АЛТЫН ОРДА АҚИҚАТЫ

немесе оның тарихына қатысты қалың көпшілік
біле бермейтін беймәлім беттер

Қазақ әдебиеті тарихында тарихи тақырыптарға алғаш боп түрен салған XX ғасырдағы ғұлама жазушымыз Ілияс Есенберлиннің «Ағаш неғұрлым биіктеп өскен сайын тамыры соғұрлым тереңдей түседі», &mdash деп айтқан сөзінің растығына біз күн өткен сайын көзімізді жеткізіп отырғандаймыз. Осыдан 27 жыл бұрын арнайы үкімет қаулысымен Қазақ Елі Орбұлақ шайқасының 350 жылдығын атап өтіп, соның аясында XVII-XVIII ғасырлардағы тарихымызға ерекше назар аударды. Сол жылдары еліміздің барлық ақпарат құралдарында сол дәуірдегі тарихи тұлғаларымыз &ndash хандарымыз бен сұлтандарымыз, билеріміз бен батырларымыз, ақындарымыз бен рухани көсемдеріміз туралы деректер ұлттық көзқарас тұрғысынан қайта қаралып, халыққа таныла бастады. Одан кейінгі мемлекет басшысының «Мәдени мұра», «Халық тарих толқынында», «Мәңгілік Ел» бағдарламалары Ұлттық тарихымызды зерттеуге, зерделеуге кең жол ашты. 2015 жылғы «Қазақ хандығының 550 жылдығын» атап өту туралы тағы да үкімет қаулысы ұлттық сипаттағы мемлекетіміз &ndash Қазақ хандығының тарихына тек зерттеушілердің ғана емес, сонымен бірге бүкіл қазақ қоғамының назарын ерекше аудартты. Мемлекеттік деңгейде өткен іс-шаралардың өзін айтпағанда, сол жылдары жаңадан дүниеге келген сәбилерге Керей, Жәнібек, Қасым, Ақназар (Хақназар), Есімхан, Жәңгір, Әбілқайыр, Абылай атты есімдер көп қойыла бастады. Мұның бәрі І.Есенберлин айтқандай, халық жадының тереңдей бастағанын көрсетсе керек.
Соңғы 1-2 жылда Алтын Орданың 750 жылдығына байланысты Мемлекет басшысының тікелей қолдауымен елімізде көптеген шараларды өткізу жоспарланғаны белгілі. Бірақта әлемді жайлаған індет жоспардағы іс-шараларды өткізуге кедергі келтіріп отыр. Дегенмен, еліміздің ақпарат құралдары Алтын Орда тарихынан тыс қалмай, ғалымдардың мақалаларын көптеп жариялап, шежірелі тарихтың ақтаңдақ беттері бірте-бірте ашылып келеді.
Жалпы алғанда, дүниежүзілік тарихта Алтын Орда тарихына қатысты зерттеулер көп деуге болады. Тіпті кешегі кеңестік кезеңде де бұл тақырыпқа қатысты біршама зерттеулердің жарық көргені белгілі. Бірақ, әлі де болса, Алтын Орда тарихы туралы білетінімізден білмейтініміздің көп екенін мәселеге тереңдеген сайын көзіміз жете бастағандай. Сол себепті де біз осы мақаламызда Алтын Орда тарихына қатысты қалың көпшілік біле бермейтін беймәлім беттер жөнінде айтпақпыз.


Елбөрі Қыпшақ Бачманның қарсылығы


1235 жылғы Қарақорымдағы Құрылтай шешіміне сәйкес Жошы ханның мұрагері Батый ханға батысқа қарай «моңғол жылқысының тұяғы жеткен жерге дейінгі» аумақты жаулап алу тапсырылады. Батый ханның бұл батысқа жорығы 1236-1242 жылдары толығымен орындалып, Жошы Ұлысының аумағы Дунайға дейін кеңейеді. Осы жорықтың алғашқы жылдары, яғни 1236-1238 жылдары Дешті Қыпшақтың батыс жағында, Еділ өзенінің төменгі ағысы бойында моңғол әскерлері жергілікті қыпшақ тайпасындағы Елбөрі әулетінің билеушісі Башманның қарсылығына тап болады.
Елбөрі &mdash моңғолдар жаулаушылығына дейінгі Қазақстан аумағындағы Қыпшақ хандарының билеуші әулетінің бір бұтағының өкілі. Тарихшылар Жувейни (1226-1283 жж. өмір сүрген) мен Рашид ад-Диннің(1247-1318 жж. өмір сүрген) жазуларына қарағанда, Батый әскерінің алғашқы соққыларынан кейін жан-жаққа шашыраған қыпшақ тайпаларының жігіттерінен Башман әскери тобын құрып, моңғолдарға қарсы партизандық соғыс тәсілдерін қолданады. Ұзақ уақыт бойы моңғол әскерлері Башманның әскери тобын талқандай алмайды. Башман болса бір жерде ұзақ тұрақтамай, күн-түн демей моңғолдарға соққылар беруін жалғастыра береді. Башман тобы негізінен Еділ өзенінің жағалауындағы қалың орманды және өзен ортасындағы аралдарды пана етеді. Ақыры сол өңірдегі моңғол әскерінің қолбасшысы Төлейдің ұлы Мөңке (кейіннен 1249-1259 жж. Моңғол империясының қағаны болған &ndash Б.К.) 200 қайық жасатып, әр қайыққа 100 адамнан отырғызады да, Еділ өзенінің екі жағасын сүзіп шығуға бұйрық береді. Ақыры, олар Башман тобын Еділ өзенінің ортасындағы бір аралдан тауып, күтпеген жерден тарпа бас салады. Сол арада қатты қырғын ұрыс болып, моңғолдар жағы жеңіске жетеді. Батыр Башман қолға түсіріліп, оны Мөңкеге алып келеді. Башман өзін Мөңке өлтірсін деп өтініш білдіреді, бірақ Мөңке өлтіруді інісі Бучекке тапсырады. Ол тапсырманы бұлжытпай орындайды.
Қазіргі кезде Елбөрі батыр Башман есімін қалың көпшілік білмесе де, оның есімі XIII ғасырдағы ең танымал тұлғалардың біріне айналған. Ол туралы Жувейни өз шығармасында «Башман және оның өлтірілуі туралы әңгіме» атты жеке тарауша арнайды. Қазіргі кезеңдегі тарихи оқулықтарды айтпағанда, ғылыми зерттеулерде батыр Башман жөнінде ештеңе айтылмайды.
XIII ғасырдағы Елбөрі батыр Башманды XIX ғасырдағы Кенесары ханмен салыстыруға болады. Екеуі де жаулап алушыларға дейінгі жергілікті Дешті Қыпшақтағы билеуші әулеттің соңғы өкілдері болып, бірі моңғолдарға, екіншісі ресейлік патша билігіне қарсы күрес жүргізеді. Екеуі де күрес барысында қаза табады. Елбөрі батыр Башманның моңғол жаулаушылығына қарсы қарсылығы Алтын Орда тарихында көп айтыла бермейтін, тіпті оның беймәлім тарихына жатады.


