ғалымдар дәлелдесе Түркістанның тарихы 1500 жыл емес, 2500 жыл болып шығуы да мүмкін.
Алдыңғы Азияға барып жоғары өркениеттің негізін қалаған Шумерлер, Хаттар, Арилер біздің Ұлы Даланың байырғы тұрғындары екенін ескерсек, бір кездері олардан да қалған қалалардың іздері табылуы ғажап емес. Ал қазіргі қолда бар ең көне дерек – Кир қаланы б.д.д. 529 жылы салғызған. Демек, Отырардың жасы 529+2012=2541 жыл, 2500 жылдан асқан деп айтуға толық хақымыз бар.