Қоғамның дамуына атсалысу еліміздің әрбір азаматының міндеті, болашақ ұрпақ алдындағы парызы. Азаматтық қоғам дамыған кезде ғана еліміз ілгерілеп, әлем елдері алдында мәртебесі артып, іргесі нығая түседі. Азаматтық қоғам мен құқықтық мемлекет бір-бірімен ажырамас, біртұтас ұғым. Олар бірін-бірі толықтырып отырады. Екеуі екі бөлек, жеке дара дами алмайды. Елімізде азаматтық қоғамды дамыту тетіктері жан-жақты қарастырылып, барлық жағдай жасалған. Оған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та ерекше көңіл бөліп отыр. Бұл мәселе «Қазақстан Республикасында азаматтық қоғамды дамытудың 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасында» жан-жақты көрсетілген. Аталмыш тұжырымдамада «азаматтық қоғамды және оның институттарын дамыту үшін жағдайлар жасау, идеологиялық және саяси әралуандылық пен бәсекелестікті, пікірлердің плюрализмі, азаматтық белсенділік нысандары мен әдістерінің әртүрлі болуын ескере отырып, мемлекет пен қоғамның түйінді міндеттерін толыққанды шешу мақсатында оларды талқылауға азаматтарды тарту жөніндегі шаралар бекітіледі» деп тайға таңба басылғандай көрсетілген. Сонымен қатар, тұжырымдамада азаматтық қоғамның қызметін ұлғайту және азаматтық қоғам институттарының рөлін арттыру қажеттігіне баса мән берілген.
Біздің елде азаматтық қоғамның дамуы мен нығаюына тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап-ақ көп көңіл бөлінді. Сарапшылардың пікірі бойынша азаматтық қоғамды дамытудың қазақстандық үлгісі пайда болды деуге де болады. Дұрыс бағыт-бағдар беріліп, мүмкіндік жасалса, қолдау білдірілсе игі бастамалар өз арнасымен дами береді. Міне елімізде қалыптасқан осындай жағдайдың арқасында азаматтық қоғамды алға сүйрейтін буын қалыптасты. Елдік мәселелер, тіршілік түйткілдері азаматтық қоғамның араласуымен ғана шешіледі.
Алдымен азаматтық қоғамды кімдер құрайды, оны кімдер қалыптастырады деген сұраққа жауап беріп көрейікші. Оны құрайтын, қалыптастыратын – еліміздің тұрғындары, олардың отбасы, азаматтары, нақтылап айтсақ сіз бен біз. Адамның құқығы мен бостандығы оның негізгі белгісі. Еліміздің әр азаматы еркін ойлы, өз ұстанымы бар, білімді, белсенді болғанда ғана Отанымыздың болашағы жарқын болады. Азаматтарымыз өз өміріне, қоршаған ортаға, күнделікті тіршілігіне, мемлекеттің мүлкіне, айналасындағы адамдармен қарым-қатынасына жауапкершілікпен қарап, қоғамдағы елдік мүддесі бар оқиғаларға ерікті түрде атсалысып, белсенді өмір салтын қалыптастыра білген жағдайда ғана азаматтық қоғам дамиды. Өз кезегінде, мемлекеттік органдар халықпен ашық қарым-қатынас жасап, қажетті қызметімен қамтамасыз етіп, жан-жақты қолдау білдіреді. Азаматтық қоғам мен мемлекеттің ауызбірлігі үлкен жетістікке жетудің төте жолы. Ол үшін азаматтық қоғамның бастамаларын, ұсыныстарын мемлекет тарапынан қолдап және оның қалыптасу процестеріні ықпал етіп, түсіндіру жұмыстары жалғаса берсе болғаны. Бұл мәселе Президентіміздің наурыз айының 16-сында жасаған жолдауында да айтылып өтті. Жолдауды «Біз елімізде азаматтық белсенділікті жандандыруымыз керек. Мемлекет пен қоғамның саналы әрі сындарлы серіктестігіне жол ашуымыз қажет. Сол себепті орталық және жергілікті органдардың, квазимемлекеттік сектордың жанындағы қоғамдық кеңестерді дамытып жатырмыз» – деп атап өтті Мемлекет басшысы.
Бұл мәселеде қоғамдық кеңестердің атқаратын қызметі өте маңызды. Өйткені биілік пен халықтың арасын жалғап тұратын міндетті осы қоғамдық кеңестер атқарып келеді. Наурыз айының басында Алматы облысында қоғамдық кеңестін үшінші шақырылымы өтіп, құрамына біраз өзгерістер енгізді. Алда атқарылатын міндеттерін де бір пысықтап, нақтылап алды. Бұл іс-шараны тілге тиек етіп отырған себебіміз осы жиында кеңестін құрамын азаматтық қоғамның белсенді өкілдерімен көбейтуге айрықша көңіл бөлінді. Осы жолы кеңес құрамының 80 пайыздан астамы жаңартылды. Жаңа құрамға қоғамға пайдалы істерімен көзге түсіп, маңызды мәселелермен айналысып жүрген, кәсіби біліктілігі жоғары, белсенді азаматтар көптеп тартылды. Биыл қоғамдық кеңес өз жұмысына жаңаша серпін беріп, жұртшылықтың пікірін басты назарға алып, халықтың көкейіндегі мәселелерге бет бұруды көздеп отыр. Ең алдымен қоғамдық кеңес бірнеше бағыта жұмыс істеп, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосар тың бастамаларды көтермек. Өйткені азаматтық қоғамның әр саламен тікелей немесе кері байланыстары әр түрлі. Қазіргі таңда өткенмен салыстырғанда азаматтық қоғамның нақты ұстанымдары айқындалып, жан-жақты бола түскен. Атап айтар болсақ азаматтық қоғамның құрылымы мен институттары, ресурстары, белгілі бір мақсаттағы әрекеттері, жұмыс істеу әдістері мен мемлекеттік органдармен қарым-қатынастары басқаша сипат алуда. Кең көлемді қамтитын көзқарас пен өзін-өзі ұйымдастыру процестері және де мәселенің себептерін анықтайтын факторларға жан-жақты қарауы қалыптаса бастады.
Әлемдік тәжірибеге назар аударсақ азаматтық қоғамның негізгі өзегі қай елде болмасын халықтың өмір сүру сапасын арттыру екенін байқаймыз. Сонымен қатар, кез келген салаға ден қойып, халықтың мемлекет саясатына белсенді түрде қолдау білдіруіне ықпал етіп, мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам институттарының бірлесе жұмыс істеуін нығайтуға назар аударылады. Ал бұндай көзқарас тұтастығы өзара түсіністікпен, сеніммен және тең дәрежеде жұмыс істеген кезде ғана қалыптасады. Елімізде де мемлекеттік органдар тұрғындардың жағдайын көтеру үшін атқарылатын қызметтердің сапасын жақсартып, әр бастаманы халықпен, қоғаммен келісе отырып іске асыруға көп күш жұмсап келеді. Тағы бір айта кетерлік жетістік, үкіметтік емес ұйымдардың қатары артуы мемлекеттегі азаматтық қоғамның күшейе бастағанының, белсенді азаматтардың қатары өсе түскендігінің белгісі болса керек. Бұны билік пен қоғам арасындағы диалогтың дұрыс жолға қойылғандығы деп бағалауға болады.
Бүгінгі таңда үкіметтік емес ұйымдарға арналған грант беру бағдарламалары оңтайлана түсті. Бұл бағдарламалар азаматтық қоғамдағы түрлі мәселелерді жан-жақты зерделеп, сараптап жүрген мамандардың қатысуымен жасалынған. Тәуелсіздік алған жылдардан бастап елімізде азаматтық қоғамның дамуына үздіксіз жұмыстар жасалынып келеді. Осы уақытқа дейін көптеген қоғамдық ұйымдар мен бірлестіктер құрылып, әртүрлі бағыттағы гранттарды иеленіп, сан-алуан іс-шараларды ұйымдастырды. Мұны ең алдымен үкіметтік емес ұйымдарға жасалған мемлекеттік қолдаудың нәтижесі деуге болады. Биыл да осы үрдіс жалғасын тауып Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы көптеген конкурстар ұйымдастырып, оған өтінім қабылдау мен іріктеу кезеңдері жүргізіліп жатыр. Өз кезегінде гранттарды иеленген ұйымдар жоспарлы түрде жұмыс атқараса, еліміздің дамуына қосар үлесі де мол болары анық.
Нұрлы Еділов