Соңғы жылдары оңтүстіктің экономикалық қуаты арта түсуде. Облыс орталығындағы индустриялық аймаққа балама әр аудан, қалаларда жаңа кәсіпкерлік нысандар ашыла бастады. Жуырда Созақ ауданында бірнеше нысан ашылып, халық игілігіне берілді. Бүгінде өңір басшысының тапсырмасына орай индустриялық аймақтардың жұмысы онан ары қарқын ала түсуде. Солардың бірі Шолаққорғаннан 4 шақырым қашықтықта орналасқан UKO Star жауапкершілігі шектеулі серіктестігі-тұғын.
Әліпбек ӨСЕРБАЕВ, Оңтүстік Қазақстан облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіптік-инновациялық даму басқармасының басшысы:
– Өз кәсібін ашамын деген азаматтарға мемлекет тарапынан көп көмек көрсетілуде. Кәсіпкер өз зауытын ашқанымен, су, электр, жылу жағынан қиындықтарға тап болатын еді. Биыл инфрақұрылымды жетілдіруге облыстық бюджеттен 426 миллион теңге қарастырылды. Әрі кәсіпкерлік салаға 90-нан астам грант бөлінді. Қайтарымсыз несие алуға да болады. Егер біз алуан түрлі өнім шығаратын болсақ, экономикамыздың өсімі де жақсара түсер еді. Бұл зауыт – өңіріміздегі индустрияландыру картасы бойынша ашылған 74-кәсіпорын. Ол осында орналасқан «ҚазАтомӨнеркәсіп» компаниясына қажетті металл ыдыстарды шығарады. Демек, уран тасымалдауға қажетті бөшкені енді алыстан тасымалдауға қажеттілік жоқ.
Бүгінгі таңда теріскей ауданның ғана емес, республикадағы ірі уран өндірісінің орталығы саналған «ҚазАтомӨнеркәсіп» компаниясына қажетті, уран сақтауға, тасымалдауға арналған салмағы 30 келіден асатын 200 литрлік металл бөшкелерді шығарумен айналысатын жаңа зауыттың жұмысы қыз-қыз қайнап жатыр.
Асылбек КӨГЕНБАВ, UKO Star жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің төрағасы:
– Бұл жоба 2012 жылдың наурыз айында қолға алынған. Оған 315 миллион теңге жұмсалып, жылына 40 000 бөшке шығарылуда. Мұндағы орташа жалақы – 52 600 теңге. Бүгінде 40-тан астам адам жұмыспен қамтылған. Болашақта 3 гектар аумақта орналасқан кәсіпорынның өндіріс көлемі ұлғайса, ауылдың 100-ден астам тұрғынын жұмыспен қамтамасыз етуге болады.
Абай елді мекенінде облыстық бюджет қаржысына салынған медициналық бекеттің құрылысымен таныстық. Келіншек тау етегіндегі шағын ауылда тұрғындар ескі медпункт қызметіне жүгініп келген болса, бүгін мұнда су жаңа он шақты бөлмелі ем қабылдау орталығы халық игілігіне берілді. 2009 жылы қазан айында қолға алынған нысанның құрылысы биыл аяқталыпты. Мұнда бір фельдшер жұмыс істейді.
Қани ӘЛЖАНОВА 92 жастағы қарт:
– Міне, жолымыз да жөнделіп, аудан орталығы мен қалаға кедергісіз бара алатын болдық. Жаңа медициналық бекетке білікті мамандар алдыру керек. Себебі ауылға келген жастар мұнда көп тұрақтамайды. Кейде кадр жетіспей қалады. Басшылар осыны ескерсе деген тілек бар. Екіншісі, мектеп ескірген, оны да жаңарту керек.
Созақ ауылдық округінде жаңадан ашылған 400 орындық клубтың жұмысымен таныстық. Аудандық бюджет қаржысына бой көтерген нысан құрылысы 2012 жылы басталған. Жалпы, 266 миллион теңге жұмсалған жобаны облыстық «Құрылысконсалтинг» ҰО» АҚ жасап шыққан. Ал мердігер – «Областной штаб ССО» ЖШС. Жобаның басшысы Нұрлан Тыңғозиевтің айтуынша, ауылдық клуб желтоқсан айында пайдалануға берілмек.
Шолаққорғаннан 185 шақырымда орналасқан Тасты ауылында Абай атындағы 300 орындық мектептің ашылу салтанаты өтті. Облыстық бюджеттен 422 миллион 906 мың теңге қаржы жұмсалған нысанның құрылысы 2012 жылы басталып, биыл қазан айында пайдалануға берілген. «Жаңа Арна-2002» ЖШС мердігерлік еткен нысан заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған. Бастысы, ауыл тұрғындарының қуанышында шек жоқ. Мердігер компанияның басшысы Балғынбай Өтегеновтің айтуынша, теріскейдің тосын табиғатына сай жылу жүйесі де жан-жақты қарастырылған. Бесжылдық келісімшарт негізінде құрылыстың сапасына кепілдік беретіндігін айтты.