Кәсіби газет қызметкері ретінде біздің бір байқағанымыз, 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысына Ресейдің оңтүстік-батыс Сібір өлкесінен аттанған қазақтар туралы деректер Орынбордағы екі жерде жақсы жинақталып, сақталған. Оның біріншісі, облыстық мемлекеттік архив те, екіншісі Н.К.Крупская атындағы өлкелік кітапхана. Бұларда соғыс жылдарында жарыққа шыққан газет тігінділері мен тақырыптық плакаттар сериясы, майдангерлердің естеліктер жинағы мен түрлі энциклопедиялық анықтамалықтар рет-ретімен тұр. Олар апталап, айлап сирек қор залдарында отыратын ғалымдар емес, белгілі тақырып төңірегінде дайындалып келіп, үш-төрт күн ішінде шаруасын бітіруге тырысатын журналистерге көп мәлімет, деректерден хабардар етуге жақсы мүмкіндік туғызғандай.
Жеңістің 70 жылдығына байланысты арнайы тапсырмамен келген біз де іздеген жоғымызды осы мекемелердің сирек қорларынан тапқандай болдық. «Іздеген жоғымыз» деп отырғанымыз – Ұлы Отан соғысына Орынбор өлкесінен аттанған қазақтар. Солардың ішіндегі Кеңес Одағының Батыры деген жоғары атақ пен соған теңестірілген Даңқ орденінің толық иегері дәрежесіне қол жеткізген қандастарымыз.
Олар қанша адам? Жоғарыдағыдай атақты нендей ерліктері үшін алған? Соғыстан аман-есен келген бе? Ондай қаһарман қазақтарды бүгінгі Орынбордың билік орындары біле ме? Білсе ол ағаларымыздың есімдерін есте қалдыру үшін өңірлік үкімет тарапынан не істелінген?
Міне, мұнда келген сапарымыздың мақсаты осы еді. Іздеген жоғымыз да сол болатын. Оны тапқан да сияқтымыз. Енді соларды әр кездері осындағы газет-журналдарға шыққан мақалалар мен басқа да анықтамалықтардағы мәлімет, деректер арқылы сөйлетіп көрелік.
Қатардағы жауынгер Оразақ Ақбауов шайқасқа алғаш рет Мәскеу маңындағы Волокалам тасжолы бойында кірді. Бұл әйгілі панфиловшылармен іргелес тұрған Сібір дивизиясының бөлімі еді. Адамның ерлігі, табандылығы, оның биік моральдық бейнесі қиын-қыстау шақта ашылып, сыналмай ма?! Алғашқы шайқастардың өзінде-ақ өмір көрген ересек қазақ азаматының бойынан командирге тән қасиет бар екені айқын көрініп тұратын. Бір ауыр айқаста ротадағы барлық үлкен-кіші шенді офицерлер қаза тапты. Міне, сол кезде, басқару тізгінін старшина Оразақ Ақбауовтың өз қолына алғаны бар.
Сондай бірнеше қиын сәттерде көзге түсіп, жауынгерлерді жауға жұмылдыра білген ұйымдастырушылық қабілеті үшін командирі оны офицерлік курсқа жіберді. Қысқа мерзімді бұл оқуды бітірген кіші лейтенант ол 1942 жылы жеке взводты қабылдап алды. 1943 жылдың күзіндегі Днепрден өту шабуылы басталған кезде, жаудың минометтері мен пулеметтерінен бораған оққа қарамастан, оның жігіттері қайықпен өзеннің оң жағалауына алғашқылардың бірі болып өтті. Бұл нағыз жанкештілік, қайталанбайтын ерлік еді.
Жағалаудағы табандары тиген ұлтарақтай жерді ұстап тұру үшін қиян-кескі ұрыс басталды дейсің. Таңертеңнен түске дейін взвод фашистердің 13 шабуылын кері қайтарды. Әне, дөңестен жаудың 3 «Тигр» танкісі көрінді. Ал оның артында 30-дай жау солдаттары келе жатты. Шынжыр табанымен кездескенді басып-жаншыған темір тонды техникалар жағалаудағы тоқымдай жерді ұстап тұрған бұлардың взводына қарай бұрылды. Оң қолынан жараланған Оразақ Ақбауов таңертеңнен бергі шаршап, әлсірегеніне қарамастан ұрысты жалғастыруға дайындалды. Алғашқы танк қабаққа жете бергенде, бар күшін жинаған қайсар қазақ бойын тіктеп, сол қолымен темір тажалға қарсы гранатын құлаштай лақтырды. Шынжыр табанға дәл тиген қопарғыш зарядтан танк жүрісін тоқтатты. Бірақ, башня ішіндегі фашистер оқ жаудыруын жалғастыра берді.
