Нұртас жайлы әңгіме енді ғана басталды...
Күрмеуге келместей қысқа ғұмырында артына өшпес із қалдырып, өмірден найзағайдай жарқылдап өте шыққан Нұртас Кәкімжанұлы Қазыбаев танымал дәрігер, теңдессіз хирург, Қазақстан медицинасын инновациялық заманауи технологиялармен жетілдіруге ұйытқы болған көрнекті басшы еді. Кәсіби шеберлігі жан-жақты, білікті маман ретінде мойындаған ел-жұрт Нұртас Қазыбаевты «Алла берген абзал дәрігер», «халық академигі» деп жоғары бағалаған.
Отыз мың ота жасап, мұның сыртында, өмірден күдер үзген 5 мың ауыр науқасты ажалдан арашалап қалған біртуар тұлға жөнінде еліміздегі зиялы қауым өкілдері мен әріптестерінің, достарының, ағайын-туыстарының, сондай-ақ оны көрген, білген, шарапатын сезінген көпшілік қауымның айтары аз емес. Сол естеліктердің бір парасы «Найзағайдай жарқылдап...» деген атпен кітап болып шықты. Кітаптың шығуына демеушілік жасаған – Павлодар облысының әкімі, қоғам қайраткері, экономика ғылымының докторы, профессор Ерлан Арын. Кітап алты бөлімнен тұрады. Алғашқы бөлімге танымал тұлғаның өмірбаян деректері, білім баспалдақтары, қызмет жолы, өнертабыс патенттері, марапаттары жөніндегі мәліметтер топтастырылған.
«Мен нағыз ерлердің мамандығын таңдадым...» деген атпен берілген келесі бөлімге Нұртастың көзі тірі кезінде баспасөз беттерінде жарияланған сұхбаттары енгізілген. «Жарқ еткен жасын ғұмыр» деп аталатын келесі бөлім Нұртастың анасы, танымал педагог Орынша Қарабалина-Қазыбаеваның «Маңдайға сыймай кетті...» атты көлемді естелігімен басталып, А.Шарман, Е.Арын, Ж.Сыдықов, Д.Исабеков, К.Нәрібаев, С.Досанов, С.Сматаев, К.Аухадиев, У.Қалижан, Б.Исабаев, Ә.Сығай, Д.Жолжақсынов, Ә.Ыдырысов сияқты басқа да танымал тұлғалардың, әр жылдарда Нұртастың дәрігерлік көмегіне жүгінген, шипалы қолының жылуын сезінген зиялы қауым өкілдерінің жүрекжарды пікірлеріне ұласқан.
«Үлкен жүректі ұлы дәрігер» бөлімінде Нұртас Қазыбаевтың достары, әріптестері сөз алады. Олардың көпшілігі – медицина институтының қабырғасында Нұртаспен бірге оқыған, студенттік өмірдің қиын да қызық сәттерін бастан бірге өткізген, ал кейінгі жылдары бір мекемеде қызмет етіп, иықтасып бірге жүрген, Нұртастың тұлғалық бірегей қасиеттеріне, білікті маман ретіндегі шеберлігіне тәнті болған жандар. Сондықтан әрқайсысы өздері таныған, білген, маман ретінде мойындаған Нұртас Қазыбаевтың адамдық, тұлғалық қасиеттеріне тоқталып, жүрекжарды сыр ақтарған.
Қалай дегенмен де, «Тас түскен жеріне ауыр». Осы орайда, Нұртастың мезгілсіз қазасы оның отбасына – ұл-қызы, ағайын-туыс, бауырларына ерекше ауыр тигені анық. Адал жар, асқар таудай әке, мейірімді аға, жанашыр бауыр ретінде өзіндік орны ерекше Нұртастың бұл дүниеде енді жоқ екендігін сезіну оларға қаншалықты күшке түседі десеңізші! Ағайын-туыстың осы тұрғыдағы сырлары, жүрек тебірентерлік естеліктері «Мәңгілік сағыныш» бөліміне тоғыстырылып отыр.
«Ұлы адамдар ғана ұлы жақсылықтар жасай алады» деп Сервантес айтқандай, қамшының сабындай қысқа ғана ғұмырында айналасына шапағатын шашып, ұмытылмас жақсылықтар жасап кеткен ұлы дәрігердің есімі ел есінде мәңгі сақталады. Бұл ретте, «Жақсының аты өлмейді» атты соңғы бөлімге енген баспасөз материалдары – Нұртас жайында алдағы уақытта айтылар, жазылар үлкен әңгіменің басы ғана.
«Найзағайдай жарқылдап...» деген атпен жарық көрген бұл кітап сапалы қағазда басылып, әдемі суреттермен безендірілген. Тілі жатық. Оқиғалары мейлінше тартымды, әсерлі. Көрнекті тұлға жөніндегі жан-жақты, шынайы естеліктер оқырманды бей-жай қалдырмайды деген ойдамыз.
Роза РАҚЫМҚЫЗЫ
Ерлан АРЫН, Павлодар облысының әкімі, экономика ғылымының докторы, профессор:
Тегі мықты, теңдесі жоқ ел азаматы
Нұртас мен үшін, бір жағынан, бауыр, аға, бір жағынан, дос еді. Арамыздан кеткеніне бір жыл толып, ас беретін уақыт болса да, көндіге алмай, үйрене алмай келеміз. Дегенмен Алланың жазғаны болды. Нұртастың қандай ерекшеліктерін атайсыз десе, ең алдымен оның тектілігін атар едім. Әкесі Кәкімжан ағамыз да тектілердің тектісі еді. Өз әулетіне ғана емес, күллі Қазақ еліне қамқоршы болған құрметті ел ағасы еді. Қай жақсыдан жаман туады, адам айтса сенгісіз деген бар. Елге құрметті талай адамдардың ұрпақтары, балалары аталарынан дарыған тектілікті жоғалтып алады. Қазақта тегінде тектілік бар әулеттер көп. Бірақ көбі соны арқалап жүре алмайды. Ол адамның жауапкершілігіне келіп тіреледі. Нұртас Кәкімжанұлының ерекшелігі – әкесінің, аталарының тектілігін көрсете білді. Жегені алдында, жемегені артында тұратын дәулетті отбасынан шыққандардың көбінде білімге деген құштарлық байқала бермейді. Ал Нұртас үшін білімнің орны бөлек еді. Мектепте де, мектептен кейінгі оқу орындарында да үлгерімі жағынан қатарының алды болды. Адамның адамшылығын қалыптастыратын екі үлкен күш бар – тегі мен ортасы. Кейде жақсы адамды жаман орта жұтып қояды. Бірақ Нұртас, керісінше, өзі орта болып, өзгелерді жақсылыққа қарай тартып кететін. Кейде Нұртасты жақсы істерге Құдайдың өзі жетелеп отырды ма екен деп ойлайсың. Біріншіден, тегі, әулеті, әке-шешесі – керемет адамдар. Екіншіден, жүрген ортасы, араласқан достары – да жақсы адамдар.
Жұрт Нұртастың қарапайымдылығын аңыз етіп айтып жүр. Алдына келген кез келген адаммен тіл табыса білетін, әңгімесін жарастыра білетін адам. Жалпы, өз басым Нұртастың бір қасиетіне қатты қызықтым – адаммен сөйлескендегі мұқияттығына. Кім сөйлеп тұрса да, қандай мәселені айтып тұрса да, мұқият тыңдайды. Жасына, түр-тұлғасына, құзыретіне қарамайды, кім сөйлесе де, сөзін мұқият тыңдайды. Кейін осы қасиеті оны маман ретінде де алға сүйреді. Дәрігерлік қызметте алдына келген науқастардың сөздерін толық тыңдап шығады.
Нұртаспен әріптес болған, көзін көрген адамдардың барлығы оның тазалығына шүбә келтірмейді. Тән тазалығына да, жан тазалығына да көңіл бөлетін. Нұртастың өмірде біреумен ренжісіп, жауласып жүргенін көрген емеспін. Артынан сөз де ермейтін. «Жақсының артынан сөз ереді» деген бар ғой. Бір қызығы, Нұртастың артынан сөз де ермейтін еді, көзін көргендер ол туралы өсек айтуға да ұялатын. Нұртастың жүрегі неден ауырды? Меніңше, ол әрбір адамның мұңын тыңдап, әрбір адамның қайғысымен бөлісіп, соған жан-тәнімен күйгені үшін ауырды. Ол еш уақытта жеке проблемалары үшін бас ауыртпайды. Өзгенің қамын ойлайды, өзгенің қамы үшін күйеді. Жүрегі содан сыр берді деп те ойлаймын.
Әрине, оның маман ретіндегі біліктілігі – өз алдына бөлек әңгіме. Қазақ медицинасындағы Нұртастың орны бөлек. Хирург ретінде мыңдаған адамды өлімнен арашалап қалғаны анық. Сөйте тұра, өзінің жасаған жақсылықтарын айтып мақтанбайды, керек десең, үнсіз қалуға тырысады. Ол еш уақытта шенеунік боламын, мекеме басқарамын деп ұмтылған емес. Шенеунік болғысы келсе, мүмкіндіктері бар еді. Бірақ ол өзінің өмірлік мақсатын дәрігерлікпен ғана байланыстыратын. Өз ісіне адалдығы соншалық – еш уақытта телефонын сөндірмейді. Тіпті алыс жерде демалып жүрсе де, телефонына маза жоқ. Науқастар хабарласып кеңес сұрайды. Нұртас оларға ерінбей отырып дәрігерлік кеңес береді. Өзінің қызметтік міндетіне кірмейтін жүктерді көтеріп жүреді. Ауруханада біреудің жағдайы нашарлап кетіпті деген хабар жетсе, қай жерде жүрсе де, жылдам жиналып, кетіп қалады. Тіпті мерзімді демалыста жүрсе де, сол көрініс. Адамға Құдай күніне 24 сағат уақыт берсе, Нұртас күніне 24 сағат маман еді. Мұның тәрбиелік мәні үлкен. Біз білікті маман даярлай аламыз. Жастарды шетелге жіберіп оқытсақ та, жақсы мамандар пайда болады. Бірақ сол мамандар Нұртас сияқты кәсіби біліктілігімен қатар, адамгершілік тұрғысындағы қасиетін сіңіре білсе, игі болар еді. Себебі Нұртас адамды емдегенде, операция жасаған кезде оған биологиялық дене ретінде ғана емес, психологиялық, рухани тұрғыдан да қарайтын. Адамдардың тәнімен қатар, жанын емдеуге тырысады. Науқастар хирург маманның психологиялық кеңестері арқылы сауығып кетіп жатты.
Бір кезде әкем: «Ұстаз бен мұғалімнің айырмашылығы неде?» деп сұраушы еді. Сөйтсек, мұғалім тек сабақта отырғанда мұғалім екен, өкінішке қарай. Ал ұстаз дегеніміз – қай жерде жүрсең де, үйде, далада, сабақта, қонақта жүрсең де – ұстаз. Ол белгілі бір пәнді ғана қамтымайды, ол жалпы адамдық деңгейдегі ұстаз болады. Нұртас осындай атқа лайық азамат еді. Әкемнің тағы бір сөзі бар: «Бір кезде емші деуші едік, қазір дәрігер деп кеттік» дейді. Дәрігер дегеніміз науқастың ауруына қарап дәрісін жазып береді де қояды. Ал емші – сол адамға ем қонуын жан-тәнімен қалайтын адам. Сондықтан мен Нұртасты емші деп атағым келеді. Себебі ол – хирург қана емес, сөзімен де емдейтін адам. Оған келіп жазылған науқастарға да сенім бітеді. Мұндай маманды толық маман деп атау керек. Қазір мамандардың моделі өзгеріп кетті. Тіс дәрігері тістің құрылысынан басқаны білмейді. Көз дәрігері көзді ғана қарайды. Нұртас адамның он екі мүше тәнімен бірге жанын да қатар емдеу керек деп сенетін. Мұның да астарында ғылыми негіз бар.
Шынын айтса, қазақтың арасынан осындай ер-азаматтың шыққанына қуанамын. Оны мақтан тұтамын. Сөз соңында Нұртастың жатқан жері жайлы, иманы жолдас, жаны жаннатта болсын деймін. Алла тағаладан сұрайтыным – әрбір ұлға Кәкімжан ағадай әке берсін, әрбір әкеге Нұртастай ұл берсін.
Уәлихан ҚАЛИЖАНОВ, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры, филология ғылымының докторы:
ӨЛМЕС РУХ
...Нұртас Қазыбаев інімді Бекмахан Құралбаев досым арқылы танып едім. «Кәкімжанов-Қалижанов, қандай ұйқас фамилиялар» деп қолын қысқанмын. Па, шіркін! Нұртас атақты қоғам және мемлекет қайраткері Кәкімжан аға мен ұстаз Орынша апамның баласы екен ғой...
...Нұртас папасы сынды. Түр-тұлғасы келіскен жігіт. Дембелше. Хирург екенін білмесең, палуан ба деп қаласың. Шыныққан шымыр, көзі отты. Өткір. Сұлу күлкісі бар. Жымиғанда бар жан-тәнімен жүзі нұрланып тұрады. ...Бірінші кездескен сәттен бастап-ақ Нұртас туған інімдей жақын болып кетті. Парламент Мәжілісіне депутат болып сайланып, Астанаға кеттім. Сайлаудан титықтап шықтым. Ең қиын қыл көпірден де, сын көпірден де өттім. Қан қысымым көтерілді. Ауруханаға қарындасым Ғалияға бара жатқанмын. Алдымнан Нұртас шыға келді. Құшағын аша құттықтап жатыр. Мәселенің мәнісін білген соң, кабинетіне әкелді. Қан қысымымды өлшеп жіберді де, телефон құлағын көтерді. Әй-шайға қарамастан каталкаға салды да, аурухана палатасынан бір-ақ шығарды. Бес күнде санаторийден шыққандай өңім кіріп, ұйқым тыншып шыға келді.
Алматыға келген сайын Нұртас ініме жолығып кететін әдет пайда болды. Өйткені кезінде еркін күреспен кәсіби деңгейде шұғылданғанмын, алты жылдай Қазақстан құрама командасының сапында болғанмын. Күрестен алған жарақаттар кейін сыр бере бастайды екен. Нұртас інім хирургия бөлімінің басшысы еді. Сондай сәттерде тіземе сарысу байланып жүре алмай қалдым. Жедел жәрдем жіберіп, Нұртас інім бір айға жуық емдеткізді. Содан бері жеті жылдың жүзі болды. Құлан-таза жазылдым.
Осыдан бір жарым жылдай бұрын дәл Жаңа жылдың қарсаңында жұбайым ауруханаға тексерілуге барады. Енді кешіксе, жүректің тромбасы жарылып кетуі мүмкін екен. Ал мен ол кезде Алматы облысында сайлау науқанында жүргенмін. Жеткенімше операция жасап қойыпты. Алдымнан Нұртас шықты.
«Аға, сәл кешіккенде не боларын кім біліпті. Жүрек түбіндегі бір тамырдың қан жіберу өтілі 10-ақ пайызды құрапты», – деді ол.
Операция бөліміне өзі алып кірді. Шыны есіктің ар жағында әртүрлі трубкалардың астында жұбайым жатыр. Таныған сыңайлы. Нұртас компьютерді іске қосты. Бүкіл операцияны көрсетті. Данияр деген жас хирургпен таныстырды. Мықты шәкірті екен.
Осындай күндердің бірінде суық хабар жетті. Нұртас Кәкімжанұлы Қазыбаев інімнің жүрек сағаты тоқтапты. Үйімізде отырып жыладық, теледидардан көрсетілген бейнесіне қарап қапаландық. Аллаға тапсырдық, құран оқып, қол жайдық. «Неге аурудың алдын алмады екен?» Өзімді өзім жұбаттым. «Алла сүйген құлдарын өзіне қажет кезінде алады». Бірақ Нұртас інімнің өлмес рухы қалды. Ол жүздеген, мыңдаған адамды ажалдан арашалап қалды. Сол сауап бала-шағасын желеп-жебеп жүрер. Тірліктегі жақсылығы мәңгі дүниенің пейіш есігін ашып тұрғанына сенемін. Қожа Ахмет Ясауи хикметінде:
... Кәне, ғалым, іс-әрекет, жарандар,
Құдайдан жан аяйтұғын не амал бар?! –
деген екен.
...Не амал бар?!
Бейбіт ИСАБАЕВ, Қазақстан Республикасының Қырғызстандағы Төтенше және өкілетті елшісі:
ӘДІЛЕТСІЗ ЖЕҢІЛІС
Бұл дүниеде жұмыр басты пендеге анадан артық қымбат жан жоқ. Мен ол кезде «Өркен» – «Горизонт» газетінде бас редактордың орынбасары қызметінде болатынмын. Сол жылдары анам Рәкүл Рыспайқызы бүйрегінен қатты ауырып, урология институтында ота жасалды. Алайда отаның сәтсіз жасалу себебінен бүйрегіне грыжа шығып, денсаулығы нашарлай берді. Содан соң шарасыздықтан қаладағы №7 клиникалық аурухананың хирургия бөліміне жатқызуға тура келді. Дәрігерлер алғашында дәрігерлік тексеру және емдеу жұмыстарын бастады. Сөз арасында «анаңыздың халі нашарлау, ота жасау керек» дегенді айтты. Сондай кезде анаң үшін бар жаныңды салып, жақсы хирург дәрігер іздеу әркімнің басынан өтетін жағдай емес пе. Менің анама отаны Сейіт деген жігіт жасайды деп шешілген екен. Алайда хирургия бөлімшесіндегі дәрігерлермен және емделушілермен әнгімелесу барысында олардың аузынан Нұртас Қазыбаев деген мықты хирургтің барын естідім. Амал жоқ, сол кісіге жолығуға тура келді.
Бөлімшенің дәлізінде кездесіп қалдық. Мен «Ассалаумағалайкүм» деп амандастым. Ол болса «Уағалайкүмассалам» деп қолын созды. Жүзі өте жылы екен. Мұсылманша амандасуынан-ақ жүрегінің иманы бар азамат екенін сездім. Сөйтсем, бұл жігіт белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, қазақ көсемсөзінің қас шебері, публицист жазушы әрі өзіміздің ұстазымыз Кәкімжан Қазыбаев ағамыздың баласы екен. Ол мені танымаса да, не жағдаймен және қайдан келгенімді сұрастырды. Шешемнің Бақанастан келгенін айттым. Сол кезде «О, өзіміздің Қонаев ағамыздың ауылынан екенсіздер ғой» деп күлді. Сөз арасында өзінің асығыс екенін, жарты сағаттан кейін кезекті ота жасауға баратынын айтты. Мен дереу анамның жағдайын айтып, көмек көрсетуін өтіндім. Содан кейін екеуміз анамның жатқан палатасына кірдік. Ол асығыс болса да, анаммен сөйлесіп, дәрігерлердің жасап жатқан ем-домымен танысты. Сөйтсек, емдеу барысында біраз кемшіліктер кетіп жатқан екен. Сол кезде Нұртас процедура кабинетіне келіп, медбике қыздарға емдеу шараларын қалай жасау керектігі жөнінде дауысын нығарлай түсіндірді де, емдеуші дәрігерге өзі ескертетінін айтты. Мен болсам сөз арасында оған «анама отаны сіз жасаңызшы» дедім. Ол «түстен кейін жолығайық» деді. Түстен кейін келсем, алдымнан баяғы таныстар сияқты өзі жылы қарсы алды. Содан кейін: «Саспаңыз, сіздің анаңызға отаны өзім жасаймын. Екі аптадан кейін сауыққан күйінде алып кетесіз» деді. Мен бір ғана көрген адамымның осыншалықты қарапайым әрі мейірмандығына таңғалдым. Үлкен қызметкер болсам бірсәрі, қатардағы журналиспін. Папасы жөнінде жақсы сөздерді көп естіген едім. «Ал енді сондай адамның баласы қалай жаман болсын» деп қоямын іштей.
Көп ұзамай анама ота сәтті жасалды. Анамның палатасына күнделікті келіп жүрдім. Анамның Нұртасқа риза болғаны соншалықты, «Кәкімжан Қазыбаев сияқты ірі тұлғаның баласы қандай кішіпейіл. Адамды дәрімен ғана емес, жылы сөзімен де емдей алатын керемет қасиеті бар екен» деп ағынан жарылып отырды. Қазір анамның жасы 80-ге таяп қалды. Ота жасағанына 20 жылдан аса уақыт өтті. Бұл, әрине, медицинада Гиппократтың антынан айнымаған Нұртас сияқты алтын қолды хирургтің еңбегі екені сөзсіз.
Кейіннен біз жиі хабарласып тұрдық. Талай бірге футбол да ойнадық. Өз таныстарымның ішінде денсаулығы нашарлап, ота жасау мәселесіне тірелген кезде, олардың бәріне Нұртасқа бару керектігі жөнінде кеңес беріп жүрдім. Кейде өзім хабарласып, көмектесуі жөнінде өтініш те жасадым. Ешқашан бетімді қайтарған емес. Бір күні саусағымды шыны кесіп кетті. Тез жазылып кеткен соң, оған онша мән берген жоқпын. Алайда ауа райы құбылған кезде саусағым сырқырап жүрді. Бір күні жақын танысымның халін біліп шығайын деп Нұртас істейтін ауруханаға бардым. Сол жерден Нұртасты кездестіріп қалдым. Әңгіме арасында сырқырап жүрген саусағымды көрсеттім. Ол ұстап қарады да, «терінің астында «инородное тело» бар ғой» деді. Содан соң екеуміз процедура кабинетіне келдік. Әңгімеге тарта отырып, саусағыма тиісті медициналық шараларды жасады да, саусақ терісін кесіп жіберді. Мен тіпті сезбей қалдым. Ішінен пинцетпен әйнек сынығын алып шыққанда өзім таңғалдым. Қолы қандай жеңіл! Дереу таңып берді. Сөз арасында «бұл кабинетте мен үшін министр болса да, елші болса да, бәрі – пациент» деп күлді. Екеуміз біраз әңгімелесіп отырдық. Қандай қарапайым, қандай мәдениетті азамат. Мейірбан жүзі адамды өзіне тартып тұрады. Сол кезде өзінің қызметіне де, достыққа да адал азамат болса, Нұртастай болсын деп ойлаған едім. Алайда бұл екеуміздің соңғы кездесуіміз екенін білмеппін.
Арада біраз уақыт өткенде Қазақстанның Қырғызстандағы Төтенше және өкілетті елшісі қызметіне ауыстым. Бір күні Алматыға демалысқа келіп, үйдегі теледидарды қостым. Қарасам, Нұртас жайлы хабар екен. Тесіле қарап қалдым. Жүргізушінің сөзіне мән берсем, өткен шақпен айтып жатыр. Елең ете түстім. Өз құлағыма өзім сенбеймін. Сөйтсем, өзім ерекше құрметтеп, аға тұтқан досым бақилық сапарға аттанып кетіпті. Мүмкін емес деп қоямын. Қандай ауыр қайғы! «Талай адамды ажалдан алып қалған алтын қолды хирургке не болды екен» деген сауал көңілімді мазалай берді. Таң атқанша дұрыс ұйықтай алмадым.
Ертесінде дереу мамасының үйіне барып, көңіл айтып шықтым. Алдымнан жылы жымиған Нұртас шықпады. Үйде шуақ шашқан Нұртастың күлкісі жоқ. Жылап отырған мамасын құшақтадым. Әлі де сенбеймін. Иә, Нұртас өз өмірінде талай адамды ажалдан арашалау барысында сұм ажалды жеңіп шығып еді. Саналы ғұмырында бір ғана жеңіліс тауыпты. Ол – өзінің жеке өмірі үшін күресте. Бойындағы бар күш-жігерін өзгелердің өмірі үшін күресте сарп етіп жіберген екен ғой. Өмір жалған деген осы емес пе...