Сонау ХХ ғасырдың басында Ресейде жарық көрген үлкен басылымға Алаш баласы арасынан алғаш болып орыс тілінде мақала жазып, қазақтың мұң-мұқтажын жеткізген Жұбандық Болғанбаев туралы бүгінгі жұрт не біледі?
Қазақ Совет энциклопедиясында (1973 жыл, 2-том, 393-бет) Ж.Болғанбаев туралы мынадай дерек берілген:
«Болғанбаев Жұбандық «Правданың» Семей облысындағы тілшісі, 1874 жылы Көкпекті екі кластық орыс-қырғыз мектебін бітірді. Кейін гимназияда оқыды. 1912-1913 жылдары қазақ ауылынан алынған фактілер негізінде «Правда» газетінде мақалалары жарияланды («Қазақ даласында», «Деревня тұрмысы», т.б). 1917 жылдан бастап жергілікті жерде Совет Үкіметін орнатуға және Құлынжүн болысында партия ұяларын ұйымдастыруға қатысты. 1921-1922 жылдары Бұқтырма уезінде халық соты болды, 1923 жылдан кооперация орындарында қызмет атқарды».
Жұрттың Жұбандық Болғанбаев туралы негізінен білетін бар дерегі – осы. Тұлға туралы әрегідік сөз болғанда «Правданың» тілшісі болған тұңғыш қазақ қой» дейді де қояды. Шын мәнінде, Жұбандық Болғанбаев «Правданың» Семейдегі тілшісі болып, қазақ ауылдарындағы, жалпы, сол кездегі елдің жағдайын жазып қана қойған жоқ, халық соты болып, әр жерде қызмет атқарып, қарапайым жұртқа қамқорлық танытып, ақ адал еңбегінің ақысын қайтаруға көмектесті.
Бұл сөзімізге тарих ғылымының докторы Задаш Дүкенбаеваның «Қазақтың шығармашылық интеллигенциясының тарихы» атты ғылыми зерттеуіндегі:
«Өскемен уезінің тумасы Жұбандық Болғанбаев өз заманының алдыңғы қатарлы оқыған азаматы, орыс тілін жетік меңгерген ол Ресей әкімшілігі алдында қазақтың жоғын жоқтаушысы болды. 1884 жылдан бастап Өскемен қалалық сотының қызметін атқара жүріп, қазақтардың дау-дамайын әділетті түрде шешуге күш салды» деген тұжырым дәлел бола алады.
Білуімізше, Жұбандық Болғанбаев заманында орыс тілінде жарық көретін «Правда» газетіне ғана емес, «Дала уалаяты» газетіне де арагідік жазып, авторлық байланыс жасап тұрған секілді. Және осы басылымға мақала жазғаны үшін қуғын көргені туралы да айтылады. Бұл туралы белгілі ғалым, М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің профессоры Зарқын Тайшыбай өзінің «Қазақ баспасөзінің қарлығаштары» атты мақаласында жазады. Үзінді келтірелік.
«Бертін келе «Дала уалаяты» бетінде мемлекеттік саясаттың түбегейлі мәселелерін қозғайтын, отаршылдыққа қарсы бағытталған мақалалар мен хаттар көбейе берді. Цензура мұны байқап қалды, тосқауыл қойып отырды. Тіпті кейбір материалдар қысқарып, «ақ жолдар» да кездесті. Демек, цензураның қиып тастағаны екені көрініп тұр. Оның үстіне редаќцияның өзі «цензураның қысқартқаны» деп сілтеме беруден тайынбады. Журналистер еркін ойы үшін қуғындалды. Отар елдің ұлттық санасы оянуынан сескенген патша әкімдері газеттің өресін тарылта түсті. «Дала уалаяты» бірте-бірте солып, көркінен айырыла бастайды. Көбіне шаруашылық, жарнама басылымға ұқсай береді. Сөйтіп келіп, 1902 жылдың сәуірінде «Дала уалаяты» ауыл шаруашылығы газетіне айналатыны және онда көбіне шаруашылық және кәсіпкерлік жайы хабарланатыны әйгіленді. Мұны шын мәніндегі «Дала уалаятының» тынысы тоқтағаны деп білеміз. Ал енді таратылған редакцияның журналистері не болды? Мысалы, Рақымжан Дүйсембаев, Отыншы Әлжанов, Жұбандық Болғамбаев соңынан «құпия бақылау» қойылды. Олар саяси сенімнен айырылды» деп жазады ғалым өзінің мақаласында. Бұл – біз білетін там-тұмдаған деректің бір парасы ғана. Келешекте ғалымдар Жұбандық Болғанбаев шығармашылығын тереңірек зерттейтін болса, әлі де талай тың деректер ашылар деген сенімдеміз.
Өз заманында ұлты үшін аянбай еңбек етіп, бар білімі мен білігін халқының игілігіне сарқа жұмсаған тұлға туралы айтылар үлкен сөз, берілер баға алдағы күннің еншісінде деп білеміз. Өйткені 1992 жылы Көкпекті ауданының Самар ауылындағы орта мектепке қайраткердің есімі берілгені болмаса, облыс немесе республика деңгейінде тұлғаны ел есінде қалдырарлықтай іс-шаралар әлі қолға алынған жоқ. Құзырлы мекемелер келешекте қазақтың мүддесін, ұлттың жанайқайын орыс тілінде жеткізіп жүрген журналистерге Жұбандық Болғанбаев атындағы сыйлықты тағайындаса, кезінде Алаш жұрты үшін жан аямай еңбек еткен тұлға есімінің ел есінде қалары анық.
«Правданың» тұңғыш тілшісі болған қазақ
Читайте также
Шоқан шындығы неде?
«Артық туған Абылай...»
Жақсылық Грек-рим күресінен Олимпиада жеңімпазы, әлем чемпионы Жақсылық Үшкемпіровтің бозкілемдегі бейнеті мол жылдары туралы
Ұзақбай Құлымбетовті ұмыту – тарихымызды естен шығару деген сөз...
Жер жүзіне палуандықпен атын жайған... қазақтың Қажымұқаннан басқа кімі бар?
Сарқыты сарқылмайтын аға
Последние статьи автора