Металлургтен Мемлекет басшысына дейін
55 жыл бұрын арасында Қазақстан Республикасының болашақ Президенті Нұрсұлтан Назарбаев бар, металлург-жұмысшы мамандығын игеруге Украинаға келген қазақ балалар тобының еңбек өмірбаяны басталды. Құрбы-құрдастары арасында өзінің тәуелсіздігімен, мінез-құлқының тұрақтылығымен және ойының ұшқырлығымен ерекшеленген жасөспірім Нұрсұлтанның бойында озат болуға талпыныс сол кездің өзінде-ақ көріне бастаған еді.
Қазақстандықтардың – Днепродзержинск техникалық училищені бітірушілердің бәрі бірдей металлургтар болған жоқ. Кейбіреулері кейінірек басқа мамандыққа бейімділік танытты. Көпшілігі үшін алған мамандығы өмірінің бүкіл ісін айқындады. Ең бастысы – «от жалынды» мамандық олардың мінез-құлқын шынықтырды, өмірлік бағытын айқындаудың берік іргетасы болды, белгіленген мақсаттарға қол жеткізуге, күш-жігерге, табандылыққа тәрбиеледі. Олар тәуелсіз Қазақстанның дамуына, Дүниежүзілік қауымдастыққа үлкен сеніммен енген елдің жетістікке жетуіне айтарлықтай үлес қосты.
1958 жылдың жазында Днепродзержинск қаласына таулы да далалы ауылдарда өскен бір топ қазақ жастары келді. Олардың алдында Днепров металлургия зауытында горновой, кран машинисі және металл пісіруші мамандықтарын игеру мақсаты тұрды.
Ол кезде Қазақстанда елдегі тұрғызылып жатқан ірі металлургиялық комбинаттардың бірі – жаңа қала Теміртау барған сайын әйгілі бола бастады. Оған бірден-ақ Қазақстан магниткасы деген атау берілді. Ол үшін өзінің ұлттық кадрларының болуы талап етілді. Қазақстан Үкіметі Кеңес Одағында кадрлар ұстаханасы ретінде танылған, құрылымында техникалық училище жұмыс істеген Днепров металлургия зауытына 67 жас жігітті оқуға жіберуге шешім қабылдады.
1958 жылы Днепров металлургия зауыты осы сала бойынша басты кәсіпорындардың бірі болды. Мұнда елімізде тұңғыш рет кислородты қолдану мен домна пештерінің жұмыс істеуі игерілген болатын. Домнашылар пештерге жаңа құрылымды көміп тастау аппаратын орнатты. Прокатшылар жеңілдетілген түрдің жаңа профильдерін өндіруді игерді, сорттайтын стандарға айналма аппараттар орнатылды.
Жалпы алғанда, қазақстандық үкіметі өзінің металлург кадрларын даярлау үшін Днепров металлургия зауытын таңдауы, тіпті де кездейсоқ емес.
Днепродзержинскіде Қазақстаннан келген жастарды жылы шыраймен қарсы алды. Техникалық училище көп қабатты ғимаратқа орналасқан, сатылары кең, бөлмелері үлкен, жарық және кабинеттері жақсы жабдықталған.
Училище басшылығы жас жігіттердің болашақ мамандығын анықтауда: «Мықты домнашылар тобына жарамды болу керек» деген талап қойды. Бұл топқа жан-жақты шыныққан, даярлығы барлар ғана іріктеп алынды. Көріктегі еңбек қазірдің өзінде жеңіл жұмыс қатарынан саналмайды, ал ол кезде ол барынша күшті, төзімді, жүйке жүйесі мықты адамдарға тиесілі үлес болды.
Жатақханада, осында оқу корпусының үшінші қабатында төсегі бар, кереуеттердің түп-түзу қатары тұрды. Үлкен ағаш кеспектерде – гүлдер. Асханадан борщ пен бәліштің дәмді иісі шығады. Оқушылардың өмірі нақты ырғаққа бағынды: ерте ояну, сапқа тұру, кезекшілік атқару ... қатаң тәртіп. Кең сынып бөлмелерінде ер балалар, жалпы, білімнің және арнаулы пәндердің мәнін түйсінді, домнаның жайын, оның құрылымын, жұмыс істеу барысын, балқыту тәсілін, шойын және қалдық леткаларына (өңештерге) күтім жасау, құю ауласында жұмысты, механизмдермен атқарылатын жұмысты ұйымдастыру ережесін оқып үйренді. Қатаң заңдар үстемдік еткен жұмысшы ортасы қалада да, зауытта да адамдарды тәрбиеледі. Қазақстандықтар тобындағы кезекшілер кезекпен таңғы төртте тұрды және бірден еден жуатын құралды (швабраны) қолына алды. Содан соң жаппай тұру сағат алтыда. Зауыт гудогы ұйқышылдардың ыңғайына көнбейтін. Училищенің қатаң күн тәртібі ақырында Қазақстаннан оқуға келгендер үшін ыңғайлы рөл атқарды.
Училищеде әрқашан жастар тәлімгерлеріне көп көңіл аударды. Әдетте, өндірістік оқу шеберлеріне талантты тәрбиешілерді, жақсы өндірістік мектептен өткен адамдарды қабылдап отырды. Жастардың тәрбиесі және кәсіби оқуы үшін шебердің берері өте көп. Олар үшін ол – туған әке, үлкен жолдас, педагог, ақылшы. Кімнің өмірге қандай жүкпен баруы тек соған байланысты екені жиі кездеседі. Біздің жігіттер үшін ақылшылар оңынан келді. Олардың шебері – Погорелов Дмитрий Изотович, металлургиялық алыпқа келмес, бірақ бұрын ұзақ уақыт және ешқашан жеңілдігі жоқ жұмысшы университеттерінен өткен жан еді.
Туған үйінен, жақындары мен достарынан қол үзген Қазақстаннан келген оқушылар еріксізден өзінің тәлімгеріне жақындай түсті. Онымен өзінің туған әкесіндей ашық сөйлесетін болды. Біреуінде оқу жайы сәтсіз, енді біреуі тойып тамақ ішпейді, қайсы бірі ұйқысынан ояна алмай сабақтарға кешігеді немесе көп уақытқа дейін Қазақстаннан хат-хабар алмайды. Бәрі Дмитрий Изотовичке жүгіреді. Ол олардың әрқайсысына көңілін жұбатар сөздер табады.
Шебер оқушыларды зауытқа бірінші рет баруға жан-жақты даярлағанымен, бәрібір түгелдей ойластыра алмады.
Негізінен, ауылды жерде өскен қазақ балалары өздеріне қарсы заулап келе жатқан паравоздардан жан-жаққа қашады, алау атқан домналық және мартен пештерінен тайсақтайды, прокат стандарының гүрсілінен құлақтарын жауып алады.
Бір күні Дмитрий Изотовичке бірнеше бала жүгіріп келіп, өздерін үйге қайтаруға өтінген.
Арада бірнеше күн өтіп, бәрі де сәл тынышталған кезде шебер тәрбиеленушілермен, басқаша айтқанда, ер адамдарша, жақын жандардай сөйлесті.
Сөздері барынша қарапайым еді, бірақ өте мәнді де түсінікті болды. Дзержинскідегі жұмысшылар әулеті туралы, соғыс кезінде Оралға қоныс аударған, зауытта соғыс кезінде соғысқа кеткен ерлерін, ағаларын, балаларын ауыстырған аналар, әйелдер, қыздар туралы айтып берді. «Ең бастысы – деп атап көрсетті шебер – металлмен жұмыс қазақты, орысты, украинды бірдей шынықтырады. Олай болса, Қазақстандағы туыстар, жақындар олардың балалары қорқақтық жасап, үйлеріне қашып кетті дегенді естіп-білсе не айтар еді?» Бұл әңгіме оларға қатты әсер етті. Жігіттер төзімділік танытты, шыдады. Ешкім де училищені тастап кетпеді.
Бұдан кейін де оқушылар шебердің төңірегіне бұрынғыдан да топтала түсті.
Дмитрий Изотович қазақ балаларын жан-жақты танып білді. Олардың бойында жергілікті балалармен де ұқсастықтар, ерекшеліктер болды. Жалпы, бала қайда болса да бала ғой.
Ол балаларды жақынындай жақсы білді, олардың әрқайсысына дәл мінездеме бере алды. Шебер алғашқы күндерден-ақ Нұрсұлтан Назарбаевты бөліп алды. Салмақты, ойшыл, батыл, ынталы. Сабақты кілең беске оқиды. Көрікте ең ауыр жұмыстан жиренбеді, күреспен шұғылданды, бірінші разряд мөлшерін орындады, жолдастарының алдында беделі бар, әділ, әлсіздерді қорғауға бірінші болып келуге даяр. Оны оқытушылар, шеберлер, жұмысшы-металлургтер шынайылықпен жақсы көрді.
Бірде сыныпта оқушылардың кім болғысы келетіні жайында әңгіме болды. Ер балалар шеберді қоршап алды:
– Дмитрий Изотович, өтінеміз айтыңызшы, біздің қайсымыз кім боламыз?
Былай қарағанда әзіл сияқты көрінгенімен, олар шын мәнінде салиқалы жауаптар күтуде.
Шебер оқушыларға тура қарап алды да, саусағымен көрсетіп, әңгімесін бастады...
– Сен, жігітім, инженер, ал сен цех бастығы боласың, ал саған (ол Нұрсұлтан Назарбаевқа қарай сөйлеп) премьер-министр болудың реті бар.
Отыз жыл өткенде, «Әділеттің ақ жолы» деген кітабында Қазақстан Республикасының Президенті былай деп жазды: «Жас кезіміздегі достарымызбен кездескенде, біз Дмитрий Изотовичтің айтқандарының бәрі қалай дәл орындалғанын таңдана айтудан жалықпаймыз».
Училищеде қазақстандық балалар түгелдей спортпен шұғылданды. Мұнда да жас Нұрсұлтан үлгі көрсетті. Дзержинка спорт клубының залында әдеттегідей күресушілердің жаттығуы өтіп жатты. Жаттықтырушы Лев Рудольфовичке тығыршық денелі жас жігіт жақын келіп сұрады:
– Маған сіздің тобыңызда шұғылдануыма бола ма?
– Сен қайдан келдің?
– Техникалық училищеден, көрікшінің көмекшісі болуды үйреніп жүрмін.
– Күреспен шұғылданып көріп пе едің?
– Үйде, Қазақстанда шұғылданғаным бар. Әкем үйретті.
– Киіміңді ауыстыр – деді жаттықтырушы.
Содан кейін күрескерлер тобына қарады да Николай Литошконы өзіне шақырды.
– Коля, бізге жаңадан спортпен шұғылданушы келді. Сонымен, күресіп көрші.
Литошко жаңадан келген жас жігітке мейірбандылықпен қарады, палуандық тұрыста болды, ол бір секундтан кейін классикалық шалудың нәтижесінде кілем үстіне құлап түсті.
Бір сәт зал ішінде тыныштық орнады, содан соң палуандар шалу шеберлігін талқылаумен шуылдасып кетті. Ештеңе түсінбеген Литошко, мең-зең болған күйде кілемнің үстінде отырды.
Жаттықтырушы жаңадан келген баланы мадақтап, оның сыннан табысты өткенін және спорт секциясына қабылданғанын айтты.
«Қарттар» тарапынан қуанышпен қабылданған жаңа келген жас, көп ұзамай жаттығу режиміне төселіп алды. Ол кілем үстінде бәрінен де салмақты, төзімді болатын.
Жаттығудан бірде-бір рет қалған жоқ, кешіккен жоқ, жаттықтырушыдан ескерту де алған жоқ. Әлдеқалай Лев Рудольфович палуандарға осы не басқа бір тәсілді жасап үйрету тапсыратын болса, жаттықтырушы: «Жеткілікті!» дегенді айтқанша Нұрсұлтан оны қара терге түсумен жасайды.
Жаңадан келуші ақыл-кеңестің бәрін бірден қабылдап отырды. Әрине, ұлттық қазақ күресінің тәсілдерін білу Нұрсұлтанға үлкен демеу болды. Сырттан қарағанда салмақты көрінетін ол белдесуге келгенде өзгеріп кетеді. Қарсыласы кірпігін қағуға үлгірмей, кілемде сұлап жатады.
Нұрсұлтан көптеген қалалық, облыстық, бүкілодақтық жарыстарға қатысты. Оқуды бітірер алдында спорт шебері нормасын орындады.
Бұл табыстарда жаттықтырушының үлкен еңбек сіңіргені сөзсіз. Тамаша палуан болған Лев Рудольфович өзінің оқушыларын төзімділікпен тәрбиелей білді. Оның қамқорлығында болғандар да оған осындай қайтарым көрсетті. Оны құрметтеп қана қойған жоқ, оны досындай және үлкен жолдасындай көрді.
