Бас штабтың шифр шешушісі

Бас штабтың шифр шешушісі болған қазақ жігіті Әбдіхамит Қоңырқұлжаұлы туралы әңгіме

Иә, құпия қызметтің мәні мен маңызын жариялауға болғанымен, оны ашуға болмайтындығы рас. Бірақ құпия қызмет кейіпкерінің қандай іс атқарғандығы айтылмаса оның немен айналысқанын кім білмек? Ал біле білсек, құпия қызмет жарияланса да, оның сыры бәрібір сақталып қалады дейді. Алайда, егер астарлы қызмет құпиясы ашылса, онда оның мәні ғана емес, мазмұны да жоғалады екен. Міне сондықтан да, Ұлы Отан соғысы кезінде кеңестік барлаушылардан бұрын, ең алдымен, әсіресе, астарлы құпиялықтың ақиқат көзін алушыларды, яғни құпия белгілерді жұмбақтаушы – шифр шешушілерді қолға түсіруді Гитлер мен оның генералдары керемет арман еткен. Олардың кез келген құпия белгілердің астарын ашып қана қоймай, жалған немесе ақиқат екендігін танып қоятын амалына әрі тәнті, әрі ыза болған Гитлер: «Кімде-кім орыс шифр шешушісін тірідей қолға түсірсе, не орыстың шифр құрайтын техникасын алып келсе, онда ол «Темір креспен» марапатталады. Бірден демалыс беріледі. Берлинде жұмыспен қамтамасыз етіледі. Альпіден оған жайлы үй-жай бөлініп беріледі» – деп сонау 1942 жылдың тамызында-ақ ерекше жарлық шығарған.
Ал мұндай жарлықтың бір-ақ сәтте аста-төк жарылқайтын кереметтігіне кім қызықпасын. Фашист барлаушыларының ең таңдаулы топтары арнайы тапсырмалар бойынша кеңестік шифр шешушілердің соңынан жарық күнде шам алып түседі. Қалайда қолға түсіру керек дейді. Және тек ең мықтыларын ғана ұстау қажет деп бұйрық беріледі. Өйткені, Гитлер сол кезде жеңістің көзі қайда жатқанын терең түсінсе керек. Сондықтан, бар уәдесін үйіп, төгеді.
Бірақ кеңестік шифр белгілеушілер де өздерінің қандай маңызы өте зор іс атқаратындығын жақсы білетін. Олар командирлердің, генералдардың қасында және барлаушылар назарында дегендей, бас штабта да жұмыс істейтін. Соғыс алдындағы, майдан даласындағы, қанқұйлы шайқастағы бар ақиқат шындықты, сындарлы сырды әуелі өздері ажыратып біліп алып, сосын тиісті басшыларға жеткізуші болды. Демек, мұндай жандар сенімдінің сенімдісі ғана еді. Олар көптің көзіне көп түсе бермейтін. Жұрт назарын аудармас үшін де үстеріне қатардағы офицер формасын киетін. Міне, сол кезде соның бірі де, бірегейі болған Ұлы Отан соғысы жылдарындағы Кеңес Одағы Жоғарғы Бас штабының шифр шешушісі Әбдіхамит Қоңырқұлжаұлы еді. Ол Ұлы Отан соғысының атақты қолбасшылары маршал Жуков, Тюленов, Мерецков және тағы басқа әскери тұлғалырмен жұмыстас болған.
Әбдіхамит Қоңырқұлжаұлы 1916 жылы Ұлытау өңірінде туған. Әкесінен сегіз жасында айырылған ол Кішітаудың бөктеріндегі шағын ауыл Қорғаныстағы бастауыш мектепте білім алды. Сол кезде өзіне қамқор болған немере ағасы Бодыманға ілесіп, еңбек жолын 1933 жылы Қарсақбай теміржолында слесарьлықтан бастады. 1935 жылы Семей қаласындағы қаржы техникумына түсіп, оны үздік бітіріп шыққан соң, 1939 жылдың күзінде Ленинградтағы қаржы-экономикалық институтқа оқуға барды. Әбдіхамиттің Қаржы техникумында оқып жүргенде-ақ есеп-қисапқа, математикаға асқан жүйріктігі байқалған көрінеді. Сондықтан, бар арманы елге оралып, еңбек ету болыпты. Бірақ армандаған бұл институтындағы оқуын енді бастай бергенде кеңес-фин соғысы етектен жармасып, әскер қатарына шақыртылады. Сол бір уақыт әскердегі түрлі бөлімдерге талантты да, білімді, білікті әрі өте қабілетті жастарды жинап жатқан кез еді. Кеңестік мемлекеттік қауіпсіздік қызмет өкілдері сондай бір жасты айнытпай табады. Оған құпия қызметте істеу мүмкіндігі беріледі. Одан әрі кешіктірілмей Әбдіхамит Мәскеу әскери округіндегі «Екі жылдық шифр шешушілер курсы – штабтық қызмет» оқуына жіберіледі. Бұл кезде Ұлы Отан соғысы да басталған еді.