Берке ханның діншілдігі мен Сартақтың өлімі


Алтын Орда тарихында 1257-1266 жылдары хан болған Жошы ханның Орда Ежен мен Батыйдан кейінгі үшінші ұлы &ndash Беркенің діншілдігі туралы көп айтылады. «Алтын Ордада Берке ханның тұсында ислам діні кең тарала бастады» деген тұжырым тарихнамада мықты орныққан. Соған қарамастан Берке ханның діншілдігі жөнінде әлі де болса қалың көпшілік біле бермейтін тұстар бар. XVI ғасырда ел арасында таралған тарихи әңгімелердің бірінде Берке жарық дүниеге келгенде анасының және мұсылман емес әйелдердің сүтін ембеген екен. Көріпкелдер мұны біліп: «Бала &mdash мұсылман екен, мұсылмандар мұсылман емес әйелдердің сүтін ембейді»,-деп айтады. Содан мұсылман әйелді тауып әкелгенде, бала оның сүтін еме бастайды. Екінші бір әңгімеде Жошы ханның өзі бұл ұлымды туа сала мұсылман етемін деп, кіндігін мұсылман әйелге мұсылманша кескізіп, мұсылман әйелдің сүтімен еміздірген екен. Қалай болса да Берке хан жас кезінен мұсылмандықты қабылдайды.
Берке білім алар жасқа келгенде әкесі оған Құранды үйрету үшін имамдар таңдатады. Ол діни білімді Ходжентте алады. Оның әскері 30 мың мұсылманнан жасақталған екен. Әскері арасында жұма намазы қатаң сақталынып отырылыпты. Әрбір сарбаз өзімен бірге жайнамазын алып жүретін тәртіп болған екен. Сондай-ақ бүкіл әскерде ешкім шарап ішпейді екен және оның жанында үнемі Құранды білетін ғұламалар хадистерді түсіндірушілер мен ислам заңын білетіндер жүреді екен. Батый ханның тұсында Берке екі немесе одан да көп рет Халифтың арнайы жіберген сыйлық киімдерін алыпты. Бұл айтылған деректер Берке ханның қандай діндәр болғанын көсетеді.
Батый ханнан кейін Сарайда таққа Сартақ ұлы келеді. Бірақ тез қайтыс болып кетеді. Одан кейін келесі ұл &ndash Ұлақшы келіп, ол да тез қайтыс болады. Алтын Орда тарихында Сартақтың билікке келгені кейде айтылады, кейде айтылмайды. Ал Ұлақшы жөнінде тіпті айтылмайды. Батый ұлдарының кенеттен қайтыс болғандығы туралы арнайы зерттеулерде болмаса, оқулықтарда ешқандай мәліметтер жоқ. Тарихшы Жүзжанидың (1193 жылы туған, өлген жылы белгісіз) және ортағасырлық армян тіліндегі жазба дерек мәліметтерінде Сартақ пен Ұлақшыны өлтірткен Берке хан делінеді. Ол былай болған екен.
Батый ханнан кейін Алтын Орда тағын иеленген Сартақ сол кездегі қалыптасқан дәстүр бойынша Қарақорымға барып, қағанның жарлығымен бекітілуі қажет екен. Сартақ Қарақорымға барып, Мөңке қағаннан бекітіледі де, қайтар жолда Берке ханға ордасына соғудан бас тартады. Берке хан оған: «Мен сені әкеңнің орнын иеленуге мүмкіндік бердім, неге сен мені танымайтындай, маған соқпай кетіп барасың» деген хабар жібереді. Хабаршыға Сартақ былай жауап қайтарады: «Сен мұсылмансың, ал мен христиан дінін ұстаймын. Мен үшін мұсылманның бетін көру бақытсыздық». Мұны естіген Берке үш күн бойы киіз үйде аяғынан тік тұрып, Аллаға жалбарыныпты. Ал төртінші күні Сартақ қайтыс болады. Ұлақшы да дәл осылай қайтыс болған екен.
Осыдан кейін ғана Берке хан Алтын Орданың тағын иеленеді.

Ноғай «бұлғағы» туралы


Алтын Орда тарихында Ноғай &mdash белгілі тұлға. Ол &mdash Жошы ханның жетінші ұлы Бувалдың немересі, Татардың ұлы. Шамамен 1230-шы жылдардың басында дүниеге келген. Берке хан тұсында, 1262-1265 жылдары Алтын Орда әскерінің қолбасшысы болып, талай рет Хұлағу әулетіне қарсы шайқастарға қатысқан және зор беделге ие болған. Шайқастардың бірінде көзінен жараланып, бір көзі көрмей қалады. Сол себепті кейбір деректерде оны «Жалғыз көзді» Ноғай деп жазады. Ол Берке ханнан кейін Алтын Ордадағы ең беделді саяси тұлға. Алтын Орданың ең батысындағы ұлыстың билеушісі болып, Болгар патшалығы мен Сербияны тәуелділікте ұстап, одан салық алып тұрған, сондай-ақ Византия императорының қызына үйленген. Алтын Ордада таққа кімнің отыратынын шешіп отырды, өз Ұлысын жеке мемлекет ретінде басқарды. XIII ғасырдың жетпісінші жылдарынан бастап, Сарайдағы хандарға бағынбады деуге болады. 1280-1290-шы жылдары Сарай тағына тек Ноғайдың көмегімен билікке келіп отыратын болған. Тоқтай хан да 1291 жылы Ноғайдың көмегіне жүгінеді. Ақыры, ол 1299/1300 жылы Тоқтай ханмен ұрыста қаза табады. Деректерге сүйенсек, оның Алтын Орда хандарына бағынбауын Ноғай «бұлғағы» деп жазады. Бұл &ndash Ноғайдың сол жылдардағы іс-әрекетіне өте дәл берілген баға.
Ноғай мен Тоқтай арасындағы ұрыстың басталуына діни фактор түрткі болады. Ол былай болған еді. Салджидай-гурган атты Тоқтай ханның шешесінің әкесі Яйлақ атты ұлын үйлендіру үшін Ноғайдың Қабақ атты қызына құда түседі. Ноғай келісімін береді. Үйлену тойы болып, біршама уақыт өткеннен кейін жастар арасында келіспеушіліктер орын алады. Қабақ &ndash хатун мұсылман да, күйеуі Яйлақ будда дінінде болатын. Дін және одан туындаған дәстүрдің әртүрлі болуы отбасындағы ұрыс-керісті күшейтеді, сөйтіп, отбасында Яйлақ пен оның ата-анасы Қабақ-хатунға қарсы шығады. Бұл хабарды, әрине,Қабақ Ноғайға, анасына және бауырларына жеткізеді. Ызаланған Ноғай Тоқтайға елші жіберіп, Салджидай-гурганды Сарайдан қуып, келген жағына жіберуді талап етеді. Ал Тоқтай хан оған келіспейді. Ноғай екінші рет тағы елші аттандырады. Сонда Тоқтай оған: «Ол менің әкем сияқты, әрі тәрбиешім, және де жасы келген әмір. Мен оны жау қолына қалай берем?»,-деп айтады. Міне, осы діни фактор Ноғай мен Тоқтай хан арасындағы соғысқа әкеп соқтырып, ақыры ол 1299/1300 жылы алғашқысының өлтірілуімен аяқталады.


Елбасардың қаза табуы және Өзбек ханның исламды қабылдауы


Тоқтай ханның ұлы әрі мұрагері Елбасардың мұсылмандығы және оның әкесінен бұрын кенеттен қайтыс болуы &ndash Алтын Орда тарихындағы тағы бір беймәлім беттердің бірі.
Деректерде Тоқтай ханның діншілдігі туралы: «&hellipдінсіз болды, пұтқа және жұлдыздарға табынды, ламаларды жақын тартты, әртүрлі дінді ұстағандардың ішінде мұсылмандарға ерекше құрмет көрсетіп отырды» делінеді. Өзбек хан билікке келгенге дейін Алтын Орда астанасы Сарайда хан айналасында әртүрлі дінді ұстанғандар көп болып, олар ханға әртүрлі шешім қабылдар кезде өз кеңестерін өткізуге күш салып отырған.
«Тоқтай ханның Елбасар атты бір ұлы болды, одан артық келістіні ешкім көрген емес, ол мұсылман болды, түсінбесе де Құран оқығандарды тыңдауды жақсы көретін, әкесінен соң таққа келісімен исламнан басқа ешбір дінді бұл елде қалдырмаймын деп есептейтін. Бірақ ол әкесінен бұрын қайтыс болды»,- делінеді деректе. Ибнхальдун бойынша Тоқта ханның ұлының аты &ndashИльбасар, ал қайтыс болған жылы &ndash 1309/1310 жыл делінген. Бұл дерек мәліметінен Алтын Орданың астанасында Батый ханнан тараған билеуші әулет өкілдері мен оның жақын туыстары арасында, бүкіл Жошының 14 ұлынан тараған сұлтандар арасында, сондай-ақ мемлекеттік қызметтегі әмірлер мен бектер арасында ислам дінінен басқа өзге де діндерді &mdash шамандықты, бақсылықты, тәңіршілдікті, пұтқа табынушылықты ұстанушылардың бар болып, бірнеше топқа бөлінгенін зерделеуге болады. Және де олардың исламнан басқа өзге діндер мен діни сенімдерді ұстанып қана қоймай, өздерінің діни сенімдері негіз болған белгілі бір саяси күштерге ие болғанын байқаймыз. Сонымен бірге дерек мәліметтерінде айтылғандай, жаңа бір ханның таққа отыруы билеуші әулеттің өзге діни бағыттағы өкілдері мен олардың жақтастарының күштеп өлтірілуінің басты себептерінің біріне жатса керек. Елбасардың билікке келмей жатып-ақ, исламнан басқа өзге діннің бәрін елден қуатындығы туралы өз ойларын өзгелерге білдіріп қоюы оның әкесінен екі жыл ерте қайтыс болуына алып келуі де мүмкін.
Дегенмен, Елбасар жүзеге асыра алмаған идеяны Тоқта ханнан кейін Сарай тағын иеленген Өзбек хан жүзеге асырады. Ол Елбасардың жіберген қателігін қайталамау үшін билікке келісімен алғашқы қадамдарын басқаша бастайды.
Өзбек ханның шығу тегін барлық авторлар бірдей былайша көрсетеді: Шыңғыс хан, одан Жошы хан, одан Батый хан, одан Тоған(Тұқан), одан Меңгу Темір хан, одан Тоғырыл, ал одан Өзбек хан. Араб авторлары Өзбек ханды былайша суреттейді: «&hellipБұл жас жігіт өте келбетті де келісті, өте ақылды, тамаша мінезді, исламды жақсы ұстанған және батыл, ержүрек болатын». Оның билікке келуі оңай болған жоқ. Тоқтай хан қайтыс болғаннан кейін Батый ұрпақтары ішінде тақты иеленуге үміттенгендер саны жетерлік еді. Сондай-ақ хан сарайы маңындағы әртүрлі лауазымдағы бектер мен әмірлердің дін мәселесіне келгенде Өзбекке ішкі наразылықтары қатты болатын. Ол жөнінде дерек мәліметі былай деп