Бопай Ханшаның жұмбақтары

...Біздер қазіргі күнде өткенді көп аңсаймыз, бабаларымыздың өр істеріне таңқала қарап, сағынамыз! Аталарымыздың көптеген істерін ерліктің шыңындай көтермелей бағалаймыз, аңыздарға тура сол мағынасындай сенеміз! Оның басты себебі, кейінгі кезде жеңілген, әбден мысы басылған, жаншылған ұрпақ өкілі болғанымыздан шығар!

Тіптен сонау бағзы заманғы дала ұл-қыздарын (қазіргі қазаққа қаншалықты қатысы барын) пір тұтамыз, ал ең қызығы кеше ғана ел үшін жалындай жанып өткен тұлғаларымызды тиісті деңгейде мақтан тұтып, дәріптей де алмайтын кездеріміз бар! Сонау сақ заманындағы Томиристі мақтан көреміз, кино да түсіреміз, ал артында өшпес із қалдырған Бопай Ханшаны солай дәріптей алып жүрміз бе? Осы сұрақ ойға оралғанда, «әр қазақтың көкейінде жүруі керек-ау» деген мұңлы ойға еріксіз қаласың...

Әрине, халық жадында ел үшін еңбек етіп, жанын қиған көптеген ата-бабалар, апа-әжелеріміздің аруақтарына бас иіп, есімдерін құрметпен атаймыз. Бірақ, көпшілігі елеусіз-ескерусіз қалғаны да рас-ау! Бопай ханша туралы ел аузындағы деректермен қатар, заманымыздың заңғар жазушысы Ілияс Есенберлиннің талассыз, ғаламат еңбегінің арқасында біраз сырға қанықпыз да, ол жалпы мағлұматтар мынандай тәртіпте өрбиді.

Қазақтың Ұлы Ханы - Абылайдың ұлы Қасым мен бәйбiшесi Айкүмiстен алты бала өмiрге келiптi. Олар: Кенесары, Саржан, Есенгелдi, Көшек, Ағатай сұлтандар және Бопай Ханша атымен тарихта қалған қызы болатын. Тарихи деректер бойынша, Саржан мен Есенгелдi Қоқан құшбегiлерiнiң қолынан аярлықпен ажал тапқан. Ал, атақты Кенесары, інісі Наурызбай, басқа да қазақтың сұлтан-батырларымен бірге Орыс Империясы отаршылдарына және Қоқан Хандығына қарсы күрес-соғыстардың басшысы ретінде және көзсіз ерлігімен елге кеңінен танылған.

Хан Кененің қарындасы - Бопай Ханша жасынан тәрбиелі, өзі төре қызы болғасын, Ұлы Даланың жазылмаған заңдылықтарына сәйкес, өршіл мінезді, намысқой, ер қаруы бес қаруды да, саяткерлікті де шебер меңгерген, өзін қай жерде де болсын үстем түрде ұстай алатын, нағыз халық ұғымына сай, ерекше жан болып өскен. Уақыты келгенде, ата салтқа сәйкес, төре ұрпағы Сәмеке сұлтанға ұзатылған. Бұрын қанша ерке, еркекшора болғанымен Бопай адал жар, сүйікті ана бола білді, осы некелерінен алты бала сүйген.

Көп ұзамай, басында Қасым сұлтан бастаған, кейінірек оның ізін жалғастырушы ағалары қоса шейіт-құрбан болған соң, Кенесары сұлтан бастаған, Орыс Империясының отарлауына қарсы күрес басталды!

Уәли ханның ұрпақтары Кенесары Ханның ұлы күресіне қарсы болғаны анық, міне, сол кезде Бопай Ханша қайсарлықпен барған жерінен бөлініп, алты ұлын ертіп, ағасына келіп қосылған және олар опат болғанша жандарынан табыла білді. Бұл туралы атақты тарихшы Ермұхан Бекмахановтың (саяси қуғынға ұшыраған) дерегінде, Бопай Ханша туралы: «Өзінің әскери ерліктерімен Кенесарының қарындасы Бопайдың да даңқы шықты. Ол көтерілістің алғашқы күндерінен-ақ оның белсенді қатысушысына айналды. Ол өзінің күйеуі Сәмеке мен оның туыстары сұлтан Сартеке және Досан Әбілқайыровтарды да көтеріліске қатысуға шақырған екен, олар қарсы болған»... екендігі айтылады.

