Ресей Президентінің әдебиет пен мәдениет жөніндегі кеңесшісі Владимир Ильич Толстой маған:
– Биыл «AMANAT» журналына 15 жыл толады екен, біз Роллан Сейсенбаевқа құттықтау хат дайындап жатырмыз, – деді.
– Дұрыс болған екен. Ол әдебиеттегі достық дәнекері ғой, – дедім.
– Дұрыс айтасыз. Ой түйіні беріктігі жағынан біздің журналдардан асып түсе ме деп қалдым?..
– Орыс журналы түгілі, әлем журналдарының сапасы мен санасы «AMANAT»-қа жетпейді. Оны айрықша концептуалды берік тұжырыммен түзген Роллан Сейсенбаев қой.
– Роллан Шәкенұлына Владимир Владимирович Путинге хат жазсын деп кеңес берсеңізші… Біз республикадағы орыс тілді журналға көмек бере аламыз.
– Мен білетін Роллан ешкімнен ешнәрсе сұрамайды ғой.
– Нағыз интеллигент адам, — деді Владимир Толстой. – Лев Николаевичтің бір томдығын шығарып, Ясная Полянаның кітапханасына салып жіберіпті.
– Міне, көрдіңіз бе?.. Басқа біреу болса, Лев Толстойды шығардым, мені қарсы алыңдар. Құрметтеңдер… деп бәлсінер еді… Роллан атақ-даңқ қуған жан емес. Үнсіз жазуын жазады. Үнсіз ісін жасайды. Ешкімге жағынбайды. Жалынбайды. Өтірік айтпайды. Өтірік күлмейді. Нағыз адам солай болу керек, мен білсем.
– Сіз оған менің ойымды қалайда айтыңыз, – деді Владимир Толстой, қоштасар алдында, – Бүгін жақсы адамға жалғыздық жараспайды, мен білсем…
Сол кездесуден соң Роллан досым туралы Рязань жеріндегі жазғы үйімде жатып көп ойландым. Менің жазушылық, аудармашылық тағдырымда оның атқарған рөлі зор еді. Күйбің тіршілікте көп дүние ұмытыла береді ғой. Маған алғаш рет толағай Қазақ даласын, мейірбан Қазақ елін сыйлаған Роллан Сейсенбаев болатын. Ол кезде менің екі-үш әңгімем Мәскеудің «Сельская молодежь» журналында басылған-ды. Мәскеудің Әдебиет институтын бітіргем. Жазғаным көп, бірақ кітабым шықпаған. Жетпісінші жылдары баспаларда кітап шығару қиямет еді ғой. Журналда шығарма шығару онан да қиын болатын.
Бірде Мәскеудегі пәтеріме Роллан телефон соқты. Ертеңінде үйге келді. Оралхан Бөкеевтің «Молодая гвардия» баспасындағы қолжазбасын беріп тұрып:
– Екі күнде оқып шығыңыз. Ұнаса келісім-шарт жасаймыз, – деді.
– Ұнамаса ше?
– Онда қоштасамыз. Бірақ менің жүрегімде сіздің «Сельская молодежь» журналындағы әңгімелеріңіз қалады. Жылдам оқыңыз. Оралхан сіздің жазушыңыз, – деп сөз қосты.
Қолжазбаны мен екі түнде оқып шығып, Ролланға телефон соқтым.
– Жас досым Роллан, сен көреген екенсің. Оралхан шынында да менің жазушым болып шықты. Қазақтың Кнут Гамсуны екен!
Сол күні кешке Роллан Мәскеудің қиыр шетіндегі менің үйіме екі-үш сөмке тамақ, арақ, қыздарыма конфет, тағы неше түрлі сәлемдеме әкелді. Бұл маған хан сыйындай еді.
Роллан еркелетсе, шын еркелетеді, жақсы көрсе, шын жақсы көреді, жек көрсе, ашық жек көреді. Ханға тән тірлік құрады. Ханға тән кісілік танытады. Сол кеште біздің жүдеу пәтерімізге қазақтың жас ханы Роллан келген. Ол кезде біз кедей едік. Жұмыс істемей, құр жазу жазатын жазушының тірлігі белгілі ғой.
