Үкімет өткен аптада латын графикасындағы жетілдірілген қазақ әліпбиінің жобасын жариялап, мақұлдады.
 
Осы ақпарат жарыққа шыға салып, қоғамның қызу талқысына түсті. Сондай бір пікірталас алаңына әлеуметтік желілер де айналды десек болады. Үкімет мақұлдаған әліпбидің бұл нұсқасын жақтап, мақтағандар да, даттап, қарсы пікір жаудырғандар да аз емес.
 
Естеріңізде болса, осыған дейінгі ұсынылған әліпбидің нұсқаларының ешбірі жұрттың көңілінен шықпаған еді. Төл дыбыстарымызға қойылған апостроф та, диграф та қазақстандықтардың қарсы пікірін тудырып, енді міне алдыңғысынан өзгеше әліпбидің жаңа нұсқасы ұсынылды.
 
Десек те, бұл нұсқаның да «әттеген-ай» дегізер тұстары жоқ емес екен. Сондай-ақ, ерекше назар аударатын да мәселелер барын төмендегі пікірлерден байқайсыз.
 
Сонымен жаңа нұсқадағы жаңалық қандай?
 
Бұл туралы Тіл саясаты комитетінің төрағасы Әділбек Қаба:
 
«Үкімет жанындағы ұлттық комиссия мақұлдаған латын графикасына негізделген әліпби жобасының алдыңғы акутты жобадан басты айырмашылығы неде? Алдыңғы бекітілген әліпби бір ғана диакритикалық таңба акут белгісіне негізделген болатын. Мәселен ол әліпбиде ә, ө, ү, ғ, ң, у дыбыстарының таңбаларына акут белгісі қойылған және екі дыбыстың (ш, ч) таңбасы диграфпен (қос әріп) берілген. Мамандардың ұзақ та тыңғылықты талқылауынан, сараптауынан кейін, диграфтар мен акут диакритикасы әліпби құрамынан мүлде алынып тасталды да, оның орнына умлаут, бревис, седиль және макрон дикритикалық белгілері алынды. Бұрынғы бекітілген әліпби мен Ұлттық комиссия мақұлдаған жаңа жобадағы басты айырмашылықтар осы»,-деп түсіндірді.
 
Көпшілікті мазалаған мәселелер қандай?
 
Десек те, «Ұ» мен «Ү» бірдей жазыла ма? «И» мен «Й»-ді қалай ажыратамыз?
Осы нұсқаны юникод қабылдай ала ма? "С" әрпі қайда, «Чемпион» сөзін қалай жазамыз?» деген сұрақтар көпшілікті мазалайды.
 
Жалпы, латын әліпбиіне көшсек, ұтарымыз көп деп санайтындар мен керісінше, осы пікірге қарсы тарап та өз ойларымен бөлісуде.
 
Мысалы, журналист, қоғам белсендісі  Сәуле Әбілдаханқызы
«Әліпбиін екі ғасырда төрт рет ауыстырған бізден басқа ел бар ма? Болса, сол елдердің дамып кеткенін айтыңыздаршы. Ғалым да қателеседі, патша да қателеседі. Өткелде тұрған елдің әліпбиін ауыстырамыз деу - үлкен қателік, оның соңы орны толмас өкінішке апарады. Сауатсыздық, тілдегі әркелкілік белең алады, онсыз да жұтаң тартқан тілің одан сайын жұтаңданады, кириллицадағы том-том әдебиетің, тарихың бір ұрпақтан кейін жойылады, 100 жылдық еңбек әдірем қалады»,-дейді.
 
Журналистің бұл ойын құптап, латын әліпбиінің берері жоқ деген сарындағы пікірлер де қарша борауда. Енді бір азаматтарымыз «әуелі ана тілінде қатесіз жазып, сөйлеуді меңгермей, латын таңбасын енгізу қоғамды тоқырауға тірейді» деседі.
 
Келесі бір тарап латын әліпбиіне көшуді бюджет ақшасын желге шашу ғана деп бағалайды.
 
Әліпбиге көшудің қажеті жоқ па?
 
Нурлан Сагынгалиев атты әлеуметтік желі қолданушы:
 
«Кейбір Қазақстандықтар қазақша дұрыс сөйлемек түгілі,кириллицамен қате-қате жазып жүр. Латын көшуді қою керек,ол әлі піспеген ас сияқты және тұзын салуды ұмытып кеткен. Қатесі көп,ертең халыққа ауыр тиеді. Ал, А мен Б-ның басын әзер қосып жүрген оқушы ертең мектепке келуден бас тартуы мүмкін. Оданда өз менталитетімізге жақын оқулығымызды түзеп,латынға көшуді доғару керек. Үкіметтегілер, депутат, сенатор, әкім-қаралардың өздері латынша жаза алмайды. Сондықтан «көтере алмайтын шоқпарды белге қыстырудың» қажеті жоқ».
 
Бибигуль Әбдіғали:
 
«Мың сылтаудың қажеті не? 28 әріп деп неге қадалып қалдыңыздар. Керісінше бұрын 42 әріпті қолдандық. Тіл, әріп құрастырушы мамандар, ұлттың тағдыры деп алып қандай заңдылықты алға тартып отырсыздар! Қос атпен шапқандай мына әріптеріңіз қандай заңдылыққа жатады. Қырық кісі бір жақ, қыңыр кісі бір жақ дегендей болып отырсыздар. Сіздер халықтың пікіріне құлақ түріп отырған жоқсыздар! Ертеңгіні ойлап уайымдап қобалжып отырмын! Әлі де кеш емес, қазақтың әдебиетіне сай келетін, оқығанға ыңғайлы етіңіздер! Әріптердің орнын көп ауыстырғансыздар! В- әрпі кейін қалай болатыны белгісіз. Қазыргі уақытта жазылып жүр емес пе V деп Ң әрпі N басына нүктесін қойғаны дұрыс. h қазақтың бар әрпі қайда кетті? Сосын Х Я Ю Ц тағы басқа қолданылып келген әріптерді де қосақтатпай бір атаумен қалдырыңыздар! Қазақтар өзіміз әріптерді шарқ ұрып жоғары төмен іздеп жүрсек, басқалар қалай игереді. Қарап отырсақ тек қазақтар көңілдеріне ұнамағанын айтып жатыр. Ертең әріп қолданысқа енгізілгенде бәрі шулап айтады».
 
Екі тіл, екі түрлі әріпті қолданатын елге айналмайық
 
Серік Ерсейт:
 
«Бізде билік орыстілді, ол деген олардың балалары да орыстілді деген сөз. Орыс сыныптары кириллмен оқиды. Биліктің балалары да орысша оқиды. Ертең билікке де солар келіп жалғастырады. Сонда билік орыстілді болса, жазу-сызуы кириллде болса, сонда латын әрпімен оқыған қалған қазақ резервацияда қалмай ма? Бүгіндері барлық іс қағаздарын орыс тілінде жүргізіп, тек көз үшін қазақ тіліне аудару үшін аудармашы ұстап отырған билік ертең де солай жұмыс істеп, латыншаға ауыстыратын программамен көз бояушылық жасамай ма? Ал, қазақтың қарадомалақтары латыншасымен шеттеп, 2 сортты боп қалмаса болды әйтеуір. Кириллмен шыққан аса бай әдеби мұрадан мақұрым қалатыны бөлек әңгіме. Солтүстік облыстардағы сеператизмді өршіту қаупі де бар. Қырым мен Донбассты ұмытпайық».
 
P.S
Қазақстандағы латын таңбасына қатысты пікірлер легі әлі де толастамады. Алайда бұл нұсқа &ndash әлі жоба екенін естен шығармайық. Сондай-ақ, жобаны парламент қарап, мақұлдамауы да мүмкін. Өйткені әлемдік тәжірибеге сүйенер болсақ, әліпбиді бекіту құзіреті президентке жүктеледі. Олай болса, елімізде көптің талқысындағы латын әліпбиіне қатысты сындар дұрыс қабылданып, олқылықтың орны толтырылады деп сенейік.
 
 
 
Меруерт КЕҢЕСБЕКҚЫЗЫ