«Бабалар ізімен» экспедициясы Баянауыл ауданындағы Ескелді елді мекеніне жетті, деп хабарлайды «Хабар 24».
Жиһанкез Сапар Ысқақов бастаған топ ұлы ойшыл әрі әулиелік қасиетімен дараланған Мәшһүр Жүсіп кесенесіне барды. Алдыңғы шығарылымда Қарағанды облысындағы Бұқар жырау кесенесі мен ол жаққа апарар жолдың сын көтермейтіні туралы айтып едік.
Бұл жолы Бұқар Қалқаманұлының жатқан жерін түсінде көріп, басына бірінші болып тас қойған Мәшһүр Жүсіп туралы айтамыз.
Сапар Ысқақов, «Бабалар ізімен» экспедициясының жетекшісі:
– Бұл Қазақстандағы қасиетті жерлердің бірі деп есептеймін. Кезінде ол кісіні қазақтың ақындары мен оқымыстылары пайғамбарға теңеген. Ол енді жайдан жай емес. Бұл кісі – кезінде қазақтың ұмытылып кете жаздаған фольклорын жинаған адам. Соның бәрін қағазға түсіріп, бізге жеткізді. Міне, ол кісінің еңбегін өте зор деп айтуға болады.
Қуантарлығы сол, кесенеге апарар жол түзу. Келушілер де аз емес. Ішінде канондық мұсылман стилінде екі бөлме бар. Гурхана және зиратхан. Бөлмеге шығатын есіктерде Құран аяттары жазылған. Алтынмен жалатылған мазарға кіреберіс есіктің өзі – өнер туындысы.
Ал кешен аумағында туристерге арналған қонақ үй мен музей орналасқан. Мұражай меңгерушісі – Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының шөбересі Әсет Пазылов.
Әсет Пазылов, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының шөбересі:
– Бұл кісі жүрген жерінде дін мен білімді уағыздап, халқын кәсіпке шақырған. Себебі бұл кісі әулие болғаннан кейін аштық болатынын болжап айтқан. Қазақты егінге, картоп егуге шақырған. Мен қайтқанда ештеңе болмайды деп айтқан.
«Бабалар ізімен» экспедициясы Қарағанды және Павлодар облыстарымен ғана шектелмеді. Көршілес Шығыс Қазақстан облысы орталығынан шалғай орналасқан Құндызды елді мекені де назардан тыс қалмады.
Өйткені Жүрекадыр деген жерде батыр әрі жырау Ақтамберді Сарыұлы мәңгілік тыныстап жатыр. Бірақ тағы да сол жол жағы нашар. Көпшілік білгенімен, мұнда келе бермейді.
Сапар Ысқақов, «Бабалар ізімен» экспедициясының жетекшісі:
– Бұл кісі 90-нан асқанда барып дүниеден өткен. Сонда «барлығына ризамын, бір ғана арманым орындалмады. Жорықта жүріп мен оқтан өлуім керек еді» деген. Тоқсаннан асып төсекте жатып өлген дегенді өзіне ерсі көрген. Өйткені өмір бойы жорықта жүрді. Өмір бойы халқын қорғады.
«Жыраудың ұрпақтары қойған белгітас астында тек қазақ әскерінің емес, жеңіліс тапқан жоңғар жауынгерлерінің де мәйіті болуы мүмкін», – дейді тарихшылар.
Жастайынан ат үстінен түспей, қолынан қаруын тастамаған батыр даналығымен де дараланды. Артынан өшпес өсиет қалдырды, халықты үнемі бірлікке шақырды.
Ерқанат Төлендиев, Құндызды ауылындағы мәдениет үйінің меңгерушісі:
– Күлдір-күлдір кісінетіп, күреңді мінер ме екенбіз. Күдеріден бау тағып, кiреуке киер ме екенбiз! Жағасы алтын, жеңi жез, шығыршығы торғай көз. Сауыт киер ме екенбiз! Ор қояндай жүгiнтiп, аш күзендей бүгiлтiп, жолбарыстай шұбарды таңдап бір мiнер ме екенбiз!
Қаратауда 1675 жылы дүниеге келген. «12-де білекке қылыш ілдім» деп айтқанына қарағанда жауға ерте араласқан.
Өкінішке қарай, Құндызды ауылында халық саны жыл сайын азайып барады. Осыған байланысты Ақтамберді жыраудың басына барушылар қарасы да көп емес.
«Бабалар ізімен» экспедициясы Шығыс Қазақстан облысындағы сапарын ары қарай жалғастырады.