Қазақтың біртуар ұлы, кеңес одағының батыры, екінші дүниежүзілік соғыстың даңқты жауынгері, әскери қолбасшы, стратег, тактик әрі жазушы Бауыржан Момышұлы 1910 жылы 24 желтоқсанда Жамбыл облысы Жуалы ауданы Мыңбұлақ ауылында дүниеге келген. Әкесі ұста, етікшілік пен зергерлікті кәсіп етіп қана қоймай, кирилл әліпбиін өз бетінше меңгерген адамдардың бірі болған. Анасы Рәзия дүниеден ерте өткендіктен, Бауыржан 3 жасынан бастап әжесі Қызтумастың қолында тәрбиеленеді.
Бауыржан Момышұлы өмірінде бірнеше рет шаңырақ көтеріп ажырасқан. Бірінші әйелі Бибіжамал Мұқанқызынан Бақытжан есімді ұлы дүниеге келген. Ұлы да жазушылықпен айналысқан. Ал екінші әйелі Вера Строева батырдың әдебиетке келуіне себепші болады. Бұдан кейін Клавдия Коркина есімді сыған қызымен отау құрып, одан Елена есімді перзент сүйеді. Тағы бір әйелі Бақытжамал Қалибекқызымен 13 жыл бірге болған. Жалғыз ұлының әйелі — Зейнеп Ахметова Бауыржанкеліні. Ол қазақы дәстүрлерді әлі күнге дейін насихаттап, қайын атасы туралы естелік кітаптар мен мақалалар жазды.
Бауыржан Момышұлы мектепті үздік бітірген
1921 жылы Бауыржан Момышұлы Аса интернатына оқуға түсіп, кейін 1924 жылдан бастап Шымкент қаласындағы жеті жылдық мектепке ауысады. Ол Құрманбек Сағындықов және Әбділда Тәжібаевпен мектеп қабырғасында бірге білім алған.
1928 жылы мектепті үздік бітіргеннен кейін Орынбор қаласындағы қазақ педагогикалық институтында білім алуды жалғастырады. Алайда көп ұзамай тұрмыстық жағдайына байланысты ауылына қайтуына тура келеді. Институт директоры Тоқтыбаев оның суықта жұқа киіммен жүргенін көріп, бухгалтерия арқылы қағаз жаздыртып береді. Кейін осы жазылған қағазбен студент Бауыржан ақша алып, ауылына қайтады.
1928-30 жылдары бастауыш мектепте мұғалім; аудандық атқару комитетінің жауапты хатшысы қызметтерін атқарып, 6 ай уақыт милицияда жұмыс істейді. Атқару комитетінде ерекше көзге түсіп, Тимофей Дубовиктің қолдауымен Шымкент өнеркәсіп банкіне қаржыгер болып жұмысқа тұрады. Осы жерде жүріп республикалық банк меңгерушісінің жолдамасымен Ленинградтағы қаржы академиясы жанындағы бір жылдық курсты тәмамдайды. Біліктілігін көтергеннен кейін КСРО өнеркәсіп банкінің республикалық басқармасына аға консультант ретінде тағайындалады. Кейін әскери борышын өтеуге шақырту алады. Әскерде бір жарым жыл жүріп запастағы командир атағын иеленеді. Осыдан кейін ауылға келіп қаржы мекемесінде жұмыс істеп жүргенінде қызыл әскер қатарына шақырылады.
"Әркімнің өз Баукеңі бар"
1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталысымен майор И.В. Панфиловтың басшылығымен Алматы маңында жаңадан жасақталған 316-атқыштар дивизиясының құрамында майданға аттанып, жауға қарсы шайқасады. Соғыста жүріп өз батальонын 27 рет шабуылға бастап шығып, 5 рет жау қоршауын бұзып, негізгі жауынгерлік құрамымен дивизиясына аман-есен қосылады. Бауыржан Момышұлының тактик және стратег қасиеттерінің арқасында "ошақты", "икемді қорғаныс" деген жаңа ұғымдар қалыптасты. Ол әскери психология мен педагогиканы байытуда баға жетпес мұралар қалдырды. Оның көптің бойынан табыла бермейтін бірегей қасиеттерін еврей, неміс, чех, француз және ағылшын тілдеріне аударылған Александр Бектің "Волоколам тасжолы" атты кітабынан көруге болады.
