Аса көрнекті хирург, ҚР Президенті Іс басқармасы Орталық клиникалық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Нұртас Кәкімжанұлы Қазыбаевтың дүниеден өткеніне – ертең қырық күн.
30 жылға созылған дәрігерлік ғұмырында сан мыңдаған адамды ажалдан арашалап қалған Нұртас Кәкімжанұлын әріптестері де, былайғы жұртшылық та «қолы алтын хирург» дейтін. Айтса-айтқандай, Нұртас Кәкімжанұлы өте күрделі оталардың өзін мінсіз жасап, ең ауыр науқастардың өзін аяғынан тұрғызатын. Сол себепті де хирургия бөліміндегілер тіпті «науқастарды екі категорияға бөлуге болады, яғни олар – Нұртас Қазыбаев ота жасағандар және соны армандайтындар» деп орынды қалжыңдайтын да. Орны толмас бұл қаза Нұртастың бағасын білетін, қадірлейтін қалың жұртшылыққа өте ауыр тиді.
Жоғары білікті кәсіби маман екендігі өз алдына, Нұртас Кәкімжанұлы нағыз жанып тұрған шағында, халқына әлі де берері көп кезінде кенеттен дүниеден озды. Еңбек жолын бастаған Қалқаман ауруханасында істелген ондаған мың, соңғы қызмет орнындағы өз қолымен жасалған 10 мың, тікелей басшылығымен істелген 9 мың ота, операция үстелі жанында тікесінен тік тұрған күйі 7-10 сағатқа созылатын хирургиялық сағаттар, демалыссыз, ұйқысыз өткізілген талай тәуліктер дәрігер денсаулығына сызат түсірмеуі мүмкін емес болатын. Яғни өзгенің өміріне мейлінше жауапкершілікпен, жанашырлықпен қараған ол өзіне соншалықты көңіл бөлген жоқ. Басқа-басқа, мұны анасы анық біледі. «Үйінде де еркін демала алмайтын. Енді келіп шешіне берсе, телефон соғылады. Бір қалтасынан біреуін алып сөйлесіп, енді қоя берсе, екінші қалтасынан тағы біреуі шырылдайды. «Қан кетіп жатыр», «өліп барады», «ауыр науқас келді, не істейміз?», – дегендей бізге үйреншікті болып кеткен сөздер естіле бастағаннан менің ашу шақырып: «Болды, өлмес, басқа дәрігерлер бар ғой, тамағыңды іш», – дегеніме қарамай, жалма-жан қайта киініп: «Мама, мама, қазір келем», – деп бетімнен сүйіп, алдап кететін. Сол кеткеннен кейде апталап көрмеймін. «Сені хирург оқуына бекер берген екенбіз, не үйде, не тойда, не қонақта бір сағат отырмайсың, балаңмен де, келіншегіңмен де еркін сөйлесе алмайсың», – деймін. «Мама, мен дәрігермін. Ол – менің өмірім», – дейді, сонымен сөз бітетін. «Балам-ай, өмірің не өмір? Үнемі екі қолың – қанда, күндіз-түні науқастың ішек-қарнын ақтарып, ішекке өскен етін сылып, жамбас сынығын қалыпқа келтірем деп жүріп, өз денсаулығыңа қарамайсың, кейде ақсаңдап, кейде толып, кейде сылынып қалып жүргенің, өзіңді ойла, мені жылатып кетпе», – дегенімде: «Еш жерім ауырмайды», – дейтін... Мінеки, ақыр соңы осылай болды», – дейді жүрегі қан жылаған Орынша апай.
Текті әулеттің перзенті
Алматы медицина институтын бітіргеннен кейін білімін Мәскеуде жалғастырып, Кеңес хирургиясының мэтрі В.И.Стручковтан тәлім алған, кандидаттық диссертация қорғаған Нұртас Кәкімжанұлы еңбек жолын Қалқамандағы клиникалық аурухананың жедел хирургия бөлімінен бастайды. Диссертациялық жұмысын қорғау кезінде Мәскеудің небір атақты ғалымдарының Нұртасқа берген жоғары бағасын естіген Кәкімжан Қазыбаевтың ұлын қай ауруханаға, қандай қызметке болсын орналастыруға беделі, әрине, жетіп тұрған. Алайда көреген әке ұлының біліктілігі, шеберлігі қызу жұмыс барысында, еңбектің қайнаған қазанында шыңдалатынын түсінгендіктен де ондай әрекетке бармайды. Ал Қалқаман қаладан әжептәуір қашық. Сол сәттерді анасы: «Ол кезде автобустар сирек жүреді. Нұртасым таңғы 5-те тұрып, ауруханаға кетеді, ұйқысы қанбайды. Кеш келеді, кейде ауруханада түнеп қалатын. Тамақтануға да уақыты болмай, аш жүретін күндері көп еді. Сонда да ренжімейтін. Қабағы ашық, ақкөңіл, жақсылықтан жаралған бала еді. Өзіне қастық жасап жүргендерді де досына айналдырып, кеудесін соғып, «мен сондаймын, пәлен дегеннің жақынымын» деп келгендерді кішірейтіп жіберетін қасиеті болатын», – деп есіне алады.
