Қазақстан Республикасы Үкіметі жасақталған және премьер-министрі тағайындалған Парламент Мәжілісіндегі жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына үндеу жолдап, өз мәлімдемесін жеткізді.
Бұл жиында Қазақстан Президенті Қ.Тоқаев болашақ міндеттер мен одан әрі дамудың жаңа перспективаларын белгіледі. «Тәуелсіздік тарихында біз алғаш рет аса күрделі және қатерлі кезеңге тап болдық. Ел басына түскен осындай сынақты қайыспай, біртұтас ел болып еңсере білдік. Енді біз мұндай жағдайға ешқашан жол бермеуіміз қажет», – деп атап өтті Президент Қ.Тоқаев. Негізгі міндет – азаматтарды, конституциялық құрылымды және мемлекет мүддесін қорғау. Күштік құрылымдарды түбегейлі реформалау бағытын іске асыруды қамтамасыз ету үшін Президент тұтастай алғанда күштік құрылымдардың, атап айтқанда, арнайы мақсаттағы күштердің жауынгерлік әзірлігі мен жарақтандырылуын арттыру жөнінде тапсырма берді.
Біріншіден, адам құқықтарының әлеуетіне назар аударылды. Барлық салада азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғаудың тиімділігін айтты. Өйткені Алматыдағы соңғы оқиғалар адамның халықаралық терроризмге қарсы қорғансыз екенін көрсетті. Сондықтан оның бүгінгі мәлімдемесі қарапайым азаматтардың құқықтарын қорғауды күшейтуге негізделген. Екі айдың ішінде халықтың тұрмысын жақсартуға арналған бағдарлама дайындап, жүзеге асыруын Үкіметке тапсырды. Сондай-ақ жеке тұлғалардың банкроттық туралы заң жобасы әзірленіп, жүзеге асуын қадағалауды тапсырды. Жастарға арналған жаңа жұмыс орындары ашылатынын да атап өтті. Президент «Қазақстан халқына» көмек қоры құрылып, қарапайым халыққа көмек, кәсіпкерлікті қолдау мақсатында жұмыс жүргізілетінін басымдықпен айтты.
Мемлекет басшысының айтқан әрбір сөзі барлық салада қарапайым азамат құқықтарының басымдығымен байланысты екенін көрсетті. Осы сәтте ел тағдыры үшін жұмыла білген бүкіл халқымызға Президентіміз өзінің шынайы ризашылығын білдірді. «Ең бастысы, береке-бірлікті, тыныштық пен тұрақтылықты сақтауымыз қажет. Енді Қазақстанда дамудың жаңа кезеңі басталады. Бұл шынайы жаңару кезеңі болады. Егемен елімізді бірге өркендетейік! Халқымыз үшін тәуелсіздік бәрінен қымбат. Жаңа Қазақстанды бірге құрайық!» – деген Президентіміздің үндеуін қолдаймыз.
А.ИСАБЕКОВ,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ заң факультетінің доценті, з.ғ.к.