Мұны көрген Оразақ тоқтап тұрған «Тигрді» бұқпантайлаған күйі айналып өтіп, беліндегі екі гранаттың біреуін танк мұнарасына қарай бағыттады да, ал екіншісін бензин багының дәл үстіне түсірді. Қою түтін бұрқ етіп аспанға көтерілді. Взводтың жанқиярлық қарсылығына душар болған жау кейін шегінді. Бұл кезде жағалаудағы тістесіп жатқан бұларға қосымша күш те келіп жеткен болатын.
Кеңес Одағының Батыры Оразақ Ақбауов
Кеңес Одағының Батыры Исатай ИЩАНОВ
Даңқ орденінің толық иегері Хайролла ӘБДЕШЕВ
Даңқ орденінің толық иегері Бақтыбай ШОШАЕВ
Орынборда жарық көрген осындай жинақтарда майдангер қазақтар туралы мәліметтер мол.
Өзеннен өткен рота командирін көргенде Оразақ Ақбауов денесінің әлсіз тартып бара жатқанын сезді. Өйткені, оның қолынан басқа аяғына да оқ тиген еді. Ал снаряд жарықшағы бас терісіне кіріп барып тоқтапты. Соған қарамастан ол көмекке келген қаруластарымен бірге: «Ура!» деген дауыспен алға ұмтыла берді. Сөйтіп, жауды 1,5 шақырымдай жерге қуып барып, жауынгерлерін түгендей бастағанда ес-түсін білмей құлап түсті.
…Госпитальда ол ұзақ жатты, Днепрден өткенде оның жағалауындағы өздері бекінген жарқабақты ұстап тұрғанда алған үш жарақат өте ауыр болып шықты. Ақыры бәрі дұрысталып, медициналық комиссиядан: «Сапқа тұруға жарамды!» – деген қорытынды алған соң, қайтадан алдыңғы шепке аттанды. Госпитальдан бұлар 12 адам болып шыққан еді. Алдағы 25 шақырымнан кейін басталатын майдан шебіне дейін жетіп, өз бөлімдерін тапқанша оларға жетекшілік ету іштеріндегі жасы да, әскери шені де үлкен Оразақ Ақбауовқа тапсырылған-тын. Жол ортадан ауып, бейтарап аймаққа ене бергенде алдарынан полуторка машинасы көрінді. «Кім де болса бастықтардың біреуі-ау, шамасы», – деп ойлаған Оразақ үздік-создық келе жатқан жауынгерлердің бас-аяғын жинақтай сапқа тұрғызып, рапорт беруге бұрылғанда аңтарылып тұрып қалды. Машинада өзінің полк командирі отыр екен. «Жолдас, полковник…», дей бергенде: «Жә… жә. Сен тірі ме едің лейтенант… Көргеніме қуаныштымын!», – деді ол толқи сөйлеп. Сөйтті де, Оразақ Ақбауов бастап келе жатқан жауынгерлерге: «Тік тұрыңдар!» деп бұйрық берді де: «Естіген жоқ шығарсың. Осыдан екі ай бұрынғы Днепрден алғашқылардың бірі болып өткен, жағалауға бекініп, жаудың 14 шабуылын қайтарған және қарсыластардың екі танкісін істен шығарған ерлігің үшін біз сені Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынғанбыз. Жоғары наградаң құтты болсын, лейтенант! Ешқайда мойын бұрмастан штабқа бар. Сөйткін де өз взводыңды қабылдап ал», – деді құшақтап.