Батыр ұлдың мінезі туралы Зейнеп Ахметова сұхбаттарының бірінде: "Әркімнің өз Баукеңі бар" деп Олжас Сүлейменовтің айтатыны бар ғой. Атаны әркім өзінің көзімен, өзінің өресімен көрді. Кейбіреулер бет жағындағы көбігін ғана қалқып, арғы жағына үңіле алмады. Ал менікі тек келіндік көзқарас. Үстелді тарс еткізіп ұрып: "Көзіме тура қара. Ойыңды ашық айт! Қазулы көр тұрса да шындықты айт!" — дейтін. Ол кісінің көзіне тура қарау қайда маған? Көзін суреттеп бере алмаймын. Жанып тұрған от еді. Иығынан асырып қараймын. Кейін түсіндім ғой.
Менің бойымнан жылт еткен бірдеңені көрді ме екен, әділетінен әділетсіздігі басым дүниеде, өзі де сондай нәрсені басынан көп өткізгеннен кейін де шығар, "жақсының да, жаманның да аяғында төселіп жататын төсеніштей болмасын, пысық болсын" деп үйреткен болу керек деп ойлаймын. Әңгіме айтып отырған кезде, ортадан кілт үзіп, пікірімді сұрайды. Кейде есің шығып кетеді. Үндемесең ұрсады. Қазір кез келген нәрсені ашық айтатыным, ұнамағанды бетке айтатындығым атадан қалған болу керек. Менің ең жақсы қасиетім — үндемей құтылатынмын. Жарылып кетейін деп тұрсам да, үндемей қалатынмын. Бір кезде: "Балам, мен артықтау кеттім, кешір" дейтін. Бұл енді ұлылық!" — деп айтты.
"Жарайсың, сұңқарым!"
Бұл — Бауыржан Момышұлының өміріндегі ерекше кезең. Аға лейтенант Момышұлы сарбаздарымен қақаған аязда Мәскеу түбінде бес рет қоршауды жарып шығып, соғыс тарихында болмаған тактикаларды қолданып, әскери өнерге жаңалық енгізеді. Оны осы кездегі әрекеттеріне қарап мықты стратег әрі адам жанын терең сезіне білген психолог ретінде бағалауға болады.
1941 жылы 16-18 қараша күндері Мәскеуге екінші рет шабуыл жасалғанда қазақтың батыр ұлы Волоколам тасжолында асқан ерлікпен соғысып, неміс әскерлері 3 күнге іркіліп қалды. Алайда осы шайқас кезінде Бауыржан басқарған бірінші батальон қысылтаяң жағдайға ұшырап, шегінудің нақты жоспарын әзірлеуге мәжбүр болады. Он бес адамнан құралған взводтар бөлек-бөлек, бірінің артынан бірі жүріп отырады. Ал батальон алдындағы барлаушыларды саяси жетекші Мұхаметқұл Сләмқұлов пен аға лейтенант Рахимов басқарады.
Күндіз жау көзіне түспеу үшін жауынгерлер түнделетіп жүріп, табандылық пен төзімділік арқасында екі күн ішінде Новлянск пен Ивановск ауылдарының ортасына жетеді. Барлаушылардың айтуынша, Ивановск ауылында И. В. Панфилов әдейі резервте ұстаған панфиловшылардың 1075-полкінің бірінші батальоны тұрған. Олар көзі жойылдыға саналған Момышұлы басқарған батальонды үлкен қуанышпен қарсы алады. Әсіресе, И. В. Панфилов көзіне жас алып, Бауыржанды құшақтап, "Жарайсың, сұңқарым!" деп арқасынан қағады.
