Абайдың шөбересі Ишағы Жағыпарқызы – Абайды көзі көрген адамдармен сұхбаттас болған санаулы жанның бірі. Бұл күнде Ишағы апаның өзі де 90-ға келіп отыр.
Бұған дейін Абайдың Тұрағұлдан сүйген немерелері Ақлима (1901-1990) және Мәкен (1911-1989) апалар 89 жасында дүние салды. Ишағы апаның сіңлісі Ғазал былтыр 85 жасында дүниеден өтті. Ел Ишағыны – Ишан, Ақлиманы – Ақыш, Мағрифаны Мәкен деп атап кеткен.
Ишан апа осы лектің көзін көріп, көптеген естелікті бүгінге жеткізді. Мәкен апамен екеуінің бірігіп жазған Абай ұрпақтарының шежіресі абайтанушылар Абай өмірбаянын зерттеуде басшылыққа алатын нұсқаға айналды десек, артық емес.
Ишан апа – соғысқа қатысқан он шақты Абай ұрпақтарының ішіндегі аман оралған жалғыз майдангер. Тұрағұлдың Жебештен сүйген ұлы Алпаш соғыстан мүгедек болып оралып, 90-жылдары қайтыс болды. Шығыс майданда болған Ишан апа әлі де болса соғыс жайлы айтқанда көптеген деректерді «ашып айта алмаймын» деп отырады. «Қайда болдыңыз?» дегенде: «Қайда болғанымызды өзіміз де анық білмейміз» дей келіп, тек Жапониямен шекарада, Харбин маңында болғанын меңзейді. Бұл – майдангердің антына адалдығын да көрсететін шығар. Бір жағы бұл – Ишан апаның соғыс туралы айтар естелігі әлі көп екендігін байқатады.
Бірақ қазақ мәдениеті мен әдебиеті үшін Ишағы Жағыпарқызының Абайдың ұрпағы және Абай туралы деректерді жеткізуші ретіндегі орны айрықша. «Абайдың ұрпағы» дегеннен шығады, ұлы ақынның еркек кіндіктен тараған бірден-бір ұрпағы, Ақылбайдың Әлімқұлының Бағыфұрының Айдары осы күнде Ақтауда тұрады. Айдар әзірге аталары туралы ашылып ештеңе айтқан жоқ десе де болады. Ол кісі ашылса, әкесі Бағыфұрдан бастап бірталай деректер бере алған болар еді. Бағыфұрдың да басқа Абай ұрпақтары тәрізді қудаланғанымен, нақты қайда, қалай қудаланғаны туралы әзірге жазылған жоқ. Бүгінде Абайдың тікелей өз кіндігінен тарайтын ұрпақтарын ауызға алғанда, осы Ишан апа мен Айдарды ғана айта аламыз. Ал басқа да ұрпағымын деген адамдардың көбі Абай тұрмақ, Құнанбайға да қосылмай жатады.
Ишан апа өзінің 1922 жылы Қарауылда дүниеге келгенін айтады. Ол Абайдың айрықша жақсы көрген баласы Мағауяның Жағыпарының қызы. Баршаға белгілі, Абай Мағауияның өліміне қатты қайғырып, артынан өзі де дүние салады. Жағыпар 1928-1930 жылдар шамасында Семейдегі екіжылдық мұғалімдер курсын бітіреді. Ишан өзін әкесі оқытып, сауатын ашты дейді.
Бұл жылдары Абай, Құнанбай ұрпақтарына қарсы науқан басталады. Тұрағұл 1928 жылы қарашада кәмпескеленіп, жер аударылғаннан кейін Абайдың қалған немерелерінен де маза кетеді. Осыны аңдаған Жағыпар Семейдегі курсты бітіргеннен кейін сол кездегі Шығыс Қазақстан облысы Шемонайха ауданындағы Убо-Форпост деген ауылға мұғалім болып барады. Қазағы аз ауылда қазақ мектебін ашып, Жағыпар соның директоры болады. Мұны Ишан апа мақтан қылып айтып отырады. Жағыпарлар барғаннан кейін сол маңға Шыңғыстаудан басқа да адамдар келіп қоныстана бастайды. Оларды орналастыруды да Жағыпар өз мойнына алады. Кәмпескеден кейін Шыңғыстауда халықтың аштан қырылып, Шыңғыстау көтерілісінен кейін Шәкерім, Абайдың ұлы Мекайіл бастатқан адамдардың атылған кезі. «Шыңғыстаудан көп адам келіп жатты. Оларды «откочевник» дейтін. Азып-тозып келгендерге менің әкем көп қамқорлық жасады. Киімдерін өртеткізіп, жаңа киім әперіп, таза үйге орналастырды. Өзі де бір семьяны үйге кіргізіп алды», – дейді Ишағы апа. Арада төрт жыл өтер-өтпесте әкесі қайтыс болады. «Неден қайтыс болды?» дегенде Ишан апа қиналыңқырап отырса да, әскери адамға тән нақты адамдардың атын атады. Қысқасы, ауырып жатқан Жағыпарға дәрінің орнына у берілген. «Әкеме флаконнан дәрі ішкізгенде, дірілдеп, қалшылдап кетті. Менен үлкен Рәпила деген апам кейін дәріні тексергенде, у болып шыққан. Әкеме мал докторын алып келген. Мен бұл туралы естелігімде ашық жаздым»,– дейді Ишан апа. Арада аз уақыт өткенде анасы Гүлманар да қайтыс болады. Сөйтіп, Жағыпардың бес қызы, екі ұлы жетім қалған. «Кейін Ақылбайдың тұқымдары бізді Жармаға көшіріп алды. Аз өткенде әкемнің ағасының баласы Берекехан екеумізді балалар үйіне берді. Берекехан кейін қайтадан Шемонайхаға барды», – дейді Ишан апа.
Ол кісінің айтуынша, Ғазал сіңлісі қуғыннан кейін Алматыға аялдаған Уәсиланың қолына барады. «Семейде мен тәрбиеленген балалар үйінің директоры Ақылбайдың Әлімқұлының бір қызының күйеуі еді, ол да 1937 жылы ұсталып кетті, – дейді Ишағы апа. – Сөйтіп жүргенде Семейде №11 қазақ мектебі ашылды. Мен үшінші бітірген едім, осы мектепке баруға талап қылдым. Бірақ әр детдомнан төртінші бітіргендерді ғана алып жатыр екен. Мен қайта детдомға бармай, жолда қашып кеттім. Облыстық білім басқармасының бастығының орынбасары Әлімқұлдың тағы бір қызының күйеуі екен, соған барғам. Сол кісінің көмегімен жаңағы мектепке бірден төртінші класқа қабылдандым. 1942 жылы оныншыны шала-мала бітіріп, соғысқа кеттік».
Осыны айтқан Ишан апа жасы ұлғайғандықтан ба, сөйлеуге де шаршап қалғанын айтты. Ишағыдан кейін майданға алынған ағасы Берекехан мен інісі Жошыхан сол күйі оралмады. Соғыстан кейін ол Мұхтар Әуезовтің ақылымен ЖенПИ-ге оқуға түседі, Уәсила апасының қолында тұрады. Мағауияның тұңғышы Уәсила Абайдың қолында өседі. Қуғын кезінде қырғыз асып барып, кейін Алматыда тұрады. Абай туралы деректерді жеткізуші ретінде танымал. Драма театрда киім тігуші болғандықтан, Абай туралы қойылымдарда Абай ауылы үлгісіндегі киім үлгілерін де Уәсила апа тігіп отырған.
Ишан апаның анасы – Абайды оқытқан «Кішкене молда» аталған Ғабитханның немересі Гүлманар. Әкесінің аты – Ғабидолла. «Кішкене молда» да қуғын кезінде 1932 жылы қайтыс болған. Ишан апа өзінің атын Ишағы деп атасы қойғанын айтады.
Тегі асыл, жігері мығым Ишан Жағыпарқызының әлі де айтары алда сияқты көрінеді.