…Соғыстан кейін Оразақ Ақбауов әскер қатарынан босатылды. Өзі туып-өскен Орынбор өңіріндегі Новоорск қаласында тұрды. 1985 жылдың 20 тамызында өмірден озып, ата-бабасы жатқан Бауызда зиратына жерленді. Қазір Новоорскінің бір көшесі батырдың атымен аталады. Сондай-ақ, ол тұрған үйге мемориалдық тақта орнатылған. Оразақ Ақбауовтан Дариға атты қыз қалған. Ол Белоруссияның Гродно қаласында тұрады. 2007 жылдың желтоқсанында осы ұрпағы Новоорск ауданының әкімшілігіне, Горький, Чапаев, Караганск муниципалдық білім беру мекемелерінің басшыларына Кеңес Одағының Батыры Оразақ Ақбауовтың туғанына 100 жыл толу мерейтойында әкесінің жатқан жеріне ескерткіш мавзолей және стела орнатқаны үшін алғыс хат жолдаған.
Енді Орынбор өңіріндегі қазақтардың арасынан шыққан екінші Кеңес Одағының Батыры Исатай Ищановқа келейік. Ол 1906 жылы осы өңірдің Адамов ауданындағы 7-ші ауылында дүниеге келген. Бастауыш мектепті оқып бітірген соң, әртүрлі жұмыстар істейді. 1924-1929 жылдары ауылдық кеңестің хатшысы қызметін атқарады. 1936 жылы Қостанай облысына жіберіліп, ондағы Аманқарағай шаруашылығында мал дәрігері болып еңбек етеді. Қызыл Армия қатарына 1941 жылы маусымда шақырылып, содан Сталинград, Орталық, І Беларусь майдандарында жауға қарсы шайқасады. Ондағы көрсеткен ерліктері үшін ІІ дәрежелі Отан соғысы, ІІІ дәрежелі Даңқ және Қызыл Жұлдыз ордендерімен марапатталады.
1943 жылдың күзінде Исатай Ищанов қызмет ететін 206-шы артполктың жауынгерлеріне Днепрден өтіп, арғы бетке бекіну жөнінде тапсырма беріледі. Арғы шеті мен бергі бетіне адам даусы жетпейтін өзеннен өту бұларға оңайға түспейді. Әйтсе де, қарсы жағалауға әупірімдеп барып, табан тіреп, Медвин мүйісінде қиян-кескі шайқас жүргізеді. Ертесінде, яғни 6 қазан күні фашистер Қызыл Армия жауынгерлеріне қарсы 4 танкпен бірге 2 жаяу әскер батальонын қаптатып қоя береді. Көздеуші Исатай Ищанов қызмет ететін батарея қарсыластардың бронды батальонына қарсы ұрысқа лайықты дайындалып, еш қорқынышсыз жүргізеді. Қайсар қазақ жігіті өзінің зеңбірегімен фашистердің жақындап келген 2 танкісін отқа орап, одан кейін снарядпен жаудың жаяу әскерлерін аяусыз төмпештейді. Жау өздерінің адам шығындарына қарамастан, шабуылды жалғастыра береді. Қиян-кескі ұрыста расчеттің барлық жауынгерлері жараланады. Жалғыз қалған Исатай ет қызуымен өзіне екі жерден оқ тигенін сезбейді. Қарсыластардың тағы бір танкін отқа орап, ұрысты жалғастыра береді. Қарсылыққа төтеп бере алмаған фашистер кейін шегінуге мәжбүр болады.
Оқиғаның бәрін бақылау шебінен көріп тұрған әскери кеңес мүшелері расчеттің табандылығына таң қалады. Зеңбірекшіні анықтауды полк командирі майор Д.П.Тыквачқа тапсырады. Ол көздеушінің қатардағы жауынгер Исатай Ищанов екенін біледі. Сөйтеді де, наградалық парақшаға ержүрек қызыл әскердің жаудың 3 танкін жайратып, әскерлермен қару-жарақ тиелген 7 автомашинаны жойғанын көрсетеді. «Неміс басқыншыларына қарсы ұрыста асқан ерлік пен батылдық көрсеткені үшін Исатай Ищанов жолдасқа Кеңес Одағының Батыры атағын беру лайықты», деген қорытынды жазылған құжатта.
Днепр батыры одан кейін Батыс Буг, Висла өзендерінен өту ұрыстарына қатысады. 1944 жылы Висланың теріскейіндегі Сандомир плацдармына жақындап қалғанда кескілескен ұрыс болады. Үш күнге созылған осы шайқаста Исатай Ищанов 50-ден астам фашистің көзін жойып, ауыр жараланады. Госпитальға жеткізіліп, дәрігерлер қолдарынан келгеннің бәрін жасайды. Бірақ ажалға айла табылмай, есіл ер осында көз жұмады. Батырға әскери құрмет көрсетіп, Польшаның Сандомир воеводасындағы Загожитце деревнясына жерленеді.
Сөз орайында енді: «Орынбор өңірінің тұрғындары батыр жерлестері туралы біле ме? Қаһарман қазақты ел есінде қалдыру үшін мұнда нендей шаралар қолға алынып, жүзеге асырылған?» деген сұрақтарға да қадери-халімізше жауап бере кетейік. Орынбор облыстық Н.К.Крупская атындағы кітапхананың «Өлкетану» бөлімінде «Ұлы Отан» соғысы. Орынборлықтар» деп аталатын картотека мүйісі бар екен. Біз содан «Оренбургская биографическая энциклопедия», «Золотые звезды Оренбуржья», «Память и доблесть» деген анықтамалықтар мен фотоальбомдарды таптық. Осы еңбектерде қаһарман қазақ Исатай Ищанов туралы егжей-тегжейлі жазылған. Содан соң… иә, содан соң Орынбор қаласының орталығындағы аллеяда екінші дүниежүзілік соғыс кезінде осы өңірден шыққан 27 Кеңес Одағы Батырының бюсті орнатылған. Солардың бас жағында қазақтар: Оразақ Ақбауов пен Исатай Ищановтың кеуде мүсіндері тұр. Сондай-ақ, кітапханадағы «Герои Оренбуржья» жинағынан Исатай Ищанов өмірге келген Адамов ауданының орталығында оның атында көше бар екенін, сондағы өзі туған бұрынғы 7-ші ауыл, кейінгі Комсомол елді мекеніндегі Каменец сегіз жылдық мектебінде батырға арналған музей жұмыс істейтінін оқып білдік.
Ресейдің өзіміз сөз етіп отырған өңіріндегі қазақтар арасынан шыққан екі Кеңес Одағының Батыры деген жоғары атақ иесімен қатар жоғары дәрежемен теңестірілетін марапат – Даңқ орденінің толық иегері атанған қандастарымыз да бар екен. Олар да екі адам болып шықты. Енді сол асыл ағалар туралы айтайық.
Орынбор өңірінің Ақбұлақ ауданынан майданға 5 мың адам аттаныпты. Олардың 3 мыңнан астамы туған жерге оралмаған. Ал жоғарыдағы өз ауылына аман келгендердің бірі қаһарман қазақ Хайролла Әбдешев екен.
Ол 1925 жылы өзіміз жоғарыда айтқан аудан орталығынан онша алыс емес Ақоба селосында туыпты. Жасы 16-ға толып туған жеріндегі ауыл шаруашылығы жұмысына араласа бергенде, сұрапыл соғыс басталады. 1942 жылы әскер қатарына алынып, көппен бірге майданға аттанады. Барлаушылар дайындайтын кіші командирлер курсына қабылданады. Бір жылдан соң ол әскери бөлімдегі барлаушылар отрядына келеді. Сөйтіп, Украинаны азат ету ұрыстарына қатысады.
Киев маңындағы шайқастардың бірінде Хайролла Әбдешевтің бөлімшесіне қарсыластардың орналасқан жерін анықтап, оған қоса «тіл» алып келуге тапсырма беріледі. Қазан айының қараңғы түнінде олар еппен жүріп отырып, жаудың алдыңғы шебіне жетеді. Бұл Бравары деген елді мекен еді. Осы жерде фашистер траншеясы мен блиндаж бар болып шықты. Уақытты текке оздырмауға тырысқан барлаушылар таң алдында қарсыластардың күзет орнына жақындап, граната лақтырады. Ештеңеге түсінбеген жау солдаттары у-шу болып жатқанда әбжілдік танытқан Хайролла алғашқылардың бірі болып траншеяға секіріп түседі де блиндаждағы бейқам отырған офицерді тұтқындап, қалғандарының көзін жояды. Шептен сытылып шыға бергенде арттарынан қуғын түседі. Бұл қауіптен оларға сәтін салып, көлбеген қалың тұман көмектеседі. Соның нәтижесінде барлаушылар ешбір шығынсыз полкке аман-есен жетіп, «олжаны» арнайы бөлімге табыс етеді. Осы тапсырмадан кейін қаршадай қазақ жігіті алғашқы наградасын алады. Ол «Ерлігі үшін» медалі еді.
… 1944 жылдың тамызы. Хайролла Әбдешевтің тобына төрт сағат ішінде тездетіп, «тіл» алып келуге бұйрық беріледі. Оны бұлар орындайды. Соның артынша тағы бір жаңа тапсырма жүктеледі. Оған аттанған барлаушылар түнде жаудың қорғаныс шебінен өтіп, «тіл» алғанымен, таң атып кетуіне байланысты белгіленген уақытта тиісті жерге жете алмайды. Орманда жасырынған олар бір күнді сол жерде өткізулеріне тура келеді. Абыржып штабқа келгенде бұлар әкелген немістен тездетіп жауап алған командирлерінің өңі жылып қоя береді. Сөйтсе, тұтқынға алынған жау офицері маңызды мәліметтер берген екен. Бұл Ужгород маңында болған оқиға еді. Осы ерлігі үшін қандасымыз ІІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен наградталады.
Күні бітіп бара жатқанын білген жау жанталаса қарсылық танытумен болады. Әр елді мекен, әр үй кескілескен ұрыс жағдайында азат етіледі. 1944 жылдың қазанында IV Украин майданы шешуші шабуылға көшеді. Олардың алдына Закарьпатьеге бекінген неміс әскерлерін талқандау міндеті қойылады. Хайролла Әбдешев тобына таулы орманды жер жағдайында барлау жұмыстарын белсенді жүргізу міндеттеледі. Дұрыс ойластырылған операциялар нәтижесінде Ужгород фашистерден азат етіледі. Ұрысқа қатысқан көптеген жауынгерлер мен командирлер жоғары марапаттарға ие болады. Сонда «тілдерден» алынған мол мәліметтердің маңыздылығы үшін Даңқ орденінің II дәрежелісі барлаушы Хайролла Әбдешевке беріледі. Бірақ оны қандасымыз білмейді.
Қағылез қазақ жігітінің алдында жаңа шайқастар мен ұрыстар тұрған еді. Сол сындарда қандасымыз өзінің ерен ерлігімен өзге жауынгерлерге үлгі көрсетумен болады. Оған бір мысал ретінде Моравия маңындағы ұрысты айтсақ та жеткілікті. Сонда алға озып кеткен барлаушылар взводы фашистермен күші тең емес шайқас жүргізіп, батальон келіп жеткенше, өздері басып алған қажетті нүктені қорғап тұрады. Фашистер абайсызда айырылып қалған аталмыш биіктікке бірнеше рет шабуыл жасайды. Бірақ оны ала алмайды. Осы арпалыста Хайролла Әбдешев ауыр жараланады. Бірақ ұрыс алаңын тастап кетпей, взводымен бірге шайқаса береді. Сондағы ерлігі үшін қандасымыз омырауына І дәрежелі Даңқ орденін тағады.
Барлаушы Хайролла Әбдешев 1945 жылғы 9 мамырдағы Жеңіс күнін госпитальда қарсы алады. Ауруханадан сауығып шыққаннан кейін әскер қатарынан босап, өзінің туған өлкесіне келеді. Ауыл шаруашылығы саласында үлгілі еңбек етеді. 1950 жылы ол әскери комиссариатқа шақырылады. Оны қабылдаған бейтаныс офицер өзінің қай жерде соғысқанын, қандай наградаға ие екенін тәптіштеп сұраумен болады. Нәтижесінде бірнеше күннен кейін бүкіл аудан жұртшылығы кейіпкеріміздің жаңа наградасы – ІІ дәрежелі Даңқ ордені кезінде тапсырылмай ұмыт қалып, енді марапаттың майдангерді өзі іздеп келіп тапқанының куәсі болады. Содан 25 жылдан соң, яғни 1975 жылы Даңқ орденінің толық иегері Хайролла Әбдешев өмірден озады. Бүгінде оның ісі мен ойлаған арман-мұратын зайыбы Алма мен сегіз ұл-қызы лайықты жалғастырып келеді екен.
Біз жоғарыда осы өңірдегі Даңқ орденінің толық иегері атанған екі қандасымыздың бірі Хайролла Әбдешев туралы айттық. Ал екіншісі – Бақтыбай Шошаев. Ол кісі 1916 жылы Орынбор аймағындағы Новоорск ауданының Құмақ ауылында туған. Әскер қатарына ертерек алынған сияқты. Себебі, жергілікті өлкетанушы И.Сапожниковтің «Доброй памяти верны» атты анықтамалығында Бақтыбай Шошаевтың Қиыр Шығыстағы жапон милитаристеріне қарсы 1939 жылғы Хасан көліндегі шайқасқа қатысқаны айтылады. Содан соң Ұлы Отан соғысы басталғанда Батыс, Калинин, Ленинград бағыттарындағы соғыс қимылдарына қатысады. 1944-1945 жылдары ІІ Прибалтика, І Беларусь майдандарында болады. Сондағы көрсеткен ерекше ерліктері үшін ол Даңқ орденінің ІІІ, ІІ дәрежелеріне қол жеткізеді. Ал ең құрметті І дәрежесіне… Бұл туралы толық деректі Орынборда 1985 жылы шыққан «Оренбуржцы – полные кавалеры Славы» деген плакаттар сериясынан таптық. Онда былай делінген:
«Бақтыбай Шошаев кеңес әскерлері Берлинге шабуыл жасап жатқанда 207-атқыштар дивизиясының 598-полкі құрамында еді. 1 мамыр мерекесі қарсаңында дивизия Шпрее өзенін кесіп өтіп, қаланы алу ұрыстарына бел шеше кіріскен болатын. Жауынгерлердің бар арманы мен ойы Бранденбург қақпасына алғашқылардың бірі болып жетіп, Рейхстаг қабырғасына жеңімпаз қаруластарымен бірге өздерінің есімдерін жазу еді.
Ратуша мен Рейхстаг маңы оқ нөсерінен көз ашпай тұр. Барлық жерде кескілескен ұрыстар жүріп жатыр. Алаңда да, ғимарат төбесінде де, жертөледе де жау жағы қарсылық көрсетіп бағуда. Осындай қым-қуыт сәтте: «Шошаев, тез комбатқа!» – деген дауыс естілді. Бұл келгенде командир жараланып қалған екен. Ол: «Бар күштеріңмен анау көрініп тұрған театр ғимаратына қарай жылжыңдар. Ондағы отты нүктені өшіріңдер. Сендерден осыны өтінемін, сержант!» – деді әлсіреген үнмен. Бұлар осы тапсырманы алып бола бергенде біздің артиллерия қайта «сөйлей» жөнелді. Бақтыбай Шошаев түтін мен шаңға қарамастан бөлімшені алға бастады. Бұл кезде Ратуша мен Рейхстаг ғимараттарының әр жерінен қызыл жалауша көріне бастаған-тын. Ол сол маңдағы ұрыстардың аяқталғанын білдіретін белгі еді. Ал театр жақтағы шабуыл енді ғана өрістеп келеді. Бақтыбай қарсы алдындағы сұрғылт ғимаратты көрді. Сыртта шамалы жел есіп тұр. Театрдың барлық қабаттарының терезелерінен пулеметтен үздіксіз оқ жаудырылуда. Минометтер мен фауст патронды құрылғылардан да оқ атылып жатыр.
– Жігіттер, алға! – деп айғайлады Бақтыбай. Алғашқы сәтте байқамаған екен, театрдың іші ғана емес, оған жете берістегі қалқаларға жасырынған фашистер бөлімше жауынгерлеріне күтпеген жерден оқ жаудырды. Қаруластарының көбі осы жерде оққа ұшып, жараланды. Бірақ ұрыс тоқтаған жоқ. Осындай жанкештілікпен ғимарат ішіне кірді-ау… Нағыз қырғын міне, осы жерде болды. Ақыры бұл басқарған бөлімше мұндағы қалған жауды іштен қол көтерте айдап шықты.