Бопай Ханша, көпшілігінің ерліктері анау-мынау ерге бұйырмайтындай, көбіне қыз-келіншектерден құралған 600-дей (алты жүздей) арнайы жасақты басқарды. Бұл топ негізгі әскерді ішкертін-тыл жағынан қару-жарақ, азық-түлікпен қамтамасыз ету және көштерді басқару, ауылдарды қорғау істерімен айналысты. Елден зекет жинау, күреске қарсы адамдарды бағындыру, қажет болса шабуды да қолданумен қатар, қиын-қыстау кездерде алғы шептерден де көрініп жүрді. Бұл істерде өзін мықты жағынан көрсете алып, барлық жұмыстарды шебер ұйымдастыра алды. Бопай ханшаның Хан Кеңестерінде де қатысып, өз ойларын айтып жүргені, онымен елдің санасқаны да деректерден айқын көрінеді. Ел аузында оның бейнесі: «Ол жорықтарда өзін әйелмін деп сезінбей, ісіне әділ де берік, қатал талап қоя алатын батыл басшы екенін танытқан. Ағасына ұқсаған сұсты да нұрлы тұлғасын көріп, затың әйел ғой деп сөз тастайтын ұры көзді жігіттерге бұйрықты бере жалт қарағанда, олар кірерге жер таба алмай, сасқалақтап қалады екен...» деген тұрғыда сақталған. Кенесарыны ата дәстүрмен, түгелге дерлік қазақ рулары атынан 1841 жылы, 7-қыркүйекте Хан болып сайланып, Қазақ мемлекетін қайта қалпына келтіргенін, қарындасының, барынша қызу, қуана қолдағаны айтпаса да түсінікті болар.

Ел аузынан басқа атақты жазушы Ілияс Есенберлиннің «Қаһар» романында Бопай Ханша туралы біршама деректер бар екенін жоғарыда айтып өттік, алайда, ол роман тарихи ғана емес, көркем шығарма болуына және Советтік идеологияға байланысты (және оқушыларды тарту мақсатында), ханшаға қатысты сезім-махаббат тұрғысындағы да біраз оқиғалар желісі өрбіген (алыпқашты сөздер болуы да әбден мүмкін). Мысал ретінде мына үзіндіні келтіре кетсек болады: «Қатын құтырған заман болды ғой осы кез... Сырымбет қырқасынан байын, малын тастап алты баласымен Кенесарының қарындасы Бопай да барып қосылды деген де рас па?

- Рас. Қасымның ұлдары арлан қасқыр болса, қыздары қаншық бөрі емес пе. Бопай қазір қолына найза алып бір топ жігіттерді басқарады деседі. Күйеу жұрты, Уәли ханның ауылын шабамын деп тісін қайрап жүрген көрінеді.

- Бопай келіп ағасының тобына қосылса Жанайдар батыр да со жерде десеңізші...

- Неге?

- Жанайдар мен Бопай жас кездерінде Қозы Көрпеш пен Баян сұлудай болған жоқ па еді? Тек Қасым төре Жанайдарды қара қазақ деп Бопайды оған бермеген. Алты бала тапса да Бопай Жанайдар десе ішкен асын жерге қояды деген өсек бар. Екеуінің басы Кенесары ордасында қосылған болар».

...Бұдан басқа бір эпизодты келтірсек, жазушы, ханшаның Хан Кеңесінде ел тағдырын, жерінің мәселесін патриоттық сенімде ойлайтындығын және Орыс Өкіметіне берілген адамдарға ымырасыз екенін суреттей кеткен:

«- Ақ патшаға жағынып, жаны шығып жүргенінің өзі де сол емес пе? – деді Бопай сәл қабағын шытып, - патша жандаралдары бекініс салып, келімсектеріне аздаған үлес бергені болмаса, жердің шұрайлысы әлі де Сәмеке, Нұралы, Бөкей, Уәли хандардың ұрпақтарында ғой. Мал үшін олар қазақтың жері түгіл, жанын берер. Бірі бүкіл Есіл, Нұра бойын жайласа, бірі сонау Сырымбет тауының, Құсмұрын мен Шұбарға дейінгі кең алқабын алып жатыр. Ал өзгелері бір Уәли ханның ана Айғаным қаншығы жайлап отырған бөктерге үш болыстың малы сыяды, - Бопай кенет ағасына ашулана қарады. – Қашанғы ол қаншықты басымызға шығарып қоямыз? Қоңырқұлжадай оны да шабатын мезгіл жетті, жібермейсің бе бір батырыңды.

Кенесары қасқыр көрген бүркіттей түйіле қалды.

- Қатын аулын батыр шаппас. Қайын атам жұрты демесең өзің шап!

Табылған сөзге үйдегілер шу ете қалды.

- Жөн.

- Тапқан ақыл.

- Қатынды қатын шаппаса, батыр шапқаны ерсі.

- Уәлиханның аулына жолай соғасың, - деді Кенесары аз сөйлей, - ең алдымен арғы беттегі Аманқарағай приказының малын бері айдап өтесің.

Қуанғаннан Бопайдың екі көзі жарқ етті.

- Мен дайын.

...Бұл жерде, түсінгенге, Хан Кененің ата-салтты темірдей тәртіпте ұстайтындығы да баса көрсетіліп, дәріптеліп-ақ отыр. Бұдан әрі романда:

«...Бір жеті өтісімен алты жүз жасақ ерткен Бопай алдымен Аманқарағай приказын, содан кейін Сырымбет тауындағы Уәлиханның бәйбішесі Айғанымның ауылын шапты. Кенесары қолы Көкшетау жақты шауыпты. Ескі кек қайтқандай. Ал батыр қарындасы Бопай Сырымбет саласындағы Уәлиханның жесірі Айғанымның кең сарай алты ағаш үйінің күлін көкке ұшырып, қоймасындағы басулы кигіз, иленген терісіне дейін қалдырмай барын сыпырып әкеп, ата кекті бір қайтарды. Енді Кенесары көңілденбегенде кім көңілденбек? Құдай абырой беріп Ақмола, Ақтау бекіністері де тез алынды. Осы жеңістердің арқасы ғой, енді Қараөткел, Қарқаралы, Көкшетау, Баянауыл өкіріктерінің кей ауылдары бірден Кенесары жағына шыға бастағаны»... деген деректер келтіріледі.

Бопай Ханшаның бұндай істері туралы, көптеген тарихшыларымыз жариялаған архив материалдарында да мәліметтер көптеп ұшырайды, соның бірі ретінде мына деректі келтіруімізге болады: «Бопайдың Арғын руына зекет жинауға келгені туралы Патша Өкіметіне жансыз Самрат Мамаев былай деп хабарлайды: «Кенесары төлеңгіттерімен бірге Кенесары ісіне қатысуымен қырға кең танылған, оның әпкесі Бопай да келді» (көп жерде қарындасы делінеді, бұнда неліктен әпкесі деген түсініксіз).

...Бопай Ханшаның әкелерін тастап, Хан Кенеге келген балаларының ержеткендері де азаттық жолындағы күрес-соғыстарға ерлікпен қатысты, жекелеген жасақтарды басқарды. Алғаш Ермахан Бекмаханов шығарған архив материалдарынан мынандай деректерді кездестіруге болады: «Бопайдың ұлы – Нұрқан да көтерілістің белсенді қатысушысы болды. Патша отрядтарымен болған бір шайқаста ол тұтқындалады. Оның ержүректігі туралы жүзбасы Лебедев былай деп жазды: «Біздің қолымызда қазір қолға түскендер – Кенесарының туған жиені, оның қарындасы Бопайдың баласы, сұлтан Төрехан (Нұрхан – Е.Б.) Сәмекин, Тұңғатар болысының құрметті биі – Инемнің шәкірті Айдарбек Қуандықов және Кенесарының төлеңгіті – Сәрсенбай бар, олардың алғашқысы жанұшыра қарсылық көрсетуі нәтижесінде қатты жараланған»... Ұмытпасам, ханшаның тағы бір, немесе екі ұлы Кене Ханның соңғы шайқасында опат-шейіт болды. Өкінішке орай, қалған ұлдарының кейінгі тағдырлары қалай қалыптасқаны туралы мәліметтерді көре алмадым (бір әңгімелерде қазір да ұрпақтары бар дегенді естігенім бар).

Белгілі деректерде Бопайдың сенімді серіктері ретінде, ерліктері кез келген еркектен кем емес, «Арғынның» қызы Алтыншаш пен «Табынның» қызы Ақбөкен, т.б.-дың есімдері үнемі аталады.

Бопай Ханшаның қазақша айтқанда көріпкелділігі де болғандығы, оған қоса қазақ қыздарының Кене Ханның соңғы шайқасына көптеп қатысып, көпшілігі опат болғаны, қолға түскендері және кейінірек, ханшаның жауласқандармен мәмілеге келіп, көптеген тұтқындарды құтқарып алған еңбектері белгілі қырғыз тарихшысы Белек Солтоноевтың (репрессияға ұшыраған) «Қызыл Қырғыз тарыхы» атты үлкен еңбегінің «1847-жылында Кене Хандын Кыргызга экинчи чабуулуу (кой жылы)» атты тарауында былай айтылады: «Кене хан кыргызга аттанарда Бопуйкан деген карындашы «түшүмдө саамайым өрттөнүп кетти, кыргызга аттанбаңыз» деген.

...Аткошчу балдар аскер эмес, алардын кээ биринин алганы үч ат болгон. Казактын кыздары чачтарын төбөсүнө түйүп алып качкан болсо алар таанылбастан көп өлтүрүлгөн. Бир кыз чачын түшүрө сала «мен кызмын» дегенде саяк кыргызынан Норбай балбан деген кармап барып баласына алып берген. Анын тукуму азыркы кайдуулатта болуп, ушул кезде Кетмен Төбөдө.

...Кененсары өлгөн соң бир жылдан кийин ат, тон, колго түшкөн казактын көбүн Кенен-сарынын бир тууган карындашы Бопуйкан келип жыйып кеткен»... Бізге жеткен кей деректерде адам басына 60 (алпыс) жылқыға дейін құн төленіп, босатылған. Ал үйленгендер болса сол елде қала берген. Жалпы бұл соғыста қазақ елі зор шығынға ұшырады, қазақ даласында айдалып жүрген поляк зерттеушісі А. Янушкевичтің (1846. Шілде) күнделігінде «Кенесарының 1500 сарбазынан өлiдей, екi зеңбiрегi мен 500 қызынан айрылғаны» айтылады...

...Хош делік! Бұл айтқандарымыздың барлығын да көзіқарақты оқырман біледі деп ойлаймыз. Ендігі мәселе, сөзіміздің басында Бопай Ханшаның жұмбақтары деп бастаған соң, сондай ойларымызбен бөліскіміз келеді. Ол қандай жұмбақтар еді деген сұрақ туындайды. Қарастырып көрелік!

- Ең алдымен Бопайдай асыл апамызды қалай атаған дұрыс? Ханша ма, әлде Ханым ба?! «Ханша» деген сөз тілімізде бұрыннан бары анық және хан тұқымының шыққан қыздарға қолданылады. Оған, ескі жырлардағы «Әлпештеген ханшасын, Ат артына мінгізіп»... деген сөз тіркестері дәлел! Қазіргі көп кездесетін «Ханшайым» сөзінің оған қатысы бар екені туралы, ескі жыр-аңыздардан (әйел есімдері көптеп кездеседі) қосымша дәреже-атау ретінде кездеспегендіктен қарастырмай-ақ қоялық. Ал "Ханым" сөзіне келсек, ол ханның жұбайына қолданылатын сөз (қазіргі ұғымымыз, әрине, басқа). Олай болса, Бопай апамыз, ел аузында неліктен көбіне «Бопай Ханша» атымен қалды екен? Былай қарасаңыз барған жері де хан тұқымы ғой, сондықтан «Бопай Ханым» аталуы керек емес пе?! Бұның сыры әлде, барған жерінен саналы түрде бас тартып, ағасы бастаған қозғалыс-күреске қосылуында ма және солай болғандықтан, Сәмеке сұлтан да одан ресми түрде бас тартты ма екен деген ойлар да келеді. Біз де сондықтан, ел аузында, жадында көбірек сақталған, яғни, «Бопай Ханша» атты атаумен айтуды жөн санадық;

- Бопай Ханша да көптеген замандастары сияқты, сол заман ағымына сәйкес, тып-тыныш Орыс Империясы билігінің қолтығына кіріп алып, шен-шекпен, сыйлықтар алып, байлығы шалқыған ханым ретінде балаларын оқытып, тып-тыныш өмір сүруіне толық мүмкіндігі болды! Алайда, ол алды белгісіз, арпалысқа толы, бас кететін өмір жолын ерікті түрде таңдады. Туған балаларының өмірін күрес жолына, еркіндік жолына айырбастауға дайын болды! Бұның сыры неде, егер, тек қана, бауырларын қимағандықтан ғана деп ойласақ, қатты қателесетініміз анық! Бопай апамыздың бұл жерде жеке бастың мүддесі емес, түгел ел қамы, халық тағдыры сияқты жоғары деңгейдегі ұғым иесі екенін сезінуге, білуге тиіспіз десек қателесе қоймаспыз! Бұған, барған жерінің де осал еместігі бесенеден белгілі бола тұра, алты бірдей ұлын ертіп Хан Кенеге барып қосылғаны, сол ерлік істерді барынша қолдағаны соның дәлелі болса керек! Сәмеке сұлтан қалайша балаларын жіберіп қойды, неге ол жасөспірім ұлдар, көптеген замандастары сияқты жүрмей, шен-шекпеннен бас тартып, қатерге толы жолды таңдады! Туған әкесіне қарағанда нағашы жұртын неліктен ерекше сыйлады, жақсы көрді, міне, бұл да Бопай Ханшаның бір жұмбағы болса керек;

- Хан Кене жақын туыстары 15 (кей деректерде 17) сұлтандармен және адал серіктері 1500-дей адамымен бірге қайғылы шейіт-опат болған соң, бірге келген қалған жұрт (аз емес еді 10 мыңнан астам адам) жан-жаққа тарыдай шашылған еді, Ағыбай батыр бастаған біраз ел ата-жұрт Арқаға асты, кейбіреулер Жетісудың әр түкпірінде қалды (мысалы, біздің Талдықорған өңіріндегі ұрпақтары қазір де кездесетін «Арғын», «Жағалбайлы», «Керей», «Қаңлы» руларының адамдарының бұл жерге келуін ақсақалдар сол оқиғалармен байланыстыратын). Ал, аман қалған, өз туыс-жақындарын, ауылдас адамдардың көпшілігін шаңырақтың үлкені ретінде Көшек сұлтан жинастырып, Шымкент өңіріне қоныстандырды (ондағы тірі қалған Кене Ханның ұлдарының арғы өмір жолдарымен біраз таныспыз). Сол кезде Бопай Ханша қайда кетті, ол оқиғалардан соң, бір жылдан кейін өзі барып, қырғыздың басты адамдарына «өлгендер өлді, тірілерді қайтарыңыздар» деп келісім-қолқа сала жүріп, қиын істі салихалық-даналықпен қиюластыра келтіріп, біраз жанды қайтарды дедік, оларды қайда апарды екен? Кейінгі өмірі қалай қалыптасты, өмірден қашан және қалай өтті? Бұл да бір жүмбақ;

...Мүмкін, бұл жұмбақтардың біраз шешіміне Ақтөбелік Алмаз Жантикеновтың әкесі Сұлтан қариядан (1909 жылғы) естіген, естеліктей қалған мына бір 1970 жылдардағы әңгіме арқау болар. Зерделеп көрелік (біраз өрнектегенмен де, жалпы әңгіме нобайы сақталды):

«...- Атадан ержүрек туған Қасым сұлтанның алтын құрсақты бәйбішесі Айкүміс анамыз өмірге атақты ұлдарымен қатар бар қазаққа мақтанышқа айналған Бопай Ханшаны да дүниеге әкелген! Ағаларының ерлігі бір төбе десек, әйел басына қарамай қазақ үшін жан берген ұрыстарда ерлікпен көзге түсіп, артында өшпес із қалдырып, тарихта мәңгі аты қалды. Жасында бұлаң өскен ерке ханша, Сәмеке сұлтанға ұзатылып, адал жар бола білді, алайда барған жері ағаларына қарсы болғанда, бәрін тастап, алты баласын ертіп, Кенесары Ханға қосылды. Барлық ұрыстарына қатысқанымен қатар, ақылгөйлігімен де көзге түскен, қырғызбен ұрыс басталарда қызба Наурызбайды басып, талай жерде ақылын айтып та отырған, негізі, ағайын елмен шатақтасқанды мүлде қолдамаған да екен! Бірақ, болар іс болды!

Хан Кене, Наурызбай, Ержан, Құдайменді сұлтандар, көптеген батыр сарбаздар, оған қоса өз ұлдары да шейіт болған сол ұрыстан соң, Бопай Ханша, өз аяғын өзі шайнаған қақпанға түскен бөрідей күй кешкен! Бір күнде шашы ағарып, беттерін әжім басып, бұрынғы сұсты сұлулығынан айрылып, ұлғайған жанға айналғандай болып шыға келген деседі. Дегенмен, асылдың аты да, заты да асыл, болған іске берік болып, қырғыздың манаптарына барып, келісімге келіп, көптеген тұтқындарды босатып алған екен. Оған өзінде қалған мал-мүлкін түгел жұмсап, елден де жылу-көмек сұраған!

