Ақтөбенің жас натуралистер станциясындағы хайуанаттар бағында Қанат, Света атты екі күзен пайда болды, жануарларға белгілі әнші жұп - Қанат пен Света Айтбаевтардың есімі әдейі берілген. Бұл туралы "Керек.info" басылымы жазады.
Балаларға арналған зообаққа бұл жануарларды Самараның хайуанаттар бағы жуырда ғана сыйға тартқан. Бірі - еркек, бірі - ұрғашы. “Ерлі-зайыпты Айтбаевтарды елдің бәрі таниды. Әні де, сәні де жарасқан әдемі жұп. Біздің күзендеріміз де сондай сүп-сүйкімді”, - дейді станция директоры Орал Сенғалиев.
Сүтқоректілердің бұл түрі станцияда бұрын-соңды болмаған. Олардың негізгі тамағы - тауықтың шикі еті. Күніне 250-300 грамм ет жейді. Зообақ қызметкерлері жануарларға тамақты өздері сатып әперіп отыр. Бақтағы жануарлардың күтіміне көмектесіп жүрген мектеп оқушылары да мұнда құр қол келмейді. Сөмкелеріне нан, сәбіз, қырыққабат секілді тамақ қалдықтарын сала келеді.
"Ресейдің жануарларын ортаға әлі бейімдеп жатырмыз. Сондықтан оқушыларды әзір оларға жолата қойған жоқпыз",- дейді жас натуралистер станциясының бөлім меңгерушісі Мәншүк Жетпісова. Станцияның зообағында қой-ешкі, бүркіт, тауық, қоян секілді 12 түрлі хайуан бар. Қатарға енді ғана қосылған күзендерді көбейту әзірше жоспарда жоқ. Күзендер негізі 5-6 жыл, кейбірі 9 жылдай өмір сүреді.
"Жаз шыға ресейлік әріптестер бізге келіп, көрме ашуды жоспарлап отыр. Біз өз тарапымыздан зообаққа қандай жануарлар әкелуге болатындығы мен олардың күтімі туралы зерттеулер жүргізіп жатырмыз",- дейді Мәншүк Жетпісова. Жас натуралистер станциясының хайуанаттар бағы келушілерді қыс мезгілінде қабылдай бермейді, ғимарат экскурсияға лайықталмаған. Тек қар кетіп, күн жылыған кезде ғана жануарларды көпшілікке көрсетуге мүмкіндік бар. Бұл үйірмеге 630 оқушы мүше, олар жануарларды күтіп-баптауға қол ұшын беріп тұрады.
Еске сала кетейік, бұған дейін Алматы хайуанаттар бағында Хан және Сұлу атты керіктердің ұрпақ өрбітіп жатқаны туралы хабарланған еді. Былтыр олар тағы бір баласын өмірге әкелді. Алматы хайуанаттар бағында барлығы он керік туылған.