Өткенге көз жүгіртсеңіз, қазақ бәйбішелерінің сұлулығын сақтау үшін жас саумалға түскені жайлы дерек көп. Сонау біздің заманымызға дейінгі төртінші мыңжылдықта қазақ даласында жылқыға алғаш ауыздық салынғаннан бері ата-бабамыз малдың бұл түрінен ажыраған емес. Демек, жылқы еті мен оның сүтінің адам ағзасына қандай пайдасы барын қазақтан артық ешкімнің жетік білмейтіні анық. Тек ғылым мен өндірістің кенжелеп қалуы салдарынан бұл мүмкіндікті өзгелер пайдаланып кетуде. Мысалы, немістер бұл күні қымыздан бет күтіміне арналған крем, опа-далап, сабын сияқты заттар жасап жатыр.
Жылқы шаруашылығы – қазақ халқының ықылым заманнан келе жатқан төл кәсібі. Себебі энеолит дәуірінде, яғни біздің заманымызға дейінгі төртінші мыңжылдықта жабайы жылқыға ауыздық осы жерде салынған. Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданына қарасты Ботай қорымынан табылған сүйектер мен ат әбзелдері сөзімізге дәлел бола алады. Археологтар 1980 жылдан бері жүргізген қазба жұмыстары барысында ұзын саны 40 мыңнан астам зат тапқан. Мұндағы жылқы сүйектерінің көне заманға тиесілі екенін естіген Америка, Англия, Германия, Ресей ғалымдары да зерттеу жұмыстарына білек сыбана кіріскен.
Кейін Алан Оутрам есімді ғалым табылған сүйектерде жылқының тістері мүжілген, оған сызат түскенін байқаған. Осыған қарап, жылқыны мініске пайдаланғанын, ауыздықталғанын анықтаған. Ғалымдар қазақ даласында жылқы мініліп қана қоймағанын, сонымен қатар оны сауып, сүтін азық еткенін де дәлелдеді. Дәл осы Ботай қорымынан қазып алынған қыш ыдыстардың ішінен кепкен жылқы сүті болғаны байқалған. Сонау ерте заманда ерекше құнарлы қымыз сусын ретінде пайдаланылғаны еш дау туғызбады. Қазақ халқы сол дәстүрден жаңылмай, қымыз-қымыранды әлі күнге дейін ішумен келеді. Алайда оны жаңа технологиямен өңдеп, медициналық дәрумендер, дәрі-дәрмек, косметикалық крем, опа-далап өндіру ісіне келгенде ұяттымыз.
Ғалымдар бие сүтінің адам ағзасына пайдалы екенін дәлелдеп отыр. Ол – ерекше қасиетке ие сусын. Көптеген дертке ем. Ғалымдардың зерттеуінше, қымыз бүйрек пен бауырды қанықтырады, қан тамырларын тазалайды екен. Буын ауруларымен сүйектің қақсауын (атрофикалық артрит, ревматикалық артрит), еркектік күшті (эректикалық дисфункция), жүйкенің жұқаруын, бас айналуын, созылмалы сарыауру (гепатит), ұйқысыздық, ішектегі жара (гастрит) сияқты аурулардың алдын алады немесе жеңілдетеді. Қымыз іштегі ыстықты азайтады. Қымыз адамның физикалық жағдайын жақсартады, тәбетін ашады, ас қорытуды жақсартады, жаңа босанған келіншектің сүтін қалпына келтіреді. Жылқы саумалы мен ана сүтінің құрамы ұқсас келетіндіктен, оны жаңа туған нәрестеге де беруге болады.
Сонымен қатар бие сүті адамның терісін жасарту қасиетіне де ие. Бұған қазақ бай-сұлтандары бәйбішелерінің саумалға түскенін мысалға келтіруге болады. Бие сүті теріні жұмсартып, ерекше балғындық береді екен. Қымыз бүгінде косметика саласында қолданылып жүрген опа-далаптардан пайдалы болмаса, кем түспесі анық. Оның құрамында не керектің бәрі бар. Мысалы, онда 4,5% – спирт, 30-70% протеин болады, сондықтан олар өте жоғары протеинді диеталық қоспа болып табылады. Протеинде бос амин қышқылдарының 26 түрі және 17 гидролизденген белоктық амин қышқылы бар. Бос амин қышқылдарының өзінде жеті амин қышқылы – треонин, фенилаланин, валин, лейцин, изолейцин, лизин, метионин бар. Бұлардың бәрі де адам ағзасы үшін өте маңызды. Қымыз құрамында сондай-ақ 28 түрлі микроэлемент, көптеген витамин, тритерпеноидтар, аденозин, трифосат, стероид, жыныс гормоны, кортикалды бүйрек үстіндегі бездің гормоны, көптеген алколоид пен хош иісті альдегидтер, мысалы, децил спирті, гендекалон, додеканол, гептадеканол, өзінің этилациттары және изомерімен, сондай-ақ тез буланатын алифатты көміртектері және темір бар. Құрамы осыншама бай сүт басқа еш жануарда болмайды. Сүтінің құнарлы болуына жылқы малының шөпті талғап жейтіндігі, шалшық суды ішпейтіндігі тағы да басқа қасиеттері себеп. Ендеше, қымызбен емдеу, сондай-ақ қымыз косметологиясын қолға алуға мүмкіндігіміз зор екені белгілі.
«Қымыздың осындай ерекше қасиетін пайдаланбау әбестік болар еді», – дейді ауыл шаруашылығы ғылымының кандидаты, «Арқалық» шаруа қожалығының басшысы Нағашыбай Барлыбаев. Жылқы шаруашылығымен айналысып, қымыз шығаруды өндірістік жолға қойған кәсіпкер енді тың бастаманы қолға алды. Үш жыл бұрын Қызылжарда қымыз және балшықпен емдейтін медициналық орталық салуға кіріскен.
Нағашыбай БАРЛЫБАЕВ, ауыл шаруашылығы ғылымының кандидаты:
– Қымызды сан ғасырлар бойы ішіп келеміз. Енді оның емдік қасиетін пайдалану керек. Мен ес білгелі қымыз ішіппін. Анам 72-ге келіп көз жұмды. Балаларының аузын ақтан еш үзбеді. Бұл дәстүр бізге де жұқты, мен де ондаған жылдар бойы жылқы шаруашылығымен айналысамын. Қымызды өндірістік жолға қойған алғашқы кәсіпкерлердің бірімін. Шыны құтыларға құйып, дүкендерге шығардық. 100 бие сауамыз, жылына 45 мың литр қымыз өндіріп отырмыз. Бүгінде ашытылған бие сүті болса, қымыз дей салатын болдық. Ал шындығында оның түрі көп. Емдеу орталығы ғимаратында қымызхана ашудағы мақсатым – қымызды насихаттау және қымыз ішу мәдениетін қалыптастыру.
Нағашыбай Барлыбаев «Қымызды немістер патенттеп алыпты деп шу шығару негізсіз», – дейді. Себебі неміс қымызы қазақ қымызына жетпейді. Мысалы, Германияда жылқыны қорада байлап ұстайды. Ал біздікілер қысы-жазы жайылымда. Бергеніңді емес, өзі таңдаған шөбін жейді. Соған сай сүтінің құрамы да басқаша болады екен. Демек, қазақ медицинасы мен косметология саласы үшін бұл – зор мүмкіндік.