Содан Арқаға қайтқан соң, Бопай Ханша күшігін алдырған қасқырдай аласұрып, қасына сенімді жігіт-қыздарды жинастырып, кезінде Хан Кенеге қастасқан бай-би-сұлтандардан өш алуды бастаған. Ондай ауылдарды шауып, малдарын барымталаған және олжа дүниелерді өзі алмай кедей-кепшікке үлестіріп кетіп отырады екен.

Өштескен орыс, казак-орыстардың да талайымен шайқасқа да түскен екен, тіптен олар Бопайды «Степная волчица, Невидимка, Амазонка...» деген атаулармен атаған деседі. Бұның бәрі күтпеген жерден бас салып, артынша ұстатпай лезде жоқ болып кеткендіктен туындағаны сөзсіз. Мүлде өштескендердің бастарын шауып алып, туыстарына жіберіп те отырыпты.

Бұл өшпенділік арта түседі, сірә, Бопай Ханшаны жақтайтындардың қатары өсе түссе керек, оны жайшылықпен ұстап алу мүлде мүмкін еместей көрінеді. Өштескен ауылдарына аяқ-асты, күтпеген жерден шабуылдар жасап, ұсталмай құтылып кетіп отырады. Бұл да олардың іштей жақтастарының көптігін және тілеулес адамдардың хабар беріп отырғанын көрсетсе керек. Алайда, бірде бір би ме, сұлтан ба аярлықпен «татуласайық» деп алдап шақырып, Бопай Ханшаны қолға түсіреді де, Орынборға Орыс билігіне тапсырады. Жақтастарының артынан қатты қудалау жүреді, әйткенмен, оншақты адал адамдары ханшаны сатқан адамның баласын ба, інісін бе қолға түсіріп, оны босатуды талап етеді. Амалы қалмаған әлгі адам, Орыс билігіне барып, «өзінің қателескенін» айтып, беретін параларын беріп, Бопайды босатуды сұрайды. Орыс билігі ханшаны босатқанымен одан «енді қылмыстық істерге бармауға» уәде алады.

Бопай Ханша тұтқыннан босатыла салысымен оның адал серіктері тағы топтала бастайды, бірақ, бұл жолы ханша оларды өзі таратып жібереді. Өзіне мүлде адал берілген екі жігітті ертіп, елден жырақ жаққа кетіп қалған деседі. Содан бастап өзіне «енді ханша да емеспін, ханым да емеспін, елге енді жоқпын! Кенесары мен Наурызбайдың күйігін өмір бойы арқалап, азалап қана өтермін» деп серт берген екен. Сол сөзінде тұрып, соңғы қасында қалған екі жігіттің біріне күйеуге тиіпті, содан кейінгі уақытта да бірер бала сүйген деген де сөз бар.

Бопай Ханшаның дүние салған жері Ақтөбе облысы, Әйтеке Би ауданында, Ырғыздың бойында, зираты «Кілем Жайған» деген жерде, биігірек төбенің үстінде орналасқан...».

...Біздер бұрынғыны аңсаймыз, себептерін де жоғарыда шолып өттік! Ерлікке толы саналы ғұмыры ел үшін күресумен өткен, бар тағдыры аянышты трагедиялық оқиғаларға толы, Бопай Ханшаны да ел ұмытқан жоқ! Қазіргі күнде ес жиып, ел ардақтыларын еске алып, дәріптеп жатқан уақытымызда оның да есімі ұмытылмасы хақ...

...Қосымша мәліметтер білетіндер болса, толықтыра жатар...

PS: Құрметті ағайындар! Ақтөбелік Алмаз Жантикенов бастаған ынталы топ, Бопай Ханшаны дәріптеу барысында билікке бірталай ұсыныстар енгізіп жатыр екен, қолдайық! Соның бірі ханша туралы жинақ шығару! Арналған еңбектеріңізді әзірге маған жіберулеріңізді сұраймын (жанрға шектеу жоқ). Хабарласыңыздар (ФБ желісінде осы Азкен Алтай атымен тіркелгем)!

Азкен Алтай
Аbai.kz

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста