Жұмахан Әбдіқадыров десе киносүйер әлеуметтің ойына ең алдымен «Батыр Баян» фильмі оралатыны анық. Осы туынды арқылы барша елімізге Батыр Баян ретінде танылып, солай аталып кеткен өнер иесінің шын мәнінде тағдыры оңай бола қойған жоқ. Осыдан біраз жыл бұрын ауыр жол көлік оқиғасына ұшырап, арбаға танылған. Әйтсе де, тұлғаның өткен күнге деген өкінішінен гөрі тәубасы басым. Жұмахан Әбдіқадыров ҚазАқпарат тілшісіне арнайы сұхбат беріп, өзінің өмір мен өнер жолындағы тағылымды сәттері, сахнаға деген сағынышы, аталмыш кинотуындының түсірілім барысындағы есте қалған ерекше естеліктері туралы жан-жақты әңгімелеп берді.
- Жұмахан аға, сізді әлі күнге көрермендеріңіз де, былайғы жұртшылық та Жұмахан Әбдіқадыров емес, Батыр Баян деп біледі. Тіпті, мен де осы сұхбатқа батырмен ой бөлісіп, сырласам деп іштей дайындалып келдім. Осыншалықты болмысыңызға сіңісті болып кеткен Баян бейнесі сізге қалай бұйырды?
– Кейде актерлердің оң жамбасына келе қалатын рөлдер болады. Егер сол образды сәтті сомдап шықса, ол төлқұжатына айналып, мәртебенің өсуіне, кеңінен танылуға ықпал етеді. Әрине, ол бірақ оңай емес, үлкен еңбекпен келетін дүние. Оның үстіне көп шаруа ұжымға, қасыңдағы әріптестерге де байланысты. Мүмкін сондай қажеттіліктің бәрі ымдасып-жымдасып, сәтті үйлескендіктен шығар, жұрт мені сол киноға түскелі бері «Батыр Баян» атап кетті. Одан бұрын да біраз киноларда негізгі кейіпкерлерді сомдадым. Смағұл Елубаевтың сонау ашаршылық нәубеті хақындағы «Ақ боз үй» романының желісі бойынша түсірілген режиссер Дамир Манабайдың «Сұрапыл Сұржекей» фильмінде негізгі кейіпкерлердің бірін алып шықтым. Түсірілім жұмыстары Маңғыстау өңірінде өткен сол фильмде Халық әртісі Нұрмұхан Жантөринмен бірге еңбектендім. Осы жерде менің «Батыр Баян» фильмінде басты рөлді сомдауыма, қазақ киносы тарихында есімімнің қалуына себепкер болған азаматқа жүрекжарды алғысымды айтуға тиіспін. Ол – менен кейін Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваторияның актер бөлімін аяқтаған, содан кейін Шымкент қаласындағы Ж.Шанин атындағы қазақ драма театрында жемісті еңбек еткен, өмірінің соңына дейін қазіргі Түркістан облыстық телерадио компаниясында режиссер қызметін атқарған білікті маман Арыстан Отарбаев. Кейін, 1993 жылы Алматыға шақырту алдым. «Батыр Баян» киносына іріктеу жүріп жатыр екен. Ол кезде кинобайқау дейтін, бұрынғы еңбектеріммен таныс шығармашылық топ жетекшілері мені Баян батырдың бейнесіне бекітіп қойыпты. Режиссер Исламбек Тәуекеловпен де сол жерде таныстым. Кинодағы інім Ноян мен қалмақ қызының рөліне лайықты өнер иелері таңдалған соң, көп ұзамай Көкшетау өңірінде, Бурабай баурайында түсірілім басталып, бар-жоғы үш айда кино көрерменге жол тартып кетті.
- Түсірілім алдында Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының өзі келіп, шығармашылық ұжымға сәттілік тілеген дейді...
- Рас. Ол кезде киностудия да енді-енді еңсесін тіктеп жатқан уақыт қой. Әсіресе, ұлтымыздың нышаны саналатын құнды дүниелерімізге, өткенімізге үңіліп, тарихқа ерекше назар аударылып жатқан кез болатын. Бұл ретте киноның, киностудияның атқарар рөлі зор еді. Сол тұста ғой, «Сұрапыл Сұржекей», «Отырардың күйреуі», «Батыр Баян» секілді туындылардың жарыққа шығып жатқаны. Бұл істің бәрі біріншіден, өткеннің өнегесін жаңғырту болса, екіншіден, ұлттық рухты көтеріп, намысымызды қайрауға бағытталған-ды. Осыны жүрегімен сезінген Елбасымыз киностудияның тынысы тарылмауына көп қолдау көрсетті. «Батыр Баянның» алғашқы түсірілімі басталар сәтте де түсірілім алаңына келіп, актерлерге, режиссерлерге сенім білдіріп, сәттілік тіледі.
- Бұл киноға түспей тұрып, сценарийге арқау болған Мағжан Жұмабаевтың «Батыр Баян» поэмасын оқып па едіңіз?
- Жоқ, мен өзі өтірік айта алмайтын адаммын. Бұл бұрын менің оқыған поэмам емес-тұғын. Тіпті, Мағжан Жұмабаевтың кім екенін де әлсін-әлсін ғана білетінмін. Оның себебі де бар. Біздің шағымызда Алаш арыстарының шығармалары түгілі, аттары да аталмайтын. Аталғанның өзінде «халық жауы» ретінде еміс-еміс есімдері естілетін. Содан шығар олар туралы не мектеп бағдарламасында, не институт қабырғасында деректер кездеспейтін. Тек бабалар арманы болған Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін ғана біртуар асылдарымыздың тарихи болмыс-бейнелерімен қауыша бастадық қой.
- Негізі сіз киноның түсірілім алаңынан бұрын театр сахнасында әбден шыңдалғансыз...
- Әлбетте, театрға сонау 1976 жылы келіп, сахнаның қыр-сырына бір кісідей қанықтым. Алматыдағы Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваторияда театр факультетінің актер бөлімі бойынша оқуымды аяқтағанмын. Онда қазақтың білікті педагогы, халық әртісі, белгілі кәсіби режиссер Асқар Тоқпановтың бөлімінде оқып, сол кісінің шәкірті атану бақытына ие болдым. Тоқпановтың «таяғы» талайды тәубәсіне түсірді. Алғашында бір группада 28 студент болсақ, кейін 13-ақ қалдық. Бітірген жылы жолдамамен Жамбыл облыстық қазақ драма театрына келдім.
– Жұмахан аға, азабы мен ләззаты мол, қиындығы мен машақаты маңдайдан асатын өнер өлкесіне қалай келдіңіз?
– Менің туған жерім кие мен құт дарыған, таланттар мен дарындарға қанат қақтырған қасиетті Қаратау өлкесі ғой. Алайда, әкем де, шешем де қарапайым шаруалар. Анам мұғалім болған. Әкем жағынан да, анам жағынан да өнер адамдары болмаған. Шынын айту керек. Біреулер «Маған өнер киесі нағашымнан дарыған, атамнан дарыған, пәленшемнен дарыған» деп айтып жатады ғой. Бірақ анамның аздап, ауыл-аймақ арасындағы той-томалақтарда ән айтып, домбыра шертетіні бар көрінеді. Ол кісі мен ес білмей өмірден озды, сондықтан өмірімдегі аяулы жан жайлы ағайындардың, әкемнің аузынан ғана естідік қой. Негізі, о баста, мектеп қабырғасын тәмамдаған жылы әр түрлі армандадық. Біреу дәрігер, біреу инженер, біреу басқа мамандық иесі болуды мақсат тұтты. Мен ұшқыш болуды қалаған едім. Бірақ бір досым «Әртістің оқуына бар, әртістің өмірі қызық, ел алдында жүреді, айналасы толған сұлу қыздар, жүрген жерің думан-той» деп, қалжыңдай отырып, ой тастады. Ол кезде бәріміз де солай ойладық. Өнер жолының ауыр екенін ол кезде қайдан білейік. Ауылымыздан арманымызды арқалап 4-5 жігіт Алматыға жол тарттық. Өзіміздің өлкеден ұшқан Тұңғышбай ағамыз сол шақта Құрманғазы атындағы Алматы консерваториясы театр факультетінің актер бөлімінде үшінші курста оқиды. Біз алып-ұшып сол Тұңғышбай ағамызға барамыз ғой, «Аға, әртіс болайық деп едік» деп. Ағамыз күліп, өнер жолының ауыр екенін, қиын екенін айтып, «Сендер өзі ойландыңдар ма, толғандыңдар ма жақсылап?», – дейді ғой. Біздің қолымыздан не ән айту, не домбыра тарту келмейді, «Өй, аға, үйренеміз», – дейміз басымызды төмен салбыратқан күйі. Содан не керек, ағамыз бізді апарды да Асқар Тоқпановпен таныстырды. Талпынысымыздың, бойдағы сол өнердің ұшқынының арқасында әупірімдеп жүріп, тиісті конкурстардан өтіп, консерваторияның студенті атандық. Сөйтіп алғашқы курста-ақ Асқар Тоқпанов ағамыздың курсына түстім, сонымен бірге сол ағамыздың туған қызы Зейнеп Асқарқызынан да тәлімді дәрістер алдым. Басқа да жауапты пәндерден өнердегі белгілі актерлерден тәлім алып, төрт жыл студенттік өміріміз өтті. Оқу орнын тәмамдаған соң, осы Жамбыл облыстық драма театрына жолдамамен келіп, 1976 жылдан жол апатына түскенге дейін, яғни 1994 жылға дейін сол қара шаңырақта еңбек еттім.
– Соғыстан кейінгі жылдары бір спектакльдің әсерінен залдағы жауынгер сахнадағы актерді атып тастаған дегенді естігенбіз. Осыдан кейін «Сахна – ащы шындықты тіліп айтатын орын» деген қағидамен келісуге болатындай. Театрдағы қойылым өз көрерменін өмірге сүйіндіріп немесе түңілдіріп жіберердей құдіретке ие болуы керек десек, бүгінгі қазақ театрлары сол үдеден қаншалықты шығып отыр?
– Қазақ театрларының құрылғанына бір ғасырдай ғана уақыт болса да, көп жетістіктерге жетіп үлгерді. Өркениеті дамыған Еуропа елдерімен салыстырғанда, біреулер айтып жүргендей, қалып кеткен ештеңеміз жоқ. Біз көбіне орыс мектебінен тәлім алып, солардың жүйесімен жүрдік. Десе де, бүгінгі жастар жаңалыққа құмар, қазақ театрына жаңа леп алып келуге ұмтылуда. Әр ұлттың өз рухы, көзқарасы болады, құрылғанына ғасыр толмаса да, қазақ театрлары басқалар жасай алмайтын бөлек образдар арқылы өзінің болмысын айқындай білді. Біз үнемі театр туралы айтқанда кемшіліктерді тізбектеуге құмармыз. Жоқ, олай емес, тиісінше, жетістіктер мен жемісті жұмыстарды да марқайып айту керек. Біз шетелдік классикаларды өз ойымызбен жеткізуде де шеберлік танытып, театр өнерінде айтарымыз бар екенін аңғарттық. Бір өкініштісі, қазір заманауи театр, дәстүрлі театр деген ұғым пайда болып келе жатыр. Меніңше бұлай бөле-жара қараған дұрыс емес. «Шоу» деген нәрсе санамызды сансыратып бітті. Керек десеңіз, «эстрада әншісі», «дәстүрлі әнші» деген теңеулер мен үшін қисынсыз. Жаяу Мұса, Біржан салды, тіпті бертіндегі Әмірені алсақ, олар өз заманының қандай әншісі болды екен деген ой келеді. Әнші ол қашан да әнші, сол атқа дарынымен де, даралығымен де лайық болуы керек. Құдай талант берсе, оны олай орынсыз жіліктеуге болмайды. Кем талант «жұлдыздар» жайлы әңгіме басқа.
- Енді жеке өміріңізге қатысты бір сұрақ. Осыдан ширек ғасыр уақыт бұрын көлік апатына ұшырап, тағдыр тауқыметімен бетпе-бет келгенде тілеулестік білдіргендер аз болған жоқ. Қазіргі денсаулығыңыз қалай?
- Аллаға шүкір, жақсы секілдімін. Денсаулықты расында айтып болмайсың. Бірде ауырып, бірде сау боп өмір өтіп жатыр. Өздеріңіз де білесіздер, жиырма төрт жылдай болды, жұмыс бабымен сапарда жүргенде оқыста болған көлік апатынан ауыр хәлге түсіп қалғанмын. Тағдыр тауқыметіне не шара? Театрдан кетіп, Тараздың шетіндегі автотұрақтардың бірінде қарауыл болып жүрдім. Сахнаға да оралып көрдім. Бірақ сынған сүйек икемге келе қоймады. Дәрігерлерге қаралып, емшіге де барып көрдім. Бұл туралы кезінде республикалық бұқаралық ақпарат құралдарында көп мақалалар шықты. Үш рет отаға түстім. Елімізде жасалынған екі отадан айтарлықтай өзгеріс бола қоймады. Жағдайымнан хабардар болған Елбасы пәрмен беріп, Тұңғыш Президент қоры қажетті қаражатты аударды. Сол арқылы Германиядағы білікті дәрігерлердің қолымен үшінші ота сәтті өтті. Содан бері жағдайым бір қалыпты. Аяқтан тұрып кетуім уақыттың еншісінде екен. Әзірге балдақтың көмегімен қозғаламын. Жаттығу ретінде жиі қимылдауды әдетке айналдырғанмын. Бір жағынан жасқа да байланысты ма деймін. Жас болсам сүйек тез бітіп кетер ме еді... Ал біз алпыс бестен астық қой.
- Алпыс бес – аз жас емес. Алған асуларыңыз бен жетістігіңіз бір төбе. Ал, жоғалтқаныңыз, өкінішіңіз бар ма?
- Өмірі өкініштен құралса, онда ол адамның өмірінде өзгеге үлгі боларлықтай ештеңе жоқ, зая кеткені. Мен өзімді ондайлардың қатарына қоспаймын. «Әттеген-ай» дейтін кездерім жоқ емес. Қырықтың қырқасынан аспай жатып осындай хәлге түскенім жаныма батады. Қараңызшы, шыңдалып, көзге түсіп, киноларға шақырту алып жатқан өнердегі өрлеу шағымда осылай болғаны өкінішті, әрине. Талай арманым тұншығып қалды. Әйтсе де, осы күніме деген шүкіршілік аузымнан бір түскен емес. Бұл да бір сынақ болар.
Барлық құқықтар қорғалған. inform.kz белсенді сілтемені пайдаланыңыз https://www.inform.kz/kz/akter-batyr-bayan-talay-armanym-tunshygyp-kaldy_a3567992