Қазақстан тарихы кафедрасы ел идеологиясының қалыптасуы мен рухани өмірінде үлкен жұмыстар атқарып келеді. 1995 жылы республика үкіметінің «Қазақстан Республикасында тарихи сананы қалыптастыру» тұжырымдамасы мақұлданып, еліміздің төл тарихының да негізі қалануына одан ары жол ашты. Онда негізінен отандық тарих ғылымының басым тұстары сөз болды. Тәуелсіз ел болғалы төл тарихымыз терең зерттеліп, егемен елдігімізге, ой-санамызға, жас ұрпақтың сауатты бола түсуіне өз ықпалын тигізуде. Төл тарихымыз – ұлтымыздың келешегі мен өткенін түйістіретін көпір. Біздің кафедра да өз қал-қадерінше егемендігіміздің өркендеп, университетіміздің дами түсуіне септігін тигізіп жатыр.
Тарих ғылымында жаңа көзқарастарды қалыптастыруда тарих факультетінде 1992 жылдан бастап Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың «Хабаршы» (тарих сериясы) журналы жарияланып келеді. Бүгінге дейін бұл журналдың 101 нөмірі жарық көрді. Журнал соңғы үш жылдан бері халықаралық Scopus базасы тізіміне кіру мақсатында күрделі жаңартуларды бастан өткізуде. Аталған журналда Қазақстанның ежелгі тарихына қатысты сақтар, ғұндар жайлы көптеген мақалалар жарияланып тұрады.
1993 жылы Қазақстанның жоғары оқу орындарында бұрынғы «КОКП тарихы» орнына «Қазақстан тарихы» курсы оқытылатын болып өзгертілді. Жас маман ретінде қарашаңырақ мені кері қайта шақырды. Осы жылдарда мен ассистент қызметінен доцент қызметіне дейін дәрежем өсті. Сонымен қатар 2002 жылдан бүгінгі күнге дейін сол кездегі Қазақстанның ежелгі және орта ғасырлар тарихы кафедрасында, кейіннен біріккен Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі қызметін атқарып келемін. 1996 жылы кандидаттық диссертациямды қорғап, жаңа деңгейде ғылыми еңбектер жазуды қолға алдым. Мемлекетіміздің, ҚР Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың тікелей жарлығымен 1997 жыл – Жалпыұлттық татулық және саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу жылы, 1998 жыл – Халықтар тұтастығы мен ұлттық тарих жылы, 1999 жыл – Ұрпақтар бірлігі мен сабақтастығы жылы деп жариялануы өткен тарихымызды қайта саралап, зерделеуге, тарих бетінің ақтаңдақтарын өз ортамызға алып келу арқылы бұқаралық сана мен жастар арасындағы патриоттық тәрбиеге негіз қалауға септігін тигізді.
2013 жылы Елбасы бастамасымен үш жылға арналған «Халық тарих толқынында» арнайы тарихи зерттеулер бағдарламасы ұсынылды. Бұл бағдарлама 2014-16 жылдар аралығында жүзеге асырылды. Бағдарлама аясында мол қаржы бөлініп, еліміздің ірі қалалары – Астана мен Алматыда бес республикалық ғылыми орталық ашылды. Соның үшеуі Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің тарих, археология және этнология факультетінде ашылып, жұмыс істеуде. Қазақстан тарихы кафедрасы базасында құрылған, ҚР ҰҒА-ның құрметті академигі Т.Омарбеков директоры болып табылатын «Орталық Азияның дәстүрлі өркениеттерін зерделеу» республикалық ғылыми-зерттеу орталығы ашылып, жемісті жұмыс жасап отыр. Мен жоғарыда көрсетілген орталықта қызмет істеп, төрт кітаптан тұратын, жаңа көзқараспен жазылған «Қазақстан (Қазақ елі) тарихы» оқулығының авторы қатарынан табылдым. Аталған оқулық ҚР БжҒМ-ның 2016 жылғы «Үздік оқулық» номинациясын жеңіп алды. Бүгінде қазақ, орыс, ағылшын тілдеріне аударылып, ЖОО студенттерінің қолынан табылатын бірден-бір оқулық қатарында.
Сонымен қатар ғылыми-зерттеу орталығы 2014-17 жылдары жариялаған тоғыз монографияның үшеуінің авторлар құрамына кірдім. Мен ғылыми жұмыстар жазумен қатар, өзімнің ғылыми көзқарастарымды еліміздің телеарналарында сұхбат, құжатты фильмдер түрінде білдіріп келемін. «Қазақстан» телеарнасында «Айтуға оңай», «Қаракет» бағдарламаларында ежелгі және орта ғасырлардағы тарихи тұлғаларға қатысты 10-ға жуық көрсетілімге қатыстым. Сондай-ақ аталған телеарнаның түсірілімімен қазақты құраған тайпалар тарихына қатысты көптеген құжатты фильмдер түсірілді. Соңғы кездері «Talim» телеарнасы ХХ ғасырдағы Қазақстан тарихына қатысты менің бес дәрісімді түсіріп, көпшілікке ұсынды. «Аңыз адам» журналының №15 нөмірінде жарияланған Қазақстан тарихы мен әлем тарихында орын алған жеке тұлғаларға қатысты берген сұхбаттарым бұқара халықты төл тарихымен таныстыруға қосқан үлесім деп есептеуге болады.
Мен үш монографияның, ЖОО-ға арналған үш оқулықтың, үш типтік бағдарламаның, үш қосымша оқу құралы мен мектеп оқушыларына арналған үш электронды оқу құралы авторларының құрамындамын. Сондай-ақ 70-ке жуық ғылыми мақала мен дистанциялық оқуға арналған МООК авторы қатарындамын.
Ғылыми жобаларға қатысып, үздіксіз зерттеу жұмысын жүргізу – әрбір ЖОО қызметкерінің басты мақсаты. Зерттеу жұмысы нәтижелерімен баспасөз және телеарналарда бөлісіп, халыққа қызмет етуді жалғастыру қажет. Университет оқытушылары ретінде шәкірттердің дипломдық жұмыстары мен магистрлік диссертацияларына жетекшілік жасауды жалғастыра бермекпіз. Университетіміз ғылыми-зерттеу оқу орнына айналуы және халықаралық рейтингтерде иеленген жоғары орнын сақтап қалу үшін шетелдік, соның ішінде Scopus базасындағы журналдарда мақалалар жариялауды жалғастыра беруіміз тиіс.
Қазақстан тарихы алдымен қазақтың өзіне қажет. Сол себепті де ел Президенті мен үкіметіміздің идеологиялық салаға қажет жолдаулары мен стратегиялық бағдарламаларын халыққа насихаттау жұмысы жалғасын табатын болады. Қазақстан тарихы кафедрасы меңгерушісінің оқу ісі жөніндегі орынбасары ретінде оқу үдерісіне қатысты ісқағаздары бойынша жұмысты жалғастыру университеттің басты талаптарының бірі. Олардың қатарында шетелдік алдыңғы қатарлы университеттерімен қос диплом, бірлескен оқу бағдарламаларын дайындау, жаңа мамандықтар ашу, білім беру бағдарламаларын жаңғырту, жаңа базалық және элективті курстар дайындау, әрине, ең бастысы – сапалы, бәсекеге қабілетті маман даярлау біздің жұмыстың басты приоритеті болып қала бермек.
Кафедра бакалавриатта «6В02205-Тарих» мамандығы, магистратурада «7М02210-Тарих» мамандығы, докторантурада «8D02206-Тарих» мамандықтары бойынша мамандар даярлайды. Аталған мамандықтар бойынша мамандар даярлау университет талабы бойынша жүзеге асырылып келеді. Магистратура бойынша Түркияның Стамбул университетімен бірлесіп «7М02213-Ұлттық тарих», Италияның Ла Сапиенца университетімен «7М02208-Дүниежүзі тарихы» мамандықтары бойынша қосдипломды бағдарламалар, Ресейдің Халықтар достығы университетімен бірлескен оқу бағдарламасы бойынша мамандар даярлануда. Аталған мамандық бойынша білім алған магистранттар өз университетімізден бөлек, көрсетілген елде білім алып, екі ЖОО-ның да дипломдарын алуда.
