Маңғыстау облысындағы Жаңаөзен қаласы тұрғындарының негізгі нәпақасы – «қара алтыннан». Балалар мен зейнеткерлерді есепке алмағанда, жұмысшылардың басым бөлігі – мұнайшылар. Бұл – егер мұнайшылардың көңіл күйі ауытқыса, бүкіл қаланың климаты бір сәтте өзгеріп сала береді деген сөз. Қаланың тұрақтылығын сақтап, одан әрі дамыту үшін басшыға да, қосшыға да ең тиімді жол – мұнайшылардың көңілін табу. Былтырғы жыл мен биылғы көктемдегі ереуілдерден кейін Жаңаөзенге мұнайшылардың жағдайын жақсы білетін осы саланың маманы Орақ Сарбөпеев әкім болып келген-ді. Қала басшылығына келгеніне бір жыл толған әкіммен кездесіп, әңгімелескен едік. Сұхбаттан түйгенімізді қағаз бетіне түсірдік.
Жергілікті биліктің жоспардағы жұмысы қандай?
Үкіметтің 2008 жылғы 19 қыркүйектегі №865 қаулысымен бекітілген Жаңаөзен қаласының әлеуметтік-экономикалық даму проблемасын шешу жөніндегі 2009-2011 жылдарға арналған кешенді жоспарына 2009 жылдың 9 желтоқсанында өзгерістер енгізіліп, атқарылатын шараларға қосымша қаржы бөлініп, жоспар аясы 2012 жылға дейін ұзартылыпты. Жалпы, Жаңаөзен қаласының тұрғындарын жұмыспен қамту мақсатында қоғамдық жұмыстарды, әлеуметтік жұмыс орындарын көбейту, «Жол картасы» бағдарламасы шеңберіндегі шараларды іске асыру, сондай-ақ тұрғындарға шағын несие беру практикасын кеңейту есебінен жұмыс орындары ашылған. Жыл басынан бері қалада 6,4 мың жұмыс орны, оның ішінде 4,2 мың тұрақты жаңа жұмыс орны құрылып, нәтижесінде тіркелген жұмыссыздар деңгейі 0,9 %-ды құраған. Демек, былтырғы жылмен салыстырғанда, жұмыссыздық деңгейі 0,5 %-ға төмендеген. Елбасы тапсырмасына сәйкес Үкіметтің республика бойынша шағын кәсіпкерлікке қолдау көрсетіп жатқаны белгілі. Жаңаөзенде кәсіпкерлікті қолдау бойынша шараларды іске асыру мақсатында тұрғындарды мемлекеттік қатысуы бар «Бейбітшілік» шағын несие ұйымы арқылы несиелендіру тәжірибесі жалғастырылуда. Оған 2010 жылы жергілікті бюджеттен 50 млн теңге қаржы бөлінді. Шағын несие ұйымының айналымында барлығы 275 млн теңге бар көрінеді. Кешенді жоспар шеңберінде мұнай-газ және жеңіл өнеркәсіп салаларына жұмысшы кадрларды дайындау мақсатында «ҚазМұнайГаз» ҰҚ» АҚ, Атырау облысының мұнай-газ саласы кәсіпорындары, «ӨзенМұнайГаз» ӨФ оқу орталықтары тартылды, қала колледждерінде мамандықтар тізімі кеңейтіліп, аталған мамандықтар бойынша мемлекеттік оқу тапсырыстары көбейтілді. Бүгінгі таңда ақыл-есі кем балаларға арналған 280 орындық мамандандырылған кешен салу, «Рахат» ПС-110/6 кв» кіші станциясы мен ВЛ-110 кв электр тарату желілерін салу, Арай шағынауданының автомобиль жолдарын салу, мал өліктерін көму орны құрылыстары аяқталды. Жыл соңына дейін төрт жобаның құрылысын аяқтау жоспарлануда. Олар: «Ақсу» (Рахат-2) жаңа ш/а 280 орындық балабақша, «Шұғыла» ш/а туберкулез ауруына шалдыққан балаларға арналған 280 орындық санаторийлік үлгідегі балабақша, 100 орындық туберкулезге қарсы аурухана, бірінші 200 пәтерлік тұрғын үй. 2009 жылы құрылысы басталып, қазіргі таңда орындалып жатқан құрылыс нысандары туралы да айта кеткен жөн шығар. Қолданыстағы өнімділігі тәулігіне 21 500 текше метр кәріздік тазарту құрылыстарын қайта жаңарту мен жаңғыртуды жүргізу, суару желілерін, қолданыстағы сумен қамту, электрмен қамту, газбен қамту және жылу желілерін кеңейту және жаңғырту, жергілікті маңызы бар қала жолдарын салу және күрделі жөндеу жөніндегі жұмыстарды ұйымдастыру, «Жұлдыз» (Рахат-3) жаңа шағынауданында 1200 орындық орта мектеп салу және 100 орындық перзентхана алдағы уақытта халық игілігіне ұсынылмақ. Биыл «Жұлдыз», «Мерей» жаңа шағынаудандарын электрмен және газбен, Теңге ауылы мен Жұлдыз шағынауданын сумен жабдықтау жүйелерінің құрылысы басталған екен. Орталық бу қазандығын шағын ЖЭО-ға (ТЭЦ) ауыстыру арқылы қайта салу және кеңейту, сондай-ақ «ҚазМұнайГаз» БӨ» АҚ-тың қаржысы есебінен Жаңаөзен қаласынан 10 пайызы «ӨзенМұнайГаз» ӨФ-тің баспана алуға аса мұқтаж қызметкерлеріне арналған 200 пәтерлік коммуналдық тұрғын үйдің құрылысы басталды. Осылайша, республикалық бюджеттен, соңғы нақтылауды қосып есептегенде, кешенді жоспарды жүзеге асыруға 2010 жылы 15 217,2 млн теңге бөлінді.
Қаладағы жұмыс күшінің басым бөлігін құрайтын мұнайшылар үшін қандай шаралар қолға алынып жатқандығын басылымның биылғы №219 санында жазған болатынбыз. Бүгін мұнайшылар игілігі үшін пайдалануға берілген екі бірдей нысан туралы мәлімет бермекпіз.
Мұнайшыларға көрсетілетін медициналық көмек
Жаңаөзендегі «Мұнайшы» медициналық-профилактикалық орталығы мұнайшыларға сапалы медициналық қызмет көрсетуді көздейді. Орталықтың барлық іс-әрекеті осы мақсатқа бағытталған. «Мұнайшы» МПО директоры Жанна Сайымның айтуынша, дәрігерлер жыл сайын «қара алтын» игерушілерді жақсы жаңалықтарымен қуантып, неғұрлым ыңғайлы әрі жақсы қызмет көрсетуді басты назарда ұстайды. «Мұнайшы» МПО медициналық көмекті, аты айтып тұрғандай, тек қана мұнайшыларға көрсетеді.
Жанна САЙЫМ, «Мұнайшы» МПО директоры:
– Біздегі кадр мәселесі бойынша да мұнайшылар көптеген пікір айтып жатады. Осы олқылықтардың орнын толтыру мақсатында биыл бір педиатр, бір стоматолог маманды жұмысқа қабылдадық. Сондай-ақ жас маманымыз Мұхтар Қожамбетов невропатология саласы бойынша оқып келіп, невропатолог болып жұмысын бастады. Айтқандай-ақ, мекемемізге осы жылы керекті медициналық құрал-жабдықтармен жабдықталған жаңа бір дана УАЗ автокөлігі беріліп, көлік қазір іске қосылды. Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығы бойынша, 2009 жылдан бастап еліміздегі барлық медициналық мекемені аккредитациядан өткізу қолға алынды. Министрліктің көрсеткен барлық стандартына сәйкестігі жағынан «Мұнайшы» МПО Маңғыстау облысы бойынша 1-орынға, ал республика бойынша 4-орынға табан тіреді. Бұл – біз үшін үлкен қуаныш. Былтырғы жылдың соңында келіп жеткен осы қуанышты жаңалық біздің еңбегімізге берілген баға сияқты болды.
Экологиялық ортада қызмет істеу кімге болса да оңай емес. Жұмысы қиын мұнайшылардың медициналық қызметке де қояр талаптары жоғары. Бұл туралы медициналық орталық басшысы былай дейді:
– Әрине, кемшілік қай кезде де болады. Медициналық қызмет төңірегінде мұнайшылардың көтеріп жүрген кейбір мәселелері де орынды. «Көш жүре түзеледі» демекші, уақыт өткен сайын «Мұнайшы» МПО өз қызметін жақсарта береді деп ойлаймын. Қызметіміздің жақсаруына біз қашанда ынталымыз.
2009-2012 жылдары «ӨзенМұнайГаз» өндірістік филиалы жұмысшыларының әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартуға арналған бағдарлама аясында №3 мұнай-газ өндіру басқармасының №1 мұнай газ-өндіру цехінің аумағынан медициналық пунктілер ашылған. Осылайша, «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ-пен өзара ынтымақтастық таныта отырып, жұмысшыларға сапалы медициналық қызмет көрсету жұмысын одан әрі жалғастырып жатыр. «Апат айтып келмейді». Жаңаөзен қаласынан бес-алты шақырым жердегі жұмыс орындарында, Алла бетін ары қылсын, қандай да бір төтенше жағдай орын алып жатса, медицина қызметкерлерінің жәрдемі ауадай қажет. Сондықтан да болар, №1 мұнай-газ өндіру цехінің аумағында еңбек ететін мұнайшылар медициналық пунктінің ашылғанына ризашылықтарын білдіруде.
Дәурен ИШАНГУЛИЕВ, мұнайшы:
– Жұмыс басында түрлі жағдайлар орын алуы мүмкін ғой. Бұл өңірде қыста 30 градусқа дейін суытып, аязы бетті қаритын үскірік жел соғады. Ал жазда 55-56 градусқа дейін ыстық болады. Осындай ауа райы жұмысшылардың денсаулығына, қан қысымының көтеріліп кетуіне әкеліп соғады. Оның үстіне жұмыс та ауыр. Сондықтан мұнайшылар үшін медициналық пунктілердің ашылып жатқаны бізге тек қана сенімділік береді.
Медициналық пункт керекті құрал-жабдықтармен толыққанды қамтамасыз етілген. Осы жылы «ҚазМұнайГаз» БӨ» АҚ тарапынан қабылданған әлеуметтік бағдарлама аясында Қызылсай ауылындағы автостанса жанынан және №2 МГӨБ, №4 МГӨБ басқармалары орналасқан кен орнының ойдағы бөлігінен тағы осындай екі медициналық пункт ашу жоспарланып отыр екен. Таяу арада қала ішінде орналасқан Р.Өтесінов атындағы денешынықтыру-сауықтыру кешені ғимаратынан тоғыз бөлмені жалға алған. Бұл бөлмелерде терапевт, стоматолог, процедуралық, сумен емдеу сияқты көптеген сала бойынша мамандар орналасып, аталған салалар бойынша ем жүргізіледі. Осыған дейін жұмысшылар тарапынан «Мұнайшы» МПО ғимаратының қала сыртында орналасқандығы, науқастар үшін коммуникациялық қарым-қатынастың қиындығы туралы мәселелер көтеріліп келіпті. Орталық мамандары бұл мәселені «ҚазМұнайГаз» БӨ» АҚ басшылығы шешеді деп сенім білдіріп отыр.
Соңғы үлгідегі спорт сарайы
Соңғы уақытқа дейін Жаңаөзенде заманауи үлгіде салынған спорттық кешен болмай келген еді. Былтыр халықтың көкейкесті тілегі, үлкен арманы да орындалыпты. Қазақстан мұнайының 110 жылдық мерейтойының қарсаңында Жаңаөзеннің әлеуметтік-экономикалық тұрғыда өсіп-өркендеуіне үлесін қосып келе жатқан «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ шағын шаһар тұрғындарына үлкен сый жасады. Бұл – құны 2 млрд теңгеден астам қаржыны құрайтын көп функционалды денешынықтыру-сауықтыру кешені. Аймақта теңдесі жоқ, жаңа, қазіргі заманғы денешынықтыру-сауықтыру кешеніне даңқты мұнайшы Рахмет Өтесінұлының есімі берілген.
Әбдірахман ТҮСІПОВ, Р.Өтесінов атындағы ДСК директоры:
– Кешенге кәсіпқой спортшылар да, әуесқойлар да келе алады. Күндізгі уақытта спорт кешенінде қала мектептерінің оқушылары, ал кешкі уақытта және демалыс күндері «ӨзенМұнайГаз» өндірістік филиалының, «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ еншілес ұйымдарының мұнайшылары және қаладағы басқа да мекемелердің қызметкерлері спортпен шұғылданып жатыр.
Аталған нысанда спорттың әр түрі бойынша 700-ден аса бала, 100-ге жуық ересек адам спортпен шұғылданып жүр. Олар үшін 14 зал қызмет етіп тұр. Атап айтқанда, бокс, кикбоксинг, каратэ, дзюдо, қазақша күрес, грек-рим күресі, еркін күрес, екі жаттығу залы, хореография, таэквондо, ауыр атлетика залы, үлкен ойын залы бар. Сондай-ақ спорт кешенінде мүгедектерге арналған жаттығу залы және балаларға, мүгедектерге, ересектерге арналған жүзу бассейндері жұмыс істеп тұр. Спортшылардың денсаулығын тексеру мақсатында іске қосылған екі медициналық кабинет, спорт тауарларының дүкені және тамақтануға арналған асхана кешен ғимаратының ішіне орналасқан. Финдік және түріктердің үлгісінде салынған екі сауна да спортшылар үшін қызмет етеді. Кешенде 800-ден аса шұғылданушыға спортпен сауатты айналысуы үшін бапкерлер, әдіскерлер еңбек етуде. Ал қажетті құрал-жабдықтардың 90%-ы жаңадан әкелінген және олар бүгінде толықтай іске қосылған.
Шәріп АҚЖІГІТ, мұнайшы, әуесқой спортшы:
– Мұнайшылардың денсаулығы сын көтермейді. Медициналық көмектер адам ауырғанда ғана көрсетіледі. «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» дегендей, спортпен тұрақты түрде шұғылданамын. Жалпы, мен ғана емес, осындай орталық ашылғаннан бері жаңаөзендіктердің дені спорттың әрбір түріне көңіл бөле бастағандай. Мені қуантатыны, кешенде спортқа керекті құрал-жабдықтар мен лайықты бапкерлер жеткілікті.
Мұнайшылар мақтанатындай-ақ орталық. Жаңаөзендегі бұл кешенді кейбір облыс орталықтарынан кездестіру қиын. Жұмыс берушілердің алдағы жылдарға жасаған жоспары мұнайшыларды марқайтып отыр. Жұмысшылардың бір ғана тілегі бар. Олар халық игілігі үшін берілер осындай нысандар көбейе берсе дейді.