Қажымұқан қандай тұлға?

Осы біз біреу намысымызға тимесе, «мәу» демейтін халықпыз. Көрші Ресей «Поддубный» деген фильмді түсірмесе, өзіміздің батыр атамыз Қажымұқанды ұмытып кеткендей екенбіз. «Ойбай, біздің Қажымұқан бабамыз қайда қалды? «Поддубныйдағы» түрік Гаджымукан деген кейіпкер біздің Қажымұқан емес пе?! Ол неге Поддубныйдан оңбастай болып жеңіледі? Қажымұқан кім, Поддубный кім?» – деп қызылкеңірдек болдық. «Қажымұқан кім?» деген сұрақ төтесінен қойылып қалған соң, жас оқырманымызға балуан бабаларының беймәлім қырын әңгімелеп беруді жөн санадық. Алып күштің иесі ғана емес, басқа түрлі қадір-қасиеттері болған екен, қарап отырсақ. Қазақ деген ұлтқа өмір бойы адал болып өтіпті. Сонымен, біз танитын Қажымұқан қандай болған? Ол нендей ерліктер жасаған?
Қажымұқан Мұңайтпасұлы 1871 жылы Ақмола облысы, Қараөткел уезінде дүниеге келіпті. Кейбір деректер Қажымұқан Оңтүстік Қазақстан облысында өмір есігін ашты дейді. Әкесінің тұрмыстық жағдайы нашар болғандықтан, күнкөріс қамымен солтүстікке қарай қоныс аударған деседі. Қай өңірде өмірге келді десек те, барлық дерек Қажымұқанның жоқ-жұпыны отбасынан шыққан қазақ балуаны екенін растайды. Кедей шаруаның баласы бай-көпестерге жалданып жүріп жетіліпті. Немересі Перизат Қажымұқанова ол жайында былай дейді: «1977 жылы орыс суретшісі Потехин бала Мұқанның ерлігін суретке таңбалайды. Кедей отбасынан шыққан Қажымұқан алты жасынан бастап жалшы болып жұмыс істеген. 14 жасында Петерборда Масляков деген татардың қолында жалшы болып жүргенде, оншақты орыстың мұжығы көтере алмаған күбі майпіспекті бір өзі көтеріп, шанаға салып береді. Ол майпіспектің салмағы жарты тоннаға жуық екен. Потехиннің картинасында бала Мұқанның алғашқы ерлігі осылай суреттелген».
БІЗ БІЛЕТІН ДЕРЕКТЕР:
Қажымұқан – дүниежүзілік масштабтағы тұңғыш кәсіби қазақ спортшысы. Ол Еуропа, Азия, Оңтүстік Америка елдерін шарлаған. Тек қана Солтүстік Америкаға табаны тимеген екен. Әлемнің 28 мемлекетінде күресіп, 56 медаль иеленген.
Қажымұқан «Ямагата Мухунури», «Мухан», «Иван Чёрный», «Қара Мұстафа» деген лақап аттармен күрескен. Өйткені, ол әлемдік спортта орыс балуандары сапында өнер көрсеткен;
Қажымұқан Түркия жерінде күрескенде түрік байларының ризашылығына бөленеді. Сөйтіп олар балуанға құрмет ретінде қасиетті Меккеге қажылыққа апарады. Сол себептен де ол Қажымұқан атаныпты;
Қажымұқан жетпістен асқан шағында да үстінен адам толы жүк көлігін өткізіп өнер көрсеткен.
Ел аузында Қажымұқан айтты деген мынадай сөз бар:
Атандым Мұқан палуан бала жастан.
Ішінде күштілердің болдым астам.
Талай-талай жерлердің дәмін татып,
Өтті дәурен осылай біздің бастан.

Бұл балуанның бала кезден даңққа бөленгендігінің бір айғағы.
Ақын Сырбай Мәуленов Қажымұқанның сыртқы сымбатын:
Саусағы Алатаудың еменіндей,
Жотасы Қаратаудың кемеріндей.