Иә бұл соғыстың әлемде шарпымаған жері қалмаған шығар. Бірнеше мемлекеттер күйреп, сансыз адам опат болды. Миллиондаған жазықсыз жандардың жаны мәңгілікке жараланып қалды. Оның орны ешуақытта толмайтыны белгілі. Бірақ осы фашистік қырғынның бұдан да орасан зор боларын бірқатар елдердің арнаулы барлау органдары болжамағанда, оның соңы немен аяқталатынын да айтудың өзі мүмкін емес секілді. Сол сирек адамдармен қатар, бар жағдайды алдын ала біліп отырған Әбдіхамит те адамзатқа төнген қауіптің алдын алуда астарлы шифрларды ажыратып, оны сөйлетуде алдына жан салмады. Содан кейін сол аса құпиялы белгілерді ойнатып, жасырын атқарылар тапсырмаларды шифр­мен тізіп, тиісті жерлерге жіберіп отырды. Сандар мен әріптерді адамның ойына келмес небір тапқырлықпен құбылту құдіреті сондай, оған тісі батпаған неміс тыңшылары мен басшылығының ызасын келтірді. Сөйтіп, Әбдіхамит те ел басына төнген қырғыннан құтылудың жолын өзгелермен бірге бөлісті. Бұл міндеттерді орындау үшін ол ең қиын да қауіпті сәттерді бастан өткерді. Кейіпкеріміз өзінің қойын кітапшасына кейін былай деп жазған екен: «1941 жылдың 22 маусымында Ұлы Отан соғысы басталды. Мен сол күні Мәскеуден Киевке полковниктер мен генералдар мінген пойызға отырдым. Осы составта маршал Г.К.Жуков бастаған топпен бірге майданға аттандым. Бұл құрамда біз – бес шифр шешуші болдық. Көп ұзамай Винница қаласына де жеттік. Жасыратын несі бар, алғашқы кезде соғыс кеңес армиясы үшін сәтсіз болды. Бүкіл Еуропаны жаулап алған немістердің күші басым еді. Арада біраз уақыт өткенде, яғни 1942 жылдың қараша айында Грозный қаласында жүрген мені Солтүстік Кавказ майданының орталығы Тбилиси қаласында орналасқан штабқа шақырды. Осы штабта 1945 жылдың басына дейін болдым. 1945 жылдың наурыз айында мені Иранға арнаулы тапсырмамен жіберді. Елге тек 1947 жылдың басында ғана оралдым», дейді.
Иә, соғыс кезінде Әбдіхамиттің әр күні қауіпті, шытырманды қарбаластарға толы болды. 1941 жылы 24 маусымда Мәскеу әскери округінің негізінде Оңтүстік әскери округі құрылды. Оның қолбасшысы болып армия генералы И.Тюленов тағайындалды. Әскери округ алғашқы күннен-ақ 700 шақырымды қамтитын аумақта соғыс қимылын жүргізді. Ондағы және басқа әскери округтермен жасырын ақпарат алмасулар Әбдіхамиттер арқылы жүргізілді. Оңтүстік майданның құпия шифр орталығы 10-80 санымен белгіленіп, армия генералы И.Тюленовке – «қоңыр», майдан басшысы Я. Черевиченкоға – «қара», штаб бастығы Антоновқа – «ашық» деген бүркеншік аттар берілді. Әбдіхамитке сағат сайын, минөт сайын жаңа мәліметтер мен түрлі ақпараттарды жеткізген нұсқаулар үсті-үстіне түсіп жатты. Сондықтан Бас штабтағы тәжірибеден өткен ол мұндағы барлау-талдау шифр орталығындағы жұмыстарды үйлестіруші болып, құпия шифрларды оқу мен оны талдау және тиісті адамдарға дайындаумен жүйелі айналысты. Ол 1941 жылдың маусым айынан 1942 жылдың ақпан айына дейін Оңтүстік әскери округі штабының 8-ші бөлім бастығының көмекшісі болса, осы 1942 жылдың ақпанынан бастап аталған 8-ші бөлімді тікелей өзі басқарды.
Алайда, бұл уақытта майдандағы жау шабуылы үдеген кез еді. Фашистер бастырмалата бастады. Осыған сай қай жақтан алынған мәліметтер де көңіл көншітпейді. Орталығын Винницаға орналастырған Оңтүстік әскери округтің де жағдайы қиындай түскен. Содан амал жоқ Харьков түбіндегі үлкен шайқастан кейін Оңтүстік округтің қалған құрамалары Солтүстік Кавказ майданына шоғырландырылды. Әбдіхамиттер үшін әр қоныс аудару өте жауапты сынақ. Өйткені, жылжып отырған сайын және құрамаларды қайта жасақтаудың соңы барлық майдан шебіндегі құпия белгілерді білдіретін шифр­ларды қайта өзгертуге, жаңалауға әкеліп соғады. Бұл жолы да Әбдіхамит бастаған топ өздері ғана білетін жасырын істегі құпия құжаттар мен сандық сөйлем белгілерін мүлтіксіз тез өзгертті. Ал бұл айтуға ғана оңай екені белгілі. Оның артында қаншама тынымсыз күрмеуі көп күрделі жұмыстар жүргізілуі қажет. Шифр шешушілердің осындай шапшаң да, аса құпиялы белгілері жауға еш сыр алдырмады. Гитлер қанша тырысқанымен кеңестік мамандардың құпиялығын біле алмады, қанша жерден жалған ақпараттармен арандатқанымен оған сендіре алмады. Міне, бұл соғыс кезіндегі ең маңызды іс болатын.
Шифр мамандары ісінің маңыздылығын Кеңес өкіметі де жақсы түсінген. Оның пайдасы мен мәні арта түскен сайын олардың қауіпсіздігін қорғау деңгейі де күшейе берді. Аға лейтенант Әбдіхамит бастаған топтың қолында қашанда ең жаңа мәліметтер болатын. Сол жан-жақтан алынған ақпараттарға сай негізгі жоспар түзілетін. Сондықтан, шифр шешушілерді арнайы адамдар үнемі сырттан бақылап жүрді. Егер шегініс болса, ең алдымен, осы Әбдіхамиттер бірінші көшірілетін. Тіпті кейбір кездері оларға дәретханаға да жалғыз бармайтын уақыттары болған еді. Күшейтілген күзет әрқашанда сақ қызмет етті. Әрине, тұла бойлары тұнған құпия болғандықтан түсінікті жағдай – оларды бақылау да аса жоғары тұрды. МҚҚ қызметкерлері бастарымен жауап беретін. Олардың үйге жазған хаттарына дейін тексеріліп, жауап хат та оқылатын. Өйткені, жоғарыда айтып өткеніміздей, фашистік тыңшылар басқан ізін үнемі аңдып жүрді және қалайда ұстауға, бірақ тек тірідей қолға түсіруді мақсат етті. Ал ол кезде Әбдіхамитте қорғаныс үшін тапанша және аты-жөні жазылған медальон ғана болды.
Шифр шешушілердің біліктілігі, алғырлығы, тапқырлығы мен жылдамдығына мыңдаған адамның тағдыры тікелей байланысты болып тұрды. Бірде ол алғашқы шыққан «Катюша» туралы алдыңғы шепке шифр жібереді. Кенет ойламаған тұстан Бас штабтан М13 және М16 екі полкті жөнелту туралы ақпарат алады. Әбдіхамит бірден күдіктенеді. Өйткені, мұндай терминдер анықтамалықта жоқ. Кім біледі, жаудың жалған ақпараты шығар? Соғыста арандататын ақпараттар жеткілікті. Соның бірі болып жүрсе ше? Тексереді. Сосын басқа арналар арқылы да әлгі ақпаратты қайыра тексеріп шығады. «Жоқ, жіберіңдер», деген ақпарат келеді. Ал келесі күні майданнан: «Нәтиже тамаша, керемет, тағы да полк жіберіңдер» деген шифр қабылдайды. «Шифр мамандары жұмысындағы ең басты қажеттілік – аса шапшаңдық, тындырымдылық және пысықтық», деп кейін жазыпты Ә.Қоңырқұлжаұлы. Оның айтуынша, кез келген шифрлы мәлімет жауапсыз қалмауы керек екен. Және ол тез ашылып, тез арада жауап та берілуі қажет. Ал шифр тексерілмей, анықталмай дер уақытында нәтиже қабылданбаса ше? Немесе ақиқаты анықталмай жатып жалған ақпарат негізінде жаудың тұзағына тап болса ше, онда не болғаны? Міне, көзсіз ерлік деген осы шығар.
Дәл сол жылдары Ирандағы жағдай өте шиеленісті болатын. Әбдіхамиттің о жаққа алдында барған сапары әлі есінде. Шетелде барлау ісін жүргізу оңай емес. Міне, мына қолына кезекті тиген астарлы шифр­лы ақпарат оны тағы ойлантып тастады. Онда Иран жеріне баратын барлаушыларды жасақтау және оны шұғыл іске асыру қажеттілігі жазылған. Сол барлаушы жасақпен құпия байланысты жүргізу үшін арнайы дайындықтан өткен сенімді адам ретінде Бас штабтың нұсқауы бойынша Әбдіхамит бекітіліпті. Себебі, Иранға баратын шифршы мұсылман болуы керек екен.
Иә, сол соғыс кезінде Әбдіхамит Иранға екі мәрте аяқ басқан. Екеуінде де арнайы тапсырмамен барғаны анық. Екі сапардан да көңіліне көп ой түйді. Бірақ соның бәрі оның көкірегінде сақтаулы қалды. Алғашқы сапарындағы, яғни 1943 жылғы Тегерандағы мемлекет басшыларының кездесуі өткен кезде жағдай басқаша болатын. Ал бұл жолғы тапсырма тіптен күрделі екендігін Әбдіхамит анық сезді. Ол жолы артында алаңдайтындай жанына ең жақыны қалмаса да, алыстағы туған елін, қасындағы жолдастарын сағынатынын ойлаған. Ал қазіргі жеке өмірі мүлде басқаша. Жанында ет жақын адамы – сүйікті қосағы, жан жары бар. Одан да ерек ойлайтыны – зайыбының аяғы ауыр. Астыртын жұмыстарды жүргізу айлап емес, жылдап созылатыны белгілі. Бір нәтиже шығу үшін және сол нәтиже іске асқанша жұмбақ жан болып жүргенің. Тапсырма нәтижесі тиімді ме, жоқ па, белгісіз, алайда, ол кеңестік мемлекет мүддесі үшін сол кезде ауадай керек делініпті. Жаны да, бары да, аяулысы да, ардағы да, жанындағы жалғыз қимасы да зайыбы Раиса болғандықтан оған сырдың шет жағасын түсіндіруді дұрыс деп тапты. Тбилисидегі әскери госпитальда медбике қызметін атқарып жүрген орыс қызы Раиса Крячковамен отау тіккеніне де көп болмаған еді. Әйелінің аяғы ауыр. Бірақ Отан алдындағы міндет қашанда биік тұрады. Оның үстіне екеуі де соғыста жүр. Бұйрық солай.
Әбдіхамиттің Иран­дағы басты міндеті – «Үлкен жермен» арадағы байланысты жалғай отырып, жергілікті тұрғындардың арасынан жақтастар табу. Бұл айтуға ғана оңай болғанымен нақты жағдайда өте қауіпті іс екені белгілі. Оны Әбдіхамит жақсы біледі. Оның үстіне мұның ізін аңдып жүрген фашист барлаушылары сыртында өзге де елдердің қаншама жансызы, соның ішінде, жергілікті тыңшылар да бар екені сөзсіз. Көптің арасында жүрген жандардың қайсысы аңдушы екенін кім білген. Ал Әбдіхамитке сақтық үшін соларды да айыра білуі керек, әйтпесе, жоспары жүзеге аспайды. Сол кезде оның бұл жауапты тапсырмаларды ойдағыдай орындауына күш берген, тура соғыс аяқталған жылы Тбилисиде қалған әйелінің босанғаны, яғни дүниеге тұңғыш қызы – Светлананың келу қуанышы болды. Арада тағы екі жыл өткен соң Әбдіхамит шетелден қайтып оралды. Барлық атқарған жұмыс сараланып, оған үлкен марапаттар берілді. Соның ішінде І дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» орденімен, «1941 – 1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін», «Кавказды қорғағаны үшін» және т.б. барлығы 15-ке тарта медальдармен наградталған. Оның Отан алдындағы осы орасан сіңірген еңбегіне сай шығар, сол жылы Сталиннің арнайы рұқсатымен Әбдіхамит отставкаға шығады.
Осылай деп сөз саптаған Бауыржан Маратұлы біздің атамыз бен әжеміз өнегелі өмір сүрген, артында өшпес із қалдырған асыл жандар дейді. Олар 5 ұл, 4 қызды дүниеге әкеліп, бәрін жетілдірді. Бүгінде ата-әжеміздің балалары Мұхтар, Жанат ағаларымыз және менің әкем Марат өмірден өткен. Үлкен апамыз Светлана – Қарағанды қаласында, Талғат, Мұрат ағаларымыз – Жезқазғанда, Алма апамыз – Жездіде, Айна апамыз – Алматыда, Майра апамыз – Жезқазған қаласында тұрады. Бәрі де бақуатты. Менің әкем Марат – атамның кенже ұлы. Әкем ауыл шаруашылығы саласында абыройлы қызмет атқарған. Қазіргі уақытта анам Гүлназия Сабырқызы, інім Бақытжан, қарындасым Тоғжан және мен – Астана қаласында тұрамыз. Менің мамандығым – қаржыгер. Ардақты Әбдіхамит атамыз бен Раиса әжеміздің өмір жолы біз үшін өнеге», деп Бауыржан Маратұлы әңгімесін аяқтады.

Александр ТАСБОЛАТОВ,
«Егемен Қазақстан».
АСТАНА.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста