Бокстан Олимпиада ойындарының чемпионы, Вэл Баркер кубогінің иегері сондай-ақ кәсіпқой бокстағы IBF тұжырымының бұрынғы иегері Василий Жиров Қазақстанда бапкерлік қызмет атқаруы мүмкін, деп жазады "Алаш айнасы" интернет-порталы.
Бүгінде отандасымыз мұхиттың арғы жағында тұрады. АҚШ-тың Аризона штатына қарайтын Скоттсдейл деген қалашығында. Бұл шағын қалашықта Василийдің жаттығу залы да бар. Сол жерде 1996 жылғы Аталантада өткен Олимпиада ойындарының чемпионы жас спортшыларды жаттықтырады.
Осы аптаның басында ол өзінің тарихи отаны Қазақстанға ат басын бұрыпты. Бұл туралы отандық спорт порталдары хабар таратты. Жиров Қазақстанда ата-анасын, туған-туыстарымен көрісуге келген екен. Сонымен қатар Василийдің Қазақстанға қайта оралып, қазақ боксшыларын жаттықтыруға да ниеті бар көрінеді.
— Қазақстанға ата-анаммен, ағайын-туысқандарыммен көрісуге келдім. Сондай-ақ бапкер ретінде өз еліме қандай көмек көрсете алатынымды білсем деген ниетім бар, - дейді Василий Жиров Vesti.kz порталына берген сұхбатында.