Олимпиада жолдамасын APB-ден жеңіп алғым келеді
Біржан Жақыпов – жолы ауыр боксшы. Екі бірдей Азия ойындарына қатысып, финалда сүрінді. Былтыр ғой, спорттық мансабындағы ең ірі жетістігі – әлем чемпионы атағына жеткен. Бір емес, екі бірдей Олимпиада ойындарының ширек финалынан қайтты.
Инчхонда өткен Азия ойындарынан жүлдемен оралған Жақыповты құттықтай барғанбыз. Әлі де қол жетпеген биігі бар екенін, алдағы мақсаттары жөнінде бүкпесіз сырын ақтарды. Әлем біріншілігінің жүлдегері, Азия ойындарының үздік боксшысы Жон Хун Шин туралы өзі не дейді екен?
Күміс те күш…
Қанағаттан асып қайда барамыз?! Әр жағдайға да сабыр керек. Дегенмен іштегі қыжылды жасыра алмаспыз… Бұрынғы қытай боксшысы болмағаннан кейін алтын алатын-ақ жерім еді… Күміс те күш қой.
Оған арнайы тактика құрдық. «Келсең, кел» деп күтіп жүре беруге болмайды. Жергілікті боксшыны желкесінен сүйреген жағдайдың талайын көрдік. Әуелден соны түсіндім. Жеке бапкерім үнемі шабуылға иек артуыма тапсырма берді. Оның да мәнері Шиминьге ұқсас. Ыңғайсыз. Айқын басымдық болмады өз жағымнан да. Қателіктерім бар. Үш кезең бойы бар күшімді салып едім.
Кәріс боксшысының есімін ең алғаш 2009 жылы естідім. Миландағы әлем чемпионатынан қолаға иелік еткендіктен, болашақ қарсыластың бірі деп таныдым. Гуанжоудағы Азия ойындарының ширек финалында жолығып, мен жеңгенмін. 17:3 есебімен. Одан бері әлем біріншілігінің күмісін алды. Бүгінде Кореяның ең атақты боксшыларының бірі осы жігіт.
Бокста жүргеніме қанша жыл болды, жеребе кілең мықтылармен жолықтыратын. Бұл жолы сәл де болса жеребе оң жамбасыма түсті. Бірінші рет шығар бұл. Дегенмен оларды да оңай-оспақ деуге келмес. Жартылай финалда кезіккен қырғыз Османовты биыл ҚР Президент кубогында да ұттым. Маған дейін Моңғолия, Таиландтың мықтыларын түріп шыққан ол. Сол себепті, әрбір қарсыласқа дайын болдық. Осы жолы жолым болғанын айту керек расында. Әйтпесе, жеребе бірден әлем чемпиондарымен жолықтыратын.
Олимпиада мен Азия чемпионатының ғана жүлдесі жоқ екен
Төрт жыл бұрынғы Азия ойындарында да күміске жеттім. Нағыз бабыма еніп, жалындап тұрған кез еді ол. Бірінші кездесуде-ақ әлем чемпионы Пуревдорж Сердамбаның сыбағасын бердік. Әлгі Жон Хун Шиннің де.
Әзірге қолым жетпей тұрған екі-ақ жүлде бар менде. Ол – Олимпиада және Азия чемпионатының жүлделері. Азия чемпионатынан да жүлде алатын мүмкіндігім болған. Өзімнің қателіктерімнің кесірі. Қарсыласты бағаламай шығып, есе жібердім. 2009 жылы Жухайда жас моңғол боксшысы Тугцогт Нямбаяр опық жегізген. Одан кейін 52-ге ауысып, сол жылы Миландағы әлем біріншілігінде де жүлде алды. Ал Моңғолияда өткен Азия чемпионатында ширек финалда қытай Зоу Шиминь бөгет болды. Азия чемпионатына екі рет қатысыппын. Екіншісінде жүлдені өзім қолдан беріп қойдым. Бұл да бір өкінішім.
Басқа халықаралық турнирлердің бәрінің де жүлдесі бұйырыпты. Оның көбісі алтын. Еуропадан – Феликс Штамм, Галле, Странджа, Ахмерт Комерт, Макар Мазай, ағайынды Кличколардың турниірінің алтыны бар. Кубадағы турнирлер, Таиланд королінің де. Кубадағы турнирлерде чемпион болған қазақ боксшысы тек мен екенмін әзірге (күліп). Тайпейдегі АИБА президентінің кубогында үшінші, Өзбекстанда бірінші орын алдым. Сырттағы ең бірінші сайысым – ағайынды Кличколардың турнирі.
Үйдегі елу шақты жүлденің бәрін әкем түгендеп жүреді. Қазақстандағы турнирлердің де алтынынан кем емеспін. Мәселен, ҚР Президент кубогын үш рет ұттым емес пе?! Серік екеуміз. Ғалым Жарылғапов, Шоқыр Бөлтекұлы, Сағадат Нұрмағамбетов, Қарақозы Әбдәлиев, Серік Қонақбаев турнирінің де жеңімпазымын.
Сын шын айтылса…
Жүлде де әркімге әрқалай бұйырады. Барлық жарысты ұтып шығу мүмкін емес. Маңдайымызға жазылғанын алдық. Бәрін ұту да мақсат емес. Олимпиадада ұтыласың ғой, тұғырда бұрын сенен ұтылғандар тұрғаны қатты күйіндіреді. Менің тұратын орным еді деп. Ақырындап оған да көнесің. Олимпиада жүлдесіне жету де – ұзақ жол. Алланың берген сыйы ол да.
