Мәжіліс депутаты Бекболат Тілеухан тағы сын садағына ілікті. Ол кезекті бір мақаласында қазақтың ұлы ағартушысы Ыбырай Алтынсаринге тіл тигізіп, жаңсақ пікір білдірген. Ақын, ғалым Серікбай Оспанұлы Express Qazaqstan тілшісіне депутаттың қандай қателіктер жібергенін айтып берді.
Алдымен депутаттың "Қазақ әдебиеті" газетінде жарияланған "Ұлттық тәрбие бастауы" атты мақаласынан үзінді келтірелік:
"...Қазақта "Әліппе" жасау Ахаңа дейін де болған. Бірақ сәтсіз болған. Орыс достары "Иван Алексеевич" деп атаған Балқожа бидің немересі Ыбырай Алтынсарин ақсақалдың 1864 жылы шығып, орыстың кирилл алфавитімен жасалған "Қазақ хрестоматиясы" қазақ балаларының сауатын орысшаға да, қазақшаға да жарытып аша алмады. Ұлттық дәстүрден тамыр тартпаған, таза орыс "Азбукасының" негізінде дайындалған бұл кітап сол заманда ашылған орыс-қазақ мектептерінде, ашығын айтсақ "бұратана", "түзем" деп кемсітіп айтылған "школдарда" оқытылғанымен ұлт кітабына айналмады...", — деп жазды Бекболат Тілеухан.
Ыбырайтушы ғалым бұл пікірде бір емес, үш қате барын айтады.
"Біріншіден, хрестоматия сауат ашу кітабы емес. Оны көмекші құрал ретінде пайдаланады. Ересектерге арнап шығарғанын автордың өзі де алғысөзінде жазды. Екіншіден, бұл жинақ 1864 жылы шыққан жоқ, 1879 жылы жарық көрген. Үшіншіден, ішіндегі бүкіл шығарма түркінің дүниетанымына құрылған. Адамгершілікке, мұсылманшылыққа негізделген тағылымды әңгімелер жинастырылған. Демек, Бекболаттың "таза орыс "Азбукасының" негізінде дайындалған" дегені мүлдем өтірік. Иә, қазақ үшін Ахмет Байтұрсынұлының еңбегі ерен, орны бөлек. Бірақ Ахаңды асқақтатамын деп, Алтынсаринді аласартқан жарамайды. Бірінші біліп алып айту керек. Заманында қазаққа Ыбырайдан асқан жанашыр болмаған", — дейді Серікбай Оспанұлы.
"Қазақ хрестоматиясы" 2 мың дана таралыммен орыс алфавиті негізінде басылып шыққан. Жинақ төрт бөлімнен тұрады. Олар — өлеңдер мен балаларға арналған ұсақ әңгімелер, ертегілер; үлкен кісілер турасындағы әңгімелер; ел әдебиеті нұсқалары, әртүрлі өлең-жырлар; мақалдар мен мәтелдер.
Аталмыш еңбек туралы кезінде бірталай тұлғалар пікір білдірген.
"...Бұл уақытқа шейін қазақ балалары үшін Ыбырай кітабынан артық кітап дүниеге әлі келген жоқ. Қазақ мектебінен кітап жазатын адам Ыбырай кітабын жақсы білуге тиіс. Ыбырай кітабына қарап жазуы керек" - Ахмет Байтұрсынұлы
"...Бұл кітап қалың қазақтың қараңғы надан кезінде таза қазақтың жалпақ тілімен жазылған. Ыбырайдың кітабын оқып отырсаң, жазушы қазақтың тілін жақсы білгендігі көрініп тұр. Бұл жұрттың көбінің қолынан келмейтін іс. Ыбырайдың бұл кітабы — ұлт мектебіне бірінші салынған негіз. Ыбырай кітабын оқу құралы жағынан қарасақ, яғни педагогика жағынан кітаптың дұрыс жазылғанын көреміз. Ыбырай бала оқыту жолын білгендігі, жас баланың құлқын, мінезін, сырын, (психологиясын) жақсы білгендігі сезіледі" - Мұхтар Әуезов