ҚР ҚМ АОСК және Қазақстандық таэквондо федерациясы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Екі тараптың ынтымақтастығы тәжірибе алмасу жөнінде бірлескен оқу-жаттықтыру жиындары, семинарлар, сайыстар мен өзге де іс-шаралардың өткізілуін қамтиды.
«АОСК – бұл спорттың әр түрі бойынша мықты спортшыларды дайындайтын клуб. Біз жасасқан келісім достастық қарым-қатынастың, сондай-ақ жаппай спортты дамытудың жақсы үрдісінің жалғасы болмақ», - деп Қазақстандық таэквондо федерациясының (WTF) спорт директоры Арман Чилманов атап өтті.
Өз кезегінде, Спорт комитетінің төрағасы подполковник Расул Мейірманов ҚР Қорғаныс министрлігінің Армия орталық спорт клубы үшін бұл келісімнің маңыздылығын атап өтті.
«Бүгінгі таңда шалғай орналасқан әскери гарнизондарда әскери қызметшілердің балалары үшін спорттық секциялар жұмыс жасайды. Қол қойылған келісім өзара ынтымақтастықтың, сондай-ақ Қазақстан Қарулы Күштерінің таэквондо құрамасының әлеуетті кадрлық резервісін дамытудың жақсы бастамасы болатынына кәміл сенімдімін», - деді подполковник Р.Мейірманов.