Соңғы жылдарда тарих мамандығы бойынша сұранысқа ие жаңа мамандықтар дайындау жұмысы да үздіксіз жүзеге асырылып келеді. Бакалавриатта «Тарих және информатика», магистратурада ағылшын тілінде оқытылатын «7М02214-Көпшілік тарих» мамандықтарының негізгі оқу бағдарламалары дайындалды. Негізгі оқу бағдарламалары 2020 жылы «Тарих» мамандығының барлық білім беру сатыларында QS халықаралық рейтингінің әлем бойынша гуманитарлық саладағы 150-200 аралығындағы үздік мамандықтар қатарына ілінді. «Тарих» мамандығының барлық сатылары, ACQUIN – Das Akkreditierungs (Германия) халықаралық аккредитация ұйымының, ARQA халықаралық ұйымының, сонымен қатар НКАОКО, НААР, «Қазақстан 2050» ұлттық аккредитациялық ұйымдарының қорытындысы бойынша жүлделі І орынды иемденіп келеді. Біздің білім саласының қызметкерлері, университет оқытушылары, кафедра меңгерушілері ретінде тәуелсіздіктің 30 жылдығы аралығында алған марапаттарымыз бен мақтау қағаздарымыз да біршама деп ауыз толтырып айтуға болады.
2014 жылы тамызда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Ұлытауда берген сұхбатында елдің тарихы, ұлттың тілі, халқымыздың саны, қазіргі кездегі көрші елдермен қарым-қатынас орнату мәселесі айтылып, халықтың ұлт болашағына деген сенімін күшейтті. «Ұлытауға барып тебіренбеу мүмкін емес», – деп Елбасының өзі айтқандай, Сарыарқаның төрінде орналасқан Ұлытау өңірі – қазақ жерінде алғаш жылқыны қолға үйреткен тас дәуіріне қатысты Ботай мәдениеті, алғаш металлургия ісін дамытқан қола дәуірі мәдениеттері, ортағасырлық Қыпшақ, одан кейінгі Алтын Орда, Қасым, Абылай хандардың хан ордалары орналасқан жер.
2015 жылы Ұлытауда Қазақ географиялық қоғамының ұйымдастыруымен, Елбасының ізімен еліміздің 14 ЖОО студенттерінен құралған командалары бескүндік іссапарда болды. Елбасының Ұлытауда берген сұхбатынан кейін «Халық тарих толқынында» бағдарламасы, Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өту, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақалалары жарық көрді. Солардың ішінде ұлттың сана-сезімі жайлы үлкен серпіліс туғызатын «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы ерекше орын алады. Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2017 жылы 12 сәуірде баспасөзде жариялаған бұл мақалада Қазақстанның болашағы үшін аса маңызды рухани дамудың көкейкесті мәселелері қарастырылған. Атап айтатын болсақ, мақаланың «ХХІ ғасырдағы ұлттық сана» туралы бөлімінде бәсекелік қабілеттілікті арттыру, қазақ ұлтының бірегейлігін сақтау, білім беру жүйесін әлемдік деңгейге көтеру туралы айтылған. Әсіресе мақаладағы «ұлттық код», «ұлттық бірегейлік» мәселесін көтеруі – бүгінгі заманның талабынан туындаған дүние деп есептеймін.
Елімізде «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасының қабылдануы мен жүргізілуіне байланысты 2017-20 жылдар аралығындағы үш оқу жылында Қазақстан тарихы кафедрасы, университеттің гуманитарлық және жаратылыстану факультеттері мамандықтарының 2-курс студенттеріне арналған «Рухани жаңғыру және тарихи сананың қалыптасуы» атты элективті курс дайындап, студенттер тарапынан сұраныс туғызған осындай пәнді оқытуды жүзеге асырды. Бұдан тыс, кафедраның ОПҚ-ы баспасөз беттері мен интернет сайттарында мақалалар жарияладық. Сондай-ақ студенттердің қатысуымен түрлі тәрбиелік шараларды жүзеге асырдық.
Иә, Елбасы көтеріп отырған осындай бағытта жүргізілетін ғылыми-зерттеу және тұлғаларды насихаттау жобалары Қазақстан тарихын байыта түсетіні сөзсіз. Бұл, әрине, болашақтың маңызды ісі.
Дайындаған Нұрбек НҰРЖАНҰЛЫ
«Qazaq universiteti» газеті, №37, 2021 жыл