Қай елде, қай заманда, қандай жағдайда болмасын жастар биік арман мен сөнбес үміттің, аппақ ар мен өр рухтың, қайсар намыстың иесі. Олар кез келген қоғамды жалындаған белсенділігімен алға сүйреуші күш. Еліміздің жастары мемлекетіміздің жаңа келбетін қалыптастыратын болашақтың тұтқасы. Олардың білімі мен білігі, ізденісі жаңа идеялардың қайнар көзі. Ал жаңа идея еліміздің рухани жаңғыруына, дамуына бастайтын нық қадам іспеттес.
Күллі әлем жұртшылығы жастар болашақтың күш иесі екендігін мойындап, олардан үміт күтеді. Сондықтан әр жылдың бір күні арнайы жастар мерекесі етіп белгілеген. Яғни, 12 тамыз - Халықаралық жастар күні ретінде мерекеленеді. Бұл күнді БҰҰ Бас Ассамблеясы, жастар ісі бойынша министрлердің 1998 жылы 8-12 тамызда Лиссабон қаласында өткен Бүкіләлемдік конференциясының ұсынысы бойынша бекіткен. БҰҰ классификациясы бойынша жастардың жас ерекшеліктері - 15 жастан 24 жасқа дейінгі аралықты қамтиды.
Елбасымыздың сарабдал саясатының арқасында біздің елімізде де жастарға ерекеше көңіл бөлініп, олардың білім алып дамуына, өсіп-өркендеуіне мол мүкіндік жасалып келеді. Сондықтан болар жастар күні елімізде елеусіз қалған емес. Биыл да әр түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып, аталып өтті. Осы ретте «Жас Отан» Жастар қанатының ұйымдастыруымен өткен шараларды ерекше атап өту керек. Алматы мен Астана қаласында «Жас Отан» Жастар қанатының қалалақ филиалдары түрлі шаралар ұйымдастырды.
«Жас Отан» Жастар қанатының Астана қалалық филиалы елорда тұрғындары мен қонақтарын халықаралық жастар күнімен құттықтады. Атап айтқанда, жасотандықтар қаланың сулы-жасыл желек жолында құттықтау қағаздарын таратып, 12 тамыз күні халықаралық жастар күні мерекесі екендігі туралы хабар таратты.
- Бүгін акцияның бірінші күні. Біз құттықтау қағаздарын таратып, жастарды құттықтадық. Көпшіліктің көңіл-күйін көтергіміз келеді. Бұл мереке 2000 жылдан бастап тойланады. Мақсаты – жастар мәселесі мен тәрбиесіне қоғамның назарын аудару, – дейді «Жас Отан» Жастар қанаты Астана қалалық филиалы төрағасының орынбасары Әсия Шынайбекқызы.
Ә.Шынайбекқызының айтуынша, жастар күні Астанада бір апта көлемінде тойланады. «Осы демалыста біз жастардың қатысуымен бірнеше флешмоб, концерттік бағдарламалар ұйымдастыруды көздеп отырмыз. Сондай-ақ, белсенді жастар арасында арнайы байқаулар да өткіземіз», – деді ол.
Ал «Нұр Отан» партиясы Алматы қалалық филиалының «Жас Отан» Жастар қанаты әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің студенттерімен бірлесе «Бірлігіміз жарасқан» атты флэшмоб ұйымдастырды.
Мемлекетіміздің ең ірі жоғары оқу орнындағы алаңда жастар «БІЗ» сөзін құрап шығарды. Акцияға қатысушылар мемлекеттің қарқынды дамуына белсенді, талантты және жасампаз жастардың үлес қосатынына сенімді.
«Біз – Алматы қаласының жастары бір үлкен отбасын құраймыз. Бір үйдің балалары сияқты өскен біздер мемлекеттің дамуына өз үлесімізді қосуға әрқашанда дайынбыз», – дейді әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің өкілі Ляззат Қордабай.
«Жас Отан» Жастар қанаты Алматы қалалық филиалының төрағасы Мади Ахметов те шараға қатысып: «Жас Отан» үнемі студенттердің мүддесін қорғап, дарынды және талантты, елімізге үлкен пайдасын тигізуге дайын жастарды қолдап келеді. Біз студенттік шақтың қызықты өтуіне жағдай жасаймыз. Жыл сайын Халықаралық жастар күніне арналған іс-шара белгілі бір тақырыпта өтеді. Осы жылы қала жастарының ұйымшылдығын көрсетуге тырыстық», – деді.
Алматы қалалық «Жас Отан» Жастар қанаты жыл басынан бері шамамен 30 мың жастың қатысуымен 300-ден аса іс-шара өткізді.