Шынымен де, текті әулеттің бекзат болмысты перзенті – Нұртастың хирургтік кәсібі сол кезден бастап-ақ жанқиярлық еңбекпен астасып жатты. Тәулігіне 15-20 отаға дейін жасауға тура келетін кездері көп болды. Науқас қандай үмітсіз жағдайда жатса да, оның өмірі үшін соңғы мезетке дейін күресу Нұртастың басты ұстанымына айналды. Кейіннен ҚР Президенті Іс басқармасы Орталық клиникалық ауруханасында қызмет еткен жылдарында да Нұртас Кәкімжанұлы өзінің бүкіл қажыр-қайратын, білімі мен іс-тәжірибесін халқына қызмет етуге арнады. Мединституттан бірге келе жатқан досы, әріптесі Әшім Қуанышбековтің пікіріне жүгінсек, Нұртас Қазыбаев аталған аурухананың материалдық-техникалық базасының жақсаруына көп ықпал еткен. АҚШ-та, Швейцарияда тәжірибеден өтіп, Германия, Израиль, Франция сынды өркениетті елдерде болып, ол жақтағы озық технологияларды осы ауруханаға енгізуге тырысатын.
Өз кәсібінің аса білгірі
ҚР Президенті Іс басқармасы Орталық клиникалық ауруханасы еліміздің көрнекті мемлекет қайраткерлеріне, белгілі ақын-жазушылар мен өнер адамдарына, ғалымдарға медициналық қызмет көрсетуімен ерекшеленеді десек, солардың ішінде Нұртастың шарапаты тимегені кемде-кем. Мысалы, К.Нұрпейісов, Ө.Бәйгелді, К.Ормантаев, К.Нәрібаев, Д.Исабеков, А.Кока, С.Локшин, С.Сматаев, Р.Нысанбайұлы сияқты басқа да көптеген танымал тұлғаның өзіне немесе туған-туысына қатысты мәселе бойынша Нұртастың көмегіне жүгінген кездері болған. Соның бірін Орынша апай былайша әңгімелейді: «Бір жылдары, сірә, 1997 жылы болуы керек, Рәтбек қажы Нысанбайұлы телефон соқты. «Әйелімді ажалдан алып қалған – сіздің балаңыз Нұртас, сізге рақмет айтып әрі кешірім сұрағалы тұрмын, алдымен істің мән-жайын түсіндірейін, тыңдайсыз ба?» – деді. «Әрине, тыңдаймын». Рәтбек қажының сондағы айтқан әңгімесі: «Әйелім түнімен ауырды, Нұртасқа әкеліп едім, қолымен бүйірін сипап көріп: «Тас тұрып қалған, дереу операция», – деді. Шошып кеттім. «Әу, жігітім, не деп кеттің? Ине салмайсыңдар ма, бірден ішін жару деген не сұмдық?» – деп ашуландым. Ол менің сөзімді құлағына да ілген жоқ. Қасындағыларға: «Тезірек, дереу операция залына», – деп бұйрық берді. Мен ашумен бас дәрігерге келдім. Өзім дірілдеп тұрмын. «Бірден ішті жарып тастаймын деген не сұмдық? Анау жігіт кім өзі? Әйелімді өлімге итермелеп...» – деймін. Бас дәрігер: «Қорықпаңыз, Нұртастың ең үлкен қасиетінің бірі – ол аурудың диагнозын бірден дәл қояды. Екіншіден, отаны өзі жасаса, біріншіден, Аллаға, екіншіден, Нұртасқа сыйыныңыз. Әйеліңізді аман-есен тік тұрғызып, қолыңызға береді», – деді. Көңілім жайланғандай болды. Аурухана ауласында біраз жүрдім. Дегенмен қорқамын. Дәрігерлердің бірі: «Алаңсыз үйіңізге қайтыңыз, ота біткен соң шақырамыз», – деді. Амал жоқ, үйге келдім. Бір кезде «әйеліңіз аман, келіңіз» деп телефон соққан соң бардым. Дәрігерлер бөлмесінен күлімсіреп Нұртас қарсы алды, екі алақаны толған – ірілі-ұсақты тастар. «Бұл не?» деймін көзім бадырайып. «Бауырдан алынған тастар». «Қой, мүмкін емес», – деп сенімсіздік білдірдім. «Өзіңіз біліңіз», – деді Нұртас нық сөйлеп. Нұртастың өз мамандығын жетік меңгерген, атағы бүкіл Қазақстанға белгілі хирург әрі Кәкімжан Қазыбаев ағаның ұлы екендігін кейін білдім, жеңгей. Өзім қажылыққа кетіп барамын, әйелімді Нұртастың қарауына қалдырып, көңілім жайланды. Сізге сыйға өзім аударған Құран Кәрімді беремін», – деді. Сол Құран Кәрім бүгінге дейін жазу үстелімнің үстінде тұр...».
Ондай жан өмірде сирек туады
Танымал қоғам қайраткерлерімен қатар, Нұртас Кәкімжанұлына ауылдан келіп емделетін қарапайым еңбек адамдары да көп болған және де бүкіл халық қолы шипалы, ұлы дәрігер ретінде оны жақсы көретін. Орынша апайдың бұған куә болған кездері де, жетіп-артылады. Соның бірін апайдың өзі: «2008 жылдары Оқжетпеске демалысқа бардым. Әрі өтсем де, бері өтсем де, танымайтындар тоқтатып: «Апай, мен Оралдан едім» десе, енді бірі: «Ақтөбеден», «Атыраудан», «Алматыдан», «Астанадан едім», – дейді. Сонда бәрі де: «Сіздің балаңыз маған ота жасап, өлімнен қалдым. Сіздің Нұртастың мамасы екеніңізді естіп, сәлем бергелі тұрмыз. Нұртастай баланы өмірге әкелген алып ананы көрдік деп ауылымызға айтып барамыз» дегенді айтатын», – деп әңгімелейді.
Шын мәнісінде, Нұртас Кәкімжанұлы өз мамандығын мейлінше меңгерген білікті дәрігер еді. Алдына келген адамдардан ешқашан көмегін аямайтын. Әр жастағы науқастар, оның ішінде қария адамдар да Нұртастың құдды өз әкесіндей еркелеп келіп, ауруханада еркін жатып, дәрігерлік көмек алып кететін. Кейбір басшылардың «Зейнеткерлер ауруханадан шықпайтын болды» деген сөздеріне Нұртас Кәкімжанұлы: «Кезінде олардың еңбегі сіңген. Енді демалсын. Оларды сөз қылатындай мәселе жоқ», – деген уәж айтатын. Осындай үлкен жүректі ұлы дәрігер қызмет еткен аурухананың беделі кейінгі жылдарда қатты өсіп, айрықша деңгейге көтерілген. Нұртас Кәкімжанұлының тікелей басшылығымен коронарография бөлімі ашылып, қаншама жүздеген адам жүрегіне ота жасатып, тірі қалды. Тізесі кілтілдеп, сіңірі үзіліп немесе басқа да тосын жарақат алып қалғандарға жедел көмек көрсететін травматология бөлімі, көзіне шел қаптап кеткендер мен көзі көрмей қалғандар үшін офтальмология бөлімі жасақталды. Осының басы-қасында жүріп, маман дәрігерлерді іздестіру және оларды орналастыру, жаңа ашылған бөлімдерді медициналық жабдықтармен, аппараттармен қамтамасыз ету, шетелден мамандар шақырып, олардың тәжірибесін үйрету, қызметкерлерді шетелде оқыту – бәрі-бәрі Нұртас Қазыбаевтың мойнында еді. Осындай жұмыстардың барлығын ол айқай-шусыз жасайтын және соны «мен жасадым» демейтін. Соны білетін әріптестері бүгінде: «Ол нағыз азамат еді. Ондай жан өмірде сирек туады», – деп сөзсіз мойындайды.
Өзіне ешкім араша тұра алмады
Нұртас Кәкімжанұлының тағы бір ерекше қасиеті – ол керемет ұйымдастырушы болатын. Көшбасшылық қабілеті институт қабырғасында жүрген кезінен бастап-ақ көрініс берген ол бұл қырымен қызметтестерін де мейлінше тәнті еткен. Жұмысының басынан асып жататынына қарамастан, ол әртүрлі мерекелерде кеш ұйымдастыруға да, ұжымымен Қапшағайға, Ыстықкөлге барып, бір күнге болса да демалып қайтуға да уақыт табатын. Үлкенді де, кішіні де өзіне магниттей тартып, жанын баурап алатын, ешкімді алаламайтын. Бұл жағынан алғанда, Нұртас Кәкімжанұлының адаммен, оның ішінде науқаспен сөйлесуі, қарым-қатынас жасауы ешкімге ұқсамайтын. ҚР ҰҒА академигі Көпжасар Нәрібаев айтпақшы, ол науқасты өзінің дәрігерлік ем-домымен ғана емес, терең адамгершілігімен де емдейтін. Әрбір отаны үлкен білгірлікпен, бар мейірімін төге жасауымен қатар, науқас қашан құлан-таза жазылып кеткенге дейін өз бақылауына алатын. Осы орайда Орынша апай: «Сөйтіп жүріп өзінің денсаулығындағы ақауды байқамады, білсе де, мән бермеді, үні кейде қарлығып шығатын, кейде түрінен шаршау байқалатын. Соған қарамастан этаждан-этажға жүгіріп жүретін...» – деп, ұлының өмірден ерте кетуін өз кәсібіне шексіз беріліп кеткендігімен байланыстырады.
«Бірақ тағдырға не шара?! Нұртастың сондай жауапкершілігі мол, ақкөңіл, қайырымды да мейірімді, ел-жұрттың бағына туған бала екендігі кішкентай кезінен-ақ байқалған. Ол бала болып ешкіммен төбелеспейтін, қайта төбелескендерді татуластырып, жөнге салып жүретін. Мектепте үлгілі әрі тәртіпті оқушы болған. «Есте сақтау қабілетінің күштілігі сонша, мұғалімдерді жақсы тыңдап келгендіктен, үйде ертеңгі сабаққа бар-жоғы бір сағат қана дайындалатын. Бір күні тарихтан берген тапсырманы он минутқа жетпейтін уақытта аяқтады. Мен оны сынау үшін «Мазмұнын айтып берші» дедім. Нұртас оқулықта жазылғанның бәрін тәптіштеп тұрып айтып берді. Сонда әрі таңғалып, әрі ұялғаным сонша, баламның сабағын одан кейін тексермейтін болдым», – дейді анасы.
Үлкен-кішіге бірдей сүйкімді, алғыр да ізденімпаз Нұртас Кәкімжанұлы жас күнінен бастап спортпен де айналысқан. Күн сайын жаттығу жасаған, жүгірген, күреске қатысқан, футбол ойнаған. Салауатты өмір салтын ұстанған. Ең өкініштісі, айналасына шуағын төгіп, тек қана шарапатын тигізген және де бар ғұмырын хирургияға арнап, үзілуге жақын талай үміттерді қайта үкілеген шын мәнісіндегі ұлы дәрігердің өзінің ажалына ешкім араша тұра алмады...
Біз білген Нұртас осындай еді...
Кеңес АУХАДИЕВ, мемлекет және қоғам қайраткері:
Биік адамгершілігі көрініп тұратын
– Есімде ерекше қалғаны – Нұртас амандасқанда жылы шыраймен, жымиып тұрып амандасатын. Ол түр-әлпеті бір қарағанда-ақ есіңде қалатын адам болатын. Мысалы, біздің алдымыздан көп адам өтеді. Кейбіреумен амандасасың, тіпті араласып та жүресің. Соның көбі есіңде қала бермейді.
Кейіннен тіпті «түрі қалай еді» деп те ойлайсың. Ал Нұртастың бейнесі бір көргеннен-ақ көз алдыңда қалып қояды. Оның жылы шырайы ар жағындағы биік адамгершілігін көрсетіп тұрғандай болатын. Өмірі қысқа болғаны өкінішті-ақ. Не дейміз, марқұмның иманы серік, жатқан жері жайлы болсын...
Көпжасар НӘРІБАЕВ, ҚР ҰҒА академигі:
Нұртасқа қандай атақ берілсе де артық емес
– Нұртастың әкесінен қабылдаған керемет бір қасиеті – ол кісі де елге, халыққа жақсылық жасап жүретін. Нұртаста әкесінің сол қасиеті, тектілігі бар. Нұртас осы үлкен әулеттің сенімін ақтады, Қазыбаевтар әулетінің абыройын асырды, мерейіне мерей қосты. «Е, мынау Кәкімжанның баласы екен ғой, Қазыбаев екен ғой» дегендей үлкен абыройға жетті. Және тек қана әулеттің емес, бүкіл халықтың, елдің, қазақтың азаматы болды.
Қызмет істеген ұжымы, дәрігер достары бар, Нұртасты есте қалдыратындай шараларды жасауы тиіс. Мысалы, хирургия бөлімшесіне ме, басқаға ма, Нұртастың атын берсе, жақсы болар еді.
Күнделікті көрген, білген, араласқан әріптестерінің естелігін жинап, кітап етіп шығарса, жақсы болар еді. Нұртасқа қандай атақ берілсе де, нендей сый-құрмет жасалса да артық емес.
Әшім ҚУАНЫШБЕКОВ, ҚР Президенті Іс басқармасы Орталық клиникалық ауруханасы хирургия бөлімінің меңгерушісі:
Жастарды үйретуден жалықпайтын
– Нұртас әдепті, сабырлы, өте білімді болатын. Шетелдіктер оны жұмысқа шақырып, жақсы жалақы төлеп, барлық жағдайын жасаймыз дегенде де, туған Отанын тастаған жоқ. Қайта мүмкіндігі болғанша аурухананы көтеруге барын салды. Нағыз патриот еді. Интернеттен шетелдік жаңалықтарды бақылап, егер операция жасаудың жаңа үлгісі, жаңа методикасы шықса, дереу сол елге барып, оны үйреніп, осында енгізуге тырысатын. Бізді үйрететін. Мұндай жігіттер бүгінде кемде-кем. Қазір ешкімді ешкім үйретпейді. Тіпті біліп тұрса да, оны қолданудың жолдарын айтпайды. Себебі ертең өзіне бәсекелес болып, зияны тиеді деп қорқады. Ал Нұртас қайта жастар үйренсе екен, білсе екен, соңғы технологияларды меңгерсе екен деп жүгіріп жүретін. Халықаралық конференциялар ұйымдастырып, шетелден білікті мамандар шақырып, тәжірибе алмасуға мүмкіндік жасайтын. Бір ерекше қасиеті, ол атақты адамдардың бәрін танитын, тіпті аты-жөндеріне дейін жатқа білетін еді.
Мәселен, кешкі уақытта үйіне қайтарда аурухананың бесінші қабатынан төртіншіге түскенде үлкен жазушы немесе ғалымды көрсе, міндетті түрде сәлем беріп, жағдайын сұрап, мәселесі болса, дереу шешіп беретін. Үшінші, екінші, бірінші қабатқа түскенде де солай. Жалпы, ол аурухананың қақпасына жетем дегенше бір-екі сағат уақыт кететін. Алдынан шыққан адамның барлығының халін сұрап, егер мәселесі болса, шешпей кетпейтін...
Дулат ИСАБЕКОВ, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты:
Медколледжге атын берсе, құба-құп
– Нұртастың қазасымен бірге еліміздің денсаулық сақтау саласының бүтіндей бір қабырғасы опырылып түскендей болды. Өте өкінішті. Оның орнын басатын жігіттер жоқ деп айта алмайсың, бар шығар. Бірақ дәл Нұртастай бола ала ма, жоқ па? Атадан келе жатқан қасиеті бар еді, тектілігі бар еді. Азаматтығы жүрегімізде мәңгі сақталады. Үлкен ғалым, үлкен маман, үлкен азамат еді. Оны ұлықтау үшін атына бір көше берсе де, артық болмас еді. Оның жасаған еңбектерін талдау, оны жұртқа түсіндіру мақсатында өз алдына жеке монография жазса да орынды. Сол сияқты Алматыда аты жоқ медициналық колледждер толып жатыр. Солардың біреуіне атын берсе, құба-құп болар еді.
Қалай болғанда да Нұртас Қазыбаевтың атын мәңгіге есте қалдыратындай бірдеңе жасау керек және ол соған тұрады.
Досхан ЖОЛЖАҚСЫНОВ, ҚР Халық әртісі:
Нұртасқа қарап сабаға түсетін едік
– Адамгершілік қасиет азайып бара жатқан мынадай қасқыр мінез, қасап заманда, қайырымсыз кезеңде Нұртастай азаматтар көп болса, еліміз де баяғы атадан балаға дәстүр болып келе жатқан жақсы мінезіне қайтып оралар еді ғой, тәйірі. Бүгінгі жастарымыз шыбық тимес шыңқ етер. Осы Нұртастар, міне, соларға үлгі болатындай еді. Мысалы, өзіміздің де мінезіміз жетісіп тұрған жоқ. Бірақ сол Нұртасқа қарап сабаға түсетіндей едік.Нұртаспен дидарласып, оның үнін тыңдап отырып, «қазақтан ұлылық, тектілік кеткен жоқ, міне, біздің осындай азаматтарымыз бар» деп шүкіршілік айтушы едік. Осының бәрін ойлаған кезде ішің ауырады, жүрегің қан жылайды.