1941 жылдың 26-30 қараша күндері Бауыржан 19-гвардиялық атқыштар полкінің командирі ретінде Соколово ауылының маңында немістермен 4 тәулік бойы арпалысып, ұрысты сәтті аяқтайды.
Бауыржан өзін емдемек болған дәрігерге неге қару кезеді?
1941 жылдың 5 желтоқсанында омыртқасына оқ тиеді. Бұл қайғылы жағдайдың қалай болғаны туралы Әзілхан Нұршайықов "Ақиқат пен Аңыз" кітабында толығырақ жазып кетеді. Бауыржан дәрігерлердің өзін дереу госпитальға апару керек деп шешкеніне қарамастан, сол жерде оларды тапаншамен қорқытып, оқты дереу шығаруды бұйырады. Жара таңылғаннан кейін капитан ұрыс алаңына қайта оралады. Бұдан кейін 1944 жылы Дубровка ауылында комдив болып жүріп құйымшақпен жерден шығып тұрған темірге құлайды. Біраз уақытқа дейін атқа отыра алмай, шалқасынан жата алмай қиналады. Осы жылдың наурыз айына дейін госпитальда жатып, бас штабтың әскери академиясының жанындағы офицерлердің біліктілігін арттыру курстарын бітіріп шығады.
1945 жылы ақпан мен наурыз айларының аралығында Бауыржан Момышұлы басқарған дивизия Приекуле станциясының солтүстік-батыс жағында орналасқан неміс әскерінің үш бекінісін бұзып, 15 елдімекен босатылды.
Соғыстан кейін Бауыржан Момышұлы 1946-48 жылдары Ворошилов атындағы әскери академияның тыңдаушысы; 1948-50 жылдары 49-атқыштар бригадасы командирінің орынбасары қызметін атқарады. Кейін 1952 жылы кеңес армиясы бас штабының жанындағы жоғары әскери академияны тәмамдайды. Бес жыл студенттерге ұстаздық етіп, 1956 жылы полковник атағымен отставкаға шыққан соң елге оралады. Елде біраз уақытқа дейін жұмыс таба алмай, түбегейлі шығармашылыққа бет бұрады.
Соғыста жүрген шағында да "Жардың мұңы", "Ғ-ға", "Ана тілін ардақта", "Досыма", "Толғау", "Серігім", "Жазушыға", "Қалыбек аға", "Біреулерге", "Омарбекке" сынды өлеңдер жазған. Ал көрген-білгендерін арқау еткен кітаптары 1952-56 жылдары "Офицердің күнделігі", "Бір түннің тарихы", "Біздің семья" аттарымен басылып шықты. Батырдың қаламынан туған бұл шығармалар қалың оқырманның іздеп жүріп оқитын туындыларына айналып, бірнеше рет қайта басылып шығады.
Фидель Кастродан келген шақырту
1962 жылы Фидель Кастроның шақыруымен Куба еліне сапарға барып, оның інісі Рауль Кастромен кездеседі. Сол жақта әскери қызметшілерге дәріс оқып, кейін осы сапары туралы "Куба әсерлері" атты кітап жазады. Қазақтың дара туған батыр ұлы Фидель Кастро мен Эрнесто Че Гевараның үлгі тұтқан тұлғасы болған.
Бауыржан Момышұлының "Әділет қашан да жеңеді, ол кешіксе де келмей қоймайды" деген сөзі шындыққа айналып, 1990 жылы туғанына 80 жыл толуына орай кеңес одағы батыры жоғары атағы берілді. Сондай-ақ соғыс жылдарында 1942 жылы 6 маусымда "Қызыл ту" орденімен; 1944 жылы 6 маусымда "Мәскеуді қорғағаны үшін" медалімен; 1945 жылы шілдеде 1 дәрежелі "Отан соғысы", "Құрмет белгісі" ордендерімен, "Қызыл жұлдыз" орденімен 2 рет марапатталды.
Бұдан өзге соғыс жылдарынан кейін 1970 жылы "Еңбек Қызыл ту" орденімен, "Құрмет белгісі" орденімен марапатталып, 2000 жылы "Ғасыр адамы" деп танылды.
2010 жылы 14 қыркүйекте Алматы қаласында "Қазақтың Бауыржаны" атты деректі фильм көпшілікке таныстырылды. Оны үкіметтің тапсырмасымен батырдың 100 жылдың мерейтойына арнап режиссер Қалила Омаров түсірген болатын. Осы жылдың 10 желтоқсанында Алматы қаласындағы 28-панфиловшылар саябағында соғыс қаһарманы әрі жазушы Бауыржан Момышұлына арналған ескерткіш салтанатты түрде ашылды. Жалпы биіктігі 6 метр болатын батырдың мүсіні қоладан, ал ескерткіштің қалған бөлігі граниттен құйылған.
2010 жылы Қазақстан бойынша батырдың 100-жылдығына арналған мерекелік іс-шаралар өтіп, оның 30 томдық шығармалар жинағы жарық көрді. Қазақстанда батыр атына Алматы, Атырау, Тараз, Семей қалалары және Жамбыл облысында көше берілген. Мұнымен қатар, №45 қазақ классикалық гимназиясына Бауыржан Момышұлының есімі беріліп, мектеп алдына батырдың бюсті қойылды.
Осы күнге дейін Бауыржан Момышұлына арнап бірнеше фильм түсіріліп, кітаптар жазылды. 1967 жылы режиссер Мәжит Бегалиннің фильмінде "Артымызда Мәскеу" фильмінде батырдың рөлін Кәукен Кенжатаев сомдады. 2013 жылы режиссер Ақан Сатаев "Бауыржан Момышұлы" атты телехикая түсірді. Бақытжан Момышұлының "Восхождение к отцу", "Во имя отца" және "Сыновья великого волка" атты кітаптары мен Зейнеп Ахметованың "Шуақты күндер" туындысы Бауыржан Момышұлына арналады.
Даңқты қолбасшы сарбаздардың елі үшін шыбын жанын қиятын ерлігін ерекше бағалай білген. Оның қатардағы жауынгерлер жайында айтқан нақылға бергісіз сөздері халықтың есінде мәңгіге қалмақ.
Бауыржан Момышұлы 1982 жылы 10 маусымда Алматы қаласында қайтыс болды.
Бауыржан Момышұлының нақыл сөздері
Батырлық — табиғат сыйы емес, бұл патриоттық борышыңды орындау үшін өзіңді-өзің қауіпке қарсы саналы түрде зорлап көндірудің нәтижесі. Мұндайда адам өз достарымен тек игілікті емес, сонымен бірге қатерді де бөлісе отырып, жауды жою арқылы өзін және отандастарын қауіпсіздендіруге тырысады. Өзінің азаматтық ары мен намысын ездіктен, масқаралықтан қорғайды, өз бойындағы осындай асыл қасиеттерін ашып көрсете түседі.
Адамды бұзатын не? Тағы да сол — атақ, ақша, арақ. Осы үшеуі. Төртіншісі әйел демеймін. Алғашқы үшеуінің буына бөртіп, әйелдерді біз — еркектер бұзамыз.
Өз ұлтын сыйламау, оны мақтаныш етпеу — сатқындықтың белгісі.
Өтіріктің балын жалап тірі жүргенше, шындықтың уын ішіп өлген артық!
Ел дегенде езіліп, жұрт дегенде жұмылып қызмет ет.
Арпалысып жүріп алған абырой — өмірдің ең шырын рахаты.
Сабырлық алдында дұшпан сасады, Сабырсыздан береке қашады.
Бақаның бағынан сұңқардың соры артық.