Рас, маған қарата көп сын айтылып жатады. Оған мән бермейтін болдым. Бас бапкердің арқасында жүр деп айтатындар жетерлік. Ондай сөздерге әбден етіміз де үйренді. Сын шын болса… Өзімді іспен дәлелдеймін әлі. Олар миллион – қайсыбірімен салғыласып отырасың.
Қырық тоғыз келіде жүргеніме де 10 жыл болыпты. Бұл менің артықшылығым да емес. Әкем де, шешем де артық еті жоқ кісілер. Олардан асып қайда бармақпын?! Сәл қиналыңқырағанда, елу екіге ауысу туралы ойлар болған. Аса қатты қиналмағандықтан ба, әлі осында жүрмін.
Катар туралы айту әлі ерте
APB жобасы таңсық көрінсе де, еш ойланбастан қол қойып жібердік. Басшылар, бапкерлер сенім артқаннан кейін. Сегіз қарсыласымның бәрі де көзтаныс. Алғашқысы қытайлық Лу Бин – жастар арасында әлем чемпионы. Галледегі кіші әлем чемпионатының финалда жеңгенмін оны. Давид Айрапетян, Марк Баррига, Патрик Лоуренсті де тұқырттық уағында…
Бұл жобаға қатысушылар әлем чемпионатына бара алмайды екен деген әңгімелерді естідім. Шынын айтқанда, өзім де әлі толық білмеймін ережелерді. Ақырын күтейік. Өзім Олимпиада жолдамасын АРВ арқылы ұтып алғым келеді. Олимпиада жүлдесіне жеткенде ғана көңілім тыншитын шығар. Әрине, адамда арман таусылушы ма еді. Бірінен кейін екіншісіне ұмтыласың. Біреу екі дүркін болсам дейді. Оған жетсең, үшіншісіне көз тігесің. Серік те (Сәпиев – автор) үш дүркін әлем чемпионы болғым келеді деп айтатын. Қазір ғой, «әттең, ерте кетіп қалдым» деп әңгіме арасында айтып қалып жүр.
Катардағы дода туралы айту әлі ерте. Оған дейін әлі уақыт бар. Бір жағынан жастардың да осы сайыста жарқылдағанын көрсем деймін. Қазақстанда бұл салмақта басқа да мықтылар бар екенін неге дәлелдемеске?! Жастар да өз әлеуетін байқатсын.
Мырза ағама қарыздармын…
Осы күнге жеткенім ең әуелі Алланың, одан кейін әке-шешемнің арқасы. Ал спорттағыт бағытымды айқындап, қатарға қосқан – Мырза ағай. Осындай бапкерге жолыққаныма Аллаға мың да бір шүкір! Ол кісіден үйренетін нәрсе көп. Өмірде болсын, спортта болсын, темірдей тәртіпке бойұсындырады. Спортты кез келген бапкер үйрете береді. Ал ағайымның өмірлік қағидалары да құнды мен үшін. Қанша жылдан бері бірге жүрміз. Сөмкемді асынып, ең алғаш «Спартакқа» барғанымда, алдымнан шығып, қарсы алған Мырза ағайым.
Қызығы сол, жастар арасында ешбір жетістігім жоқ екен. Бір ғана турнирге қатысыппын. Сарыағаш ауданының Абай елді мекенінде өткен Нұржан Смановтың турнирінде чемпион болғаным есте. Отыз екі келіде. Кейіннен жасөспірімдер арасында облыс чемпионы болғаныммен, ел чемпионатында жолым болмады. Жастар сапына ауысқанда облыста үшінші нөмір едім. Жастар арасында жетістігімнің жоқ болуының бірден-бір себебі – салмағымның аздығы. Ондағы ең кіші салмақ қырық алты ғой. Менің салмағым қырық келіге әзер жететін. Үйде елу шақты медаль болса, бәрін де ересектер арасындағы жарыстардан алғанмын.
Зоу Шиминь де ашыла түсіпті
Шүкір, артымнан ерген інілерім де біршоғыр. Жомарт Ержан, Шалқар Айқынбай, Олжас Байниязов. Ертеңгі күні орнымды баса алатын жігіттер осылар.
Уақыттың қадірін білмек керек. Спорттан бөлек, атқа мінгенді жақсы көремін. Қазақтың әрбір баласындай. Таудың, табиғаттың таңғажайыптарын тамашалағанды ұнатамын.
Кәсіпқой боксшылардың айызды қандырар жекпе-жектерін көру бір ғанибет. Бірінші кезекте қазақстандық боксшыларды бақылап отырамын. Бейбіт Шүменов, Геннадий Головкин, Қанат Ислам, Жанат Жақияновтарды. Қанаттың әлі-ақ әлем чемпионы болуға шамасы жетеді. Қазақтың нағыз батыр ұлы..
Ежелгі қарсыласым Зоу Шиминьнің кәсіпқой бокстағы қадамдарын да көріп тұрамын. Бұрынғыдай емес, ашыла түскен, күшіне күш қосыпты. Кәсіпқой бокста жеңіл салмақтағылар аса танымал емес алайда. Негізінен орта, ауыр салмақтар дүйім жұртқа тез танылады.