Жүзінен шаттық, қайғы білінбейді,
Тұп-тұнық Қараөткелдің тереңіндей,
– деп суреттейді. Бұл суреттеу балуанның болмысын дөп басатын секілді. Себебі, профессор Әуелбек Қоңыратбаевтың Қажымұқанмен арнайы кездескенде жазып алған дерегі осы өлеңнің шынайылығын растайды. Қоңыратбаев балуанмен кездескенде, оның жасы жетпіс бесте екен. Сол кездегі дене құрылымының өлшемі төмендегідей болыпты: салмағы – 174 келі, бойы – 195 см, кеудесінің аумағы – 146 см, балтырының аумағы – 49 см, мойнының жуандығы – 56 см, бас аумағы – 65 см, ортаңғы саусағының ұзындығы – 14 см, ортаңғы саусағының жуандығы – 10 см, үстіңгі және астыңғы еріндері – 12 см, аяқ киімі 54 өлшемді көрсеткен.
Біз балуанның шаршы алаңдағы жекпе-жектеріне емес, былайғы өмірдегі ерліктеріне, азаматтық болмысына, өнерге деген көзқарасына үңілуге талпындық. Әнші, өнертанушы Ерлан Төлеутай Қажымұқанның ізінен ерген аңыздар жайында бірнеше қызықты деректі алға тартады. Мысалы, ол аңыз әңгімелер бүй дейді:

«ҚАЗАҚСТАН БАРЫСТАРЫ» ҚАЖЫМҰҚАН КӨТЕРГЕН ТАСТЫ ҮШ-ТӨРТЕУІ ЖАБЫЛЫП КӨТЕРЕ АЛАР МА ЕКЕН?
1923 жылы маусым айында (кей деректерде 1921 жылы) Қажымұқан Баянауылға келіп өнер көрсетеді. Халық «Қажымұқанды көреміз» деп соңынан шұбырып еріп жүреді екен. Балуан атамыз үстінен кісі толы ат арба өткізеді, Мойнына рельс қойып, оның екі жағына он-оннан 20 адам мінгізіп көтереді. Кеудесіне ауыр тас қойып, оны бір жарым пұттық балғамен ұрып сындыртады. Қысқасы, неше түрлі ойын көрсетіп, жұртты таң-тамаша етеді. Баянауылда Субек ұста деген досы болыпты. Қаншама сән-салтанаты жарасқан, тұрмысы жақсы үйлер бола тұра, Қажымұқан осы Субектің үйінде жатыпты. Субектің үйі жұпынылау, өзі кедей адам екен. Халық Қажымұқанның ойынына ақша салады дейді. Сонда кішігірім қапшық толатын ақша жиналса керек. Қажымұқан қайтарда әлгі ақшаны ортаға қойып: «Мә, мына ақшаны сен ал, мен жолыма жететінін ғана қалдырайын. Қам-қажетіңе жарат», – дейді. Субек өмірінде дүние жимаған, ұсталықпен күн көрген данышпан кісі екен. «Мен сенен ақша алсам, үйіме жатқаның үшін жамбасақы алғандай боламын», – деп азар да безер болыпты. «Үйбай-ау, енді қайттік? Мен сенің бала-шағаңа нәпақа болсын деп ем. Достың досқа көмектескенінде тұрған не бар? Сен үшін не істейін, өзің айтшы», – депті Қажымұқан. Әбден амалы таусылған Субек: «Онда анау таудан өзің көтере алатындай тасты есігімнің алдына әкеп қойып бер. Ұрпағымызға біздің достығымыздан белгі сол болсын», – дейді. Қажымұқан таудан үлкен тасты «әуп» деп көтеріп әкеп, досының үйінің алдына «дік» еткізіпті. Сол тас әлі күнге дейін тұр. Тастың үлкендігі нән жігіттің бойындай. Жанымдағы 4-5 жолдасыма сол тасты көрсетіп: «Мынаны Қажымұқан көтерген» десем, бастарын шайқайды таңданып. Кем дегенде тонна шығады-ау сол тас. Бәріміз жабылып, Қажымұқан көтерген тасты ырғап көрдік. Тіпті мызғымады да. Қазіргі «Қазақстан барысының» үш-төртеуі жабылса да, әлгі тасты көтере алмайды-ау…
АЛТЫ ҚАСҚЫРДЫ СОҒЫП АЛҒАН БАЛУАН
Сәбит Мұқановтың: «Қажымұқан «мынау пәлен жерде, мынау түген жерде түскенім еді деп қалтасына пәшкелеп салып алған фотокарточкалар көрсетеді», – деп басталатын ғажап естелігі бар. Сол естелік: «Қалың елдің ішінде Қажымұқан үш қасқырды оң қолымен, үш қасқырды сол қолымен желкелерінен қапсыра ұстап, басынан асыра жоғары көтеріп тұр. Сібірдің үлкендігі тайдай қасқырлары», – деген сөздермен әрі қарай өрбиді. Қысқасы, Қажымұқан Кеңес үкіметінің алғашқы жылдарында тұрмыстан қатты таршылық көреді. Бұл 1921 жылдың қысы болса керек. Қажымұқан Керекудегі қыпшақ ағайындарын паналайды. Онда да күйі болыңқырамай, оның үстіне Ресейдің көрші Славгород қаласына цирк келіпті дегенді естіп жолға шығады. Ондағы ойы – өзі де цирк палуаны, келген цирк құрамына ілігіп, тұрмыс таршылығынан құтылу болса керек. Сөйтіп жамағайынынан сұрап алған қоңсыз атқа шана жегіп, оған әйелін жайғастырып, Славгородқа тартады. Бірнеше күннен соң Сібірдің қалың тайгасына ілігеді. Болдырған атын шылбырынан жетелеп ну орманның ішімен күні-түні тоқтамай ілби береді. Сондай түндердің бірінде Қажымұқанды үйірлі қасқыр қамайды. Олар әп-сәтте жегулі атты шыңғыртып жарып тастап, іле-шала Қажымұқанның өзіне шабады. Қажымұқан әйелін шананың қорабына тығып қорғануға әрекет жасайды. Көзіне қан толған аш қасқырлар палуанның үстіндегі күпісін дар-дар айырып, басына шапшып талай бастайды. Сол кезде бағанадан бері қорқақтай қайрат қылған Қажымұқан шындап кәріне мінеді. Ашу буып, қаһарына мінген ол қолына іліккен қасқырларды бір-біріне былшылдатып соға беріпті, ұра беріпті. Содан қасқырларға жан керек… қашыпты. Таң ата қараса, арбаның айналасында азу тісі ақсиып алты қасқыр жайрап жатыр дейді. Әлгі қасқырларды шанаға тиеп, үстіне әйелін отырғызып шананы өзі жаяу сүйреп ауыр бейнетпен Славгород қаласына жетіпті. Сөйтсе цирктің келгені рас екен, сәті келгенде бастығынан бастап, әртістеріне дейін Қажымұқанның таныс-тамырлары болып шығыпты. Олар Қажымұқанды құшақ жая қарсы алып, суретке түсіріпті… Сәбит ағамыз естелігінде осылай дейді. Кейіннен осыны Қажымұқаннан сұрапты. «Сәбит ініңіз осындай әңгіме жазыпты. Рас па?» деп. Сөйтсе, палуан бұл сөзді жоққа шығарыпты. Кім біледі, алып, мықты адамдар кейде өзінің ерлік істерімен мақтанғысы да келмейді ғой. Қажымұқан қара күштің ғана емес, мол парасат иесі де болған деседі.
ИМАНЖҮСІПТІҢ ҚАЖЫМҰҚАНДЫ ҚАМШЫМЕН ҰРУЫ…
Қажымұқан қылшылдап тұрған жас кезінде шетелдік сапарларының бірінен елге оралады. Дүниежүзінде қарсы келер палуан табылмай, атағы дүркіреп тұрған шағы. Халық: «Қажымұқан келді» деп, бір көріп қалуды ойлап, қаумалап маңайынан шықпайтын көрінеді. Қоянды жәрмеңкесінде жүрген сондай қызық күндердің бірінде бір қиқар шал Қажымұқанның алдын кес-кестеп, тілімен шағып алыпты. Қымызға қызып лепіріп келе жатқан балуан жастықтың буымен әлгі шалды өңірінен қаусырып ұстап: «Ей, шал!» – деп киіз үйдің үстіне лақтырып жіберіпті. Шал киіз үйден домалап түсіп: «Мен бұған көрсетейін», – деп Иманжүсіпке арыз айтып барыпты. Иманжүсіп жас жігіттің өзінен үлкен адамның жағасына қол тигізгенін естіп, қатты ашуланыпты. Халықтың ортасында кетіп бара жатқан Қажымұқанды көріп: «Әй, ит, үлкен адамға неге қол тигізесің?» деп балуанды ту сыртынан қамшымен оқыс тартып жіберіпті. Иманжүсіп те бойы 2 метр, өте алып күш иесі, өгіздің төрт қабат терісін бір тартқанда қақ бөлетін қамшыгер адам болған. Күтпеген жерден осып өткен ащы қамшының екпінінен палуан жерге етпетінен түсіпті. Кейін қартайған шағында Қажымұқаннан: «Сонда Иманжүсіп сізді қатты ұрды ма?» деп сұраса: «Жоға, қатты ұрса, өліп қалар едім. Ағам болғасын аяды ғой», – деп күліпті. Міне, кішіпейілділік. Ол ешқашан туған халқынан биік болмапты. Жарты әлемді араласа да қазақтың салт-дәстүріне мойынсұныпты. Өз ағаттығын түсініп, жасы үлкенді «аға» деп сыйлаған екен.
ӘМІРЕ, ИСА ҮШЕУІ ЖАН АЯМАС ДОС БОЛЫПТЫ…
Қазіргі балуандардардың көбі қара күштің ғана иесі. Робот сияқты күреседі, Аруақ ұғымынан ада. Өнерден мақұрым. Ал Қажымұқан өнерді өте жақсы көрген, асыл мен жасықты айырған, жақсының парқын білген. Әміре, Иса үшеуі жан аямас дос болған. Исаның тілінің ащылығы, жұдырығының «жылдамдығы» палуанға «пәле» болыпты. Әсіресе, ішіңкіреп алғанда палуанға «күн көрсетпейді» екен. Бұл жөнінде Сәбит ағамыз бүй дейді: «Күш жағынан Иса Қажымұқанның шертуіне келмейтін адам ғой, сөйте тұра Иса жағасына жармасқан шақта, тышқаннан қорыққан пілдей Қажымұқан қол қатпастан: «ау, мынаны тоқтатсаңдарсы!» деп (Қажымұқанның ш әрпіне тілі келіңкіремейтін болса керек), күжілдеп бақыра бастайды. Кейбір құтырынған шағында Иса маяға қонған қораздай болып, Қажымұқанның үстіне мініп алады. Егер Қажымұқан сілкіп қалса, Исаның күл-паршасы шығар еді. Ол өйтпей: «Әй, мынаны қойғызсаңдарсы!» деп бақыра береді». Қажымұқан Исаны осылайша еркелетіпті. Әміренің әнін жаны сүйсініп тыңдайды екен. Соның айғағындай Қажымұқаннан: «Жанымда Иса мен Әміре болса, шіркін, маған одан артық дүниенің керегі жоқ», – деген сөз қалған.
ӘНШІ МАЙРАНЫ ДА ҚАТТЫ ЕРКЕЛЕТКЕН
Әйгілі әнші Майрамен де тату дос болыпты. Майра бір жерге барып өнер көрсетсе, әншіні көргісі келген жұрт киіз үйдің жабығын жыртып, туырлығын тілгілеп тастайды екен. Майраның өнеріне есі кеткен жігіт-желеңнің бәрі әншінің айналасынан шықпайды. Майраның жанында жүретін атқосшы серіктерге де оңай болмаған. Кеудесіне нан піскен бұзық, есерсоқ жігіттер оларға дөңайбат көрсетеді, қоқан-лоққы жасап ықтырады. Ол кез халықтың өнерге деген ықыласы алабөтен уақыт. Жас кезінде Майраның атқосшысы болған әнші Байғабыл Жылқыбаевтың: «Қоянды жәрмеңкесінде қатарымызға Қажымұқан қосылды. Қажымұқан келгесін басбұзарлар жым болып, Майраға арнайы тігілген ақ боз үйдің маңайынан аяқтарын байқап басатын болды. Сөйтіп көзіміз ашылды», – деп айтқан естелігі бар. Қажымұқан Майраны қатты еркелетіпті. Ол уақытта Қоянды жәрмеңкесінде Майраға арнайы үй тігеді екен және ол үйдің орнын Майраның өзі белгілейді екен. Бірде үй тігушілер киіз үйдің орнын көрсетіп беруді өтініпті. Майра болса: «Мына жерге тігіңдер» деп үлкен тас жатқан орынды көрсетті. «Ойбай-ау, тас жатыр ғой, қайтеміз?» – деп абдырап қалыпты үй тігушілер. «Алып тастайтын азаматтар бар ғой», – депті Майра. Сондағы алып тастайтын азаматы Қажымұқан екен», – дейді. Құж жартастай Қажымұқан Майра тіккізген үйдің төрінде жатып ән тыңдайды екен. Алапат күштің иесі болса да, жаны соншалық нәзік болыпты. Майрадай замандас құрбысын, басқа да өнерпаз, әншілерді еркелетіп, қорғап, демеп жүріпті.
ПОДДУБНЫЙМЕН ДОСТЫҒЫ
Поддубный мен Қажымұқан тізе қосқанда жеңбеген балуаны қалмаған. Қажымұқан досын ылғи «Ваня» деп сыйлап өткен. Поддубный соғыс біткен жылдары аштан, таршылықтан өліпті. Украинаны жау басып алғанда, көшеде балпаңдап жүрген Поддубныйға немістер тиіспейді екен. Дүниежүзіне аты мәшһүр болған балуан өмірінің соңында ішер асқа, киер киімге жарымаған. Өмірден өтер шағында: «Қазақстанда Қажымұқан деген досым бар еді, соған апарыңдаршы», – деп жалынумен болыпты деген әңгіме бар. Тіпті, Поддубный Қазақстанға келіп, Шымкенттің бе, әлде Арыстың вокзалынан қайтыпты деседі. Поддубныйдың өзін іздеп жүргенін Қажымұқан да естиді. Сосын досын жанталасып Қажекең де іздейді. Жүгіріп вокзалға келсе, Поддубный мінген пойыз жаңа ғана орнынан қозғалып бара жатыр екен дейді. Қажымұқан жалма-жан, жолаушылар мінетін тұтқаға жармасыпты. Оған жүріп кеткен пойыз тоқтай ма, ашынған Қажекең вагонның тұтқасын омырып жұлып алып қалыпты деседі. Қажымұқанның соңғы арманы ескі досын бір көріп, әңгімелесіп мауқын басу болыпты. Бұл әңгімелерді хатқа түспеген ел аузындағы аңыздар десе де болады. Халық сүйген перзенті жайында неше түрлі ғажайып аңыздар шығарады. Дегенмен, мұндай аңыздардың түбінде әрдайым ақиқат жатады.
Қажымұқан да өмірінің соңында тұрмыстың қиындығын көп көрген. Үкіметтен қамқорлық сұраған хаттары да бар.
ҚАРА ҚЫПШАҚ ҚОБЫЛАНДЫНЫҢ ҰРПАҒЫ
Қажымұқаннан: «Дүниежүзінің балуандарымен күрестіңіз ғой. Қай елдің балуандары мықты екен?» деп сұраса: «Күрестік қой талайымен, көбі өзім шамалас. Бірақ мынау зәңгілерде (қара нәсілділерде) қара күш көп болады», – депті. «Канадалық бір қызбен кездестім» деп басталатын әңгімесі бар. Ол әңгімесінің аяғы: «Жігіттік дер шағым еді, «әуелі ауырлық көтерісіп сынасайық» деп әрқайсысы он пұттық кірдің тасын аспанға кезек-кезек лақтырып қақпақылдап тұрдым. Ол болса, әрқайсысы он бес пұттық екі кір тасын бұйым көрмей аспанға лақтырып қағып алып ойнай бастады. Әрине, отыз пұтты аспанға тымақша атып тұрған қыз осал емес, «қазақ әйелмен күресуді намыс көреді» дегенді сылтауратып күреспедім», – деп аяқталады. Сонда отыз пұт дегеніміз қазіргі өлшеммен жарты тоннадай ғой! Бір пұтта 16 кг бар.
Әлем күресінде палуан шақ келтірмеген Қажымұқанның асыл тегі жайында айтар болсақ, атамыз атақты қара қыпшақ Қобыланды батырдың он алтыншы ұрпағы. Ол – Қобыланды бабамыздың ұзақ ғасырлардан кейін қайталанған генетикалық жаңғырығы болса керек. Эпикалық жырымызда да, тарихи деректерде де Қобыландының асқан батыр болғандығы айтылады. Мәшһүр Жүсіптің: «… осы күнде бір ұнамсыз сөз Қобыландыны хандарға бағынышты дегені. Ол бір басты, екі аяқты пенде былай тұрсын, Құдай бар-ау деп мойны бұрылмайтын майталман», – деген тамаша сөзі бар. Қажымұқан да ұлы бабасы Қобыландыға тартып тұр ғой сонда!
1927 жылы «Қазақ даласының батыры» деген атақ тұңғыш және соңғы рет Қажымұқанға берілген.
ЖЕТПІС ЖАСТАН АСҚАНДА ӨНЕР КӨРСЕТІП, ҰШАҚ ЖАСАТҚАН
Қажымұқан атындағы мұражайдың қызметкері, балуанның немересі Перизат Қажымұқанова былай дейді: «Атамыздың өмірінің соңғы жылдары Ұлы Отан соғысына тұспа-тұс келді. Егде тартқан жасына қарамастан, ауыл-ауылды аралап өнер көрсетіпті. Сөйтіп 100 мың сом жеке қаражат жинаған. Ол ақшаны еліміздің қорғаныс қорына ұшақ жасату үшін жіберген. Сталиннің атына арнайы хат жазады. Сөйтіп, өз өтініші бойынша ол ақшаға әскери ұшақ жасалады. Сталин де балуанға алғысын білдіріп жауап хатын жолдаған. Жауынгер Қажытай Шалабаев балуанның ұшағымен немістерге әуеден соққы берген. Жау оғы құйрығын жұлып кеткен сол ұшақ әлі күнге дейін соғыс ескерткіші ретінде сақтаулы тұр. Атамыз өте қарапайым тұрған. Артық дүниеге қызықпаған кісі болыпты. Өзі тұрған үйін саз балшықпен өзі тұрғызыпты. Төбесін қамыспен жапқан үлкен қазақы үйді өзі салғаны – ол кісінің шеберлігін көрсетеді.
ЕШКІМ ЖЕҢЕ АЛМАҒАН ЖАПОН БАЛУАНЫН ҚАЛАЙ ЖЕҢДІ?
Жапон балуаны Сарекехимен болған белдесуі тарихи аңыз десек те болады. Жапонияның Хармен қаласында 1912 жылы екеуара ережесіз күрес болады. «Жиу-жутсу» күресін қазақшалағанда «өмір мен өлім» деген мағына береді. Күрестің аты айтып тұрғандай, кілем үстінен өлуге шақ қалып шығасың, не жеңіске жетіп, мерейің тасиды. Қажымұқанға дейін Сарекехиді дүниежүзінде ешкім жеңе алмаған екен. Осы жекпе-жекте атамыздың бір құлағы мыжылып, ерні жыртылып, ауыр жарақаттар алады. Бірақ, ашу үстінде атамыз жапон балуанының үстіңгі ернін бас терісімен қосып сылып алыпты…
Мұражайға келуші қонақтар «Поддубный мен Қажымұқан күрескен бе?» деген сұрақты жиі қояды. «Қажымұқан мен Поддубный күресіп, Қажымұқан жеңген. Алайда, Поддубный Қажымұқанның әрі досы, әрі ұстазы болғандықтан, батыр атамыз жолын берген деседі», – деп жауап береміз», – дейді мұражай қызметкері Перизат.
ҚАЖЫМҰҚАН «АЛАШОРДАШЫЛАРДЫҢ» ДЕМЕУШІСІ БОЛҒАН
Алаштанушы ғалым Тұрсын Жұртбай Қажымұқанның «Алашордашылардың» рухани демеушісі болғанын алға тартады. «Қажымұқан – «Алашордашылардың» рухани демеушісі. Сондай-ақ, ол кісі «Алашорданың» барлық жиындарына қаржылай көмек берген. Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытов, Халел Ғаббасов сияқты тұлғалармен өте тығыз қарым-қатынаста болған. 1905 жылы «Алаш» идеясымен таныстыру үшін Қажымұқан Қоянды жәрмеңкесінде өнер көрсеткен. Қажымұқанның өнерін көреміз деп жиналған жұрт петицияға қол қойған. Сондай-ақ, 1914 жылы Омбы, Семей қалаларында Алаштың кеңестері өтер алдында міндетті түрде Қажымұқан қатысып, өнер көрсететін болған. Бұл – «Цирктің әртісі Қажымұқан өнер көрсетті» деп, жандармерияға алаштықтардың басқосуын көлегейлеу үшін де таптырмас себеп болыпты. Қажымұқан өнер көрсетіп тапқан қаржы-қаражатын «алашордашыларға» беріп отырған болса керек», – дейді алаштанушы. Қажымұқан өмірінің жиырма жылдан астам уақытын Омбы қаласында өткізген. Бәлкім, ол Алаш зиялыларының жанына жақын жүруді мақсат тұтқан болар. Алаштықтар қуғынға түскенде, Қажымұқан оңтүстікке қарай қоныс аударған екен.
ЖЕТПІС ЖЕТІ ЖАСЫНДА ДА ӘКЕ БОЛҒАН ҚАЖЫМҰҚАННЫҢ ҰРПАҒЫ ҚАЙДА ЖҮР?
Қажымұқанның әйелдері мен ұрпағы жөнінде де түрлі деректер айтылады. Немересінен естіген дерегіміз мынадай:
«Қажымұқан атамыздың төрт әйелі болған. Олардан үш ұл, бір қыз өсіп-жетілген. Атамыздан туылған балалардың ешқайсысы қазір дүниеде жоқ. Бірақ, немере-шөберелері көп.
Атамыздың бірінші әйелі поляк қызы. 1909 жылы Рига қаласында цирк труппасында жұмыс істеп жүрген кезінде танысқан. Надежда Николаевна Чепковковская деген анамыз циркте акробат болыпты. Екеуі мұсылман діні бойынша некелесіп, атын Бәтима деп өзгерткен. Бәтимадан Халиолла деген ұлы бар. Бүгінде ол кісіден тараған ұрпақтары Ресейдің Омбы қаласында тұрады.
Екінші әйелі – қазақ қызы Ырысты. Ол кісіден Әзия деген қызы бар. Бүгінде жалғыз қызынан тараған жиендері Қызылорда облысында.
Үшінші әйелі Мінәйімға 1936 жылы үйленген. Ол әмеңгерлік жолмен алған өзінің жеңгесі. Жақын туыс ағасы қайтыс болғанда, салт бойынша Қажымұқан атамызға қосыпты. 1939 жылы Мінәйімнен Айдархан деген ұлы туылған. Біз Айдарханнан тараған ұрпағымыз. Нұрлан, Шаттық деген екі бауырым бар.
Төртінші әйелінің есімі – Бибіжан. 1948 жылы Қажымұқан атамыз қайтыс болатын кезде Жанәбіл деген кенжесі дүние есігін ашыпты. Атамыздың жасы ол кезде 77 жаста болыпты.
2001 жылы қайтыс болған кенже ұлы Жанәбіл бар ғұмырын спорт саласына арнаған. Шаттық деген немересі каратэ-додан халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Бүгінде Шымкент қаласында карютэмен айналысатын спортшы жастарды жаттықтырады. Қажымұқан атамыздай қара күштің иесі болған ешқайсысы жоқ әзірге».
P.S. Біз жинастырған батыр баба жайлы аңыздың бір парасы осындай болып шықты. Тізе берсек, ол жайында аңызға бергісіз әңгіме көп. Бірақ, қазіргі жасөскіндердің тұлғалар жайлы кітап, газет-журнал оқығаннан гөрі, фильм қарағанды тәуір көретіні жасырын емес. Кинотеатрлардың есігін босатпайтын жастар осы сөзіміздің дәлелі. Қайбір жылы жас режиссер Қанағат Мұстафин Қажымұқан туралы фильм түсіремін деп емексітіп қойған. Мақаланы жазу барысында: «Фильмнің жайы не болып жатыр?» – деп Қанағатқа да хабарластық. Сөйтсек, фильм түсіру идеясы әзірге тоқтап тұр екен. Оның себебін жас режиссер түсіндіргісі келмеді. Ал Қажымұқанның рөліне бекітілген актер Дәулет Әбдіғаппар «Поддубный» фильмінде боз кілемде орыс балуанынан жеңілетін кейіпкердің рөлін сомдап мәз боп жүр. Сонда бізде принцип жоқ па?! Қажымұқан кім көрінген біреу емес қой. Қажымұқанды ауызға алдың екен, сол Қажымұқанның дәрежесіндей биік бол, рухты бол! Ол қара күштің ғана иесі деп кім айтты?! Қазақтың үлкен тұлғасын сомдайтын актерде өре болуы керек емес пе? Тәуелсіз қазақ елінің Қажымұқанын түсірерде, ешкімге жалтақтамасақ екен. Қожықов түсірген «Знай наших» фильміндегі қателікті қайталамасақ дейміз, қысқасы…
Айтпақшы, Қажымұқанның бейітінің басы да қараусыз, күтімсіз қалыпты қазір. Арнайы барып келген әріптестердің түсірген суреттері соның айғағы. Біз осы ұлы тұлғаларды дәріптеуді қашан үйренеміз?
Жадыра Нармаханова
(«Ақ желкен», №8. 2014 жыл) 

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста