Бүгін Алаш қайраткері, қазақ әдебиетінің жарық жұлдызы, лирик ақын Мағжан Жұмабаевтың туған күні.
Түркістан — екі дүние есігі ғой,
Түркістан— ер түріктің бесігі ғой .
Тамаша Түркістандай жерде туған
Түріктің Тәңірі берген несібесі ғой.
Ертеде Түркістанды Тұран дескен,
Тұранда ер түрігім туып-өскен.
Тұранның тағдыры бар толқымалы,
Басынан көп тамаша күндер кешкен.
Тұранның тарихы бар отты желдей,
Заулаған қалың өрттей аспанға өрлей.
Тұранның жері менен суы да жат,
Теңіздей терең, ауыр ой бергендей, - деп түгел түркі жұртын жырлаған ақиық ақынның туғанына биыл 125 жыл толып отыр.
Мағжан (Әбілмағжан) Бекенұлы 1893 жылы 25 маусымда Солтүстік Қазақстан облысы, қазіргі Мағжан Жұмабай ауданы, Сасықкөл жағасында дүниеге келген.
Мағжанның атасы – Жұмабай қажы. Әкесі Бекен саудамен айналысқан дәулетті адам болған. Анасының есімі – Гүлсім.
Мағжан ауыл молдасынан сауатын ашып, 1905-1910 жылдары Қызылжардағы (Петропавл) №1 мешіт жанында белгілі татар зиялысы, мұсылман халықтарының азаттығы жолында күрескен М.Бегишевтің ұйымдастыруымен ашылған медреседе оқиды. Медреседе Бегишевтен Шығыс халықтарының тарихынан дәріс алып, қазақ, татар әдебиеттерін, Фирдоуси, Сағди, Хафиз, Омар Һайям, Низами, Науаи секілді шығыс ақындарының дастандарын оқып үйренеді.
Баспадан 1909 жылы шыққан Абай өлеңдерін оқып, «Атақты ақын, сөзі алтын хакім Абайға» деген өлең жазды.
1910-1913 жылдары Уфа қаласындағы «Ғалия» медресесінде білім алды. Онда татар жазушысы Ғ.Ибрагимовтен дәріс алып, белгілі қайраткер С.Жантөринмен тығыз қарым-қатынас орнатады, болашақ көрнекті жазушы Б.Майлинмен танысады.
Ибрагимовтің көмегімен 1912 жылы Қазан қаласындағы Кәрімовтер баспасында «Шолпан» атты тұңғыш өлеңдер жинағы басылып шығады. «Садақ» журналын шығаруға қатысып, оған өзінің өлеңдерін жариялайды.
1913-1916 жылдары Омбы мұғалімдер семинариясында білім алады. «Бірлік» ұйымы жұмысына белсене араласып, «Балапан» қолжазба журналын шығаруға қатысады. Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы, М.Дулатұлы секілді алаш қайраткерлерімен байланыс орнатып, «Қазақ» газетіне өз өлеңдерін жариялайды.
1917 жылы Ақпан төңкерісінен кейін қалыптасқан саяси жағдайға сай қоғамдық өмірге белсене араласып, Ақмола облыстық қазақ съезін өткізуді ұйымдастырушылардың қатарында болады. Осы жылы сәуірде Ақмола облысы қазақ комитеті құрамына сайланды. Мәскеу қаласында өткен Бүкілресейлік мұсылман съезіне қатысты.
Ол Бірінші жалпықазақ съезінің шешімі бойынша Бүкілресейлік Құрылтай жиналысына депутаттыққа кандидат ретінде ұсынылады. «Алаш» партиясының Ақмола облысы комитетінің мүшесі болады.
«Үш жүз» партиясы өкілдерінің жалған айыптауымен бір айға жуық абақтыға отырып шықты.
Екінші жалпықазақ съезіне делегат ретінде қатысып, онда оқу мәселесі бойынша құрылған комиссияға төрағалық етті. 1918-1919 жылдары Петропавл уездік земство басқармасында қызмет етті.
1919-1923 жылдары Ақмола губерниялық «Бостандық туы» газетінде, «Шолпан», «Сана» журналдарында, «Ақжол» газетінде қызмет істеп жүріп, халық ағарту жұмысына белсене араласады. Сол кезеңде қалың қауымға таныс поэмасы «Батыр Баянды» жазып, жарыққа шығарады.
1923-1927 жылдары Мәскеуде Жоғары әдебиет-көркемөнер институтында оқиды. Онда орыс әдебиетін, Батыс Еуропа әдебиетін терең зерттеп, орыс мәдениет қайраткерлерімен жете танысып, көпшілігімен достық қарым-қатынаста болады. Мәскеуде оқып жүргенде оның шығармалары орынсыз сынға ұшырады.
1924 жылы 24 қарашада Мәскеу қаласындағы Шығыс еңбекшілері коммунистік университетінде қазақ жастарының жерлестік ұйымында жиналыс өтіп, олар Мағжанның 1922 жылы қазанда, 1923 жылы Ташкентте басылып шыққан жыр жинақтарын талқыға салды. Онда ақын шығармаларын теріске шығаратын қаулы қабылданды. Орынсыз сыннан көңілі жабыққан ақын «Сәлем хат» деген өлең жазды. Ол «Тілші» газетінде жарияланды.
Ақын 1927-1929 жылы Бурабайда, одан соң Қызылжарда оқытушылық қызметтер атқарады.
1929 жылы «Жұмабайұлы «Алқа» атты жасырын ұйым құрғаны үшін» деген айыптаулармен Мәскеудегі Бутырка түрмесіне қамалып, 10 жыл айдауға кесіледі.
1936 жылы М.Горький мен Е.Пешкованың араласуымен бостандық алып, Қазақстанға қайтады. Петропавл қаласында мектепте орыс тілі мен әдебиетінен сабақ беретін мұғалім болып жұмыс істейді. Көп ұзамай қалалық оқу ісінің меңгерушісі оны саяси себептерге байланысты деген айыппен мұғалімдік қызметтен босатады.
1937 жылы наурызда Мағжан Бекенұлы Алматы қаласына келеді. Аударма ісімен айналысады.
1938 жылы қайтадан қамауға алынып, ату жазасына кесілді.
Биыл ақынның 125 жылдық мерейтойына байланысты Түркі академиясы 2018 жылды «Мағжан жылы» деп жариялады. Академия осыған орай Түркістан идеясын ту еткен ақынның шығармаларын шет тілдерге аударып, басып шығаруды қолға алды.
Осы игі істің бастамасы ретінде сәуірде Париждегі ЮНЕСКО-ның штаб-пәтерінде Мичиган штатының университет профессоры Тимур Кожаоғлы өзінің «Мағжан - оттың, еркіндік пен махаббаттың ақыны» атты кітабын таныстырды. Туындыда Мағжанның өмірі мен шығармашылығы суреттеледі. Аталған кітапта ақынның 16 өлеңі ағылшын тіліне аударылған.
Халықаралық Түркі академиясы оның таңдамалы шығармалар жинағының алғаш рет өзбек тілінде жарық көруіне де мұрындық болды. Мағжан Жұмабаевтың өлеңдерін өзбек тіліне талантты ақын, білікті аудармашы, Қарақалпақстанның халық ақыны Мұзаффар Ахмад аударды.