Біз сол кеште Ролланмен жүзбе-жүз таныстық. Ал жүректеріміз мәңгіге табысты. Маған қазақ әдебиетін, өнерін, Әбіш Кекілбаев, Олжас Сүлейменов, Әнуар Әлімжановтай қасиетті азаматтарын сыйлаған Роллан Сейсенбаев менің мәңгі жас досым болып қалды. Бұл туралы ешқашан ешкімге айтпап едім. Енді айтайын, өйткені, сонау Лондонда Абай үйін ашқан, Халықаралық Абай клубының президенті, әлемді тамсандырған «AMANAT» журналының бас редакторы Роллан Сейсенбаевтың жолы ауыр болып жүргеніне жаным ауырған. Бұл жанды жеген қапа ғой. Ең байы көп ел – Ресей. Сол елдің орыс байлары Пушкинге Лондоннан неге үй ашпайды?.. Толстойға ше?.. Достоевскийге ше?.. Бұл арада сұрақ көп туындайды. Ғұламалары мол Ресей шығара алмаған журналды Қазақ елінде жалғыз Роллан Сейсенбаев шығарып отыр. Айнала ауқымы ол үшін қуануы керек еді, қуанбады. Дұрысы – қуана алмады. Қызғаныш атты кесел – өшпейтін өрт қой.
«Өз елінде Пайғамбар жоқ» деген осы.
Рязаньда мен де жападан-жалғыз жатқам. Жалғыздық жеңген «Моби Дик» – алып киттер бүгін мұхит түбінде жоққа тән. Біз жоғалып бара жатқан сол алып киттерге ұқсаймыз. Олар орыста Владимир Личутин, Тимур Зульфикаров, қазақта Олжас Сүлейменов, Әбіш Кекілбаев, Роллан Сейсенбаев…
Бір мезетте орыстың ақ қайыңды алаңқайынан қазақтың дарқан даласына елес қуып кетіп бара жаттым…
Оралхан Бөкеев досым екеуміз мен өмірге келген қонақжай Шымкент елін аралап едік…
Роллан Сейсенбаев мені Алтай тауларымен, Шыңғыстау елімен, Абай мен Шәкәрімнің рухымен табыстырып еді.
Қарауыл төбенің басында Роллан маған Абайдың әкесі Құнанбай туралы, Тобықтының анасы Айпара ханым туралы, азалы Абай, шерменде болған Шәкәрім туралы, Қарауыл төбеден Семейге дейінгі 200 шақырым жолда аштан қырылған адамдардың өліктері шіріп жатқаны туралы көзіне жас алып айтқан сырын қалай ұмытарсың?!.
Ол кезде Оралхан да, мен де жас едік.
Ал Роллан бізден де жас болатын.
Кейін Мұрат Әуезов әкесі Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясын аударуымды сұраған. Бұл өте жауапты жұмыс еді. «Абай жолында» бүкіл қазақ даласының, қазақ рухының тағдыры жатыр. Дәл осы эпопеяда Абайдың ақын-азамат ретінде шарықтауын да, ақын-ойшыл ретінде күйзеліп күйреуін де Мұхтар Әуезов керемет суреттеген.
Кейде Роллан Сейсенбаевтың тобықтылары көз алдымда теңселіп тұрып алады. Керемет сурет-картиналар!.. Керемет кесек кейіпкерлер!.. Несін айтасың?!. Тобықтының тектілерін патша да, қызылдар да жоқ қылып отырды.
Роман-эпопеяны аудару үстінде маған тағы да Роллан мен Клара келін көмекке келді. Олар орысшаға аударған Абайдың «қарасөзі» ылғи столымда жатты. Кейде Ролланға телефон соғамын. Мәтіннің күдік тудырған тұстарын сұраймын. Роллан адал ғой. Адамға көмектесуге дайын тұрады.
Ролланның жазушылық және адамдық таланты туралы маған орыстың ұлы жазушылары Юрий Домбровский мен Юрий Казаков талай айтқан. Ролланды Мәскеу жазушылары сыйлады. Ал ұлы жазушылары ардақ тұтты. Ұлдарындай құрметтеді. Оған сенім артты. Оның бәрін көзімізбен көрдік, жанымызбен сезіндік.
Роллан бөлек тұлға.
Оралхан мен Әбіш те бөлек тұлға.
Мен де бөлек тұлғамын.
Ал Кеңес Одағының ұлы жазушылары тіптен бөлек тұлғалар еді.
Бірақ бәрімізді табыстыратын адамгершілік деген сиқыр мінез, сырлы қасиет болатын.
Қазір адам көп. Өкінішке қарай, адамгершілік ақырын-ақырын адам жүрегінен алыстап кетіп барады.
Қандай трагедия, Құдай-ау, а?!.
Сіркіреген майда жаңбыр жауды. Енді ұзақ жауады. Бұл – Қазақстан емес, Орталық Ресей. Солай, бауырым!.. Үйге кіріп, пешке от жақтым. Столымның үстінде кітаптар мен қағаздар шашылып жатыр. Роллан Сейсенбаевтың «Құм кезген өліктер» романы да сол столда. Жақында ғана оқып бітіргем.
XXI ғасырдағы өркешті шығарма.
Роман-эпос. Бұл енді қазақтар туралы ғана емес, қазақ жазушысының адамзат баласы туралы, киелі қара жер туралы, арып-ашып уланған табиғат туралы тебіренісі. Бұл қазақ әдебиетінің саналы сапасын көрсететін ұлы шығармасы.
Роман-эпос туралы мақала жазу керек деп ойладым. Бірақ ақ қағаздан жерігендеймін. Шаршаған болармын. Романым туралы жаз деп Роллан да сұраған емес. Ол үндемес қой.
Владимир Толстой да қазақ жазушысының адамдық биік кредосын дәл танып отыр.
«AMANAT» журналының Әбіш Кекілбаевтың творчествосына арналған арнайы саны столда жатыр еді. Мен Әбіштің атақты романын орысшаға аударғам. Әбіш екеумізді «AMANAT»-қа тартқан да Роллан болатын.
Мәскеуде орыстың аса ірі жазушыларының бірі, орыс гимнінің авторы Сергей Михалков туралы фильм көргем. Сонда жазушының артындағы кітап сөресінде жарқырап «AMANAT» журналы тұрған.
Таңғалғам!
Маған бір атақты кітапханашы «AMANAT» журналының әлем кітапханаларының қорында бар екенін айтқан.
Онда да таңғалып едім.
Ал енді Ресейдің қақ ортасындағы жолсыз батпақты Рязань жеріндегі жаздық жал-жапа үйімнің төрінде де «AMANAT» жатыр.
Қазақтың ұлы жазушысы Әбіш жазған, ұлты корей Анатолий Ким орыс тіліне аударған ғажайып роман осы «AMANAT»-тың ішінде. Журналды ашып, оқи бастасаң Ақсақ Темір хан сөйлей жөнелгелі тұр.
Ал енді таңғалмай көр!.. Дүниеде ғажап көп!.. Тек пенде шіркін таңғалудан қалғалы қашан?!.
«AMANAT» журналын қолыма алдым. Осы журналда бүкіл әлемнің ұлы ақын-жазушылары, ойшылдары бас қосқан.
Керемет құбылыс!
Халықаралық Абай клубының, «AMANAT» журналының, «R.S.» баспасының қуат-күші осында.
Роллан Сейсенбаевтың рухани, адами ерлігі де, қайыспас қажырлығы да осында.
Ол өзін аямайды, ал туған халқының өнері мен әдебиетін нағыз жаужүрек батырдай қорғап, аялап, ардақтайды.
Ролландай тұлғалар аз.
Ал Қазақстанда ол жалғыз және қайтып қайталанбас тұлға.
Қазақтар біртуар дейді.
Корейлер де.
Орыстар да.
Қалған халықтардың сөз саптауын білмедім.
Роллан туралы мақаланы аяқтап қалған кезде басыма қызбалау ой түсті. Іні-досыммен жедел сұхбат жасағым келді.
Ролланға Семейге телефон соқтым.
– Роллан, сәлем! Сен қазанның 11-і күні 70-ке толатын көрінесің. Мен саған қысқа сұрақ қояйын, сен қысқа жауап қайтарып бақ. Келістік пе?..
– Келістік, – деді Роллан.
– Сенің 70 жылдық мерейтойыңды қашан атап өтпекші?
– Шайтан білмесе, адам білмейтін болар.
– Туған Семейің ше?
– Сұрап алған той не керек, Анатолий Андреевич?
– Жалпы, бізге той керегі жоқ, мен білсем.
– Анатолий Андреевич, Тәңір бізді құтты ойлардан айырмасын.
– Қазақстан байлары көптомдық шығармалар жинағыңды жарыққа шығарар.
– Ондайларды байқамадым. Бәрі де жалынғаныңды күтеді ғой. Тәңірім жаманға жалынудан, жақсыға табынудан сақтасын.
– Жазу қалай?..
– Тәңірге шүкір. Жазу жақсы. «Тектілер туралы реквиемімді» бітірдім. Бұл әруақты бабаларым туралы сыр.
– Қайырлы болсын! Біз өлеміз, ал кітаптарымыз қалады. Сен оған сенемісің?
– Сенбесем кітап жазбас ем. Әрқайсымыздан әр түрлі көлемде кітап қалады. Біреуден үлкен, біреуден кішкене.
– Ең бастысы, кітап қалады. Сенің жауабың маған ұнап барады. Сен өлген соң, халқыңның саған ескерткіш қоюына қалай қарайсың, Роллан?
– Қарсымын.
– Көшеге атыңды беруге ше?..
– Тәңір сақтасын!
– Сонда саған не керек, Роллан?..
– Ертеде екі аршын жер болатын.
– Ал бүгін ше?
– Бүгін түк те керегі жоқ.
– Солай ма?!.
– Ана-Жер алып жындыханаға айналып болды. Адамгершілігінен айырылған пенделер сол алып жындыханада босып жүр. Мен жақындарымнан өлігімді өртеп, ядролық сынақтардан тас-талқан болған Шыңғыстауыма күлімді шашуын сұраймын. Мені махаббатпен дүниеге жіберген Тәңір мені мейірімінен айырмасын. Қалғаны бекер әурешілік, Анатолий Андреевич!
– Сен тіршілік күнделігіңді айқындап жазып та қойыпсың ғой. Бұл үлгі боларлық ұмтылыс екен. Сенің Тәңірден соңғы тілеуің?..
– Халқымның өмірден қасірет көрмей, бақытты болуы ғана.
Ал Рязань даласында сіркіреп ақ жауын жауып тұр. Мен темекі тартып, пеш алдында «AMANAT»-та басылған, марқұм болып кеткен орыстың дүлдүл жазушысы Виктор Астафьевтің «Жан жарасы» эссесін оқып отырмын.
Ал Роллан қай қиырда жүр екен? – деп ойладым.
Қазақ жері жылы, күн ашық, – деп хабарлады Ресей радиосы.
Менің дәл қазір Қазақ еліне жеткім келді.
– Сәлем, Роллан Шәкенұлы. Мен Анатолий Ким ғой…
– О, Анатолий Андреевич, төрлетіңіз! Үй де сіздікі, төр де сіздікі, – деп Роллан досым құшағын айқара ашып күлімсіреп тұр.
Оу бұл өңім емес, түсім болса керек…
Сәлем, Роллан!..
Анатолий КИМ,
Ресей жазушысы
МӘСКЕУ