Училищедегі балалардың бәрін белсенді өмірлік бағыт, күрделі мамандықты игеруге құштарлық, шынайы ер адамдар достығы біріктірді.
Қазақ жігіттерінің училищедегі оқу уақыты босқа кеткен жоқ. Олар есейді, ержетті, бәріне де біртіндеп көндікті. Оларға деген домна цехындағы қарым-қатынас жақсы жағына қарай өзгерді. Олар енді механизмдердің гүрсілінен қашпайтын, оттан және металлдан да қорықпайтын болды.
Қазақстаннан келген оқушылар күніне төрт сағат металлургия зауытында өндірістік тәжірибеден өтті.
Бірде олар құю ауласында жыраны тасып әкетуге, яғни науаны босатуға тапсырма алады. Ауыр шойын ұшқындары ыстық болды, түтіндеп жатты. Түтіннен тамақ жыбырлайды.
Ол кезде Нұрсұлтан староста болған еді, басқаларға өзі бірінші болып үлгі көрсетумен жыраға қарай батыл қадам басты. Бұл күрделі жұмыста дұрыс бағдар ұстай білді және жолдастарын соңына ертіп алды. Көрікшілердің қандай да болмасын қол асты операцияларды белгілегенде бірінші Назарбаевқа айтатыны жайдан-жай емес. Олар оның істі аяқсыз қалдырмайтынын білетін.
Жігіттер оқу және өндірістік тәжірибе уақытында көп нәрсеге үйренді. Домна пеші қорқытуды қойды және беймәлім әлем болудан қалды. Олар енді фурманың көзіне қарап, пеште не болып жатқанын айқындайтын, қоқыстың түріне қарап оның негізін, шойынның түрі бойынша оның сапасын, күкірттің мазмұнын айқындай алатын болды.
– Иә, шынында да, ешқандай жоғары оқу орны менің бір жарым жыл ішінде Днепродзержинск училищесінде алған білімімді бере алмас еді. Қалай дегенде де кейін мен институтта металлургия ғылымдарын оқып үйренетін кезімде маған бәрі де таныс әрі түсінікті болатын. Ал бұған практика жүзінде алған дағдыларымды қосатын болсақ, бәрі де өзінен-өзі түсінікті болып шығатын, – деп жазады өзінің естелігінде.
Көптеген жігіттердің бойында қоғамдық қызметке деген талпыныс осы техникалық училищеде пайда болған. Бірде училищеде комсомол комитетінің есігін біреу қатты тоқылдатты, содан соң есіктен қара торы, денесі тығыршықтай жас жігіт ішке кіруге рұқсат сұрады.
Ол ұқыпты, қарапайым, дұрыс киінген. Оның галстугы костюміне лайық, ал аяғындағы туфлиі жып-жылтыр етіп тазаланған.
Комсомол комитетінің хатшысы Людмила Калашниктің ойына еріксіз «бұл келген тексеруші емес пе екен?» деген ой сап ете түсті. Алайда осы сәтте жас жігіт өзін таныстырды.
– Нұрсұлтан Назарбаев – интернационал тобынан. Комсомол комитетінің жұмысына қатысқым келіп еді.
Кезі жеткенде Нұрсұлтан училище комсомол комитетінің белсенді мүшелерінің бірі болды. Оның кішіпейілділігі, сыпайылығы, бәріне де көмек беруге деген ықыласы оқуға ұмтылған жолдастарын өзіне тартты. Ол дөрекілік мінезге төзбейтін және одан қыздарды да қорғай білетіндіктен, қыздарға ерекше ұнайтын. Ал оның есерсоқтармен ұзақ әңгімелесуі көп жандарды таңғалдыратын. Комсомол комитетінің мүшесі, саяси-көпшілік жұмысына жауапты Нұрсұлтан Назарбаевтың олармен не туралы әңгімелескенін болжауға, ал оның шыдамдылығына қызығуға болады.
Уақыт өте берді, бұрынғы кержалқаулардың ішінен көпшілігі жіпке тізілгендей Нұрсұлтанның соңынан қалмай, оның тапсырмасын ынтамен орындайтын болды. Назарбаевтың сендіре білу әдісі, оның жеке басының үлгісі күшті әсер етті.
Жастар Нұрсұлтанды құдайдай көрді, оқытушы-мұғалімдер ерекше сыйлады. Бұл жайында ешкім де өз ойын сыртқа шығарған жоқ, бірақ мұғалімдер мен әріптес жолдастары Назарбаевты нағыз басшы деп таныды.
Әрине, Днепродзержинск техникалық училищесін бітіргендердің ішінен бәрі бірдей металлург болып шыққан жоқ. Біреулері училищеден кейін бірден, кейбіреулері араға уақыт салып өзінің қызметін тапты. Көпшілігі алған мамандығын бүкіл өмірінің қажетіне жаратты. Алайда, ең бастысы, ерекше қуантарлығы – «от-жалын» мамандығы олардың мінез-құлқын қалыптастырды, өмірлік бағытты айқындаудың берік іргетасы болды, ерік-жігерге, белгіленген мақсаттарға жетуге, табандылыққа тәрбиеледі. Тіпті училищенің бұрынғы түлегі Қазақстан Республикасының қазіргі Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің барлық естеліктерінде Украинадағы оқу жылдары туралы, өзінің жұмысшы университеттері туралы, бастапқы кезде мінез-құлқының қалыптасуына көмектескен сол бір ахуал туралы мақтанышпен және үлкен алғыс сезімін білдіре еске алуы – кездейсоқ емес.
Қазақстан магниткасында Нұрсұлтан Назарбаев тез арада көрнекті тұлға болды, ірі қоғам қайраткеріне дейін өсті. Мұнда ол көп іс тындырып, көпке қол жеткізді. Мұнда ол ірі мәселелерді мақсаткерлікпен шеше білді. Комбинат архивінде қызықты құжаттар сақтаулы.
Міне, домна цехының газовщигі Нұрсұлтан Назарбаев туралы пікір:
«1962 жылы Қазақстан комсомолы съезінің делегаты болды. БЛКЖО ХІV съезінің жұмысына қатысты. Хельсинки қаласында VІІІ Бүкіләлемдік жастар мен студенттер фестиваліне қатысты. Цех пен заводта комсомолецтер, жұмысшы ұжымы арасында үлкен қоғамдық жұмыс атқарды. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі төралқасының Құрмет грамотасымен марапатталған».
Тағы бір ұқсас пікір: «Ол – ықыласты, қарапайым және, әлбетте, талапшыл адам. Ол – әділетсіздік пен бюрократизмнің жауы. Н.Ә.Назарбаев туралы көп жазбаймын. Бір-ақ сөз айтамын, ол – тамаша адам». Домна цехының горновойы Петр Граськов. 27.05.1969ж.».
Қалалық партия комитетінің екінші хатшысы Н.Ә.Назарбаев туралы пікір:
«1971 жылы сумен жабдықтау цехы күрт дамыды, бұл конвертерді №3 ДП және 1700 станын іске қосуға өте қажет еді. Маған Н.Ә.Назарбаевпен бірге цех объектілерінің құрылысы бойынша мәселелерді жиі шешуге тура келді. Н.Ә.Назарбаевтың іскерлік, барлық мәселелер бойынша парасаттылығы, шыншылдығы біздерді – пайдаланушыларды, құрылысшылар мен монтажшыларды оған құрметпен қарауға, оның тапсырмаларын уақытылы орындауға мәжбүр етті. А.Пономарев, сумен жабдықтау цехының бастығы».
Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев туралы пікірлерден жекелеген жолдар:
«Сендіре білетін сирек қасиетке ие».
«Кез келген адамды ашық әңгімеге шақыра алады».
«Ол адалдық, орындаушылық, ынта, тапсырылған іске жоғары жауапкершілік сезімі, принциптілік қасиеттерімен ерекшеленеді».
Мінездемеден:
«Н.Ә.Назарбаев жолдас қаланың өнеркәсіп орындары мен құрылыстарында, жастар арасында жиі болады. Адамдардың мүдделері мен мұқтаждарын біледі».
«Н.Ә.Назарбаевтың жақсы қасиеттері еңбексүйгіштік, орындаушылық, қарым-қатынастағы қарапайымдылық болып табылады».
Металлургия ардагері, Металлургтердің халықаралық одағының мүшесі Н.П.Канищевтің күнделігіндегі жазулар қызықты, онда Днепродзержинск училищесінің түлектері туралы естелік бар.
«Біз Қарметкомбинат директоры Г.И.Ермолаевпен бірге Украинадағы оқудан кейін өндіріске келген жас жігіттерді назарымызда ұстадық. Олар өз ісін ширақ, әбігерленбей, сауатты орындайтын. «Мұндай жігіттермен мақтануға болады, – деп бірнеше рет қайталаған еді Григорий Иванович, – олар кәсіптік техникалық училищеде жақсы тәжірибеден өткен, білем». П.Н.Канищевтің пікірі бойынша: «Нұрсұлтан Назарбаев әлемдік биікке дәл металлургия арқылы жетті. Металл балқыту үшін ғылымның, тәжірибенің, эксперименттің бірігуі қажет, ал мұның өзі, өз кезегінде, металлургтерден ойлаудың, іс-әрекеттің және жасампаздықтың айқындығын талап етеді. Өндірілген металлда ерік-жігер шоғырланады, психология қалыптасады, адамның жаны ашылады», – дейді ардагер.
Комбинат басшысы О.И.Тищенконың естелігінен: «Бірде партком хатшысы Нұрсұлтан Назарбаев цехтық ауысым бригадаларында ашық әңгіме өткізу жөнінде ұсыныс жасады. Біз ұсынысты қабылдадық та, көптеген құнды жаңалықтарға қанықтық, олар бізге күрделі өндірістік проблемаларды шешуге көмектесті. Назарбаевпен жұмыс істеу өте қызық еді».
Комбинаттағы жұмыс жағдайымен танысып, академик Шапық Шөкин сол жылдары мынадай естелік қалдырды: «Егер партком хатшылары өз ұмтылыстары мен өз кәсіпорнын білуі жөнінде Қарметкомбинаттың партком хатшысына ұқсайтын болса, онда барлық прогрессивті бастамалар іс жүзіне асады да, республиканың жетістіктері бұдан да қомақты болады».
Нұрсұлтан Әбішұлының өзі былай деп бірнеше рет айтқан: «Магнитканың тарихы, Теміртаудың тарихы, оның адамдарының тағдыры менің тағдырыммен ажырамастай. Егер менің өмірімде Магнитка мен Теміртау болмаса, мен ешқашан Президент болмас едім».
Нұрсұлтан Назарбаев Мемлекет басшысы болған кездің өзінде де Днепродзержинскіге бірнеше рет барды. Міндетті түрде ондаған жылдар бойына тек қана металл қорытылмаған «Днепров меткомбинаты» ЖШС-да болады. Мұнда мыңдаған атақты және әлемге белгілі адамдардың мінез-құлқы қалыптасты. Солардың ішінде ең әйгілісі деп шын мәнінде Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевты орынды атайды. Құрметті қонақтар кітабында ол мынадай жазба қалдырыпты: «... осында – зауыттың домна прокат стандарында, металлургтердің – даңқты «от-жалын» мамандығы өкілдерінің бір ғана ұрпағы шыныққан жоқ. Мен кәсіби мақтанышымды осы бір индустриялық алыпта жұмыс істеу бақытына ие болғаным үшін бастан кешіремін ...».
Шынын айтқанда, училищенің 67 бітірушісінің ішінен Қазақстан жерінде Президенттен басқа, республиканың Бас прокуроры, министрлер, әкімдер, кәсіпорындар мен мектеп директорлары, алты ғылым докторлары мен кандидаттар, кәсіпкерлер, мемлекеттік сыйлықтың лауреаттары, бүкіл елімізге белгілі өндіріс озаттары өсіп шықты. Мұның бәрі көп жайдайда жас қазақстандықтарға білімнің, тәрбиенің берік іргетасы Украинада, Днепродзержинск жұмысшы қаласында қаланғанының арқасында болды.
Ендігі жерде бітірушілердің тізімі Қазақстан қоғамының белгісіз бір кесіндісі болғанын білдіреді, солардың істері мен ойлары арқылы егемен Қазақстан Республикасында болған және болып жатқан сол бір үдерістердің дамуын көруге болады, олардың тағдыры сенімді түрде дамушы елде құқықтық, демократиялық қоғам орнату заңдылығы естен шығарылуы тиіс емес.