«Қазақ әдебиетінің» №6 санында (7.02.2020) «Кетбұға ма әлде Кет-Бұқа ма?» деген ізденісті мақала шыққан екен. Ғасырлар бойы сақталған аңызда ұлы күйші Кетбұғаның Шыңғысханға үлкен ұлы Жошының қазасын күймен естірткені туралы түбінде шындық, жатқан Әфсәнә бізге жеткен. «Ақсақ Құлан». Мұндай күй шығару үшін мына жер бетінде тырбанып жатқан адамзат ұрпағынан бөлек, тылсыммен хабарласқандай ұлылық керек. Ұлы өнер ұлы пәктікті, мынау әлемге сүйсіне білуді, адамзат баласынынан уысы толы қан емес жүрегі толған мейірім мен қайрымды талап етеді. Кетбұға күйші сондай өнердің иесі. «Ақсақ Құлан» күйі соны айтып, жеткізіп, жүрекке құйып тұр. Шыңғыс хан хижраның 624 жылы дүниеден өткен. Күйші Кетбұға онан бір жыл кейін (1150-1225ж) осы күнгі жыл санауымен 1225 жыл өлген делінеді.
Кетбұқа… Оның сойы тіпті басқа.
Бұл мәселені жазу үшін деректерге сүйену керек. Әйтпесе көк мылжынның өзі болып шыға келеміз. Кетбұқа туралы деректерді тек Рашид ад-диннің 1300-1316 жылы жазған «Жамих ат-тауарих» атты бес томдық кітабынын таба аламыз. Кітап Шыңғыс хан дүниеден өткеннен кейінгі дәуірде іле жазылған ұлы еңбек. Кітап Шыңғыс ұрпағы Ғазан ханға, соның әмірі бойыша жазылған соң (мұғылдарды) әсірелеу бары да шындық.
Осы жерде Қайрат Раев інім ептеген қателіктер жіберіп алған екен. Кетбұға «Шыңғыс ханның, Жошының, Кулағудың кеңесшісі болған» депті. Дерек қайда? Дерексіз әңгіме, өзімізді асыра дәріптеу не береді? Қисынсыздыққа жол бермегеніміз дұрыс шығар. Рас, Кетбұқа Хулагу әскерінің бір түменін басқарған қол басшы. Кетбұға «он алты жыл Дамаск, Сирия, Египет, Бағдат т.б патшалық құрған» деген сөзде дерексіз, әрі қисынсыз. Оның дәлелін айта жатармыз. Шыңғыс ханның қайтыс болуына байланысты Кулагу тақ мұрагерін сайлау үшін Моңғолияға аттанды делінген екен. Иә, Шыңғыс хан қайтыс болғанда Хулагу барлы –жоғы тоғыз жастағы бала еді-ау. Мұндай қателікті жазбаған да жөн-ау.
Иә, осы жерде Кетбұқаны азғын Кутуз бен Бейбарыс мерт етіпті. Кутуз, Бейбарыстар Мұсылман елін қорғаған. Ал Хулагу хан христиан дінін үгіттеп «барлық иелігінде шіркеулер тұрғызды» деп жазады Рашид ад-дин. (IV том, 18 бет) КетБұқа Хулагудың оң қолы. Хулагу сол заманда Шығыс жұртын құл етпек болған крестшілермен де одақ болған. Сонда Бейбарысты «азғын» деп жамандаудың не қисыны бар. Тіпті Алтын орда ханы Хулагудың ағасы Берке хан сен мұсылман қалаларын тегіс қираттың, жұртын жоқ еттің, өрістеп тұрған Шығыстың өркениетін, мәдениетін талқан еттің деп Хулагуге қарсы шығады ғой.
Рашид ад-дин жеңіске жеткен Кутуз қамыс арасына тығылған Кетбұқаны қолға түсіріп, басын алып, әскери ордасын талқандап, әйелдерін, балаларын, туысқандарын тұтқын еткенін жазады. (IVтом 78-79 беттер) бұл хижраның 659 жылы болған уақиға.
Рашид ад-диннің осы кітабында СасыБұқа, ТемірБұқа, ТулаБұқа, Бұқа Темір, ЖолБұқа, ЫрықБұқа, ЕсенБұқа аталған т.б муғулдың қол басы, көрнекті адамдарының есімі беріледі. Соның ішінде КетБұқаны муғулдың Сунит руына келтірсе, бірде Найман руынан деп жазылған. Осы аталған КетБұқа есімді адам бір жылда, бір соғыста Кутуздың қолынан өлген. Мүмкін ру атаулары тәржімеде қате кеткен бе, ол арасы белгісіз.
Менің көзім жеткен жағдай КетБұға мен Кет Бұқаның екі бөлек адам екендігі. КетБұға абыз ақсақал, даланың жыршы-күйшісі басын бәйгеге тігіп Шыңғыс хан алдына бара алған, ұлы күймен оның қатыгез жанын иілте алатынына сеніп барған тұлға. Сол кезде КетБұға ұлғайған жаста болса, КетБұқа онан кейін хижраның 638 жылы, яғни 15 жылдан кейін өледі. Кетбұға күйшінің ғасырға жуық жасап, соғысып жүріп өлді деген қисынсыз әңгіме ғой. Бұл өлген КетБұқа. Әрі КетБұқаны Рашид ад-дин «Жынданған арыстандай… Айдаһар сияқты» деп суреттесе (IV том 76 бет), Мансуриада «18 күн қырғын жасады» (IV том 34 бет), ол бастаған Хулагу қолының «бесіктегі баланы» да қырғынын жазады.
