Әлібек Нұрмағамбетовтың «Бес жүз бес сөз» (сөз төркіні) деп аталатын 1994 жылы жарық көрген кітабында «Абысын» сөзінің түпкі мәні, оның шығу тегі жайында дерек берілген. Аталған деректі сіздерге ұсынып отырмыз.
«Ағайын тату болса, ат көп, абысын тату болса, ас көп» дейді халық мақалы. Қелтірілген мақалдағы және қазақ арасында жиі қолданылатын «абысын» сөзі бәрімізге де түсінікті. Алайда бұл сөздің алғашқы мағынасы түркі тілдерінде нені аңғартқандығы көбімізге беймәлім. «Абысын» тек қана әйелдер арасындағы ілік, жақындыққа арналған сөз екендігін еске ала отырып, төркінін тап басуға болады.
В. В. Радлов сөздігінде: «абы» қойбол тілінде біздегі «әйел» сөзінің орнына қолданылады (В. Рад. Опыт… I, I, 626). Ал Л. 3. Будагов сөздігінде «абысын» тұлғасына жақын «епчи» сөзін ұшыратып, «әйел» мағынасын беретіндігін білеміз (Л. Буд. срав… II, 391). Мұндағы «с» дыбысының орнына «а», «п»-ның орнына қолданылған «б» және «ч»-ның «с» дыбысына сәйкестігі – түркі тілдеріне ортақ заңдылық екендігі ертеден мәлім (қараңыз: Н. И. Золотницкий. Қорневой чувашско-русский словарь, сравненный с языками и наречиями разных народов тюркского, финского и других племен. Казань, 1879, VII–VIII).
Сондықтан да басқа түркі тіліндегі «епчи» сөзінің қазақ тілі дыбыс заңдылығына сәйкес «абсы» болып айтылуы таңдандырмауы тиіс. «Абсы»-ның «абысын» тұлғасына дейін өзгеруін түсіндіріп жату да артық. Бұл жерде – қазақ тілінде қатар келген екі дауыссыз ортасына қысаң дауысты «ы» не «і» дыбыстарының бірі килігуін және соңғы «н» дыбысын есім тудыратын қосымша деп еске алсақ (мыс.: қос+ын, жи +ын т. б.), бұл сөздің төркіні түркі тілдерінің біріндегі әйел мағынасын беретін «абы» не «епчи» сөзінен екені күмән тудырмайды.