баяндайды: «&hellip Әмірлердің Өзбекке жау болуына мынадай жағдай себеп болды. Өзбек үнемі олардан дінге сенуді және ислам дінін қабылдауды талап етіп отырды, оларды соған итермеледі. Ал әмірлер болса оған былай жауап беретін: «Сен бізден бағыну мен тәуелді болуды талап ет, ал біздің қандай сеніміміз бен қай дінге кіретінімізде шаруаң болмасын. Біз қалайша Шыңғыс ханның заңы мен жарғысынан бас тартып, арабтардың дініне өтеміз». Өзбек өз дегенінде тұрып алды, ал әмірлер болса, оған қарсы жау болып, теріс айналды, оның көзін жоюға тырысты».
Мұсылмандық топқа қарсы болғандардың ішінде әмір Құтлық Темір деген кісі «Патшалық Тоқтайдың ұлына тиесілі, бірақ алдымен Өзбекті тұтқындау керек, өйткені ол біздің жауымыз, сосын ғана Тоқтайдың ұлын отырғызуға болады, &mdash дейді. Әмірлер осындай ұйғарыммен келіседі». Өзбек те Сарайда жалғыз болмаған, оның діни ұстанымы мен бағытын қолдайтындар бірлесе отыра астыртын қимылға көшеді. Тоқтай ханның тұсында мемлекеттегі барлық істерді басқаратын, яғни беклербек лауазымындағы тағы бір Құтлық Темір деген әмір Сарайда мұсылмандық топты басқарған секілді. Тоқтай ханның қазасынан кейін әр топ өз адамдарын таққа отырғызу үшін әрекеттерге көшкен кезде, Әмір Құтлық Темір Тоқта ханның үлкен хатындарының бірі, бұрынғы Тоғырылдың әйелімен бірлесе отыра қимылдап, таққа Өзбекті отырғызу қажет деп шешеді. «Шыңғыс-намеде» бұл әйелдің есімі &ndash Байалин-келін делініп, Өзбектің анасы деп айтылады. Араб тарихшысы Ибндукмактың(1308-1388) мәліметі бойынша әмір Құтлық Темір Өзбекті таққа отырғызбай тұрып, одан болашақта исламды қолдайтындығы туралы уәдесін алады. Осылайша, Тоқта ханнан кейін Алтын Ордадағы тақ мұрагері жөнінде бір-біріне қарама-қарсы екі топ пайда болып, әр топ өз адамын отырғызу үшін ашық күреске шыға бастайды.
Өзбек өзін қолдайтын топтың көмегі арқасында өзіне қарсы ұйымдастырылған қастандықтан аман құтылып шығады. Тез арада әскерін жиып, қарсы топты жеңіліске ұшыратады да, тақты иеленеді. Сөйтіп, Өзбек хан өте күрделі және шиелініскен қиын жағдайда жақтастарының көмегімен Алтын Орда тағын иеленеді.
Таққа отырысымен Өзбек хан алдыменен өзіне қарсы болған топты қырғынға ұшыратады. Дерек мәліметіне жүгінсек, Тоқтай ханның тағы бір ұлы мен оның жанындағы Шыңғыс хан әулетінің 120 өкілі өлтірілген екен. Хайдер Рази болса, Өзбек хан Тоқтай ханның 2 ұлын және жошылық 20 сұлтанды өлтірді деп жазады. Өтеміс қажының дерегінде Өзбек хан Жошының он жеті ұлынан тараған ұрпақтарды жиып, оларды Исатай мен Алатай есімді қият тайпасының бектеріне бөліп берді делінеді. Қалай болса да, Өзбек хан билікке келісімен ең бірінші болып, өзіне қарсы болған саяси топты, яғни Алтын Ордада исламның таралуына қарсы, мұсылмандықты қолдамайтын күштерден құралған саяси топты тас-талқан етіп жеңіліске ұшыратады. Елбасардың қателігіне бой алдырмай, тақты иеленгеннен кейін барып, исламның Алтын Ордада орнығуына кедергі жасап отырғын күштерді талқандайды да, исламның орнығуына толық жол ашады.
Өзбек хан уәдесінде тұрып, билікке келісімен Сарайда үлкен мешіт салдырады және әр жұма сайын намазға барып тұрады. Оның бұл әрекетіне түрік тайпаларының бір бөлігі қарсы болып, Өзбек ханды тақтан тайдырмақ болады. Билігін нығайтып алғаннан кейін Өзбек хан тағы да өзіне қарсы топтың екі жетекшісін және оларды қолдаушы бірнеше әмірлерді өлім жазасына кеседі. Осылайша, Өзбек хан Алтын Ордада исламды басқа діндерге қарағанда жоғары көтеру жолында алғашқы екі қадамдарын сәтті жүргізеді. Алғашқы қадамы &ndash бұрынғы діни сенімдерінен айырылғысы келмеген шыңғыстық ұрпақтардың қарсылығын жеңу болса, екінші сәтті қадамына &ndash исламға қарсы кейбір түрік тайпалары басшыларының кедергілерін жою жатты. Сөйтіп, дін басыларының исламды еркін уағыздауына кең жол ашылады.
Дерек мәліметтерінде Өзбек ханның билікке келгеннен кейін 8 жыл өткенде исламды қабылдағандығы туралы айтылады. Біз бұл жерде дерек мәліметіне сын көзбен қарай келе, Өзбектің исламды қабылдаған жылы туралы ондағы мәліметті қате берілген деп санаймыз. Өйткені бұған дейінгі араб және парсы тілдеріндегі дерек мәліметтерінің бәрі дерлік Өзбек ханды тақты иеленгенге дейін мұсылман болғандығын жазған болатын. Дегенмен, билікке келгеннен кейінгі 8 жыл ішінде Өзбек хан Сарай қаласында және бүкіл Алтын Ордада үлкен жетістіктерге қол жеткізеді. Шыңғыс ұрпақтары мен түркілік этнотоптар басшыларының саяси және діни мәселе бойынша қарсылықтары толығымен жеңіліс табады, сол арқылы орталық атқарушы билікті нығайтады. Өзбек ханның толық жеңісімен ислам бағытындағы күштер де толық үстемдікке жетеді. Енді тек оны заңдастыру ғана қалады.
Өзбек хан 8 жылдан кейін, хижра бойынша 720 жылы, (12.II.1320-30.I.1321) түрікше тауық жылы, сол дәуірдегі шейхтар мен мұсылмандардың шейхы, қасиетті Зеңгі &ndash Ата(Зеңгі Баба) мен ең жоғары титулдары бар, адасқандарға дұрыс жол көрсетуші, сейдтердің жетекшісі Сейіт-Атаның басшылығымен мұсылман болады. Қасиетті Сейіт-Ата оған Сұлтан-Мұхаммед Өзбек хан деп жаңа мұсылман есімін береді. Сонымен сол күні халықтың көп бөлігі мұсылман болады. Осындай өте маңызды оқиғаға жергілікті халық арасында зор беделі бар әрі тарихи тұлға, әрі рухани көсемдердің қатысуы халық санасы мен жадында мәңгі сақталып қалады. Сол кезден бастап ислам діні Алтын Орданың негізгі және басты дініне айналып, халықтың басым бөлігі мұсылмандықты қабылдайды. Тарихшы Хайдер Разидың жазуынша «&hellipХижраның 722 жылы (20.I.1322- 9.I.1323) оның (Өзбек ханның-Б.К.) қарсыластары қалмады. Одан кейін Жошы ұлысы Өзбек ұлысы деп аталады».
Көріп отырғанымыздай, әлі де болса Алтын Орда тарихының беймәлім беттері жетерліктей екен. Біз болашақта осы беттердің ақиқаты қалың көпшілікке жетіп, танымдарын тереңдете түссе екен дейміз.

Берекет КӘРІБАЕВ,
ҚР ҰҒА академигі,
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық
университетінің профессоры,
тарих ғылымының докторы.

almaty-akshamy.kz

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста