Мамаш хан – кейбір жазба дерек мәліметтерінде Құмаш хан деп айтылады, Қазақ хандығындағы билік құрған бесінші хан. Оған дейін хандық билікті Керей хан, Жәнібек хан, Бұрындық хан және Қасым хан басқарды. Мамаш хан жөніндегі жазба деректер өте мардымсыз. Мұхаммед Хайдар Дулатидың «Тарихи Рашиди», Махмуд ибн Уәлидың «Бахр ал-асрар фи манакиб ал-ахиар», Хайдар Разидың «Тарих» атты шығармаларында ол туралы өте қысқа мәліметтер кездеседі. Оларда Мамаштың Қасым ханнын ұлы екендігі және оның Қасым ханнан соң билікке келгендігі, сондай-ақ қандай жағдайда өлгендігі туралы айтылады.
Мамаш хан – Қасым ханның үлкен ұлдарының бірі, Жәнібек ханның немересі. Шамамен, ол 1450-60 жылдары дүниеге келген. 1513 жылы моғол ханы, шағатайлық Сайд хан Қасым ханның Ордасына келгенде, оны қарсы алуға Қасым хан өзі бармай, 30-40 сұлтанды жібереді. Олардың ішінде бірнеше сұлтан 50-60 жаста болатын. Солардың бірі – Мамаш хан еді, – деп хабарлайды Мұхаммед Хайдар Дулати.
1513 жыл Мамаш ханның алғаш рет жазба дерек мәліметінде көрінуі еді. Және де оның «хан» деген мәртебелі атпен жазылуына қарағанда ол Жаныш, Таныш хандар секілді Қазақ хандығындағы көп ұлыстардың бірінде иелік етсе керек.
Жоғарыда айтып өткеніміздей, Мамаш хан билікке Қасым хан қайтыс болғаннан соң келеді. Ал Касым ханның қай жылы қайтыс болғандығын шығыс жазба деректері анық көрсетпейді. Мұхаммед Хайдар Дулати мен Хайдар Рази 1518-19 жыл деп жазса, 1564-65 жылы жазылған «Нусахи Жаханара» атты тарихи шығарма авторы Гаффари Қасым ханды 1523-24 жылы өлген деп есептейді. Астрахан хандығында 1520-21 жылдың қыс айларында 3-4 ай тұтқында болған рязандық Занко Зудовтың III Василийге жіберген хабарламасына қарағанда, Қасым хан 1521 жылдың қысында, қаңтар-ақпан айларында қайтыс болған. Біз осы соңғы датаны бірден бір дұрыс деп есептейміз. Өйткені жазба дерек авторларының бәрі де Қазақ хандығына қатысты мәліметтерді алыста жүріп, бірі Иранда, бірі Кашмирде жүріп жинастырған немесе естіген. Ал, 1517-18 жылға таман Қазақ хандығынын шығыстағы шекарасы Еділге дейін созылып, Астрахан хандығымен шектеседі. Қасым хан да өмірінің соңғы жылдарын батыс аймақтарда өткереді. Сол себепті де, Қасым хан секілді тұлғаның өлімі Астрахан хандығына тез жеткен, деп есептейміз.
«Тарихи Рашиди» авторының жазуына сүйенсек, Қасым хан өлгеннен кейін, билік үшін қазақ сұлтандары арасында алауыздықтар басталады да, таққа Қасым ханның ұлы Мамаш хан келеді. Бұл – 1521 жылдың іші болатын.
1511 жылы Қасым ханның билікке келуімен Қазақ хандығында Жәнібек хан ұрпақтарының билігі түпкілікті орнықса, 1521 жылдан кейін, яғни Қасым хан қайтыс болғаннан кейін, тақ үшін Жәнібек ханның немерелері арасында күрес өрбігенін көреміз. Мамаш ханның билікке келуімен күрес басылмайды, қайта өрши түскен сияқты. Бұл арада билік үшін жеке тұлғалардың арасында күрес жүрсе де оның астарында мұрагерлікке байланысты дәстүр таласы жатты. С.М. Ақынжанов XI-ХШ ғасырдағы қыпшақ қоғамында хандық бидіктегі мұрагерлік дәстүрдіқ әкеден ұлға емес, әкеден ініге не немере ініге қалып отыратындығын жазады. Бұл дәстүр біздің ойымызша, монғолдар жаулап алғанға дейінгі бүкіл Дешті Қыпшаққа ортақ болған. Ал моңғолдардың билігінің орнауымен мұрагерлік дәстүрде моңғолдар енгізген тәртіп үстем болады. «Шыңғыс ханның ясасы бойынша, атасының тірі кезінде әкесі қайтыс болса, мұрагерлік немереге қалуы тиіс», – деп жазады XVI ғасырдың басында Фазлаллах ибн Рузбихан Исфахани. Бүдан көріп отырғанымыздай, билік моңғолдық дәстүр бойынша әкеден ұлға мұрагерлік ретінде қалып отырған. Ал Дешті Қыпшақ тайпаларында өзгеше еді.
Қазақ хандығының құрылуы – тек жаңа әулеттің билікке келуі емес, сонымен бірге моңғолдарға дейінгі жергілікті халықтың билікке мұрагерлік жолмен келу дәстүрін қалпына келтіреді, яғни, жергілікті халық дәстүрі моңғолдар енгізген дәстүрді толық жеңіп шығады. 1458 жылы Керей хандыққа отырса, одан кейін оның ұлы Бұрындық таққа отырмады. Таққа немере туысы Жәнібек хан келді. Жәнібек ханнан соң оның ұлы Қасым емес, таққа Бұрындық отырады. Одан сон Қасым хан. Ал Қасым ханнан соң таққа оның бір немере інісі, не туған інісі келуі тиіс болатын. Жоғарыда атап өткеніміздей, 1521 жылы хандық билікке Қасым ханның туған ұлы Мамаш келеді. Осылайша, мұрагерлік дәстүр алғаш рет бұзылады. Біздің ойымызша, мұрагерлік дәстүрінің бұзылуы сұлтандар арасындағы алауыздықтарды туғызады.
Мамаш ханның билігі қанша уақытқа созылды, басты оқиғалары қандай, хандықтың ішкі және сыртқы саяси өмірінде қандай өзгерістер болды деген сұрауларға ешбір жазба дерек жауап бермейді. Тек қана Мамаш ханның қалай қайтыс болғаны туралы қысқаша мәлімет береді.
Біздің ойымызша, Мамаш хан билік үшін болған күрестің бірінде қаза болған. Сол жылдары Қазақ хандығының ең қауіпті қарсыласы Мауреннахрдағы шайбанилар әулеті еді. Егерде Мамаш хан сырттан болған шапқыншылық барысында қайтыс болғанда, онда бұл оқиға міндетті түрде XVI ғасырдағы шайбанилық деректердің бірінде айтылғаң болар еді. Сондықтан да біз Мамаш ханды билік үшін күрестің құрбаны деп есептейміз.
«Тарихи Рашидиде» Мамаш ханды бір шайқаста түншығып өлді делінсе, Махмуд ибн Уәли «ол бір ұрыста тапталып өлтірілді» деп жазады [1]. Ал Хайдар Разидың мәліметі сәл нақтырақ айтылады. «...бір шайқаста ол қару- жарағының ауырлығынан және көп тапталудан түншығып өлді», – делінеді онда [2]. Мамаш хан 1522 жылы қаза табады.
Осылайша, Қасым ханнан соң билікке келген Мамаш хан Қазақ хандығының одан әрі нығаюына үлес қоса алмай, оның «уақытша әлсіреуінің» басында тұрды. Жазба деректерде Мамаш ханның ұрпақтары туралы ешбір мәліметтер айтылмайды. Қасым ханның ұлдары ішінде XVI ғасырдың 40-70-ші жылдары Хақназар хан ғана билікке келеді.
kaztar.kaznu.kz