– Біз театр ғимаратынан шыққанда айнала тып-тыныш бола қалды. Өзіміз ештеңені түсінбей, оған таңғалдық, – деп еске алыпты ардагер көзі тірісінде журналистерге берген интервьюлерінде. – Сөйтсек, сұрапыл соғыс аяқталыпты. Тыныштық соның белгісі екен. Оны білген соң, достарыммен бірге Рейхстагқа барып, оның қабырғасына қолтаңбамды қалдырдым.
Сол шайқастағы ерлігі үшін сержант Бақтыбай Шошаев Даңқ орденінің І дәрежесіне ұсынылады. Марапат қағазы құжатында ол мынадай фактілер арқылы көрініс тапқан: «…1945 жылдың 1 мамырында взвод Берлин орталығында ұрыс жүргізіп жатты. Осы кезде аға сержант Б.Шошаев театр ғимаратына қарай жылжу жөнінде тапсырма алды. Бұйрық бұл басқарған бөлімше батальонының негізгі күші келгенше жауды ұстап тұру жөнінде еді. Тапсырманы орындауға кіріскен Б.Шошаев театр ғимаратына жетіп, шайқаспен оның ішіне кірді. Осы жерде аға сержанттың өзі 15 фашистің көзін жойды және негізгі күш келгенше, сол жерді ұстап тұрды. Ол осы жердегі ұрыс барысында, театрдың толық азат етілуіне және жаудың 219 әскері мен офицерінің тұтқындалуына тікелей қатысты». Осындай жауынгерлік және жанқиярлық ерлігі үшін қайсар қазақ
І дәрежелі Даңқ орденімен наградталды.
Соғыстан кейін ол өзінің туған өңірі Новоорск ауданының Құмақ ауылына келіп, әртүрлі жұмыстар атқарды. Ор кеңшарында шопан болды. Шаруашылықтың маусымдық жұмыстарына егінші, механизатор ретінде атсалысып, он саусағымен түйін түйген ағаш шебері атанды. Сөйтіп, 1980 жылы өмірден өткенше адал да абыройлы еңбек етті. Жерлестерінің есінде жомарт жүрек, жылы жүзді жайсаң жан ретінде қалды.
Жанболат АУПБАЕВ,
«Егемен Қазақстан».
Ресей Федерациясы,
Орынбор.
P.S. Орынбордағы облыстық мемлекеттік архив пен Н.К.Крупская атындағы өңірлік кітапхана залдарында отырып байқағанымыз – мұндағы Ұлы Отан соғысына қатысқан қазақтар туралы жазылатын да, табылатын да тақырып көп. Біз жоғарыда солардың ішіндегі бір бағытты ғана алып, соны сіздерге баян еттік, құрметті оқырман. Ал басқалары ше? Мәселен, Ресейдің оңтүстік Урал деп аталатын бұл өлкесінде 1941-1943 жылдары бірнеше дивизия мен бригада жасақталса, соларда мұндағы Адамов, Ор, Елек, Домбаров аймақтарынан шақырылған қандастарымыз көп болған. Сөзіміз құрғақ болмас үшін оған осы сапарда өзіміз тауып, көз жеткізіп қайтқан мына фактілерді келтірейік. Зерттеуші А.П.Артемьевтің дерегіне қарағанда 1942 жылы Орынбор маңында жасақталған 196-атқыштар дивизиясындағы жауынгерлік құрамның 80 пайызы қазақтар болған. Енді ғалым Ю.И.Шпиневаның фактілеріне зер салайық. Ол осындағы сол жылы құрылған тағы бір құрылым – 195-дивизияның 50 пайызын біздің қандастарымыз құрағанын айтады. Өкінішке қарай, біз осындай деректерді әлі білмейміз. Сол 80 немесе 50 пайыздың ар жағындағы ағалар тағдырынан хабарсызбыз. Ресейдің өзіміз сөз етіп отырған жалғыз Орынбор өлкесі емес, елімізбен шекаралас таулы Алтай, Том, Омбы, Челябі, Астрахань өңірлерінен соғысқа аттанған ата-ағаларымыздың өмірі – Қазақстан тарихшылары үшін тың тақырып. Әңгімеміздің соңында осы мәселені зерттеп, қолға алудың қажет екенін атап айтқымыз келеді.