КетБұқаның осы айтылған рақымсыз түсі өнер иесі КетБұқаға келе ме? Екеуін есі дұрыс адам теңестіре алмас еді.
Біздің осы заманымыздың күйшілері Секен Тұрысбек пен Жаңғали Жүзбай мылтық ұстап, қырғын салмақ түгілі тауық бауыздай алар ма екен. Өйткені олар өнер деген қасиетті тылсымның адамдары.
Иә, Моңғол әскерін басқарған Хулагу шығысы Үнді жері, батысы Испан еліндегі мұсылман Кардоба халифатына дейінгі аралықта Шығыс өркениетінің аса биік үлгісін жасаған Бағдат халифатын қиратты. Батыс елдерінің түсіне де кірмеген әсем қалалардан күл қоқыс ғана қалды. Мәдениет ошақтары өртелді, ғалымдар құлдыққа айдалды. Жұрт қырғынға ұшырады. Шығыс өркениеті тапталып, бас көтере алмас халге түсті. Бұл жағдай шығыстан үлгі алған батыс жұртының ілгерлеп оза шығып кетуіне әкеліп соқты. Шығыс батыстан осылайша артта қала берді. Хулагудың осыншама бүлік жасауына Алтын Орда ханы Берке де қарсы болған.
Бір ғана күйімен ғасырлардың ар жағындағы даланың кербез сағынышты үнін бізге жеткізген Кет Бұға күйшіге қанды қол қарақшы Кет Бұқаны қосақтап, Ұлы өнер иесінің бейнесіне күйі жақпасақ екен.
Кейбіреулердің пәлен ұлтты пәлен жаққа көшіріп тастау керек дегенін де оқып жатамыз. Бұл қисынсыздау әңгіме. Сталиндік репрессияны еске түсіреді. Жөнсіз екенін кәзір айта жатармыз.
Сол секілді К.Раев ініміз «ұйғыр, сарт және т.б бөлек деп ақыл айтпасын» дегенді де қосқан екен. Жөн сөзбе? Жөні де бар, жөнсізі де жетерлік сөз. Әр елде қасқа да бар, басқа да бар. Қасқасы сол елге сіңіп, сол елдің абыройын асқақтатып жатса, мұнан артық не керек. Түбі түркі Тургенев орыс әдебиетін қалай көтерді? Түбі араб Пушкин орыс поэзиясын шыңға шығарды, түбі швед Лермонтовті орыс ұмыта ала ма? Түбі еврей Энштейін ғылым жолымен Алланың барлығын әлемге мойындатты. Түбі бір мұсылманның баласын жатсыну өрелі іс емес. Жатсындырып жүргендердің барлығын білген жөн.
Мен ұлтшылмын. Қарағанды обкомында істейтін қазақтың «қазақ қырылып қалмас ұшін тезірек ассимилияциялануы, орыстануы керек». Бұл «безболезненый процесс» дегенін естігенен кейін, ендеше «күресіп жүріп қырылайық» деп ұран тастап жиырма жасымда жасырын партия құрып, жиырма екі жасымнан талай түрме, лагердің тозағын бастан кешкенмін.
Елге қайтып оралғаннан соң да сұмдықтар жетерлік.
Мен бәрібір ұлтшылмын. Ұйғыр, дүңген, шешен, кәрістерді қазақ тілін білмейді деп кінәләп жатырмыз. Өзіміз оңып тұрмыз ба? Қарағандыға келші. Шал мен кемпір, жасамыс пен жас, зиялы ма зиянды ма, бәрі орысша «кәпіріп» тұр. Мұның бәрі осы отыз жылда тіл саясатын жолға қоя алмағанымыздың нәтижесі. Қазақ өз тілін білу үшін ең болмаса қазаққа бола тіл полициясын ұйымдастырсын дедік. Кім тындады. Ақыры қазақ та, ұйғыр, дүнген, кәрісте қазақ тілін, мәдениетін менсінбейтін жағдайға жеттік. Кешегі совет заманнында немістер жаппай қазақша сөйлеп, өздерін «мен шуаш руынан», мен кәрсөнмін, мен сазанбай руынанмын деп араласып кеткен еді. Сонан да айырылып қалдық қой.
Қазақ тілінің мәртебесін күрт көтеру мәселесі дарбазаның қақпасын қағып тұр. Бұл мәселені орайына келтіре шешсек тіл мен коса мәдениетте деңгейіне жетеді. Бөтен жұрт бөлінбейді, бізге сіңеді. Болмаса ұйғыр үйтіпті, дүнген бүйтіпті, кәріс қыңырайды дегеннен құтыла алмаймыз.
Кәмел ЖҮНІСТЕГІ,
жазушы, «Құрмет» орденінің иегері